Жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

23.09.2026 17:16:49 195

Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Жиында облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте көтерілген мәселелермен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жол жүрісі мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағытта аудандық полиция бөлімі тарапынан жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар айтылып, аудан бойынша ахуалға талдау жасалды.

Жалпы биыл апатты оқиғалардың саны мен зардап шеккендердің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмендеп отыр. Осыған байланысты Жандос Еркінбек:

«Жол қауіпсіздігі – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Сондықтан алдын алу жұмыстарын күшейтіп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды арттыру қажет», – деп адам өмірінің қауіпсіздігіне қатысты бұл бағытты әлсіретуге болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ аудандық полиция бөліміне рейдтік іс-шараларды күшейту тапсырылды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе ретінде ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуы және бюджеттің атқарылуы бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Ниматулла саладағы жұмыс барысы және бюджет қаражатын игеру мәселесі жайында баяндап өтті. Бұдан бөлек аудан бойынша бірқатар ауылдық округтердің өз кірістері жоспарының орындалуы талқыланды. Осы бағытта елді мекен әкімдеріне 9 айдың қорытындысымен өз кірістері жоспарының толық орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Жиында бюджет қаражатын тиімді әрі толық игеру мәселесіне де аса мән берген аудан басшысы бюджет қаражатының уақытылы және сапалы игерілуі - жауапты міндет екенін, сондай-ақ әрбір бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті. Осы ретте кент, ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, олардың сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды ескертті.

Сонымен қатар қатты отынмен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Аудан бойынша жылу маусымына дайындық барысы, тұрғындардың қатты отынға қажеттілігін қамтамасыз ету және отын қорын қалыптастыру бағытында тиісті жұмыс атқарылуда. Жауапты басшыларға бұл шараларда ешқандай мәселе болмауын және тұрақты қадағалап отыру қажеттігі айтылды.

Мәжілісте көтерілген барлық мәселелер бойынша жұмыстың жүйелі жүргізілуі мен белгіленген тапсырмалардың мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету жауапты бөлімдерге тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1296970?lang=ru