Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің өкілдеріне арналған туризм бойынша халықаралық тренинг-семинар өтті
07.12.2024 11:27:53 726Аталған іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінің шешімдерін жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Семинарға Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің және ТМҰ Хатшылығының туризм саласындағы сарапшылары қатысты. Спикер ретінде ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Әлібек Шоқпаров, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Кемал Кантарджи, Түркістан облысы Туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов, Open Turkistan туристік ақпарат орталығының бас директорының міндетін атқарушы Темур Мұратов, Turkistan Invest бас директоры Берік Кенжебаев және Kazakh Tourism ұлттық компаниясының өкілі Ернұр Кенжебеков сөз сөйледі.
Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан туризмін дамыту, кадр даярлау, цифрландыру, үлкен деректерді өңдеу және басқа да мәселелерді талқылады. Сондай-ақ шетелдік мамандар өз елдерінің туристік әлеуетімен бөлісіп, туризмді дамыту бойынша пікірлері мен тәжірибелерін ортаға салды.
Семинарға қатысушылар Түркістан қаласына сапары барысында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің спорт клубымен, Turkistan телеарнасының жұмысымен, Түркістан облысындағы туристік кластердің дамуымен және Open Turkistan туристік ақпарат орталығының қызметімен танысты. Сонымен қатар оларға Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.
Сонымен қатар шетелдік меймандарға Түркістан облысының көрікті жерлеріне, сондай-ақ Отырар және Сауран аудандарына экскурсиялық бағдарлама ұсынылды.
Айта кетейік, Түркістан қаласы 2024 жылы Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/898106