САДАҚ АТУДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ҚАРСЫ АЛДЫ

САДАҚ АТУДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ҚАРСЫ АЛДЫ

06.11.2026 15:44:40 224

Шымкент халықаралық әуежайында Оңтүстік Кореяда өткен садақ атудан әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшыларды жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Ульсан қаласында дәстүрлі садақ атудан тарихта алғаш рет ұйымдастырылған әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге әлемнің 38 елінен 690 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Қазақстан ұлттық құрамасы чемпионатта жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте бірнеше алтын медаль жеңіп алды.
Әлем чемпионатында Шымкент спортшылары да сәтті өнер көрсетіп, командалық есепте 2 күміс және 2 қола медаль иеленді. Ал, жекелей сында Жәнібек Құлмырзаев «Пута» нысанасына оқ ату сайысында қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұл әлем чемпионатында Шымкент қаласының намысын Мақсат Әбдікәрімов, Сабира Жаппар, Манзура Есенова және Забит Сатоев қорғады.
Жеңімпаздарды әуежайдан туған-туыстары, жақындары, спорт қауымдастығының өкілдері, жаттықтырушылар мен жанкүйерлер күтіп алды. Чемпиондарды көпшілік қошеметпен қарсы алып, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы абыройын асқақтатқаны үшін өз ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ, спортшыларды жоғары деңгейде дайындап, жеңіске жетуіне зор үлес қосқан жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің де еңбегі ерекше атап өтілді.