Құмар Ақсақалов: «Қостанай облысының тағы бір ерекшелігі – саябақтар мен скверлерінің көптігінде»
28.08.2026 18:48:29 56Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өңірдің қайраткерлерімен, қоғам белсенділерімен, кәсіпкерлерімен бірге Қостанайдағы Триатлон-парк пен қала маңындағы экопарктегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Мемлекет басшысы жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және азаматтардың сапалы демалысын қамтамасыз етуге үнемі назар аударып келеді.
Қостанайда Орталық саябақ, «Жеңіс» саябағы, «Ұлы дала» паркі, Триатлон-парк және бұрынғы Ауыл шаруашылығы институтының аумағында саябақтар салынды. Былтыр теміржол вокзалы маңында, Дулатов және Арыстанбеков көшелерінде, Қасымханов пен Тәуелсіздік көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Қонай шағын ауданында саябақтар ашылды.
Аумағы 39 гектарды құрайтын Триатлон-парк қала тұрғындары арасында ең сұранысқа ие қоғамдық кеңістіктердің біріне айналды. Оның аумағында 16 спорттық және балалар алаңы жабдықталып, 38 кәсіби жаттығу құралы орнатылды. Қазіргі уақытта әкімшілік-тұрмыстық кешім ғимаратын, субұрқақты және кіреберіс тобын абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Әкімшілік-тұрмыстық кешен ғимаратында 8 бөлме қарастырылған. Мұнда кафе орналастыру, гүлдер, кәдесыйлар, спорттық киімдер мен құрал-жабдықтар сату, сондай-ақ спорттық құрал-жабдықтарды жалға беру және сату жоспарлануда. Сонымен қатар кофе, сусындар және балмұздақ сататын орындар жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, ғимаратта учаскелік полиция пункті, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға арналған қоғамдық дәретханалар қарастырылады. Аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, субұрқақ орнатылды, ғимараттың қасбетіне жарықтандыру жүйесі қойылды.
Тобыл өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. «Шағала» жағажайын Триатлон-паркпен байланыстыратын бірыңғай жағалау аймағы құрылып, қала тұрғындары арасында ең танымал жағажай аумағы кеңейтіліп, жаңартылды. Ал жаяу жүргіншілерге арналған серуендеу аймағы 1 шақырымнан 2,5 шақырымға дейін ұлғайтылды.
Қалаға жаңа инвесторлардың келуі және іскерлік белсенділіктің артуы заманауи қонақүй инфрақұрылымына деген қажеттілікті арттыруда. Қостанайда әлемге танымал екі қонақүй кешенінің құрылысы басталды. Олар – «Мэрриот» және «Новотель». Сондай-ақ, 150 нөмірге арналған «Холидей Инн» қонақүй кешенін салу жоспарланып отыр. Кешен құрамында конференц-зал және тамақтану аймағы болады. 140 жұмыс орны ашылады.
Қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін тағы бір нысан – «Инвиктус» фитнес-клубы. Заманауи фитнес-клубтың құрылысы – спорт инфрақұрылымының жаңа нысанын ашумен ғана шектелмейді. Бұл – белсенді демалысқа, спортпен шұғылдануға және бос уақытты мазмұнды өткізуге арналған қосымша орын құру. 40 жұмыс орны ашылды. Мұнда премиум санаттағы заманауи жабдықтар орнатылады. Бір мезгілде 300 адамға дейін жаттығуға мүмкіндік болады.
Қостанай облысының тағы бір ерекшелігі – саябақтар мен скверлерінің көптігінде екенін айтқан аймақ басшысы Ел Президентінің ірі қалалар мен облыс орталықтарының қала маңындағы аумақтарында экопарктер құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қостанай қаласының агломерациясында 43,8 гектар аумақта экопарк құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мұнда көлік тұрақтары, жүгіру және велосипед жолдары, футбол және волейбол алаңдары, орындықтар мен күркелер, балалар ойын алаңдары қарастырылған. Сондай-ақ автотұрақ және «Астана» тұрғын үй шағын ауданынан өтетін жерасты жаяу жүргіншілер өткелі салынады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1282256?lang=ru