Оңтүстік Кореяның технологиялық астанасы Тэджонда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды
03.10.2026 17:02:19 178
Тэджон, 2026 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали Тэджон қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының ашылу салтанатына қатысты.
Қазақстанның Құрметті консулы болып оңтүстіккореялық CONTEC ғарыш компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы, доктор Ли Сон Хи (Lee Sunghee) тағайындалды.
Қазақстандық дипломат Құрметті консулдықтың ашылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жуырда жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары аясында ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сапар нәтижесінде екіжақты қатынастар «Болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілді.
А. Исенали жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардан кейін Қазақстан тарапының негізгі назары оларды жүзеге асыруға – жаңа корей инвестициялары мен технологияларын тартуға, өнеркәсіптік кооперацияны, ғылым мен инновацияларды дамытуға, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.
Осы орайда Құрметті консулдық экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты ілгерілетудің, қазақстандық және корей компанияларына қолдау көрсетудің, жаңа іскерлік байланыстар орнатудың және бірлескен жобаларды іске асырудың қосымша практикалық тетігіне айналуға тиіс.
Кездесу барысында ғарыш саласы мен спутниктік технологиялар бағытындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. Ли Сон Хи ұзақ жылдар бойы Корея аэроғарыштық зерттеулер институтында (KARI) зерттеуші болып жұмыс істеп, 2015 жылы спутниктік жүйелерге, жерүсті инфрақұрылымына, спутниктік деректерді өңдеуге және өзге де ғарыштық технологияларға маманданған CONTEC компаниясын құрды.
CONTEC қазақстандық Ghalam компаниясымен спутниктік технологиялар және Жерді қашықтан зондтау салаларында өзара іс-қимылды дамытуда. Тараптар осы жұмысты одан әрі кеңейтуге жәрдемдесуге және технологиялық әріптестіктің жаңа бағыттарын қарастыруға келісті.
«Құрметті консулдық – жай ғана жаңа кеңсе емес. Ол адамдарды, бизнесті, институттар мен жаңа идеяларды байланыстыратын, елдеріміз арасындағы нақты ынтымақтастық көпіріне айналуға тиіс. Бүгінгі міндетіміз – Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастарға берілген жаңа серпінді нақты жобалар мен нәтижелерге ұластыру», – деді А. Исенали.
Елшілік пен Құрметті консулдық тығыз жұмыс байланысын сақтауға, инвестициялық және технологиялық жобаларды бірлесіп ілгерілетуге, сондай-ақ жаңа корей компанияларының Қазақстан нарығына шығуына жәрдемдесуге уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1303908?lang=ru