Экостартаптар GCIP Kazakhstan 2024 форумында өз инновацияларын ұсынады
14.12.2024 07:16:14 1342
Бүгін Астанада UNIDO қолдауымен ұйымдастырылған Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) беделді акселерациялық бағдарламасының финалы, яғни GCIP Kazakhstan 2024 Ұлттық форумы өтті. Форум экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бірегей экологиялық жобалар ұсынылған тұрақты технологиялар саласындағы стартаптар үшін маңызды оқиға болды.
Форумды Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев құттықтау сөзімен ашты. Ол жасыл технологияларды еліміздің тұрақты дамуы үшін енгізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Е. Жаңбыршин форумның экологиялық бастамаларды алға жылжытудағы рөлін атап өтті.
Форум аясында «Қазақстан мен әлемдегі таза, жасыл технологиялардың даму перспективалары» тақырыбында панельдік сессия өтті. Онда қатысушылар, оның ішінде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» (IGTIC) басқарма төрағасы Д. Каримсаков, CAICA бас директоры Р. Жемков, Green Finance AIFC директоры М. Гиждуаниев, және т.б қатысушылар әлемдегі жасыл технологиялар бойынша жаһандық трендтер мен Қазақстан үшін мүмкіндіктерді талқылады.
Форумның маңызды сәті - IGTIC мен Қытайдың инновациялар саласындағы көшбасшысы TusHoldings (Xiaomi, Lenovo, ByteDance (TikTok) сияқты алыптарды басқаратын) және Zagreb Innovation Centre Ltd. арасындағы серіктестік меморандумын қол қою болды. Бұл серіктестіктер Қазақстанның жасыл технологиялар саласындағы стартаптарына халықаралық тәжірибе мен ресурстарға қол жеткізу мүмкіндіктерін ашады.
Форумға қатысушылар Cleantech Group беделді зерттеу компаниясының воркшопына қатысып, Қазақстанда жасыл технологияларды дамыту және ең жақсы халықаралық тәжірибелерді бейімдеу жөніндегі ұсыныстарды талқылады. «БҰҰ саммиті» іскерлік ойыны аясында қатысушылар климаттық мәселелер бойынша келіссөздер мен климаттың өзгеруімен күрес стратегияларын зерттеді.
Demo Day кезінде Қазақстанның ірі кәсіпорындары, мысалы, Қазахмыс, Қазцинк, ERG, стартаптар үшін өздерінің технологиялық мәселелерін ұсынды, ал Investor Connect аясында стартаптар өздерінің инновацияларын инвесторларға таныстырып, ықтимал серіктестікті талқылады.
Форум жеңімпаздарды марапаттаумен аяқталды, олар тұрақты технологиялар саласындағы ең үздік жобалар мен шешімдерді көрсетті. Форум жеңімпаздары гранттар алып, 2025 жылы Стамбулда өтетін әлемдік финалға Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне ие болды.
GCIP Kazakhstan — Орталық Азиядағы экологиялық таза технологиялар саласындағы стартаптарды қолдайтын жалғыз бағдарлама. GCIP Қазақстанда Түркия, ОАР, Индонезия, Нигерия және басқа елдер сияқты 15 елмен қатар жүзеге асырылуда. Биыл акселерация бағдарламасына Қазақстанда және әлемде өзгерістерге қозғаушы күш бола алатын 27 инновациялық жоба таңдалды.
Форумның маңызды сәттерінің бірі Е.Нысанбаев пен Е. Жамбыршиннің өсімдік тұқымын отырғызуы болды. Қатысушыларға арналған төсбелгілер гүл тұқымдары бар ыдырайтын материалдан жасалған. Әрбір төсбелгіге отырғызу нұсқаулары қоса берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/901655