Евгений Глотов Астанадағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Евгений Глотов Астанадағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты

23.09.2026 05:03:06 372

Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов жұмыс сапары барысында елордадағы цифрлық инфрақұрылым, өнеркәсіп, логистика және білім беру салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Сапар аясында ол TIER IV сенімділік деңгейіне сәйкес келетін, құрылысы жүріп жатқан деректерді өңдеу орталығында болды. Бұл — Еуразиядағы осы деңгейдегі алғашқы коммерциялық жоба. Кешеннің жалпы қуаты 100 МВт-қа дейін жетеді. Оның бірінші кезеңін 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

Сондай-ақ Евгений Глотов астық және бұршақ дақылдарын терең өңдейтін агроөнеркәсіптік кешен құрылысының барысымен танысты. Жобаға 320 млн доллар инвестиция салу көзделген. Кешен іске қосылғаннан кейін 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, қала әкімінің орынбасары ауданы 160 мың шаршы метрге жуық, еліміздегі ең ірі логистикалық парктің құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Жоба елорданың заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады.

Халықаралық білім беру бағытындағы жұмыс та жалғасуда. Евгений Глотов ICS Astana және SABIS International School-Astana мектептерінің жаңа кампустарының дайындығымен танысты. Бірінші кезеңде бұл мектептерде қосымша 2 мың оқушыға арналған орын ашылады. Болашақта оқушы орындарының санын одан әрі арттыру мүмкіндігі қарастырылған.

 

https://www.instagram.com/p/DdjR0HZx4dC/

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1296545?lang=ru