Шекарасыз диалог: Қазақстан мен Alma Mater Europaea университеті академиялық және өркениетаралық ынтымақтастық кеңістігін кеңейтуде
23.09.2026 14:02:02 194
2026 жылғы 22 қыркүйек, Любляна – Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Елшілікте Alma Mater Europaea университетінің ректоры, Дүниежүзілік өнер және ғылым академиясының мүшесі, Global Peace Offensive Center директоры, профессор Людвик Топлакпен кездесу өткізді. Кездесу барысында өркениетаралық және дінаралық диалогты дамыту, бейбітшілік мәдениетін нығайту, сондай-ақ Қазақстан мен Словения арасындағы академиялық және сараптамалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Профессор Людвик Топлак Қазақстандағы саяси жаңғыру үдерісіне және елдің даму қарқынына жоғары баға беріп, Қазақстанның бейбітшілікті, диалогты және орнықты дамуды ілгерілетуге бағытталған халықаралық бастамаларына ерекше тоқталды. Тараптар тұрақты сараптамалық және академиялық өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыру мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, ғалымдар, сарапшылар және конфессияаралық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен бірлескен конференциялар, дөңгелек үстелдер мен тақырыптық пікірталастар өткізу жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.
Кездесу барысында Қазақстанның дінаралық диалог саласындағы тәжірибесіне, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметіне, Қазақстанның Киелі Тақпен өзара іс-қимылына, сондай-ақ Астанада өтетін Съезд Хатшылығының XXIV отырысына ерекше назар аударылды. Тараптар мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты ілгерілету, адам қадір-қасиетін қорғау, жастарды тәрбиелеу және қазіргі жаһандық сын-қатерлерге бірлескен жауаптар іздеу мақсатында Қазақстан мен Словенияның зияткерлік және сараптамалық әлеуетін одан әрі біріктіруге мүдделілік білдірді.
Анықтама: Alma Mater Europaea университеті 2025 жылғы 6 тамызда Любляна қаласында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени жобаларды іске асыруды, студенттер мен оқытушылар алмасуын, конференциялар, семинарлар және басқа да академиялық іс-шаралар өткізуді көздейді.
2026 жылғы 30 сәуірде Астанадағы Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы мен Словенияның Global Peace Offensive Center ұйымы дінаралық, мәдениетаралық және ұрпақаралық диалогты дамыту, сондай-ақ бірлескен білім беру, ғылыми-зерттеу және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру салаларында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумға Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығының Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай қатысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1296863?lang=ru