Кеңшарлардың күйреуінен жылқы санының тарихи рекордына дейін: Қазақстанның мал шаруашылығы 35 жылда қалай өзгерді?
27.11.2026 17:43:09 319
1990 жылдардан бері Қазақстанның мал шаруашылығы ауыр дағдарысты бастан өткеріп, ауылдағы жеке шаруашылықтардың арқасында сақталып қалды. Уақыт өте келе сала біртіндеп дамып, цифрлық технологияларға негізделген заманауи агробизнес деңгейіне көтеріле бастады.
📉 1990 жылдар: мал басы 3–4 есе қысқарды
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ірі шаруашылықтар жабылып, малдың басым бөлігі жаппай сойылды.
1999 жылға қарай ірі қара мал саны 9,7 миллионнан 4 миллионға дейін азайды. Ал қой мен ешкі саны 35,6 миллионнан 9,6 миллионға дейін, яғни төрт есеге жуық қысқарды.
Осы кезеңде бүкіл сала негізінен жеке қосалқы шаруашылықтардың есебінен сақталып қалды. Елдегі мал басының 80 пайыздан астамы жеке тұрғындардың қолында болды.
🚜 Соңғы 10 жыл: асыл тұқымды мал мен бордақылау алаңдарына басымдық
Қазақстанға ангус және герефорд тұқымды асыл тұқымды ірі қара әкелініп, ірі бордақылау алаңдары мен заманауи сүт фермалары салына бастады. Соның нәтижесінде мал шаруашылығы біртіндеп үй шаруашылығы деңгейінен жүйелі агробизнес саласына айналды.
📈Бүгінгі жағдай: цифрлық фермалар мен экспорттық әлеует
Жылқы саны бойынша тарихи рекорд тіркелді.
Ірі қара мал саны шамамен 8,8 миллионға, қой саны 22,6 миллионға жетті. Бұл көрсеткіштер 1990 жылғы деңгейге әлі толық жетпегенімен, жылқы шаруашылығы айтарлықтай дамыды. Қазір елімізде шамамен 4,8 миллион жылқы бар. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдегі алғашқы бес елдің қатарына кіреді.
Түйе саны да 2,5 есеге артып, 310 мыңнан асты.
Қол еңбегінің орнын технологиялар басуда.
Бүгінде ірі тауарлы сүт фермаларында автоматтандырылған сауу карусельдері қолданылады. Сонымен қатар малды цифрлық чиптеу және есепке алу жүйелері енгізіліп жатыр.
Негізгі назар өнімді қайта өңдеуге аударылуда.
Тірі малды сыртқа шығарумен шектелмей, кәсіпкерлер экспортқа бағытталған ет комбинаттары мен сүт өңдеу зауыттарын салуға басымдық беруде. Өнімдерді Қытайға, Парсы шығанағы елдеріне және Орталық Азия мемлекеттеріне экспорттау көзделген.
Соңғы жеті жылда мал шаруашылығының жалпы өнімі 1,7 есеге өсті. Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,3 триллион теңгеден 3,8 триллион теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың тоғыз айында саланың жалпы өнімі 3,2 триллион теңгені құрады.