3 қыркүйек – Қазақ тазысы күні
03.09.2026 14:11:18 362
3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақ тазысы күні алғаш рет аталып өтеді. Бұл күн 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешім қабылдауына орай белгіленді.
Амстердамда қабылданған шешімге сәйкес қазақ тазысына № 372 халықаралық стандарт бекітіліп, Қазақстан тұқымның шыққан елі ретінде ресми түрде танылды.
Қазақ тазысы ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып, дәстүрлі аңшылық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде.
«Тазыны бүгінгі күнге жеткізген – оны ұрпақтан ұрпаққа сақтап келген аңшылардың, селекционерлердің, кинологтардың, ит иелері мен жанашыр азаматтардың еңбегі. Халықаралық деңгейде танылу – үлкен нәтиже. Бірақ біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Ең бастысы – тазының тұқымдық ерекшеліктерін, генетикалық қорын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу», – деді Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Бүгінде Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымдық кітабында төрт мыңға жуық тазы тіркелген. Өңірлерде иттердің шығу тегі туралы мәліметтерді жинау, асыл тұқымдық есеп жүргізу және тұқымның генетикалық алуандығын сақтау жұмыстары жалғасуда.
Қазақ тазысы халықаралық алаңдарда да кеңінен таныстырылып келеді. 2025 жылы Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде тұқымның ресми таныстырылымы өтті. 2026 жылғы маусымда Болоньяда ұйымдастырылған World Dog Show көрмесіне Қазақстаннан 12 тазы қатысты.
Сонымен қатар Жетісу облысында Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығының ғимараты салынып жатыр. Орталықта таза тұқымды иттерді өсіру, олардың шығу тегін тіркеу, Бірыңғай тұқым-тегі кітабын жүргізу және кинология саласындағы мамандарды даярлау көзделген.
2026 жылғы 20 ақпанда Үкімет қаулысымен Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі 2026-2036 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді.
Қазақ тазысының FCI тарапынан алдын ала танылуы – ауқымды жұмыстың маңызды кезеңі. Алда тұқымның тұрақтылығын бірнеше буын бойы бақылау, оның генетикалық қорын, денсаулығын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтау міндеті тұр.
3 қыркүйек – қазақ тазысының халықаралық деңгейде танылғанын айғақтайтын ғана емес, ұлттық мұраны сақтап, келесі ұрпаққа жеткізудің маңызын еске салатын күн.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1284933?lang=ru