Жаңалықтар
АЛМАТЫДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ GLOBAL EXECUTIVE MBA ҚОС ДИПЛОМ БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ 24.02.2025
АЛМАТЫДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ GLOBAL EXECUTIVE MBA ҚОС ДИПЛОМ БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫAlmaty Management University-де халықаралық Global Executive MBA (GEMBA) қос диплом бағдарламасын іске қосуға арналған «Central Asia's Gateway to Global Executive Education: Networking & Reception» атты салтанатты іс-шара өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің бейнеүндеуінде әлемдік университеттермен және жетекші компаниялармен стратегиялық серіктестіктің, сондай-ақ бизнес, инновациялар және технологиялық даму үшін қолайлы экожүйені құруға ықпал ететін бірлескен үкіметтік бастамалардың маңыздылығын атап өтті.«Бұның айқын мысалы – Antwerp Management School-мен бірлесіп жүзеге асырылатын GEMBA бағдарламасы. Massachusetts Institute of Technology, Singapore Management University және Swiss Federal Institute of Technology Zurich және Antwerp Management School тәжірибесін біріктіретін бұл бағдарлама тыңдаушыларға еуропалық, қазақстандық және халықаралық іскерлік дәстүрлерді байланыстыра отырып, жоғары сапалы білім береді», – деп атап өтті министр.AlmaU GEMBA бағдарламасын Antwerp Management School-мен (Бельгия) ынтымақтастықта әзірледі. Ол – Financial Times нұсқасы бойынша үздік ТОП-50 мектептің құрамына кіретін және халықаралық аккредиттеудің үздік көрсеткіштері (AACSB, AMBA, EFMD) бар әлемдегі жетекші бизнес-мектептердің бірі.AlmaU Президенті Асылбек Қожахметов GEMBA бағдарламасының іске қосылуын өңірлік және халықаралық көшбасшылықты дамыту үшін стратегиялық маңызды қадам деп атады:«Бұл бағдарлама Еуропаның, Орталық Азияның, АҚШ пен Сингапурдың озық бизнес-тәсілдерін біріктіреді. Түлектеріміз тек MBA-ға ғана емес, өз компанияларында, салаларында және жалпы экономикасында трансформациялық өзгерістер жасауға көмектесетін бірегей халықаралық тәжірибеге ие болады».AMS-тың ғылыми-зерттеу және енгізу жөніндегі Деканның орынбасары Барт Камбре Бельгияның академиялық дәстүрлерін атап өтіп, Антверпен университеті мен оның бизнес мектебінің тарихы туралы сөз қозғады. Ол Қазақстанның Азия мен Еуропаның қиылысында орналасып, Қытай және Ресеймен шекараласу арқылы ынтымақтастық үшін үлкен әлеуетке ие екенін айтты.Іс-шара соңында Қазақстанда GEMBA бағдарламасының ресми іске қосылуының рәсімі өтті. Іс-шара Networking & Reception форматында өтті, бұл қатысушыларға бизнес-білім беру үрдістерін талқылап қана қоймай, Қазақстанның Бельгиямен, сондай-ақ тұтастай Еуропалық Одақпен іскерлік байланыстарын нығайтуға қатысуға мүмкіндік берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/942462
QYZPU-ДА ЗАМАНАУИ ЗЕРТХАНАЛАР МЕН ДӘРІСХАНАЛАР АШЫЛДЫ 24.02.2025
QYZPU-ДА ЗАМАНАУИ ЗЕРТХАНАЛАР МЕН ДӘРІСХАНАЛАР АШЫЛДЫҚазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ғылыми және білім беру мүмкіндіктерін ұсынатын физика зертханалары, биология білім беру кабинеті, сондай-ақ профессор Абдулла Мырзабайұлы мен Әлім Бірмағамбетов атындағы дәрісханалардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа зертханалар мен дәрісханалар заманауи құралдармен жабдықталған.Бұл шараға университет басшылығы, профессорлар, оқытушылар, студенттер және басқа да арнайы қонақтар қатысты. Физика-математика және цифрлық технологиялар институтында алты жаңа зертхананың ашылуы университеттің ғылыми жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.Атап айтқанда, PASCO құралдарымен жабдықталған «Интерактивті сынып» зертханасы физиканың жалпы курсын тереңдетіп оқытуға арналған. Бұл зертхана студенттерге физикалық заңдылықтарды түсінуге көмектесіп, олардың ғылыми ойлау қабілетін дамытады. PHYWE құралдарымен жабдықталған «Интерактивті сынып» зертханасы – физиканың жалпы курсын тереңдетіп оқытуға арналған, сондай-ақ физика бойынша демонстрациялық эксперименттер мен фронтальды зертханалық жұмыстарды жүргізу техникасын меңгеруге мүмкіндік береді.Электромагниттік құбылыстарды зерттеуге арналған электр және магнетизм зертханасы студенттерге электр тізбегін құрастыру мен дұрыс пайдалану арқылы физикалық принциптерді түсінуді үйретеді. Оптика зертханасы жарықтың табиғатын, таралуын және оның затпен әсерлесу құбылыстарын зерттейді. Молекулалық физика және термодинамика зертханасы молекулалық физика мен термодинамика теорияларын зерттеу және молекулалардың қозғалысын түсіну үшін арналған. Мектеп физикасының пәндік зертханасы болашақ физика мұғалімдеріне зертханалық жұмыстар мен эксперименттер жүргізудің техникасын үйретуге арналған.Жаратылыстану институтының Биология білім беру кабинетінде зерттеулер мен тәжірибелер жүргізу үшін қажетті құралдар бар. Кабинетте студенттер биологиядан терең білім алып, практикалық дағдыларын жетілдіреді. Ал Әлім Бірмағамбетов атындағы география дәрісханасы және Абдулла Мырзабайұлы атындағы химия дәрісханасы ғалымдардың ғылым мен білім саласына қосқан зор үлестерін дәріптеу мақсатында ашылды. Олардың еңбектері мен ғылым жолындағы жетістіктері арнайы QR кодқа қойылған.Абдулла Мырзабайұлы – химияны оқыту әдістемесін дамытуға үлкен үлес қосқан ғалым. Ғалым-ұстаздың атымен аталатын дәрісхана студенттерге химиядан терең білім мен тәжірибелік дағдыларды меңгеруге көмектеседі.Ашылған зертханалар мен кабинеттер білім алушылардың болашақта жоғары кәсіби құзыреттерге ие мамандар болып қалыптасуына зор әсерін тигізетіні сөзсіз. Олар жаңа білім мен тәжірибеге ұмтылған әрбір студенттің кәсіби жолында маңызды рөл атқарады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/942619
