Алматы павильоны Малайзиядағы «MATTA Fair 2026» туристік көрмесінің жүлдесіне ие болды

Алматы павильоны Малайзиядағы «MATTA Fair 2026» туристік көрмесінің жүлдесіне ие болды

08.09.2026 12:16:35 163

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 6 қыркүйек – Алматы Малайзияның халықаралық туристік көрмесі MATTA Fair 2026 аясында өзінің туристік әлеуетін кеңінен таныстырды. Қазақстан Малайзияның туризм саласындағы ең ірі әрі беделді іс-шарасына алғаш рет қатысып, Орталық Азияның туристік мүмкіндіктерін малайзиялық аудиторияға ұсынды.

Көрмедегі Visit Almaty павильоны келушілердің ерекше қызығушылығын тудырған алаңдардың бірі болды. Павильонның заманауи дизайны, мазмұнды бағдарламасы және шығармашылық ұжымның өнер көрсетуі малайзиялық туристер мен туризм индустриясының өкілдерінің жоғары бағасына ие болды. Көрме жұмыс істеген үш күн ішінде павильонға 10 мыңнан астам тіркелген қонақ келіп, Алматы мен Алматы облысының туристік мүмкіндіктерімен, табиғи және мәдени көрікті орындарымен, ұлттық тағамдары мен дәстүрлерімен танысты.

Музыканттар, бишілер мен қазақ батырларының қатысуымен өткен мәдени бағдарлама, ұлттық тағамдардың дегустациясы және дәстүрлі кәдесыйлардың таныстырылымы Алматыны заманауи мегаполис пен асқақ тауларды, бай мәдени мұра мен Ұлы даланың қонақжай дәстүрлерін тоғыстырған бірегей туристік бағыт ретінде танытуға мүмкіндік берді.

Көрме аясындағы жұмысқа қоса, Куала-Лумпурда Алматыны Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі ретінде ілгерілетуге және Қазақстан мен Малайзия арасындағы туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға арналған Almaty Tourism Day өтті.

Іс-шараға Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрлігінің, Tourism Malaysia, Малайзияның туристік және туроператорлық агенттіктер қауымдастығының (MATTA), Малайзияның туристік агенттіктер қауымдастығының (MATA), әуе компаниялары мен туристік бизнес өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында Алматының туристік әлеуетінің таныстырылымы, туризм саласы өкілдерінің баяндамалары, өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою рәсімі, іскерлік кездесулер және мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.

Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев құттықтау сөзінде екі ел арасындағы туристік алмасуды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның MATTA Fair көрмесіне алғаш рет қатысуы қазақстандық туристік бағыттарды малайзиялық саяхатшылар арасында кеңінен танытуға жаңа мүмкіндіктер беретінін айтты.

Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрлігінің Бас хатшысы Шахаруддин бин Абу Сохот Алматының Қазақстанның өзге өңірлеріне және Орталық Азия елдеріне саяхаттауға жол ашатын маңызды туристік хаб ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.

Almaty Tourism Day іс-шарасының негізгі нәтижелерінің бірі Алматы қаласы әкімдігінің Туризм басқармасы мен Малайзияның туристік және туроператорлық агенттіктер қауымдастығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат туристік бағыттарды ілгерілету, ақпарат алмасу, кәсіби байланыстарды кеңейту және Қазақстан мен Малайзияның туристік индустрия өкілдері арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Қауымдастық президенті Найджел Вонг қазақстандық павильонға деген жоғары қызығушылықты атап өтіп, Алматы павильонының үздік мәдени бағдарлама үшін арнайы марапатқа ие болғанын хабарлады.

Almaty Tourism Day аясында Қазақстан мен Малайзияның 50-ден астам туристік компаниясының өкілдері арасында бірқатар іскерлік кездесулер өтті. Кездесулер жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және бірлескен туристік өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік берді.

Мәдени бағдарлама барысында қонақтарға дәстүрлі қазақ музыкасы, домбыра мен қобызда орындалатын шығармалар, ұлттық билер мен ән өнері таныстырылды. Өнерпаздардың өнер көрсетуі қатысушыларға Қазақстанның бай мәдени мұрасын танып, Ұлы даланың қонақжай рухын сезінуге мүмкіндік берді.

Almaty Tourism Day Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды туристік нарықтардың біріндегі белсенді ілгерілету жұмыстарының жалғасы болды. MATTA Fair 2026 көрмесі аясында өткізілген іс-шара Қазақстан мен Малайзияның туристік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және саяхатшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға өзара мүдделі екенін көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1287479?lang=ru