Кореяда 2025 жылғы Ерікті ұлттық шолулар бойынша алғашқы жаһандық семинар өтті
11.12.2024 18:10:21 1529
Инчхон қаласындағы семинарда шолуларды әзірлеу кезінде қабылдауға қажетті принциптер мен қадамдар, шолулардың ғылыми негізділігі, сондай-ақ Орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы прогресті көрсету үшін нақты деректердің шектелуі мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында ҚР ҰЭМ Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова 2025 жылғы Ерікті ұлттық шолуды ұсыну бойынша Қазақстанның тәсілдерін таныстырып, сондай-ақ 2019, 2022 жылғы шолуларды ұсыну тәжірибесі туралы баяндады.
Оның айтуынша, Қазақстан 2019 жылғы 16 шілдеде БҰҰ-ға мүше басқа 51 мемлекеттің қатарында жоғары деңгейдегі Саяси форум барысында алғашқы шолуды ұсынған еді. Негізгі назар 6 тақырыптық мақсатқа аударылды: «Сапалы білім беру», «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу», «Теңсіздікті азайту», «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес», «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар», «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік».
Екінші шолу 2022 жылғы шілдеде ел үшін орнықты дамудың 5 басым мақсаты бойынша ұсынылды: «Кедейлікті жою», «Денсаулық пен әл-ауқат», «Сапалы білім», «Таза су және санитария», «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу».
Еске салсақ, Қазақстан 2025 жылғы Нью-Йорктегі жоғары деңгейдегі Саяси форумда БҰҰ бекіткен, биылғы жылы қазанда Ерікті ұлттық шолуды ұсынатын елдер тізіміне енді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/901026