Астана тарихтағы алғашқы WIPO City of Innovation 2026 байқауының 15 финалистінің қатарына енді

Астана тарихтағы алғашқы WIPO City of Innovation 2026 байқауының 15 финалистінің қатарына енді

29.09.2026 16:01:19 186

Женева, 2026 жылғы 22 қыркүйек – Астана WIPO City of Innovation 2026 – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) инновациялар мен креативтілікті дамыту жөнінде нақты міндеттемелер қабылдайтын қалаларды тану мақсатында 2026 жылы алғаш рет тағайындалған жаңа жаһандық сыйлығының 15 финалистінің қатарына енді. Қазақстан астанасы алғашқы байқаудың финалында ұсынылған Орталық Азиядағы жалғыз қала болды және алғаш рет осы сыйлыққа үміткерлер қатарына қосылды.

Финалға әлемнің 11 елінен 15 қала өтті – Шарлеруа (Бельгия), Шанхай (Қытай), Джайпур және Тируванантапурам (Үндістан), Амман және Бергиш/Ирбид муниципалитеті (Иордания), Астана (Қазақстан), Тетуан және Рабат (Марокко), Эчаге (Филиппин), Калдаш-да-Раинья (Португалия), Мәскеу (Ресей Федерациясы), Муанг-Лампхун және Рой-Эт (Таиланд), сондай-ақ Ливерпуль (Ұлыбритания).

Қазақстан Республикасының Женевадағы ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен биылғы маусым айында ДЗМҰ-ға Қазақстанның үш қаласының өтінімі ұсынылды. Халықаралық іріктеу қорытындысы бойынша Астана алғашқы WIPO City of Innovation байқауының финалистері қатарына енді.

ДЗМҰ финалистердің ресми парақшасында Астананы цифрлық технологиялар тұрғындардың қажеттіліктері мен қазіргі заманғы қалалық сын-қатерлерге тікелей жауап беретін өздігінен тұрақты жұмыс істейтін инновациялық экожүйе қалыптастыруға ұмтылатын қала ретінде таныстырады. Негізгі бағыттардың қатарында жасанды интеллект негізіндегі Smart City технологияларын дамыту, дербестендірілген мемлекеттік қызметтерге арналған бірыңғай цифрлық терезе құру, инновациялық экожүйені нығайту, сондай-ақ тұрақты даму мен қалалық ортаның қолжетімділігін арттыру үшін технологияларды пайдалану атап өтілген.

Астананың өтінімінің негізінде алдағы 12 айға арналған трансформация бағдарламасы жатыр. Оның негізгі элементтерінің бірі Astana Smart City. Бұл ақпараттық жүйелерді, заттар интернеті (IoT) датчиктерін, көлік инфрақұрылымын және қаланың цифрлық егізін біріктіретін қаланы басқарудың бірыңғай интеллектуалдық жүйесі.

Тағы бір маңызды бағыт – astana.kz платформасын «қала – қызмет ретінде» (City as a Service) моделі бойынша дамыту. Бұл дербестендірілген қызметтерді алуға және тұрғындардың жасанды интеллект ассистентінің көмегімен қаламен өзара іс-қимыл жасауына арналған бірыңғай цифрлық кеңістік құруды көздейді. Сонымен қатар елорда білім беру мен стартаптарды акселерациялаудан бастап, зерттеу мен әзірлемелерге (R&D) және технологиялық шешімдерді халықаралық нарыққа шығаруға дейінгі инновациялардың толық циклін дамытуды жоспарлап отыр.

Келесі кезең – Женева

2026 жылғы 12 қазанда Женевадағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде WIPO City of Innovation марапаттау рәсімі өтіп, онда үшке дейін жеңімпаз қала жарияланады. Рәсім БҰҰ Мэрлер форумының алтыншы отырысы аясында өтеді.

Жеңімпаздар өздерінің инновациялық бастамаларын таныстыру үшін халықаралық алаңға, инновациялар мен зияткерлік меншік саласындағы жаһандық қоғамдастықпен өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндігіне, сондай-ақ ДЗМҰ-ның ақпараттық ресурстары арқылы қалалық жобаларды қосымша ілгерілетуге қол жеткізеді.

12 қазанда Женевада Астананың тарихтағы алғашқы WIPO City of Innovation атағының иегерлері қатарына енетін-енбейтіні белгілі болады.

Астананың ДЗМҰ-ның алғашқы байқауының финалына шығуы және Орталық Азияның жалғыз өкілі мәртебесіне ие болуы елордада цифрландыру, жасанды интеллект, Smart City, тұрақты даму және қалалық инклюзивтілік салаларында іске асырылып жатқан бастамаларға халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1300514?lang=ru