«Абай ілімі-рухани қазына» атты облыстық Абай оқулары байқауы
26.08.2026 18:13:50 13025 тамыз күні қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл, ағартушы, ұлттық руханиятымыздың биік тұлғасы Абай Құнанбайұлының мол мұрасын дәріптеу, оның тағылымды шығармаларын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Абай ілімі – рухани қазына» атты облыстық Абай оқулары өтті.
Абай шығармашылығы — ұлттың рухани қазынасы. Ақынның терең ойлы қара сөздері мен көркем өрнекті өлеңдері жас ұрпақты білімге, еңбекке, адамгершілікке үндеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге, туған елін, ана тілін, әдебиеті мен мәдениетін құрметтеуге тәрбиелейді.
Облыстық байқауға 13-15 жас аралығындағы мектеп оқушыларынан 12 үміткер қатысып, үш кезең бойынша өзара бақ сынасты. Байқау барысында қатысушылардың Абай мұрасын меңгеру деңгейі, шығармаларды жатқа білуі, олардың мазмұнын терең түсінуі, көркем әрі мәнерлеп оқу шеберлігі, тіл мәдениеті мен ой ұшқырлығы сараланды.
Байқауға қазылық еткендер қатарында философия ғылымдарының докторы, абайтанушы Досым Қайырбекұлы Омаров, «Білім» гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Риза Набигажиновна Кабазова, журналист, «Жетісу» радиосының редакторы Аршын Айдынбекұлы, сондай-ақ Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының «Ақпараттық-библиографиялық» бөлімінің меңгерушісі Шолпан Маратқызы Сүлейменова болды.
Абай мұрасын жатқа айтқан жас талапкерлер
Байқаудың алғашқы кезеңі «Абайдың қара сөздері» тақырыбына арналды. Бұл кезеңде қатысушылар ұлы ақынның 45 қара сөзін жатқа орындап, оның философиялық ой-толғамдарын көркемдік шеберлікпен жеткізуге тырысты. Қазылар алқасы оқушылардың қара сөздерді жатқа білу деңгейіне, мазмұнын түсінуіне, мәнерлеп оқу шеберлігіне және авторлық ойды тыңдарманға әсерлі жеткізу қабілетіне баға берді.
Екінші кезеңде жас өрендер ұйымдастыру комитеті алдын ала бекіткен тізім бойынша 30 өлеңді жатқа мәнерлеп оқыды. Бұл кезеңде шығармаларды дұрыс әрі нақышына келтіріп орындауымен қатар, олардың мазмұнын терең түсінуі, ақынның көркемдік ойлау жүйесін сезінуі және тіл тазалығы басты назарға алынды.
Әрбір қатысушы Абай жырларының мазмұнын ғана емес, ақынның ішкі рухын, сырлы сезімін, азаматтық үнін тыңдарманға жеткізуге ұмтылды. Жас оқырмандардың сахнадағы өнері олардың Абай шығармашылығына деген қызығушылығы мен дайындығының жоғары деңгейін көрсетті.
Алғашқы екі кезеңнің қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар байқаудың шешуші ІІІ кезеңі – «Абай шығармашылығына арналған сұрақ-жауап» кезеңіне жолдама алды.
Финалдық кезеңде қатысушылардың Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы, қара сөздері, өлеңдері, әндері және жалпы әдеби мұрасы туралы білімдері сыналды. Сұрақтарға жауап беру барысында жас талапкерлер өздерінің ізденісін, білім деңгейін, ойлау қабілетін және Абай мұрасын жан-жақты меңгергенін көрсетті.
Байқау қатысушылар үшін білімдерін саралап, өз мүмкіндіктерін сынауға ғана емес, ұлы ақынның шығармашылығына деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік берген тағылымды алаңға айналды.
Жеңімпаздар анықталды
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орын — Талғатұлы Әділет, Алакөл ауданы;
ІІ орын — Абдуалиева Аяна, «Мизам мектебі»;
ІІІ орын — Алмасқызы Жанбота, Талдықорған қаласы.
Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушылар мен олардың жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды. Жас талапкерлердің шығармашылық қабілеті мен өнері жоғары бағаланды.
Ұлы Абайдың рухани мұрасы — ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мәңгілік аманат. Оның шығармалары адамды білімге, еңбекке, ізгілікке, әділетке және рухани кемелдікке жетелейді. Сондықтан Абай мұрасын дәріптеу, насихаттау және жас буынның санасына сіңіру — баршамызға ортақ міндет.
«Абай ілімі – рухани қазына» атты облыстық Абай оқулары жас ұрпақты ұлы ақынның өнегелі өмірі мен өшпес шығармашылығына жақындатып, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеген тағылымы мол мәдени-танымдық шара болды. Осындай байқаулардың өскелең ұрпақтың әдебиетке, ана тіліне және ұлттық руханиятқа деген сүйіспеншілігін арттырудағы маңызы зор.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1280585?lang=ru