Халықаралық білім корпорациясы мен University for the Creative Arts өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды 24.02.2025
Халықаралық білім корпорациясы мен University for the Creative Arts өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды2025 жылғы 20 ақпанда Халықаралық білім корпорациясы (ҚазБСҚА) мен University for the Creative Arts (UCA) UK Future Places форумының аясында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл қадам Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы білім беру байланыстарын нығайтудағы маңызды кезең болмақ.UCA – өнер, дизайн және креативті индустриялар саласындағы Ұлыбританияның жетекші мамандандырылған университеттерінің бірі. Ол осы серіктестік аясында инновациялық білім беру әдістері мен технологияларын енгізетін болады. Кентербери, Эпсом, Фарнхэм және Maidstone TV Studios кампустары бар UCA ХБК (ҚазБСҚА) студенттеріне академиялық алмасу бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ UCA-ның заманауи VR зертханаларына, анимация студияларына және 3D дизайн кешендеріне қолжетімділік қазақстандық студенттерге жаңа технологияларды игеруге және оларды креативті индустрияға енгізуге мүмкіндік береді.Осы серіктестік аясында UCA ХБК-да (ҚазБСҚА) франшизалық білім беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Ол бес халықаралық деңгейде мойындалған бакалавриат бағдарламасын ұсынады: Өнеркәсіптік дизайн, Интерьер дизайны, Бизнес және менеджмент, Цифрлық маркетинг және әлеуметтік медиа, сондай-ақ Графикалық дизайн. Жақында UCA Академиялық серіктестік комитеті бұл жобаны қарастырды және қазіргі уақытта серіктестік келесі кезеңге – валидация процесіне өтуде. Бұл кезеңде UCA академиялық комиссиясы мен сыртқы сарапшы бағдарламаның барлық егжей-тегжейін пысықтап, оны UCA-ның академиялық стандарттарына сәйкестігін тексереді.Қол қойылған меморандум студенттерге креативті индустриялар саласында озық білім алу мүмкіндігін ашып, білім беру саласындағы халықаралық серіктестікті нығайтуға жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/942656
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: СӘТБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СТУДЕНТТІК ЭКОХАБ АШЫЛДЫ 24.02.2025
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: СӘТБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СТУДЕНТТІК ЭКОХАБ АШЫЛДЫ«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы қаласындағы Сәтбаев университетінің базасында алғашқы экохаб (экоорталық) іске қосылды. Жоба студенттерді қалдықтарды бөлек жинауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға тартуды көздейді.Экохаб – бұл инновациялық өндіріс, онда студенттер қажетсіз қалдықтарды жинап, пластикті қайта өңдей отырып, оны пайдалы заттарға айналдырады. Мұнда орындықтар, зергерлік бұйымдар, жануарлардың мүсіндері жасалады. Өндірісте экологиялық энергия пайдаланылады: студенттер велотренажерлерде жаттығып, пластикті ұнтақтайтын шредерлер үшін энергия өндіреді.Жоба авторы Евгений Мұхамеджанов табиғатқа қамқорлық жасау мәдениеті көрінбейтін процесс екенін, бірақ оны сезінуге болатынын атап өтті. Сондай-ақ студенттер қоғамдағы экологиялық өзгерістердің қозғаушы күші бола алатынын айты. Жоспарда – қаланың басқа жоғары оқу орындарында да экохабтарды ашу.– Біз оқу орталығын, нағыз экохабты ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Евгений Мұхамеджанов. – Бұл университетте оқитын немесе осында жақын жерде тұратын кез келген адам үшін тұрмыстық қалдықтарды әкеліп, оны қайта өңдеуге қатысуға мүмкіндік береді.Осы мақсатта орталықта «Жасыл университет» бағдарламасы құрылып, оның аясында шеберлік сабақтары өткізілетін болады, онда гринвошинг мәселесі туралы айтылады. Болашақта барлық әзірлемелерді біріктіріп, қаланы аралайтын экотрак жасау жоспарлануда.Аталмыш жоба экологиялық мәдениетті дамытудағы маңызды қадам болмақ және басқа университеттерді бағдарламаға қатысуға өтінім беруге тарта отырып, оның мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/942739
Маңғыстау облысында «Айрақты» визит орталығының даму тұжырымдамасы таныстырылды 24.02.2025
