270.00 ДЕКЛАРАЦИЯСЫНДАҒЫ САЛЫҚТЫҚ ШЕГЕРІМДЕР: МАҢЫЗДЫ ЕРЕЖЕЛЕР МЕН ӨТУ КЕЗЕҢІ

270.00 ДЕКЛАРАЦИЯСЫНДАҒЫ САЛЫҚТЫҚ ШЕГЕРІМДЕР: МАҢЫЗДЫ ЕРЕЖЕЛЕР МЕН ӨТУ КЕЗЕҢІ

08.09.2026 09:27:05 153

Салық заңнамасын реформалауға байланысты жеке тұлғалар үшін салықтық шегерімдерді қолдану механизмі түбегейлі жаңартылуда. Жұмыс берушіде 282 АЕК-ке дейін алдын ала шегерімдерді қолдану және оларды кейіннен 270.00 декларациясында толтыру тәртібі тек 2025 жылға ғана белгіленген өтпелі норма болып табылады.

 

2025 жылы алынған кірістер үшін оқуға, медицинаға, ипотека бойынша сыйақыларға және ерікті зейнетақы жарналарына жұмсалған шығыстарды қамтитын басқа да алдын ала шегерімдердің уақытша тәртібі қолданылады. 2025 жыл ішінде жұмыскер жұмыс берушіде өтініш негізінде чектер мен шарттарды ұсынбастан, жылына 282 АЕК-тен немесе айына 23,5 АЕК-тен аспайтын мөлшерде алдын ала шегерімді қолдануға құқылы болды. Бұл ретте оқуға, медицинаға немесе ипотекаға арналған шегерімдер әрбір түрі бойынша 118 АЕК-тен аспауы тиіс, ал барлық санаттарды ескере отырып, бір жылдағы шегерімдердің жалпы шегі 564 АЕК-ті құрайды.

 

2025 жылы жұмыс берушіде алдын ала шегерімді пайдаланған жеке тұлғалар 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейінгі мерзімде 270.00 нысанындағы Кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынуға міндетті. Негізгі талап – декларацияда мәлімделген шегерімдер шарттар, чектер және түбіртектер сияқты құжаттармен қатаң түрде расталуы тиіс, оларды талап қоюдың барлық мерзімі ішінде сақтау қажет.

 

Осы кезең шеңберінде, егер шегерім сомасы жалақы мөлшерінен асып кетсе, бір айдағы пайдаланылмаған шегерім қалдығы келесі кезеңге ауыстырылмайды және жойылады деген ереже қолданылады. Декларация қорытындысы бойынша бюджеттен қайтарылуға тиіс жеке табыс салығының сомасы түзілген жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары примененный (қолданылған) шегерімдердің заңдылығына камералық тексеру жүргізеді, ал 2025 жылдың міндеттемелері бойынша қайтару 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады.

 

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап чектерді жинай отырып, өтініш бойынша басқа да алдын ала шегерімдерді қолдану тәртібі өз қолданысын аяқтайды. Жаңа Салық кодексі азаматтардың барлық санаттары үшін 30 АЕК мөлшеріндегі бірыңғай тіркелген салықтық шегерімді енгізе отырып, әкімшілендіруді жеңілдетеді.

 

Осылайша, 282 АЕК-ке дейінгі алдын ала шегерімдер механизмі 2025 жылдың кірістері үшін біржолғы құрал болып табылады. 2025 жылы жұмыс берушіге мұндай шегерімдерге өтініш берген азаматтар 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін 270.00 декларациясында есеп беру үшін барлық растаушы чектер мен түбіртектерді сақтауы қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1287244?lang=ru