Варшавада Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы талқыланды
24.09.2026 14:02:44 392
Варшава, 2026 жылғы 22 қыркүйегі - Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшілігі «Қазақстанның бастамасы: БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Сауда-өнеркәсіп палатасының, жоғары оқу орындарының поляк сарапшылары, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға су ресурстары саласындағы халықаралық ахуал, негізгі сын-қатерлер және оларды шешу жолдары жөніндегі Қазақстанның көзқарасы таныстырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ шеңберінде су ресурстарын басқарудың неғұрлым тұтас әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған бастамасына ерекше назар аударылды.
Польшалық қатысушылар бастамаға айтарлықтай қызығушылық танытып, оның практикалық аспектілерін одан әрі талқылаудың өзектілігін атап өтті. Атап айтқанда, Халықаралық су ұйымының ұсынылып отырған құрылымына, оны қаржыландыру мәселелеріне, өкілеттіктері мен функцияларына назар аударылды. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықтың, су секторын жеткілікті қаржыландыру мен инвестициялаудың, сондай-ақ жекелеген мемлекеттердің табысты тәжірибесін ескерудің қажеттігі атап өтілді. Талқылау барысында су мәселелерінің энергетикамен, цифрландырумен, климатпен және тұрақты дамумен тығыз өзара байланысы атап көрсетілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар су ресурстарын басқару жөніндегі неғұрлым тиімді халықаралық платформа құру бастамасының ауқымдылығы мен уақтылылығын атап өтіп, оны БҰҰ шеңберінде және су мәселелеріне арналған басқа да халықаралық алаңдарда одан әрі талқылауға дайын екендіктерін білдірді. Қазақстан тарапы бастаманы жетілдіру және су ресурстары саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған практикалық тәсілдерді әзірлеу мақсатында халықаралық әріптестермен одан әрі диалог пен пікір алмасуға ашық екенін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1297707?lang=ru