Бүгін 20 ақпанда, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында Айрақты тауы аймағында визит орталығын салу бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Шараға мәслихат депутаттары, ардагерлер, азаматтық қоғамның өкілдері мен табиғат жанашырлары және сарапшылар қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет екенін баса айтты. Президенттің туризмді дамытуға қатысты тапсырмасына сәйкес, өңірде жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Заңға сәйкес өткізілген қоғамдық тыңдау барысында Маңғыстаудың көрікті жерлерінің бірі – Айрақты тауының аймағында визит-орталықтары, сондай-ақ туристер мен жергілікті тұрғындар үшін жағдайды жақсартуға бағытталған басқа инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жүргізу мәселелері талқыланды. Жобаның мақсаты – туристерге қолайлы әрі жайлы кеңістік қалыптастыру. Орталық қонақтарға аймақтың ерекше табиғатымен толығырақ танысуға жол ашып, көшпенділердің дәстүрлі мәдениетінің рухын сезінуге мүмкіндік береді. Оған қоса, қоршаған ортаны мейлінше ұқыпты пайдалану көзделеді. Жоба бойынша Айрақты тауы жотасының етегінде 15 геокуполды шатырдан тұратын глэмпингтер, этно ауыл мен шайхана жәнемейрамхана салынады. Бұл нысандардың барлығы отандық инвестордың жеке қаражаты есебінен жүргізіледі. Жоба авторларының айтуынша, бұл визит орталығы өңір экономикасының ілгерілеуіне және ішкі, шетелдік саяхаттаушылардың санын арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындардың кәсіп ашуына, өз өнімдерін сатып, табыс табуына мүмкіндік береді. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда 50-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Қоғамдық тыңдауға қатысушылар жүзеге асқалы отырған жаңа туристік нысанның аудан тұрғындарына берер пайдасы мол екенін айтты. «Айрақтыда қонақ үй салынады деген жаңалыққа қуанып отырмыз. Себебі, бізде шаруашылықпен отырған ауылдар көп. Егер келген туристерге сол ауылдың, сол малшының түйесінің шұбатын, етінен бешбармақ, бұжы жасап өткізіп отырса, қарапайым малшының да табысы көбейер еді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Ауыл таксистерінің де табыс табуына мүмкіндік туады. Жобаны бірауыздан қолдаймыз»,- деді тұрғындар. Жиын қорытындысы бойынша жоба тұрғындар тарапынан бір ауыздан қолдау тапты. Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/942452
Сандықтау ауданында әлеуметтік осал топтар үшін алғашқы үй сатып алынды 24.02.2025
Ақмола облысында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру жалғасуда. Өткен жылы облыстың 10 өңірінде 850 пәтер сатып алынды. Биыл 1000-нан астам жаңа пәтердің кілтін тапсыру жоспарлануда. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйге қойылатын негізгі талаптар – жоғары сапа, жақсы жөндеу жұмыстары, сондай-ақ мектеп пен басқа да әлеуметтік нысандардың жақын орналасуы.Аудан әкімдігінің қаражаты есебінен сатып алынған жаңа пәтерлердің иегерлері әлеуметтік осал топқа жататын 16 отбасы болды. Көпбалалы отбасылар, жетім балалар және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар Балкашино кентінен баспана алды. Әрбір пәтер кең асүймен, жайлы жатын бөлмелермен және жылы атмосфера қалыптастыратын жоғары сапалы әрлеу материалдарымен жабдықталған.Пәтер кілттерін табыстау барысында Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай қолайлы тұрғын үйдің болуы азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың басты көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бүгінде мемлекеттік саясат халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл бастаманың әлеуметтік осал азаматтарға, жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға – қолдауға аса мұқтаж жандарға көмек көрсетуге арналуы ерекше қуантады», — деп атап өтті аудан әкімі.Құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, таза әрлеуі бар 16 пәтерлі тұрғын үй жарты жыл ішінде салынған. Құрылыста қазақстандық өндірістің, соның ішінде Көкшетау кірпіш зауытының материалдары қолданылды.Александра Гречихина өз баспанасын бес жылдан астам уақыт күткен. Пәтер кілтін алу оның өміріндегі маңызды оқиға болды.«Бүгін мен және отбасым үшін қуанышты күн. Біз екі бөлмелі пәтер алдық. Ел Президентіне тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешкені үшін алғысымды білдіремін. Енді біз өз үйімізде тұрамыз», — деп өз қуанышымен бөлісті А. Гречихина.Пәтер иелерінің бірі – көпбалалы ана Олеся Шаталова.«Менің отбасым үшін бұл – нағыз бақыт! Біз жаңа үйге көшу мүмкіндігін ұзақ күттік. Енді әрқайсымызға жеткілікті орын болады және өміріміз әлдеқайда жайлы болатынына сенімдіміз. Бізге қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс айтамын», — деді көпбалалы ана.Айта кетейік, 16 пәтерлі бұл үй Сандықтау ауданында сатып алынған алғашқы тұрғын үй кешені болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/942665
Жарқайың ауданында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды 24.02.2025
