Штрутхофтағы құрмет: қазақстандық дипломаттар нацизм құрбандарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды

Штрутхофтағы құрмет: қазақстандық дипломаттар нацизм құрбандарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды

14.09.2026 12:01:08 378

Натсвиллер, 2026 жылғы 13 қыркүйек – Қазақстанның Страсбургтағы Бас консулдығы Эльзас өңіріндегі Нацвайлер-Штрутхоф мемориал аумағында өткен аттас концлагерь құрбандарын еске алуға арналған халықаралық рәсімге қатысты.

Францияның Ардагерлер және соғыс құрбандары істері жөніндегі ұлттық басқармасы ұйымдастырған нацистік режим құрбандары мен өткен кезеңдегі қайғылы оқиғаларды еске алуға арналған іс-шараға жергілікті билік өкілдері, депортацияланғандардың отбасыларына көмек көрсетумен айналысатын ұйымдар мен бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ Францияның Үлкен Шығыс өңіріндегі дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Нацвайлер лагерінің құрбандары мен тұтқындарының тағдыры туралы тарихи жадты сақтау ісіне құрмет пен ниеттестіктің белгісі ретінде Страсбургтағы  қазақстандық миссия атынан сол кезеңдегі нацистік қылмыстардың қасіретін қоғам жадында сақтауға үндейтін ескерткіштің алдына гүл шоқтары қойылды.

Іс-шара аясында Мемориал әкімшілігімен өткен әңгімелесулер барысында ҚР дипломаттары тарихи жадты сақтаудың және жауынгерлердің, соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Франция аумағында соғысқан, қаза тапқан қазақстандықтардың ерлігін мәңгі есте сақтаудың ерекше маңызын атап өтті.

Соғыс жылдарында Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын іздестіру мәселелері бойынша өзара әрекеттесу мақсатында сарапшылық деңгейде тығыз байланыстар орнату үшін француз әріптестеріне қазақстандық зерттеушілерден алынған, Қазақ КСР-інен болуы мүмкін тұлғалардың тізімдері берілді.

 

Нацвайлер-Штрутхоф (Natzweiler-Struthof) концентрациялық лагері 1941 жылғы мамырда нацистік Германия тарапынан аннексияланған Эльзас аумағында құрылды. Лагерь арқылы елуден астам ұлт өкілдерінен құралған шамамен 52 000 тұтқын өткен, олардың 22 000-ға жуығы қаза тапқан.

Бүгінде бұрынғы лагерь Франциядағы нацистік қылмыстар туралы тарихи жадты сақтайтын аса маңызды орындардың бірі болып табылады. Оның аумағында сол кезеңдегі нацистік режимге қарсы тұрған депортацияланған Қарсыласу қозғалысы мүшелеріне арналған Еуропалық орталық қалыптасқан.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1290948?lang=ru