Оңтүстік Африка бизнес қауымдастығына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды
31.08.2026 18:14:48 87
Претория қаласында Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуеті мен Оңтүстік Африка Республикасымен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Елшілігі Оңтүстік Африка–Қазақстан сауда-мәдени қауымдастығының (SAKTCA) қолдауымен ұйымдастырды. Кездесуге жергілікті бизнес өкілдері, инвесторлар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшісі Еркін Ахинжанов қатысушыларды елімізде жүзеге асырылып жатқан дәйекті саяси және экономикалық реформалар туралы хабардар етті. «2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуі және Құрылтайға өткен сайлау ұлттық экономиканың орнықтылығы мен әртараптандырылуын күшейтуге бағытталған институционалдық негіз қалыптастырып, бизнестің ұзақ мерзімді дамуына қолайлы жағдай жасап отыр», – деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Таныстырылым барысында шетелдік кәсіпкерлерге Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен инвестиция салуға перспективалы салалар ұсынылды. Олардың қатарында көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, металлургия, тау-кен өнеркәсібі, инновациялар мен технологиялар бар.
Инвесторлардың ерекше қызығушылығын «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері, сондай-ақ шетелдік компанияларға кең ауқымды жеңілдіктер мен қолдау тетіктерін ұсынатын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар тудырды.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Оңтүстік Африка арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу және сұрақ-жауап сессиясы өтті. Оңтүстік Африка Республикасының іскер топтарының өкілдері Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, екі ел арасындағы өзара тиімді экономикалық әріптестікті дамытуға бағытталған практикалық диалогты жалғастыруға ниет білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-pretoria/press/news/details/1283135?lang=ru