АЗАМАТТЫҚ КОДЕКСТІ ЖАҢАРТУ КЕЗІНДЕГІ ҚҰҚЫҚТЫҚ САБАҚТАСТЫҚ: РЕФОРМА АЗАМАТТЫҚ АЙНАЛЫМНЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН НЫҒАЙТУҒА ТИІС
27.11.2026 17:35:06 371
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының халықаралық құқық және салыстырмалы құқықтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі Көптлеуова Әсемай Мұхтарқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдайды. Оның пайымдауынша, бұл жұмысты жекелеген заң нормаларын қайта қараумен шектемей, азаматтық-құқықтық реттеудің бүкіл жүйесін кешенді жетілдіруге бағытталған маңызды қадам ретінде қарастыру қажет.
Әсемай Мұхтарқызының айтуынша, заңнаманы жаңарту кезінде құқықтық сабақтастық қағидатын сақтау ерекше маңызға ие. Өйткені жаңа нормаларды әзірлеу барысында қалыптасқан құқық қолдану тәжірибесін негізсіз өзгертуге, тиімді құқықтық тетіктерді жоюға немесе қолданыстағы құқықтық қатынастарға қатысты белгісіздік туындатуға жол берілмеуі тиіс. Азаматтық заңнама күнделікті мәмілелерден бастап, күрделі мүліктік және корпоративтік қатынастарға дейінгі көптеген саланы қамтитындықтан, кез келген өзгеріс жан-жақты сарапталып, өзара байланысты құқықтық нормаларға ықпалы ескерілуі қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде құқықтық нормалардың жүйелілігі мен бірізділігін қамтамасыз ету, заң терминологиясын нақтылау, жалпы және арнайы нормалардың ара-жігін ажырату маңызды. Сонымен қатар өтпелі кезеңге арналған құқықтық тетіктерді мұқият пысықтап, сот тәжірибесінде анықталған олқылықтар мен қолданыстағы заңнаманы қолдану барысында туындайтын қайшылықтарды назарға алу қажет. Мұндай жұмыс заңнамалық өзгерістердің бірізді жүзеге асуына және азаматтық айналымдағы тұрақтылықтың сақталуына ықпал етеді.
Көптлеуова Әсемай Мұхтарқызының пікірінше, жаңа Азаматтық кодекстің тиімділігі өзгертілген баптардың санымен емес, азаматтық-құқықтық қатынастардағы өзекті мәселелерді қаншалықты жүйелі шешетінімен өлшенуі тиіс. Бұл ретте өзін ақтаған құқықтық тетіктерді сақтай отырып, болашақтағы қоғамдық қатынастарға бейімделген түсінікті әрі тұрақты нормалар қалыптастыру маңызды. Сондықтан азаматтық заңнаманы жаңғырту жаңашылдық пен құқықтық сабақтастықты қатар ұстануы қажет. Осындай ұстаным жаңа Кодекстің азаматтық айналым тұрақтылығын нығайтуына, құқықтық реттеу сапасын арттыруына және азаматтардың заңнамаға деген сенімін күшейтуіне негіз болады.
Толығырақ:https://www.facebook.com/share/1E8CvLhTYh/?mibextid=wwXIfr