Бүгін ауданда «Алтын жас» белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылуы өтті. Жоба ауданның жас кәсіпкері Саят Кемпіровтің бастамасымен жүзеге асырылды. 2024 жылы ол «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық байқауына қатысып, орталықты ашуға грант жеңіп алды.«Мемлекеттік қолдаудың арқасында мен осы белсенді ұзақ өмір сүру орталығын аштым. Мұнда аға буын өкілдері тек қарым-қатынас жасап қана қоймай, өз таланттарын ашып, шығармашылықпен айналысып, спортпен шұғылданып, жаңа нәрселерді үйрене алады», – деді орталықтың директоры Саят Кемпіров.Орталықта түрлі үйірмелер, дене белсенділігі сабақтары, шығармашылық шеберлік курстары және әлеуметтік кездесулер өткізіледі. Сондай-ақ зейнеткерлер үшін медициналық кеңестер бұрышы қарастырылған.«Біз осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымыз. Мұнда біз қызықты істермен айналысып, денсаулығымызды нығайта аламыз. Біздің жасымызда бұл ерекше маңызды», – деп атап өтті Ардагерлер кеңесінің төрайымы Ұлболсын Ахметова.Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы шамамен күніне 20 адам қабылдап, онда 2 маман жұмыс жасайтын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/942799
Аймақ басшысы ақсақалдармен кездесті 24.02.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәли облыс басшысы ретіндегі алғашқы кездесуін ақсақалдар және зиялы қауым өкілдерімен өткізді. Емен-жарқын әңгіме барысында өңірдің бүгінгі хал-ахуалы мен келешегіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.«Үлкеннің батасын алғанның ісі оңалар» деген сөз бар. Өздеріңізбен кездесіп, ақыл-кеңестеріңізді, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдап, жұмыс барысында қолданып, іске асыру ниетім бар. Сіздердің қолдауларыңызбен облысымызды дамыту үшін бар-күш жігерімді саламын. Тарихи әділеттік орнап, осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызды қайтадан ашты. Ел ерекше қуанды. Енді қуанышты әсерден арылып, нақты жұмыс істейтін кез келді. Өңірде шешімін күткен өзекті мәселелер көп. Алда облыс құрылғаннан бергі атқарылған жұмысты жалғастырып, Президенттің тапсырмаларын орындау міндеті тұр», — деді облыс әкімі.Аймақ басшысы Президент жүктеген экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, туризмді дамытуға, өңірдегі тарихи және мәдени орындардың әлеуетін ашуға ден қойылып, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Кездесуде сөз алған ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері ауыл-аймақтарды дамытуға, туризм, ауыл шаруашылығы, мәдениет салаларына назар аударылса деген тілектерін жеткізді.«Жасыратыны жоқ, экономиканы жақсартып, әлеуметтік мәселені шешу үшін жақсы байланыс, игі қарым-қатынас та керек. Бұл ретте Берік Уәлиұлының тәжірибесі мол. Орталықта да, басқа өңірлерде де жұмыс істеп, мемлекеттік қызметте әбден шыңдалды. Елге қызмет етуге келген азаматымыздың жанынан табылып, төңірегіне топтасып, елдің береке-бірлігін көрсетуіміз керек»,- деді Абай облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабеков.Облыс басшысы аймақты дамыту бірлескен жұмысты қажет ететінін айтты.«Туған жерде қызмет істеу – үлкен абырой ғана емес, зор жауапкершілік. Семей - қазақ руханиятының темірқазығы, Алаштың астанасы. Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер. Ахмет Байтұрсыновтың «Біз басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек» деген сөзі бар. Алаш ардақтысының осы өсиетін басшылыққа алып, сіздермен бірлесіп, өңірімізді дамыта берейік», -деді облыс әкімі Берік Уәли.Кездесу соңында Абай облысының абыз ақсақалы Молдабек Жанболатов аймақ басшысына ізгі лебізін білдіріп, ақ батасын берді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/942796
Аймақ басшысы Семейдегі жылу нысандарын тексерді 24.02.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәли облыс орталығындағы ірі жылу қазандықтары мен №1 жылу электр орталығына барып, жұмысымен танысты. Қаланың оң жағалауындағы «Ғаббасов» қазандығы 70 көпқабатты үй, 15 әлеуметтік, 155 коммерциялық нысан мен 23 бюджеттік мекемені жылумен қамтамасыз етеді. 2025 жылы «103-103а» және «Ғаббасов» қазандықтары арасындағы жылу желілерін жалғастырғыш салу, «Орталық» жылу қазандығында коллектор мен сорғыны ауыстыру жоспарланған.Қазіргі таңда Қарағайлы ықшам ауданында блокты модулды қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Жоба жеке инвестордың қаржысына жүзеге асырылуда. Нысан іске қосылған кезде аудандағы 44 көпқабатты үй мен 1200 орындық мектеп және өзге де әлеуметтік нысандар жылумен қамтылады.Нысандарды аралау барысында облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков аймақ басшысына қаладағы жылу орталықтарының жұмысы мен №3 ЖЭО құрылысы туралы баяндады. Берік Уәли жылуға жауапты басшыларға апатты жағдайға жол бермес үшін жылу жүйелерін үнемі бақылауда ұстап, тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде ден қоюды тапсырды.2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында облыста 22 жоба ақталды. Осы жобалар шеңберінде 26,1 шақырым жылу желісі мен 17 жылу көздерінде жұмыс жүргізілді. Семейде 14,7 шақырым қайта жаңарту, 4,8 шақырым желі мен 10 жылу көздері ағымдағы жөндеуден өтті. Жұмыстың нәтижесінде облыстың жылу желілерінің тозуы 64,2%-дан 60,3%-ға дейін төмендеді. 