Қазақстан БҰҰ АзТМЭӘК-тің Бангкоктағы штаб-пәтерінде Алматыда Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын құру барысы туралы баяндады
03.09.2026 15:02:44 398
Бангкок, 2026 жылғы 3 қыркүйек. БҰҰ АзТМЭӘК-тің Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ғылым, технологиялар және инновациялар жөніндегі комитетінің бесінші сессиясы аясында Қазақстан делегациясы Алматы қаласында БҰҰ АзТМЭӘК-тің Орнықты даму жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын құру жобасын іске асыру барысы туралы баяндама жасады.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Тұрақты Өкілі Марғұлан Баймұхан Қазақстанның Комиссияның 82-сессиясында қабылданған тиісті қарар шеңберінде өзіне алған міндеттемелерін орындауға бейілді екенін растады және Орталықтың 2027 жылы ашылуын қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын атап өтті. Қазақстан делегациясының басшысы БҰҰ АзТМЭӘК-ке мүше мемлекеттерді Орталықтың жұмысына белсенді қатысуға, оның ішінде өз өкілдері мен сарапшыларын жіберуге, сондай-ақ озық тәжірибелер мен цифрлық шешімдермен алмасуға шақырды.
Сессияға қатысқан БҰҰ АзТМЭӘК-ке мүше бірқатар мемлекет Қазақстанның бастамасына қолдау білдіріп, Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Астана министрлік декларациясын іске асыруда қол жеткізілген нәтижелерге оң баға берді.
Анықтама үшін:
БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АзТМЭӘК) 82-ші сессиясы аясында Бангкок қаласында 52 мүше мемлекеттің консенсусымен Алматы қаласында БҰҰ АзТМЭӘК-ның Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі Азия-Тынық мұхиты орталығын құру туралы қарар қабылданды.
Бастамаға БҰҰ АзТМЭӘК қарарлары тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған 21 мемлекет тең автор ретінде қосылды: Әзербайжан, Армения, Бангладеш, Вануату, Грузия, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив аралдары, Моңғолия, Непал, Пәкістан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Тимор-Лесте, Тонга, Түркия, Өзбекстан, Фиджи және Шри-Ланка.
Жаңа БҰҰ институтының Қазақстанда құрылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект жылымен тұспа-тұс келуі ерекше мәнге ие.
Аталған Орталық Жапония, Қытай, Корея Республикасы, Үндістан және Иранда жұмыс істейтін бейінді орталықтармен қатар БҰҰ АзТМЭӘК-ның алтыншы институционалдық құрылымы болады.
Орталық БҰҰ қамқорлығындағы бейтарап халықаралық платформа ретінде қарастырылып, Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің мемлекеттік және қоғамдық қызметтер саласындағы үздік цифрлық шешімдерін айқындау және таратуға бағытталады.
Жаңа БҰҰ мекемесінің қызметі өңір елдері арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға ықпал етіп, ең алдымен ең аз дамыған елдер, теңізге шыға алмайтын елдер мен шағын аралдық дамушы мемлекеттерді қолдауға ерекше назар аударады.
Бастама сондай-ақ Қазақстанның IT-қызметтер саласындағы экспорттық әлеуетін арттыруға және отандық әзірлемелерді сыртқы нарықтарға ілгерілетуге жағдай жасайды.
Алматы қаласында БҰҰ АзТМЭӘК-ның Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі Азия-Тынық мұхиты орталығын құру Қазақстан Республикасының цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын іске асыруға елеулі үлес қосатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1284942?lang=ru