«Касперский зертханасы» Intelbras бейнебақылау камераларындағы осалдықты жоюға көмектесті

«Касперский зертханасы» Intelbras бейнебақылау камераларындағы осалдықты жоюға көмектесті

06.11.2026 15:51:55 166

Анықталған осалдық камералардың жұмысын уақытша тоқтатуы мүмкін еді

«Касперский зертханасының» Қауіптерді зерттеу және талдау жөніндегі жаһандық орталығының (Kaspersky GReAT) сарапшылары Intelbras өндірушісінің IP-бейнебақылау жүйелерінен осалдық анықтады. Мәселе камераның ішкі бағдарламасын жаңарту тәсіліне байланысты. Жаңартуды бастау үшін пайдаланушының жеке басын растау қажет емес. Соның салдарынан камера уақытша жұмыс істемей қалуы мүмкін.
Осалдықты пайдаланған зиянкестер камераға қашықтан сұрау жіберіп, оның ішкі бағдарламасын жаңартуды бастай алады. Осы кезде камера ешқандай тексерусіз қайта жүктеліп, уақытша қолжетімсіз болады. Нәтижесінде пайдаланушы бақылаудағы аумақта не болып жатқанын көре алмайды және камераны қашықтан басқара алмайды. Бір сұраудың өзі камера жұмысын шамамен бір минутқа тоқтатады. Ал мұндай сұрауларды қайта-қайта жіберсе, камераны шексіз уақыт бойы желіден тыс ұстауға болады. Осалдық iM3B-C, iMX C, iM4 C, iM5 SC, iME 360 C және iM7+ FC модельдеріне қатысты.
Осалдық жойылғанға дейін Intelbras камераларына қосылуға және оларды басқаруға арналған қосымша 4 млн реттен астам жүктелген. Пайдаланушылардың басым бөлігі Бразилияда және Оңтүстік Американың басқа елдерінде тұрады.
«Касперский зертханасы» анықталған осалдық туралы Intelbras компаниясына хабарлады. Өндіруші жедел түрде техникалық талдау жүргізіп, қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдағанын мәлімдеді. Қазір осалдықты жоятын жаңарту шығарылған. Intelbras пайдаланушылардың деректерін қорғау және олардың құпиялылығын сақтау үшін жүйелерін тұрақты бақылап, өнімдерін жетілдіріп келеді.
«Желіге қосылған бейнебақылау камералары үйде де, кәсіпорындарда да кеңінен қолданылады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі адамдар мен нысандарды қорғауда маңызды рөл атқарады. Intelbras камераларынан табылған осалдық танымал өндірушінің өнімі де қауіп төндіруі мүмкін екенін көрсетті. Бұл жағдайда зиянкестер бейнебақылау жүйелерін әдейі өшіріп, белгісіз уақыт бойы жұмыс істетпей қоя алатын еді. Аталған камералардың иелеріне ішкі бағдарламаның орнатылған нұсқасын тексеріп, оны ең соңғы нұсқаға жаңартуға кеңес береміз. Мәселеге жедел назар аударып, осалдықты дер кезінде жойғаны үшін өндірушіге алғыс айтамыз», — дейді Kaspersky GReAT орталығының Латын Америкасы мен Еуропадағы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Шишкова.
Толық есеп Securelist.ruсайтында жарияланған.