Қазақстан делегациясы XI Мәскеу қаржы форумына қатысып жатыр

Қазақстан делегациясы XI Мәскеу қаржы форумына қатысып жатыр

22.09.2026 13:17:26 246

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил бастаған еліміздің делегациясы «Манеж» орталық көрме залында өтіп жатқан XI Мәскеу қаржы форумына қатысып жатыр.

Аталған форум – қаржы-экономикалық саясатындағы өзекті мәселелерді, мемлекеттік қаржы саласы мен қаржы нарығын дамыту жолдарын талқылауға арналған кәсіби алаң. Бұл жиын 2016 жылдан бері өткізіліп келеді және мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, бизнестің, ғылыми әрі сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің басын біріктіреді. Алқалы басқосу Ресей федерациясының Қаржы министрлігі мен Мәскеу билігінің бастамасымен қолға алынған.

Биылғы жиынға «Орнықты қаржы жүйесі – ел дамуының негізі» тақырыбы арқау болып отыр. Іскерлік бағдарламада бюджет тұрақтылығы, қаржы нарығын дамыту, инвестиция тарту, мемлекеттік басқарудың цифрлы трансформациясы, жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ экономикалық қолдаудың қаржылық тетіктерін жетілдіру мәселелерін қамтитын пленарлық отырыс пен 16 тақырыптық сессия қарастырылған.

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил форумның негізгі пленарлық сессиясына қатысты. Онда жаһандық белгісіздік жағдайында тұрақты қаржы саясатын қалыптастыру тәсілдері, бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру және құрылымдық трансформация мен ұзақмерзімді экономикалық дамуға әсер ететін тетіктерді құру жолдары талқыланды.

Еліміздің өкілдері форумның тақырыптық және сарапшылардың қатысуымен өтетін сессияларға да қатысады. Күн тәртібінде халықаралық қаржылық өзара іс-қимыл, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, мемлекеттік сатып алу саласын автоматтандыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ өңірлік даму және бюджеттік тұрақтылық мәселелері қаралады.

Осы жиынға қатысу мемлекеттік қаржыны басқару саласында тәжірибе алысып, қаржы процестерін цифрландырудың тиімді тәсілдерін пысықтауға және шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылды нығайтуға жол ашады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1295980?lang=ru