Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтті: ШҚО-да 145,8 млрд теңгелік жобалар іске асырылады
28.09.2026 18:17:09 199
25 қыркүйекте Алматы қаласында «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтті. Форум жұмысына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Форумға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары, өңірлері, даму институттары және іскерлік топтарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында өнеркәсіптік кооперация, терең өңдеу, көлік және логистика, энергетика, автомобиль өнеркәсібі, цифрлық технологиялар және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы мен қытайлық серіктестер арасында жалпы құны 145,8 млрд теңге болатын екі ірі инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде құжаттарға қол қойылды.
Автомобиль жасау кешені
Бірінші жоба East Motors Corporation бірлескен кәсіпорнын құруды және жеңіл автомобильдер, арнайы техника мен заманауи қозғалтқыштар шығаратын өндірістік кешен қалыптастыруды көздейді.
Капиталдық салым көлемі кемінде 110 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 80 мың бірлікке дейін техниканы құрайды.
Өндірісті кезең-кезеңімен дамыту жоспарлануда. Жинақтау өндірісінен бастап дәнекерлеу, шанақты өңдеу және бояу, сондай-ақ соңғы құрастыру сияқты технологиялық операцияларды енгізу көзделген. Өндірісті оқшаулау деңгейін кезең-кезеңімен 50%-ға және одан жоғары деңгейге жеткізу жоспарлануда.
Бірінші кезеңде 150-ге дейін жұмыс орны, ал жоба толық қуатына шыққаннан кейін 500-ге дейін жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Сонымен қатар қосалқы бөлшектер өндірісін дамыту және жергілікті кәсіпорындармен өндірістік кооперацияны кеңейту көзделген.
Қалдықтарды қайта өңдеу кешені
Екінші жоба Beijing Tizhi Trading Co., Ltd. компаниясымен бірлесіп тұрмыстық және тұнба қалдықтарын қайта өңдеу кешенін құруды көздейді.
Инвестиция көлемі 35,8 млрд теңгені құрайды. Кешеннің жобалық қуаты тәулігіне 500–700 тонна қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Кешен қалдықтарды көму көлемін азайтуға, сондай-ақ оларды өндірістік мақсатта қайта пайдалануға бағытталады. Жыл сайын кемінде 59 млн кВт·сағ электр энергиясын және көгалдандыруға арналған органикалық тыңайтқыштар өндіру жоспарлануда.
Осылайша, жоба экологиялық, энергетикалық және экономикалық тиімділікті қатар қамтамасыз етуге бағытталған.
Инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту
Шығыс Қазақстан облысы үшін ірі инвестицияларды тарту жаңа өндірістерді дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және жұмыс орындарын құруға бағытталған маңызды тетік болып табылады.
Өңір отандық және шетелдік инвесторлармен өнеркәсіп, логистика, қайта өңдеу және туризм салаларындағы жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруда.
«Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары да талқыланды.
Шығыс Қазақстан үшін қол жеткізілген уағдаластықтар қытайлық компаниялармен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және өңір экономикасына жаңа инвестициялар тартуға негіз болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism-vko/press/news/details/1299754?lang=ru