Салықтық тексеру нәтижелеріне шағым жасау тәртібі мен практикасы

Салықтық тексеру нәтижелеріне шағым жасау тәртібі мен практикасы

23.09.2026 00:03:21 198

     Салықтық тексеру нәтижелерімен келіспеген жағдайда салық төлеушінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.

     Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 191-бабына сәйкес, салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға, сондай-ақ салық органы лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде және Салық кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым беру және оны қарау тәртібі Салық кодексінің 192–198-баптарымен реттеледі.

Шағым беру мерзімі

     Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды хабарлама табыс етілген күннен кейінгі 30 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға беруге тиіс. Бұл ретте шағымның көшірмесі салықтық тексеру жүргізген және салықтық тексерудің алдын ала актісіне салық төлеушінің қарсылығын қараған салық органына ұсынылады. Егер шағым беру мерзімі дәлелді себеппен өткізіліп алынған болса, салық төлеушінің өтінішхаты бойынша бұл мерзім уәкілетті органмен қалпына келтірілуі мүмкін.

     Атап айтқанда, салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаның, сондай-ақ салық төлеушінің басшысының және (немесе) бас бухгалтерінің уақытша еңбекке жарамсыз болуы дәлелді себеп ретінде танылуы мүмкін. Бұл жағдайда өтінішхатқа еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңін растайтын құжаттар және салық төлеушінің ұйымдық құрылымын растайтын құжат қоса беріледі.

     Шағым мен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі аяқталған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі қажет.

     Салық төлеушінің уәкілетті органға немесе сотқа шағым (талап қою) беруі салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуын тоқтата тұрады.

     Егер салық төлеуші уәкілетті органға шағым берген болса, хабарламаның шағым жасалған бөлігін орындау шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтатыла тұрады. Ал сотқа талап қою берілген жағдайда, хабарламаның шағым жасалған бөлігін орындау сот әкімшілік істі іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады. Бұл ретте салық төлеуші даудың нақты қай бөлігіне шағым келтіріп отырғанын шағымда нақты көрсетуі маңызды.

Шағым қандай түрде беріледі?

     Салық төлеушінің шағымы қағаз және (немесе) электрондық түрде берілуі мүмкін. Шағымда міндетті түрде:

  • шағым берілетін уәкілетті органның атауы;

  • салық төлеушінің тегі, аты және әкесінің аты немесе толық атауы, орналасқан жері;

  • сәйкестендіру нөмірі;

  • салықтық тексеру жүргізген салық органының атауы;

  • салық төлеушінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар;

  • көрсетілген мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;

  • шағымға қол қойған тұлға туралы мәліметтер және шағымның берілген күні;

  • қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуі тиіс.

     Қажет болған жағдайда шағымда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін. Шағымға салық төлеуші немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды.

Қандай құжаттар қоса беріледі?

     Шағымға салық төлеуші өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттарды қоса береді. Егер шағымды салық төлеушінің өкілі берсе, оның өкілеттігін растайтын сенімхат та ұсынылады. Сонымен қатар, дауға қатысты өзге де құжаттар қоса берілуі мүмкін.

     Осыған байланысты шағым дайындау кезінде салықтық тексеру барысында анықталған әрбір даулы мәселе бойынша нақты дәлелдер мен растайтын құжаттарды ұсыну маңызды.

Шағымды кері қайтарып алуға бола ма?

     Иә. Салық төлеушінің шағымды кері қайтарып алуы белгіленген мерзімдер сақталған жағдайда, сол мәселе бойынша қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды. Сондықтан шағымды кері қайтарып алу туралы шешім қабылдаған кезде заңнамада белгіленген шағым беру мерзімдерін ескеру қажет.

Практикалық тұрғыдан нені ескеру қажет?

     Салықтық тексеру нәтижелерімен келіспеген салық төлеуші үшін ең маңыздысы – шағым беру мерзімін сақтау және өз ұстанымын нақты дәлелдермен негіздеу. Шағымда тек тексеру нәтижелерімен келіспейтінін көрсету жеткіліксіз. Салық төлеуші қандай қорытындымен келіспейтінін, оның қандай негізде дұрыс емес деп есептейтінін және бұл ұстанымын қандай құжаттар мен дәлелдер растайтынын нақты көрсетуі қажет.

     Сондай-ақ шағым берер алдында салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаны, тексеру актісін, алдын ала актіге берілген қарсылықты және салық органының тиісті шешімдерін мұқият зерделеген жөн.

     Салықтық дауларды қарау кезінде заңнамада белгіленген рәсімдер мен мерзімдердің сақталуы ерекше маңызға ие. Сондықтан салық төлеушілер өз құқықтарын пайдалана отырып, шағым беру тәртібін және қолданыстағы заңнама талаптарын ескергені маңызды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-atyrau/press/news/details/1296365?lang=ru