ҚАЗАҚСТАНДА ПРЕМИУМ-СЫНЫПТЫ АВТОКӨЛІК САТЫП АЛУ: 2026 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ ТУЫНДАЙДЫ?

ҚАЗАҚСТАНДА ПРЕМИУМ-СЫНЫПТЫ АВТОКӨЛІК САТЫП АЛУ: 2026 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ ТУЫНДАЙДЫ?

26.08.2026 11:18:36 201

Көптеген автоәуесқойлар мен кәсіпкерлер ірі сатып алуларды жоспарлау кезінде тек автосалондағы бағаға ғана назар аударады. Дегенмен, ҚР жаңа Салық кодексі қымбат көлік құралдарын акцизделетін тауарлар санатына жатқызады.

Егер сіз премиум-сыныпты автокөлік сатып алуды жоспарласаңыз, келесі салықтық талаптарды міндетті түрде ескеріңіз:

📌 Қандай автокөлік «қымбат» болып саналады?

Сатып алу құны АЕК-тің 18 000 еселенген мөлшерінен (тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын) және одан жоғары болатын жеңіл автокөліктерге акциз салынады.

📌 Декларациялау ережелері мен мерзімдері қандай?

  • Акциз бойынша декларация: Акцизге қатысты салық кезеңі күнтізбелік ай болып танылатындықтан, төлеушілер орналасқан жері бойынша салық органына акциз бойынша декларацияны өзі дербес ұсынуға міндетті.
  • Тапсыру мерзімдері: Есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей есеп беру қажет (мысалы, егер мәміле тамыз айында жасалса, декларацияны 15 қазанға дейін тапсыру керек).

📌 Жалпыға бірдей декларациялау және кірістерді растау

Құны 18 000 АЕК-тен асатын автокөлікті сатып алу қаражаттың заңдылығына қатысты сұрақтар туғызатыны сөзсіз. Кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларацияны (270.00 СӘН) тапсыру кезінде шығыстарды жабу көздерін растауға тура келеді.

Салық органдары жеке тұлғалардың шығыстары мен кірістерін салыстырмалы бақылау үшін декларациялардағы мәліметтерді және уәкілетті органдардың деректерін ресми түрде пайдаланады. Есепті кезеңдегі жиынтық құны 20 000 АЕК-тен асатын болса, ҚР-дағы және шетелдегі кез келген мүлікті сатып алу міндетті түрде декларациялауға жататынын еске саламыз.

Ірі сатып алуларыңызды ақылмен жоспарлаңыз және ұмытпаңыз: есептілікті уақытылы тапсыру қосымша есептеулерден, өсімпұлдардан және шоттарды бұғаттаудан қорғайды!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1280118?lang=ru