SITA eWAS+ қосымшасын таныстырды: жаңа шешім ұшқыштарға ауа райы мен ұшу деректерін біріктіріп, шешім қабылдауға көмектеседі
10.11.2026 18:09:22 220
Компания SITA eWAS+ қосымшасын таныстырды. Ол метеорологиялық және операциялық ақпаратты бір платформада біріктіреді. Ал SITA OptiFlight® шешімін де пайдаланатын әуе компаниялары үшін қосымша отын шығынын азайту жөніндегі ұсынымдарды тиісті ұшу жағдайлары туралы деректермен бірге көрсетеді.
ЖЕНЕВА, 2026 жылғы 5 қараша — SITA компаниясы ұшудың барлық кезеңінде ұшқыштарды кешенді ақпаратпен қамтамасыз ететін SITA eWAS+ жаңа қосымшасын таныстырды. Электрондық ұшу планшетіне (Electronic Flight Bag, EFB) арналған бұл шешім метеорологиялық және операциялық деректерді біріктіріп, экипаждарға жағдай өзгерген кезде дер кезінде әрекет етуге және неғұрлым сенімді шешім қабылдауға көмектеседі.
Жаңа қосымша 12 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан SITA eWAS шешімінің негізінде әзірленген. Қа4зіргі таңда оны 60-тан астам әуе компаниясының 40 000-нан астам ұшқышы пайдаланады.
Метеорологиялық және операциялық ақпараттың бір қосымшада біріктірілуі ұшқыштарға аса маңызды жағдайларда жедел әрі негізделген шешім қабылдауға көмектеседі. Мысалы, қосымша борттық метеорологиялық радиолокатор анықтай алмайтын ашық аспандағы турбуленттілік қаупі туындағанда ұшу биіктігін өзгертудің орындылығын бағалауға қажетті деректерді ұсынады. Ұшу биіктігін өзгерту туралы шешімді экипаждың өзі қабылдайды.
Осылайша, ұшқыштар бірнеше жүйедегі бастапқы деректерді өз бетінше талдаудың орнына қажетті ақпаратты дер кезінде және тиісті мәнмәтінде ала алады.
«Бүгінде ұшқыштардың қолында бұрын-соңды болмаған көлемде дерек бар. Алайда кабинада шешім қабылдауға бөлінетін уақыт өзгерген жоқ, — деді SITA for Aircraft бөлімшесінің қосымшалар мен деректер бағытының жетекшісі Альберт Домингес. — Түпкілікті шешімді әрқашан ұшқыш қабылдайды. Технологиялардың міндеті — жағдайды бағалауға көмектесетін ең маңызды ақпаратты дер кезінде ұсыну. SITA eWAS+ қосымшасын әзірлеу барысында біз бірге жұмыс істейтін әуе компаниялары мен ұшқыштардың пікірлерін ескердік. Алдағы уақытта да олардың тәжірибелік қажеттіліктеріне сүйене отырып, қосымшаны жетілдіруді жалғастырамыз».
SITA eWAS+ метеорологиялық ақпарат ұсынатын 10-нан астам сертификатталған провайдердің және 40-тан астам метеорологиялық ақпараттық өнімнің деректерін біріктіреді. Олардың қатарында турбуленттілік, жел, мұздану және найзағай белсенділігі туралы мәліметтер бар.
Бұл деректер ұшу траекториясы, әуе кеңістігі және әуежайлар туралы ақпаратпен біріктіріліп, картада және маршруттың тік профилінде көрсетіледі.
Төрт өлшемді ахуалдық хабардарлық (4D Operational Awareness) функциясы әуе кемесі маршруттың әрбір нүктесіне жеткен сәтте жағдайдың қалай өзгеретіні туралы ақпарат береді.
SITA OptiFlight® шешімін де пайдаланатын әуе компанияларының ұшқыштары алдағы метеорологиялық және операциялық жағдайларды ескере отырып, осы жүйе қалыптастыратын отын үнемдеу жөніндегі ұсынымдарды бағалай алады.
SITA OptiFlight® — ұшудың барлық кезеңін оңтайландыруға арналған шешім. Ол отын шығыны мен шығарындылар көлемін азайту мақсатында ұшу профилін түзету жөнінде ұсынымдар береді.
