Өскеменде «TourEast ALTAI» фестивалінде Дүниежүзілік туризм күні кең көлемде аталып өтті
28.09.2026 19:51:30 169
2026 жылғы 26 қыркүйекте Өскемен қаласының Левобережный кешенінде (Этнопарк) Дүниежүзілік туризм күніне орайластырылған «TourEast ALTAI» ауқымды фестивалі жоғары деңгейде өтті. Дүниежүзілік туризм күні — түрлі елдер мен мәдениеттердің өкілдерін біріктіріп, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын, өзара таным мен құрметті нығайтатын мереке.
Өткен жылдағыдай, биыл да фестиваль халықаралық сипатқа ие болды. Мерекелік іс-шараларға «Біздің ортақ үйіміз – Алтай» халықаралық Үйлестіру кеңесінің мүшелері және инженерлік білім беру саласындағы CDIO Asian Regional Meeting 2026 іс-шарасының қатысушылары — әлемнің 17 елінен келген шетелдік қонақтар қатысты.
Мазмұнды бағдарлама аясында шетелдік қонақтар Шығыс Қазақстан аумағында тұратын этностардың мәдениеті мен тұрмысын таныстыратын бірегей этноауылмен танысты. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері қонақтарды ұлттық әндер мен дәстүрлі тағамдар арқылы жылы қарсы алды. Сонымен қатар «Біздің ортақ үйіміз – Алтай» халықаралық Үйлестіру кеңесінің қатысушылары естелік ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.
Ауқымды туристік көрмеде туроператорлар мен туристік бизнес нысандары Шығыс Қазақстанның бай әлеуетін, табиғи көрікті жерлерін, мәдени мұрасын және туризмді дамытудың заманауи мүмкіндіктерін таныстырды. «Вояж», «Altay-Pro.kz», «Drivejeepkz» және «KatonKaragay Tour» туристік компаниялары, Шығыс Қазақстан бойынша тікұшақ турларын ұйымдастыратын «Adventure VKO», өзен серуендерін ұйымдастыратын «БЕЛАЛЕКС» компаниясы, сондай-ақ «MEDOVAYA MARKA» бренді өздерінің бірегей өнімдері мен қызметтерін ұсынды.
Қонақжайлылық инфрақұрылымын «Чёрная Уба» эко-қоныс туристік базасы, «Таежный домик в Васильево», «Zarechye» парк-отелі, Hayat Hospitality Management, Altai Mountains Resort, Melada Resort және Forest Hills таныстырды.
Өңірдің табиғи байлығын Батыс Алтай және Марқакөл мемлекеттік табиғи қорықтары, сондай-ақ Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі таныстырды. Көрмеге «Артекс» компаниясы, ШҚО Туристік ақпараттық орталығы, Самар және Үлкен Нарын аудандарының туризм және инвестициялар орталықтары, сондай-ақ шетелдік серіктестер — Алтай өлкесінің туристік ақпараттық орталығы (Ресей Федерациясы) және Ховд аймағының (Моңғолия) өкілдері белсенді қатысты.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы орналастыру орындарының саны бойынша республикада екінші орында тұр. Өңірде бір мезетте 22 мыңға жуық адамды қабылдай алатын 447 орналастыру нысаны бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындары 10 млрд теңге көлемінде қызмет көрсетіп, өсім 24%-ды құрады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 5,2 млрд теңгеге жетті.
2025 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 21,6 млрд теңгені құрап, 45%-ға өсті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында инвестициялар көлемі 9,5 млрд теңгені құрады.
Бүгінде өңірде 42 бірегей туристік маршрут жұмыс істейді, оның 24-і экологиялық бағыттарға жатады.
Фестивальдің іскерлік бағдарламасына ерекше назар аударылды. Диалог алаңында сарапшылар саланың негізгі мәселелерін — халықаралық тәжірибе алмасу, заңнаманы жетілдіру, қызметтердің сапасы мен жеделдігін арттыруға арналған жаңа платформаларды енгізу, сондай-ақ туристік бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.
Негізгі капиталға инвестиция тарту және тау шаңғысы курорттарын, бес жұлдызды қонақүйлерді, wellness-отельдер мен пантолечебницаларды салу сияқты жобаларды іске асыру мәселелері де жеке қаралды.
Мерекенің шарықтау шегі — ресми марапаттау рәсімі болды. Ұйымдастырушылар өңірдегі туристік ағынның жыл сайын артуына үлес қосып келе жатқан туроператорлар мен туристік нысандар өкілдеріне алғыс білдірді. Облыстық конкурстың бейінді номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, туризмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Марапаттарға қазіргі таңда салада қызмет етіп жүрген бизнес өкілдерімен қатар, Шығыс Қазақстандағы туризмнің қалыптасуына елеулі үлес қосқан сала ардагерлері де ие болды.
Өңірдегі туризмнің тарихы терең. Мұнда алғашқы туристік ұйым — «Экскурсиялық бюро» — 1961 жылы ашылған. Ал 1988 жылға қарай клубтық туризмнің дамуы соншалықты жоғары деңгейге жетіп, Өскемен қаласының «Восток» туристік клубы облыстағы 19 туристік клуб пен 176 секцияның жұмысын үйлестірген. Оларда барлығы 32 мың турист айналысқан.
Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі тақырыптық алаңдар жұмыс істеді. «Шеберлер қаласында» қолөнер шеберлік сабақтары ұйымдастырылса, «Белсенді демалыс» аймағында кемпинг пен бағдарлау сабақтары өтті. Балаларға арналған «Жас турист» кедергілер жолағы және йога сабақтары өткен «Үйлесім оазисі» алаңы жұмыс істеді.
Сондай-ақ қолөнершілер жәрмеңкесі, ШҚО-ның брендтік өнімдерінің дегустациясы, саябақ аумағындағы туристік белсенділіктер мен жүлделер ұтысы фестиваль қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism-vko/press/news/details/1299808?lang=ru