Қазақстан мен Naturtex қаз өсіруден тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл құру мүмкіндігін пысықтауда

Қазақстан мен Naturtex қаз өсіруден тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл құру мүмкіндігін пысықтауда

19.09.2026 10:03:21 169

Будапешт, 2026 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстан Елшісі Анель Бақытбекқызы мажарстандық Naturtex Kft. компаниясының басқарушы директоры әрі тең иесі Балаш Геллертпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Naturtex компаниясының Қазақстандағы қызметін кеңейту перспективаларын және қазақстандық және мажар серіктестерімен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Naturtex – қаз және үйрек мамығы мен қауырсынын өңдеуге, сондай-ақ үйге арналған тоқыма өнімдерін өндіруге маманданған мажар отбасылық компаниясы. Компанияның өнімдері халықаралық нарықтарда ұсынылған.

Naturtex бірнеше жылдан бері Қазақстаннан мамық пен қауырсын сатып алып келеді. Қазіргі кезеңде компания сауда ынтымақтастығынан Қазақстан аумағындағы неғұрлым терең өндірістік кооперацияға көшуге мүдделі.

Атап айтқанда, Naturtex әлеуетті қазақстандық және мажар серіктестерімен бірлесіп, Қазақстанда су құстарын өсіру саласындағы толық өндірістік циклді қалыптастыру мүмкіндігін қарастыруда. Ол қаз өсіру мен тиісті шикізат базасын қалыптастырудан бастап, етті өңдеуді, сондай-ақ мамық пен қауырсынды жеке өңдеуді қамтиды. Болашақта Қазақстанда дайын тоқыма өнімдерін өндіруді ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылуда.

Осындай кешенді өндірістік тізбекті құру Қазақстанда шикізатты терең өңдеуге, өндірілетін өнімнің қосылған құнын арттыруға және, оның ішінде ауылдық жерлерде, көптеген жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Елші жобаны іске асыруға мұндай кешенді тәсіл Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, заманауи технологияларды тарту, өндірістік кооперацияны кеңейту және қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту жөніндегі басымдықтарына сәйкес келетінін атап өтті.

Кездесу барысында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ тарапынан бастаманы одан әрі сүйемелдеуге, оның ішінде әлеуетті серіктестермен, тиісті мемлекеттік органдармен, салалық ұйымдармен және өңірлік әкімдіктермен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны іске асырудың оңтайлы моделін айқындау және оны практикалық тұрғыдан одан әрі пысықтау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1294748?lang=ru