Осы шешімді пайдаланатын клиенттер үшін SITA eWAS+ қосымшасы SITA OptiFlight® ұсынымдарын тиісті метеорологиялық және операциялық ақпаратпен бірге көрсетеді. Бұл ұшқыштарға биіктікке көтерілу, крейсерлік ұшу және төмендеу кезеңдерінде ұсынылған өзгерістерді бағалауға мүмкіндік береді.
SITA eWAS+ iPadOS және Windows операциялық жүйелерінде бірдей функционалдық мүмкіндіктер мен техникалық қолдауды қамтамасыз етеді. Қосымша әуе компанияларының корпоративтік қосымшалар дүкендері, сондай-ақ жалпыға қолжетімді App Store арқылы ұсынылады.
SITA eWAS+ туралы толығырақ: SITA eWAS
SITA компаниясы туралы
SITA — авиация саласының цифрлық инфрақұрылымын қамтамасыз ететін және саяхаттардың қауіпсіздігін, қолайлылығын әрі экологиялық тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін халықаралық технологиялық компания.
Коммерциялық авиация қалыптаса бастаған кезеңнен бастап бүгінгі цифрлық трансформация дәуіріне дейін SITA саланың түрлі қатысушыларын байланыстырып, озық технологиялық шешімдерді енгізу арқылы оның дамуына үлес қосып келеді.
Компания бүкіл әлем бойынша шамамен 2 500 клиентке қызмет көрсетеді. SITA технологиялары 1 000-нан астам әуежайда және 19 600-ден астам әуе кемесінде қолданылады. Сонымен қатар компания 70-тен астам мемлекетке шекара қауіпсіздігі мен халықаралық сапарлардың қолайлылығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
SITA авиация саласы қатысушылары арасында алмасатын деректердің 45–50%-ының берілуін қамтамасыз етіп, күрделі жаһандық инфрақұрылымның үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Компания өз бизнесін белсенді түрде трансформациялап келеді. Жолаушыларға арналған озық өзіне-өзі қызмет көрсету жүйелері мен операциялық қызметті басқарудан бастап әуежайларды жобалау және шекаралық бақылауды цифрландыруға дейін SITA саяхат индустриясының болашағын қалыптастыруға атсалысуда. Бұл бағытта Materna IPS, ASISTIM және CCM сияқты компанияларды стратегиялық тұрғыдан сатып алу да маңызды рөл атқарады.
SITA авиация саласынан тыс бағыттарда да қызметін кеңейтіп келеді. Атап айтқанда, SmartSea бастамасы компанияның тәжірибеде сыналған технологияларын круиз индустриясында, теміржол көлігінде және қалалық әуе мобильділігі саласында қолдануға бағытталған.
Бұл трансформация тек жаңа өнімдер әзірлеумен шектелмейді. SITA кәсіби құзыреттерді дамытуға, технологиялық құралдарға және серіктестік қатынастарға инвестиция салып, саланың неғұрлым интеллектуалды әрі икемді болуына көмектеседі.
Интеллектуалды жүйелерді, кедергісіз деректер алмасуды және тұрақты инновацияларды біріктіру арқылы компания көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Жаһандық жолаушылар ағыны ұлғайған жағдайда процестердің үздіксіз жұмыс істеуі ерекше маңызға ие.
Климаттық стратегиясы аясында SITA жыл сайын шығарындылар көлемін 4,2%-ға қысқартып, 2050 жылға қарай парниктік газдардың таза шығарындыларын нөлдік деңгейге жеткізуді мақсат етеді.
Компанияның ғылыми негізделген климаттық мақсаттарын Science Based Targets (SBTi) бастамасы растаған. Сонымен қатар SITA шешімдерінің кеңейіп келе жатқан портфелі клиенттеріне де өздерінің көміртегі ізін азайтуға көмектеседі.
SITA авиация саласының қатысушыларына тиесілі және олардың қажеттіліктерін ескере отырып дамиды. Компания әлемнің 200-ден астам елі мен аумағында қызмет атқарады.
Толығырақ: www.sita.aero