2025 жылы 5 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім жолданды.Аймақ басшысы сол жағалауда салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылыс жұмысымен де танысты. Ғимараттың жалпы аумағы – 2,1 га, ауданы – 9 800 шаршы метр.Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайыздан астамы аяқталған. Жобаға сәйкес Оқушылар сарайы ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық, спорттық-сауықтыру, гуманитарлық, психологиялық, тарихи-өлкетану сынды алты негізгі бағытқа бөлінген.«Бұл нысан біздің қала үшін маңызды. Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан ғимарат құрылысын дер кезінде аяқтау қажет. Әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі», - деді Берік Уәли.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/942801
Абай облысында алғаш рет «Vipusknik.kz-2025» республикалық білім көрмесі өтуде 24.02.2025
Ауқымды шараға Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Өскемен және Семей қалаларынан келген еліміздің 23 жетекші жоғары оқу орны қатысып отыр.Көрменің басты мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге жоғары білім беру мүмкіндіктері туралы кең ақпарат ұсыну, кәсіби бағдар беру және жетекші оқу орындарымен тікелей байланыс орнату.Абай облысы әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен өтіп жатқан көрме екі күнге созылады. Көрменің ұйымдастырушысы – Vipusknik.kz республикалық интернет-порталы.Көрменің ашылуында Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев оқу орны өкілдеріне алғыс білдіріп, білім көрмесінің маңыздылығына тоқталды. Қатысушы жетекші жоғары оқу орнының өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.«Бұл көрме – түлектерге өз болашағын дұрыс жоспарлауға, еліміздің үздік жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерімен танысуға берілген бірегей мүмкіндік. Мұндай бастамалар аймақтағы білім сапасын арттыруға, талапкерлердің кәсіби бағдарын айқындауға зор үлес қосады», — деді Жасұлан Сәрсебаев.Көрме барысында талапкерлер университет өкілдерімен кездесіп, оқу бағдарламалары, мамандықтар және қабылдау шарттары туралы ақпарат алады. Сондай-ақ Семей қаласының 59 мектебінен 9 мыңға жуық оқушының қатысуы жоспарланған. Бұдан бөлек, облыстың 100 аудан мектебінің оқушыларына арналған Zoom конференциясы ұйымдастырылып, 10 500-ден астам түлектің қатысуына мүмкіндік беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/942804
Қазақстан трендте: отандық туризм халықаралық басылымдарда 24.02.2025
Кейінгі бірнеше айда Қазақстан туристік әлеуеті зор бағыттардың бірі ретінде халықаралық БАҚ-тың назарын аударуда. Шетелдік жетекші басылымдар еліміздің алуан түрлі ерекшелігіне, мәдени және табиғи мұрасына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын жарыса жазып жатыр.Мысалы, CNN Travel 2025 жылға арналған ең үздік саяхат орындарының тізімінде Алматыны Орталық Азияның «жаңа стиль астанасы» ретінде атап өтті. Қала өзіне тән таңғажайып асханасымен, белсенді түнгі өмірімен және ерекше мәдени атмосферасымен таңқалдырса, сонымен қатар табиғи ландшафттары мінсіз орын.Condé Nast Traveller дәстүрлі қазақ асханасының қайта өркендеуін айрықша атап өтті. Бұл бүгінде туристік тәжірибенің маңызды бір бөлігіне айналды, өйткені Қазақстан өз тамырларына қайта оралып, гастрономиялық ерекшеліктерін жаңаша танытуда.Forbes Italia Қазақстанды баяу туризм мен шынайы әсерді сүйетіндер үшін трендті бағыт екенін жазды. Қазақстан мен Италия арасындағы тікелей әуе қатынасы туристік ағынды нығайтып, саналы әрі қалпына келтіретін туризмнің дамуына ықпал ететінін жазды.Сонымен қатар америкалық travel-журналистер Almaty Through American Eyes атты кітап шығарды. Онда еліміздің мәдени дәстүрлері мен табиғи сұлулығы туралы әсерлерін жазған. Бұл авторлық әңгімелер батыс аудиториясына Қазақстанды жергілікті әдет-ғұрыптар мен гастрономиялық ерекшелігі арқылы таныстыруға мүмкіндік берді.Жапон тілінде жарияланған Globe Trotter Central Asia 2025-26 кітабы да Қазақстанды туристік бағыт ретінде танытуда маңызды қадам болды. Басылымда еліміздің табиғи және мәдени ескерткіштері, сондай-ақ Шарын шатқалы мен Қайыңды көлі сияқты танымал орындар туралы толық мәліметтер берілген.Бұл басылымдар Қазақстанды мәдени мұрасы мол және алуан түрлі табиғи ресурстары бар ел ретінде атап өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылардың назарын аударатып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/942748
Қазақстан мен Мысыр: туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтады 24.02.2025
ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмед Шахинмен кездесті. Әңгіме барысында тараптар туризм және спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи және мәдени байланыстар ғасырлар бойы жалғасып келеді. Бүгінде туризм екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағытына айналған. Бірегей табиғи және тарихи көрікті жерлерге ие Мысыр отандық туристер үшін ең танымал бағыттардың бірі саналады.Сондай-ақ кездесу екі ел арасындағы туристік ағынды одан әрі дамыту мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда Қазақстан мен Мысыр арасындағы әуе рейстерінің саны аптасына 30 рейске дейін жеткен.Қазақстан өз кезегінде мысырлық туристерге демалу мен саяхаттау үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Қазақстанның әртүрлі ландшафттары – тау шыңдарынан бастап, шөлі мен көлдеріне дейін – экотуризм, этнотуризм, іскерлік туризм және басқа да бағыттардың белсенді дамуына мүмкіндік береді.«Екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында Мысыр тарапына биыл 23-25 сәуір күндері Алматыда өтетін KITF халықаралық туристік көрмесіне қатысуды ұсынамын. Сондай-ақ инвестициялық әлеует туралы ақпарат алмасу және туризм саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылауды ұсынамын», – деді министрдің орынбасары Е. Еркінбаев.Кездесуде спорт саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінді. Былтыр Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпелі ойындар аясында Мысыр спортшылары мас-рестлинг бәсекесіне қатысты. Этникалық мәдениетті, спортты және туризмді дамытуға бағытталған бұл ауқымды жоба әлемнің көшпелі халықтарын біріктіріп, жер-жаһанның түкпір-түкпірінен келген туристердің назарын аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/942762
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің Ақмола облысының тұрғындарымен кездесуі туралы хабарландыру 24.02.2025
2025 жылғы 28 ақпанда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев Ақмола облысының тұрғындарымен кездесу өткізеді.📍 Кездесудің өтетін орны мен уақыты қосымша хабарланады.📩 Сіз өз сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңызды министрмен кездесу барысында қоя аласыз немесе келесі байланыс арналары арқылы жібере аласыз:📱 WhatsApp: 8 (701) 100-44-66📧 Электрондық пошта: s.koblashov@ecogeo.gov.kz📌 Жеке қабылдауға жазылу 2025 жылғы 25 ақпанға (қоса алғанда) дейін жүргізіледі. Жазылу үшін 8 (701) 100-44-66 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз.Барша азаматтарды белсенді қатысуға және ҚР Экология және табиғи ресурстар министріне өз сұрақтарын қоюға шақырамыз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/942502
Облыс әкімі Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралады 24.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыс барысын тексерді.Алдымен «Қызылорда Арена» көпфункционалды кешенін салу белгіленген жерге барып, дайындық жұмыстарын көрді.Төрт қабатты ғимарат Бейбарыс сұлтан көшесіне орналасады деп жоспарлануда. Спорт нысанында әмбебап және шағын спорт залдары, бассейн, тренажер, сондай-ақ төрешілер, жаттықтырушыларға арналған киім ауыстыратын, тағы басқа қосалқы бөлмелер, душ, конференц-зал болады. Еркін және классикалық күрес, бокс, теннис, таэквандо, самбо мен дзю-доға арналған залдар қарастырылған."Қызылорда-Арена" оқу-жаттығуға, жарыстар өткізуге мамандандырылған кешен болады деп күтілуде.Аймақ басшысы құрылыс барысында сапаға баса мән беруді, бекітілген мерзімде бастап, уақытылы аяқтауды тапсырды.Одан кейін Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын қайта жаңғырту барысын көріп шықты.Өткен жылдан бері осы даңғылдың Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныш бөгеті нығайтылып, 6,7 шақырымы қайта жаңғыртылуда.Мердігер «УАД» ЖШС бұған дейін 1,2 шақырым кеңейтілетін аумаққа жол салып, асфальт төседі. Сырдария өзенінің жиегіндегі қорғаныс бөгеті тазаланып, 2,6 шақырымға жуық дамба нығайтылды, 1,4 шақырым тіреу қабырға, 820 метр жиек тұрғызылды.Даңғылдың жалғасы ретінде Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі қорғаныс бөгетін нығайту мен 2,9 шақырым автомобиль жолын салу жоспарланған.Облыс әкімі жолды сапалы салып, уақытылы аяқтауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/966697?lang=kk
Облыстық мәслихаттың ХХ сессиясы өтті 24.02.2025
Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың XХ сессиясы өтіп, күн тәртібінде 6 мәселе қаралды.Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталып, биылғы облыстық бюджетті алғашқы нақтылауға ұсыныс енгізді.«28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентімізге Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндадым. Мемлекет басшысы атқарылған істерге оң бағасын беріп, жұмысты күшейтуді тапсырды. Былтыр өздеріңізбен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде аймағымызда экономикалық өсім қамтамасыз етілді.Осы жылды да оң нәтижелермен бастадық. Қаңтар айындағы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,1 пайызға, құрылыс жұмыстары 67,2 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 18,9 пайызға, тартылған инвестициялар 9,8 пайызға, жалпы сауда 2,3 пайызға, байланыс қызметі 0,2 пайызға артты.