Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерге кодтарды, құпиясөздерді және жеке деректерді айтуды талап етіп телефон шалмайды
11.09.2026 14:35:44 113
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының азаматтарына хабарлайды: мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері салық төлеушілерге жаппай қоңырау шалмайды және телефон арқылы SMS-кодтарды, құпиясөздерді, электрондық цифрлық қолтаңба деректерін, банк карталарының деректемелерін немесе өзге де жеке мәліметтерді талап етпейді.
Салық органдары телефон арқылы «тапсырылмаған декларация», «есептіліктегі қате», «тергеу» немесе «банк шоттарын дереу бұғаттау» туралы хабарламайды. Олар мұндай хабарламаларды WhatsApp, Telegram немесе бейтаныс нөмірлер арқылы жібермейді және «мәселені дереу шешуді» немесе бөгде сілтемеге өтуді ұсынбайды.
Мемлекеттік кірістер органдарының ресми хабарламалары тек kgd.gov.kz және eGov.kz порталдарындағы Салық төлеуші кабинетіне, сондай-ақ электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы келіп түседі. Міндеттемелердің, хабарламалардың және берешектің бар-жоғын жеке кабинеттен, e-Salyq Azamat және e-Salyq Business қосымшаларынан өз бетінше тексеруге болады.
Хабарлама заңнамада белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда өндіріп алу шаралары Салық кодексінде көзделген тәртіппен қолданылады, телефон қоңырауы бойынша емес.
Егер сізге мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерімін деп таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалып, код, құпиясөз немесе ЭЦҚ деректерін айтуды сұраса — әңгімені дереу үзіңіз. Жіберілген сілтемелерге өтпеңіз және олардың нұсқауымен қосымша орнатпаңыз.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды сақтық танытуға және тек ресми байланыс арналарын пайдалануға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1290073?lang=ru