БҰҰ-да Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні атап өтілді
30.08.2026 09:10:22 211
Нью-Йорк, 2026 жылғы 29 тамыз – Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған бірқатар іс-шара өтті.
2026 жылы Халықаралық күн үш айтулы мерейтой аясында өтуде: Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қол қоюға ашылғанына 30 жыл және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толуы.
28 тамызда БҰҰ штаб-пәтерінде ЯСЖТШ-ның 30 жылдығына орай жоғары деңгейдегі еске алу іс-шарасы және фотокөрменің салтанатты ашылуы өтті. Оларға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкіл Изуми Накамицу, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров және БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері қатысты.
Қатысушылар ЯСЖТШ-ның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі іргелі маңызын атап өтіп, оның әмбебаптығын қамтамасыз ету және тез арада күшіне енуі жолындағы күш-жігерді жандандыруға шақырды.
Іс-шарада сөз сөйлеген Елші Қ.Омаров Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы жаһандық күш-жігерге дәйекті үлесін атап өтті. Ол 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы Қазақстанның бейбітшілік пайдасына жасаған тарихи таңдауы болғанын және ядролық сынақтарды тоқтатуға бағытталған халықаралық қозғалысқа қуатты серпін бергенін атап көрсетті.
29 тамызда БҰҰ штаб-пәтерінің аумағында естелік ағаш отырғызу рәсімі өтті. Қазақстан Аустралия, Германия, Канада, Нидерланд, Финляндия және Жапониямен бірге рәсімнің тең ұйымдастырушыларының бірі болды. Іс-шараға БҰҰ мен ЯСЖТШҰ-ның жоғары лауазымды өкілдері, мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қ.Омаров Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қарусыздануды ілгерілетуге, сондай-ақ ЯСЖТШ-ның әмбебаптығын қамтамасыз етуге және оның тез арада күшіне енуіне деген мызғымас бейілділігін растады.
Өткізілген іс-шаралар халықаралық қоғамдастықтың назарын ядролық сынақтардың гуманитарлық және экологиялық зардаптарына, олардың құрбандары туралы тарихи жадты сақтаудың маңыздылығына және мұндай қасіреттердің қайталануына жол бермеу жолындағы мемлекеттердің ортақ жауапкершілігіне тағы да аударды.
Қазақстан ортақ мақсатқа – ядролық сынақтар мен ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу жолындағы күш-жігерге дәйекті түрде үлес қосуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1282392?lang=ru