ШЫМКЕНТТЕ «ЕСІРТКІСІЗ ҚАЛА» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
08.09.2026 16:40:09 184
Шымкентте есірткінің таралуына жол бермеу, оның алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Шымкент – есірткісіз қала» жалпы қалалық акциясы басталды.
Ауқымды бастамаға мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, қоғамдық ұйымдар мен жастар өкілдері қатысуда. Акцияның негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, заңсыз жарнаманы анықтау, интернет арқылы таралатын есірткі саудасына қарсы іс-қимылды күшейту және жастарды спортқа, білім мен шығармашылыққа тарту.
Бастама «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бұл ретте есірткі қылмысына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті ретінде қарастырылады. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жастардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру – акцияның басты бағыттарының бірі.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек қауіпсіз орта қалыптастыруда әр тұрғынның жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, есірткімен күресте отбасының да рөлі ерекше. Сондықтан ата-аналар жасөспірімдердің ортасы мен мінез-құлқына назар аударып, балаларымен ашық сөйлесуге мән беруі қажет.
Қалалық мәслихат төрағасы Мұрат Жолдыходжаев акция аясында тұрғындардың есірткінің заңсыз жарнамасына бейжай қарамауына басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Азаматтарды күдікті жарнама мен есірткі тарату фактілері туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарлауға шақырды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев акцияның негізгі бағыттарына тоқталды. Қала аумағында әлеуметтік билбордтар орналастырылып, есірткінің зияны туралы бейнероликтер көрсетілуде. Мектептер мен жоғары оқу орындарында нарколог мамандар мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру кездесулері мен ашық дәрістер ұйымдастырылуда.
«Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруда құқықтық сауаттылық пен азаматтардың заң талаптарын білуі маңызды. Осы бағытта жастарға есірткінің адам денсаулығы мен болашағына келтіретін зияны түсіндіріліп, заңсыз әрекеттерге жол берудің құқықтық салдары туралы ақпарат беріледі.
Есірткінің интернет арқылы таралуына қарсы жұмыс та күшейтілген. Волонтерлер мен кибердружиналар құқық қорғау органдарымен бірлесіп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жүргізіп, заңсыз есірткі жарнамасы мен таратуға қатысты ресурстарды анықтауға атсалысуда. Бұл жұмыстар цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңсыз контенттің таралуына жол бермеу мақсатында жүргізілуде.
Акцияның тағы бір маңызды бағыты – жастарды спортқа тарту. Қалада футбол, волейбол және жекпе-жек спорт түрлерінен жарыстар мен бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Балалар мен жасөспірімдердің спорт секцияларына қолжетімділігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт пен шығармашылыққа қызығушылығын арттыру – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Осы арқылы өскелең ұрпақ арасында заң мен тәртіпті құрметтеу, жауапкершілік пен азаматтық белсенділік құндылықтарын қалыптастыруға басымдық беріледі.
Ұйымдастырушылар тұрғындарды азаматтық белсенділік танытып, есірткі таратуға немесе заңсыз жарнамаға қатысты күдікті фактілерді тиісті органдарға хабарлауға шақырады. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда нығайтуға әр азаматтың қосатын үлесі.
«Шымкент – есірткісіз қала» акциясы бір реттік шара емес, есірткі қылмысының алдын алу, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заң мен тәртіпті нығайту және салауатты қоғам қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс ретінде жүзеге асырылуда.