Шығыс Қазақстанда трансшекаралық туризмді дамыту және «Алтайдың алтын сақинасын» құру мәселелері талқыланды
28.09.2026 17:17:42 238
25 қыркүйекте Өскемен қаласында «Үлкен Алтай өңірлерінің экономикалық ынтымақтастығын дамыту: диалогтан бірлескен жобаларды іске асыруға дейін» тақырыбында Үлкен Алтай өңірлері Экономикалық кеңесінің III отырысы өтті.
Отырысқа Шығыс Қазақстан облысының, Ресей Федерациясының Алтай өлкесі мен Тыва Республикасының, Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгий және Ховд аймақтарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және туризм салаларындағы өңіраралық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары қаралды. Негізгі назар ұсыныстар алмасудан нақты бірлескен жобаларды іске асыруға көшуге аударылды.
«Алтайдың алтын сақинасы» — жаңа трансшекаралық туристік маршрут
Шығыс Қазақстанның туристік бағыттағы негізгі ұсыныстарының бірі — «Алтайдың алтын сақинасы» халықаралық туристік маршрутын құру.
Ұсынылып отырған маршрут Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай, Марқакөл және Зайсан туристік аумақтарын Ресей, Қытай және Моңғолияның шекаралас өңірлерімен байланыстыруға бағытталған. Бастама Алтай өңірлерінің ортақ табиғи және тарихи-мәдени мұрасына негізделіп, бірыңғай трансшекаралық туристік өнім қалыптастыруды көздейді.
Маршрутты дамыту бірнеше елдің туристік ресурстарын біріктіруге, саяхат географиясын кеңейтуге және жаңа құрама туристік өнімдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта маршрутты бірлесіп ілгерілету, туристік компаниялар арасында өзара іс-қимылды жолға қою және қатысушы елдерден туристер тарту бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда.
Отырысқа бизнес және туристік сала өкілдері де қатысты. Іскерлік бағдарлама аясында B2B кездесулер өткізіліп, кәсіпкерлер тікелей байланыстар орнату, бірлескен жобаларды іске асыру, инвестициялар тарту және туристік өнімдерді дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар инвестициялық және экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шығыс Қазақстан бірлесіп іске асыруға перспективалы бірқатар бағыттарды, оның ішінде өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, машина жасау және логистика салаларындағы жобаларды ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар қорытынды хаттамаға қол қойып, қол жеткізілген уағдаластықтар мен одан әрі ынтымақтастық бағыттарын, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі міндеттемелерді бекітті.
Шығыс Қазақстан Үлкен Алтай өңірлерімен трансшекаралық туризмді дамыту, іскерлік байланыстарды кеңейту және бірлескен туристік әрі инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырады.
«Алтайдың алтын сақинасы» төрт елдің туристік әлеуетін біріктіріп, Үлкен Алтай аумағында жаңа халықаралық туристік өнім қалыптастырудың маңызды құралы бола алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism-vko/press/news/details/1299729?lang=ru