Өздеріңізге белгілі, мұнай өндіру көлемі жыл сайын азаюда. Биылғы қаңтар айында 262,6 мың тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,1 пайызға төмендеді.Мұнай-газ саласындағы осы тенденцияны ескере келе, біз өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық саланы жан-жақты дамытуға басымдық бердік. Экономиканы әртараптандыруда өткен жылы өңірімізде құны 37 млрд. теңге болатын 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Биылға 288 млрд. 600 млн. теңгенің 33 жаңа жобасы межеленген, мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 2024 жылы 92 пайызға жетті. Биыл 329 шақырым жол жөнделіп, көрсеткішті 95 пайыздан асырамыз. Халықтың 98,6 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткіземіз. Газбен қамту көрсеткіші қазір 78 пайыз, жыл аяғына дейін 82 пайыз болмақ.2024 жылдың 9 желтоқсанында өздеріңізбен бірге 2025 жылға арналған облыстық бюджетті бекіттік. Бүгін алғашқы нақтылауға ұсынылуда.2024 жылдың қорытындысымен қалыптасқан бос қалдықтар, облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен оңтайландырылған қаражат жобаларды қаржыландыруға қайта бағытталуда. Ұсынылған жобалардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге негізделген. Қолдауларыңызды сұраймыз», – деді Н.Нәлібаев.Айта кету керек, соңғы жылдары облыс орталығын дамытуда, оның ішінде тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруда көркейту-көгалдандыру, абаттандыру, мәдени орталықтар мен демалыс объектілерін салу қарқынды жүргізілуде. Бүгінде қаланың, аудандардың архитектуралық-сәулеттік келбетін көркейтіп, тұрғындар мен қонақтар демалып, серуендеуге қолайлы жағдай жасау, туристік әлеуетін көтеру үшін саябақтар қайта жаңғыртылады деп жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/942828
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы тағайындалды 24.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Жиында Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Сыздықова Гүлмира Жамбылқызы таныстырылды. Осыған дейін департамент басшысы қызметін атқарып келген Жаңабергенова Динара Олжабайқызы ротация тәртібімен Батыс Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметіне ауысты.Облыс әкімі Гүлмира Сыздықованың жаңа қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндет жүктеді.«Жаңа басшыға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруды, жұқпалы аурулардың эпидахуалын тұрақты ұстауды, талаптардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, топтық уланудың алдын алу үшін өнімдер қауіпсіздігі мен ауыз су сапасын, білім беру, тәрбиелеу орындарындағы, әсіресе мектеп асханаларындағы гигиеналық, санитариялық талаптардың сақталуын бақылауды жүктеймін», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.Сыздықова Гүлмира Жамбылқызы 1969 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда медициналық училищесінде«Емдеу ісі», Қарағанды мемлекеттік медицина институтында «Медико- профилактикалық іс», «Тұран» университетінде «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.Еңбек жолын 1987 жылы Қызылорда теміржол санитариялық-эпидемиологиялық станциясының маманы ретінде бастаған. 1995-1998 жылдары Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер, 1999-2023 жылдары Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында түрлі лауазымды қызметтер атқарған. 2023 жылдан осы күнге дейін Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы қызметінде болған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/942830
Жалағаш ауданында 111 отбасы баспаналы болды 24.02.2025
Жалағаш ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған 111 пәтерлік 56 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстау рәсімі өтті. Оған жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс, инфрақұрылым салаларындағы жетістіктерге тоқталды.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін атап өтті.Жерлестеріміздің ауызбіршілігі, ынтымақ-бірлігінің арқасында өңіріміз өркендеу жолына түсті.Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды.Облыс бойынша 187 нысанның құрылысы салынуда. Бұл – өңірде қолға алынған жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта елдің игілігі мен балаларымыздың болашағы жолындағы жобалар жалғасын табады.Жалағаш ауданында да ауқымды істер атқарылуда. Соңғы 3 жылда Жалағаш ауданына 50 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды.Бүгін міне, 111 пәтерлік 56 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, жаңа қонысты иелеріне салтанатты түрде табыстаудамыз.Елдік мүддеге қызмет етіп, жаңа баспаналарды уақытылы әрі сапалы аяқтаған құрылыс мекемелеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Қоныстой құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.Іс-шарада ел бірлігін бекемдеуге үлес қосқан аға буын ардагерлер мен жаңа тұрғын үйлерді сапалы етіп салған құрылысшылар марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қоныстой иелерін құттықтап, батасын берді.Айта кетейік, өткен жылдың басында аудан бюджеті 10 млрд. 200 млн. теңгеге бекітіліп, жыл көлемінде 12 млрд. 200 млн. теңгеге ұлғайды. Аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылған. "Ақсу", Мөрәлі Шәменов елді мекендері газға қосылып, тұрғындар игілігін көруде.Ауданда 5 жоба жүзеге асырылып, 19,3 шақырымнан астам көше, жол тораптары жөндеуден өтті. Соңғы 3 жылда 5 елді мекеннің 66,3 шақырым электр желілері жаңартылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/942832
