Қазақстан Республикасындағы туристік қызметті жүзеге асыру кезіндегі туристердің құқықтары мен міндеттері туралы
06.10.2026 03:36:42 187
Шығыс Қазақстан облысының Туризм және инвестиция басқармасы азаматтар мен өңір қонақтарына қауіпсіз әрі жайлы демалысты ұйымдастырудың негізгі құқықтық аспектілерін еске салады.
Туристік саланың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін реттейтін «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 маусымдағы № 211 Заңына сәйкес саяхаттарды әзірлеу және жүзеге асыру кезінде туристердің негізгі құқықтары мен міндеттері айқындалған.
Туристің құқықтары
Саяхатқа әзірлену, оны жүзеге асыру (транзитті қоса алғанда) кезінде туристің мыналарға құқығы бар:
Көмек сұрап жүгіну: Жеке басына немесе мүлкінің қауіпсіздігіне қол сұғылған жағдайда консулдық, дипломатиялық, өзге де мемлекеттік немесе туристік өкілдіктерге өтініш білдіру;
Толық ақпарат алу: Уақытша болатын елдің (жердің) заңнамасы, кіру мен шығу ережелері, жергілікті дәстүрлер, діни салты, туристік көрсетілім объектілері мен қоршаған ортаның жай-күйі туралы қажетті әрі шынайы ақпарат алу;
Еркін жүріп-тұру: Қабылданған шектеу шараларын ескере отырып, туристік ресурстарға еркін қол жеткізу;
Мүліктік құқықтарын қорғау: Туристік қызмет көрсету шартының талаптары орындалмаған жағдайда келтірілген залал мен моральдық зиянның өтелуін талап ету;
Медициналық және құқықтық көмек: Шұғыл медициналық көмек алу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құқықтық және өзге де көмек түрлерін алуға жәрдемдесуі (шетелдік туристер үшін);
Байланыс құралдарын пайдалану: Қолда бар байланыс құралдарына кедергісіз қол жеткізу.
Туристің міндеттері
Саяхат жасау кезінде (транзитті қоса алғанда) турист мыналарға міндетті:
Заңнаманы сақтау: Болатын елдің (жердің) заңдарын, сондай-ақ кіру, шығу және онда болу ережелерін қатаң сақтау;
Табиғи және мәдени мұраны сақтау: Қоршаған ортаға, табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштерге ұқыпты қарау;
Қауіпсіздік шараларын сақтау: Сапар кезінде жеке өзінің қауіпсіздік ережелерін сақтау.
ШҚО Туризм және инвестиция басқармасы туристік бизнес субъектілері мен саяхатшыларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық нормаларын қатаң сақтауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism-vko/press/news/details/1305121?lang=ru