Биыл Қарағанды облысының қалалары мен ауылдарында таза ауыз су мәселесі толығымен шешілуі тиіс
09.02.2025 13:51:43 517
Қарағанды облысының ауылдық елді мекендерінде орталықтандырылған сумен қамту 97,9% құрайды. Қалаларда бұл көрсеткіш жоғары. Биылғы мақсат – 100 пайызға жету.
Аппарат отырысында атқарылуы тиіс істерді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дастан Ермекбаев баяндады.
– Мемлекет басшысының орталықтандырылған сумен жабдықтауға 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жылы ауқымды жұмыстар атқарылады. Қалалардағы сегіз жобаға қаржы бөлінді. Қарағанды, Саран, Балқаш және Шахтинск қалаларында 53,5 шақырым желіні салу және қайта жаңғырту жоспарлануда. Ауылдық жерлерде 7 жоба жүзеге асырылады, 27,6 шақырым су құбыры желісін салу жоспарлануда, - деді Дастан Ермекбаев.
Тұрғындары аз 32 ауылға суды тазартуға арналған кешенді блок-модульдер орнатылады. Бұл ауылдардың басым бөлігі Қарқаралы және Ақтоғай аудандарында.
– Биылғы жылдың соңына дейін облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге міндеттендік. Бұл мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді және тұрақты бақылауда қалады. Алда су құбыры желілерін салу және қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұр, деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/929827