Аймақ басшысы Сырдария ауданындағы паллиативті медициналық көмек көрсету және оңалту бөлімшелерінің жұмысымен танысты 24.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапары кезінде паллиативті медициналық көмек көрсету және оңалту бөлімшелерінің жұмысымен танысты.Аталған бөлімше ғимараты өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. «Пульс» ЖШС күрделі жөндеу жүргізіп, материалдық базасы жетілдірілді, заманауи үлгідегі технологиялармен қамтылды. Арнайы медициналық құрал-жабдықтар алынып, білікті мамандар тартылды.Мұнда ауыр хәлдегі және ұзақ уақыт бойы оңалтуды қажет ететін науқастарға тәулік бойы ем-шара жүргізіледі. Ол үшін барлық мүмкіндік қарастырылған, науқастар мезгілімен ем қабылдап, дәрігер бақылауында болады.Қос бөлімшеде 5 дәрігер, 50-ге жуық орта және кіші буын қызметкер еңбек етеді. Сонымен қатар, логопед, психолог, массажист, емдік-дене шынықтыру мамандары жұмыс жасайды.Айта кету керек, жаңа ғимараттың бір бөлігінде облыстық жедел жәрдем станциясына қарайтын аудандық бөлімше орналасқан.Аймақ басшысы күрделі жөндеуден өткен медициналық нысан ел игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет ететініне сенім білдіріп, бөлімше жұмысына сәттілік тіледі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/942835
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қызылорда облысының халқымен кездесу өткізеді 24.02.2025
2025 жылғы 20 ақпанында орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулері аясында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қызылорда облысының тұрғындарымен, соның ішінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізеді.Күн тәртібінде – өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қатысты қабылданған шаралар.Кездесу сағат 11.30-де Достық үйінде өтеді (Қызылорда қ., Ы.Жахаев к-сі, 24А). БАҚ өкілдерін кездесуге қатысуға шақырамыз.Толық ақпарат үшін телефон: ++7 775 837 8519 – Асия Нурпейсова.Өңірдің АӨК-ін дамыту бойынша сұрақтар мен ұсыныстарды kuantaev.e@minagri.gov.kz. электронды поштасына жіберулеріңізді сұраймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/941676
«ҚазАгроҚаржы» АҚ Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын қолдауға бағытталған лизингтің үш жеңілдетілген бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауды бастайды 24.02.2025
20 ақпаннан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ компаниялар тобына кіреді) Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын қолдауға бағытталған лизингтің үш жеңілдетілген бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауды бастайды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 10,5 млрд теңге.Қаржыландыру былайша бөлінбек:«Өз жемшөбіміз» 3 млрд теңге;«Қазақстанда жасалған» 5 млрд теңге;«6%-бен жеңілдетілген лизинг» 2,5 млрд теңге .«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша аграрлықтар аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін а/ш техникасын, сондай-ақ отандық өндірілген және құрастырылған көлік құралдарын жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге сатып алады. Аванс мөлшері лизинг нысанасының 15%-нан басталады.«Өз жемшөбіміз» бағдарламасы қазақстандық және шетелдік өндірістің жемшөп дайындайтын техникасы мен мобилді суару жүйесін қаржыландыруға бағытталған. Мұндағы мөлшерлеме де жылдық 6%-ды құрайды, мерзімі – 10 жылға дейін, аванс – кемінде 15%.«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы фермерлерге отандық өндірілген/құрастырылған өздігінен жүретін а/ш техникасын жеңілдетілген шарттармен аванссыз 10 жылға дейінгі мерзімге 6% мөлшерлемемен сатып алуға мүмкіндік береді.«Лизингтің жеңілдетілген бағдарламалары біздің клиенттер арасында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан, бос ақша қаражаты пайда болған сәтте, біз оларды лизингтің осы үш бағдарламасына бағыттауды шештік. Олар - «Қазақстанда жасалған», «Өз жемшөбіміз» және «Жеңілдетілген лизинг». Оған қоса, қазір алдағы егіс маусымына дайындалатын уақыттың дер кезі», - деп атап өтті «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.Өтінімдер қабылдау 20 ақпанда сағат 15.00-де Telegram-боттағы https://t.me/kaz_agro_finance_bot сілтемесінде басталады. Өтінім берген соң клиент 5 жұмыс күні ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалына құжаттардың толық пакетін ұсынуы тиіс.Бағдарлама шарттары бойынша қосымша ақпарат, сондай-ақ филиалдардың байланыс ақпараттары www.kaf.kz сайтында көрсетілген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/942129