Ақтөбе облысында «2025-2027 жылдарға арналған ТЖД инфрақұрылымын дамытудың Жол картасына» қол қойылды
17.12.2024 10:57:19 3444
ҚР Төтенше жағдайлар министрінің Ақтөбе облысына сапары аясында маңызды құжат - «Ақтөбе облысы ТЖД инфрақұрылымын дамыту жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілді. Құжатқа облыс әкімі Асхат Шахаров пен ТЖ Министрі Шыңғыс Әрінов қол қойды.
Жол картасы өрт сөндіру деполарын күрделі жөндеу, абаттандыру, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу, модульдік өрт сөндіру деполарын салу және материалдық-техникалық базаны нығайту сияқты 11 іс-шарадан тұрады.
Асхат Шахаров атап өткендей, жол картасындағы іс-шараларды іске асыру азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және төтенше жағдайларға жедел ден қою мен Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осы маңызды құжаттың орындалуы төтенше жағдайлар саласын дамытып қана қоймай, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін арттыратын болады.
Еске сала кетейік, Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбеде Есет батыр шағын ауданында жаңа мамандандырылған өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Өрт сөндіру бөлімінің ашылу салтанатында облыс әкімі мен ТЖ министрі құтқарушыларға 16 бірлік арнайы техниканың кілтін табыстады. Сонымен қатар, 26 өрт сөндіруші мен құтқарушыға қызметтік пәтерлердің кілті берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/903725