ҚҚҚ алаңында банкроттық туралы заңнаманы қолданудың өзекті мәселелері талқыланды

ҚҚҚ алаңында банкроттық туралы заңнаманы қолданудың өзекті мәселелері талқыланды

04.09.2026 17:20:49 231

2026 жылғы 4 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының алаңында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ахметов Сейілжан Әділханұлының төрағалығымен банк секторы өкілдерінің қатысуымен «Банкроттық туралы заңнаманы құқық қолданудың проблемалық мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Кездесу барысында жеке және заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заңнаманы қолдану мәселелері, сондай-ақ банк секторының құқық қолдану практикасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстары қаралды.

Азаматтардың сот арқылы банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін цифрландыруға ерекше назар аударылды. «Qoldau» ақпараттық жүйесінде кредиторлар мен қаржылық басқарушыларға арналған, кредиттік бюролармен интеграцияланған жұмыс кабинетін әзірлеу жүргізілуде. Жаңа функционал қатысушылардың электрондық өзара іс-қимылын жеңілдетуге, құжат айналымын қысқартуға және кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар азаматтардың банкроттығы туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Атап айтқанда, «Дипломмен – ауылға» әлеуметтік бағдарламасы шеңберінде берілген бюджеттік кредиттер бойынша міндеттемелерді есептен шығару мүмкіндігі, сондай-ақ рәсімге қатысушының құқыққа қайшы әрекеттеріне байланысты сот арқылы банкроттық немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданудан бас тартылған не рәсім тоқтатылған жағдайда, аталған рәсімдерді қайта қолдану туралы сотқа жүгінуге шектеу кезеңін белгілеу мәселелері қаралды.

Талқылаудың жеке бөлігі заңды тұлғалардың банкроттығы рәсімдерін жетілдіру мәселелеріне арналды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар құқық қолдану практикасын жетілдіру және банкроттық туралы заңнаманы одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарымен алмасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1286075?lang=ru