Қазақстан СІМ қызметкерлері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты
19.09.2026 12:36:18 173Астана, 2026 жылғы 19 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» ауқымды жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Астана қаласында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысты.
Іс-шара мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен елорда тұрғындарының өкілдерін біріктіріп, бекітілген аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстарын бірлесіп жүргізуге бағытталды. Сыртқы саясат ведомствосының қызметкерлері министрлік ғимаратына іргелес аумақты тазалауға белсенді қатысты.
Сенбілікке қатыса отырып, дипломаттар қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік бағдарламалардың міндеті ғана емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан» акциясы тұрақты негізде өткізіліп, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды тәрбиелеуге, сондай-ақ қазақстандық қоғамда тазалық, тәртіп пен абаттандыру дәстүрлерін нығайтуға бағытталған. Мұндай бастамалар азаматтарды ортақ мақсат төңірегіне біріктіріп, экологиялық жауапкершілік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1294820?lang=ru