Құлынжон ауылында жаңа интернат пен спорт кешені ашылды

Құлынжон ауылында жаңа интернат пен спорт кешені ашылды

11.09.2026 14:35:54 156

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданындағы Құлынжон ауылында Qulynzhon Mektebi мектебінің 60 жылдығына орай жаңа интернат пен спорт кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар мерейтой аясында ауданның денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа бағдарлама бастау алды.
Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Самар ауданының әкімі Серік Женисов және меценат Айдын Рахымбаев қатысты.
Жаңа интернат шалғай елді мекендерден келетін оқушыларға жайлы жағдайда тұрып, білім алуға мүмкіндік береді. Ал спорт кешені ауыл балаларының тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысып, спортпен шұғылдануына жағдай жасайды.
Оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды құттықтаған Нұрымбет Сақтағанов ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту Мемлекет басшысы қойған балаларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау міндетімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Ата-ана баласының ауылда да сапалы білім алып, қауіпсіз жағдайда өмір сүріп, сүйікті спорт түрімен айналысатынына сенімді болуы керек. Жаңа интернат пен спорт кешені дәл осындай мүмкіндіктер береді. Ауыл балаларының өз қабілеттерін дамытуы үшін таңдау мүмкіндігі мен кеңістігі болғаны біз үшін маңызды. Туған ауылына деген жанашырлығы және тұрғындарға талай жыл қызмет ететін жобаларды жүзеге асырып келе жатқаны үшін Айдын Рахымбаевқа алғыс білдіремін», – деді облыс әкімі.
Qulynzhon Mektebi 60 жыл бойы ауыл тұрғындарының бірнеше буынын білім нәрімен сусындатып келеді. Жаңа нысандардың ашылуы мектепті дамыту және аудан ауылдарындағы балаларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстардың жалғасы болды.
Айдын Рахымбаев та ауылды дамытуға бағытталған жобалардың маңызына тоқталды.
«Мен осы жерде мектеп бітіріп, бүгінге дейін есімнен шықпаған ұстаздарымды кездестірдім. Өзім туып-өскен ауданның балалары кезінде бізде болмаған мүмкіндіктерге ие болғанын қалаймын. Біздің мақсатымыз – жай ғана инфрақұрылым салу емес, жерлестерімізге – оқушыларға, мұғалімдерге және ауданның барлық тұрғындарына дамуға мүмкіндік жасау», – деді меценат.
Сонымен қатар Құлынжон ауылындағы шара барысында Самар ауданындағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың алдағы екі жылға арналған бағдарламасы таныстырылды.
Бағдарлама аясында аудандық орталық аурухананы, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттерді жөндеу жоспарланған. Ауданға алғаш рет компьютерлік томограф пен реанимобиль сатып алу көзделіп отыр. Медициналық ұйымдарды Starlink интернетіне қосу арқылы шалғай елді мекендердегі тұрғындарға еліміздің жетекші дәрігерлерімен онлайн кеңес алу мүмкіндігін кеңейту жоспарлануда.
Айдын Рахымбаев туған өлкені дамытуға жеке қаражатының шамамен 11 млн долларын бағыттады. Бұл қаражат білім беру саласындағы бұған дейін жүзеге асырылған жобаларды және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді бағдарламаны қамтиды.
Жаңа әлеуметтік нысандардың іске қосылуы аудан тұрғындары үшін маңызды. Енді ауыл балалары білім алуға, спортпен айналысуға және өз қабілеттерін дамытуға қосымша мүмкіндік алады. Ал денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту тұрғындарға қажетті медициналық көмекті өз ауданында алуға жағдай жасауға бағытталған.
Облыс әкімі ауыл мектептерін дамыту және балаларға заманауи жағдай жасау өңір әкімдігінің жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1290070?lang=ru