Қазақстан Республикасы Құрылтайының өткен сайлауы туралы
25.08.2026 18:11:31
170
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент — Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтті. Орталық сайлау комиссиясының қорытынды деректеріне сәйкес, сайлаушылар тізіміне енгізілген 12 623 289 азаматтың 9 351 539-ы дауыс беруге қатысты. Сайлаушылардың жалпы келуі 74,08 пайызды құрады. Сайлау барысын 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан 777 өкіл, сондай-ақ 258 отандық ұйымнан шамамен 80 мың байқаушы қадағалады. Халықаралық және отандық байқаушылардың кеңінен қатысуы сайлау процесінің жоғары деңгейдегі ашықтығын қамтамасыз етті. Дауыс беру күні сайлау учаскелері штаттық режимде жұмыс істеді. Азаматтардың еркін ерік білдіруіне немесе сайлау нәтижелеріне ықпал етуі мүмкін елеулі заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Дауыс беру қорытындысы бойынша белгіленген бес пайыздық сайлау шегінен бес саяси партия өтті. «Әділет» партиясы 6 528 948 дауыс немесе 71,17 пайыз жинады. «Ауыл» партиясына 574 621 сайлаушы дауыс берді (6,26 пайыз), Respublica партиясына — 509 631 (5,56 пайыз), «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына — 478 083 (5,21 пайыз), Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға — 469 058 сайлаушы (5,11 пайыз). Осылайша, Құрылтайдың жаңа құрамында бес саяси партия өкілдік етеді, бұл елдің жоғары заң шығарушы органындағы көппартиялық өкілдіктің сақталуын қамтамасыз етеді. Сайлаушылардың жоғары белсенділігі азаматтардың елде жалғасып жатқан саяси өзгерістерге және жаңа парламенттік жүйенің қалыптасуына зор қызығушылық танытқанын көрсетті. Өкілеттіктері кеңейтілген бір палаталы Құрылтайдың құрылуы Қазақстанның саяси жаңғыруының негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Өткен сайлау елдің институционалдық жаңаруы мен оның саяси жүйесін одан әрі дамыту жолындағы маңызды кезеңге айналды. Азаматтардың белсенді қатысуы, саяси партиялар арасындағы бәсекелі сайлау процесі, сондай-ақ отандық және халықаралық байқаушылардың кеңінен қатысуы Қазақстандағы саяси жаңғыру үдерісіне қоғамның жоғары қызығушылығын тағы да растады. Келесі кезеңде сайлау қорытындыларына сәйкес жаңа Құрылтайдың дербес құрамы айқындалып, Қазақстан Республикасының жаңартылған институционалдық жүйесі шеңберінде оның жұмысы басталады.