Лисаков жастары «Таза Қазақстан» бастамасына қосылды
11.09.2026 18:07:12 182
Лисаков қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Таза аумақ - баршамызға ортақ міндет!» атты экоквест өтті. Іс-шара қаланың 11-шағынауданында ұйымдастырылып, оған 40-қа жуық жас қатысты.
Квестің негізгі мақсаты - жастарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған қаланың тазалығы мен абаттандырылуына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
Қатысушылар командаларға бөлініп, тақырыптық станциялардан өтті. Олар экологияға қатысты сұрақтарға жауап беріп, қалдықтарды дұрыс сұрыптауға байланысты тапсырмаларды орындады, экологиялық белгілерді іздеп, табиғатқа ұқыпты қарау жөніндегі білімдерін көрсетті.
Іс-шараның практикалық бөлігі аумақты тазалауға арналды. Жастар бірлесіп қоқыс жинап, бекітілген учаскелерді ретке келтірді. Осылайша қатысушылар жаңа білім алып қана қоймай, қаланы абаттандыруға нақты үлес қосты.
«Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаның тазалығы әрқайсымызға байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан жастарға табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын айтып қана қоймай, нақты іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беру біз үшін маңызды. Бүгін жастар өздерінің белсенділігі арқылы қоршаған ортаның жағдайына жауапкершілікпен қарап, туған қаласының дамуы мен абаттандырылуына үлес қосуға дайын екенін көрсетті», – деді Лисаков қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Ділдә Хайрат.
Квест барысында жауапты тұтыну және қалдықтарды дұрыс басқару мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Ойын форматында ұйымдастырылған тапсырмалар экологиялық тақырыптарды жастарға түсінікті әрі қызықты түрде жеткізуге мүмкіндік берді.
Іс-шара қорытындысы бойынша ең белсенді командалар мен қатысушылар анықталды. Жеңімпаздар мен белсенділік танытқан қатысушыларға ақшалай сертификаттар табысталды.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай іс-шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, жас ұрпақтың бойында тұрақты экологиялық әдеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Квестің негізгі идеясы – қала тазалығына қамқорлық жасау әр адамның қарапайым күнделікті әрекетінен басталатынын көрсету.
#ТазаҚазақстан

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1290374?lang=ru