Enbekshi QazaQ

Жаңалықтар

БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ ҮШІН УАҚЫТҚА ҒЫЛЫМИ КӨЗҚАРАС 29.12.2024
Satbayev University-де «Бірыңғай уақыт белдеуі: ғылыми аспектілер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, онда медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, метрология және физиология саласындағы ғалымдар мен сарапшылар уақыт белдеуінің өзгеруінің Қазақстан тұрғындарының денсаулығына, өнімділігі мен әл-ауқатына әсерін талқылады. Қатысушылар биологиялық ырғақты үйлестіру, өмір сапасын жақсарту және елдегі экономикалық процестерді оңтайландыру үшін табиғи уақытқа оралудың маңыздылығын атап өтті.Модератор ретінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі, ол өзінің кіріспе сөзінде уақытты басқару – бұл ұлт экономикасы мен денсаулығына әсер ететін және тұрмыстық ыңғайлылық шеңберінен шығатын негізгі элемент екенін атап өтті.Уақыт белдеуін өзгерту мәселесіне қатысты көзқарастар әртүрлі, ал біздің міндетіміз – осы мәселені ғылыми деректер мен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, объективті түрде қарастыру. Мұндай жағдайда күнделікті өмір салтын дұрыс құра алған елдер жетістікке жетті, - деді министр.Уақыт мәселесі Қазақстандағы әрбір адамға әсер етеді, өйткені бұл тек тұрмысқа ғана емес, сонымен қатар денсаулыққа, жұмыс өнімділігіне және тұрғындарының әл-ауқатына да қатысты. Алайда бұл мәселенің негізі елді бірыңғай логистикалық және әкімшілік жүйеге біріктіруден де тереңде жатыр.Сонау 1930 жылдан бастап Қазақстан Кеңес Одағының құрамдас бөлігі ретінде сол кездегі бір сағатқа алға жылжыған «декреттік уақыт» бойынша өмір сүріп келеді, оған жыл сайынғы «жазғы уақытқа» ауысу үрдісі тағы қосылды. Соның салдарынан тұрғындар «десинхроноз» жағдайына ұшырады – яғни адамның тіршілік ету режимі мен табиғи күн циклі арасындағы үйлесімдік жойылды. Ал қазіргі уақыт белдеуін өзгертуге бағытталған реформа осы теңсіздікті түзетуге бағытталған.Қолданбалы биофизика, хронобиология, экологиялық биофизика және физиология саласының маманы, ғалым Сұлтан Төлеуханов өз сөзінде күн циклі адам физиологиясының негізі екенін атап өтті:Мен циклдік процестермен 50 жыл бұрын медицина тұрғысынан айналыса бастадым. Біз адамның тәуліктік ырғағы генетикалық бағдарламаланғанын және бұл процестің орталық механизмі мелатониннің тәуліктік ырғағы екенін түсіндік, - деді Сұлтан Төлеуханов.Табиғи уақытқа көшу үрдісі биологиялық циклдерді қалпына келтіруге, ұйқының сапасын жақсартуға және созылмалы шаршау синдромымен күресуге мүмкіндік береді.Әлемдік жетекші ғалымдардың пікірінше, табиғи уақытқа көшу халықтың денсаулығын жақсартып, әлеуметтік шығындарды азайтады және елдің тұрақты дамуына ықпал етеді. Хронобиология саласы бойынша 2017 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары Джеффри Холл, Майкл Розбаш және Майкл Янг адамның циркадиялық ырғақтары ұйқыны, гормондық фонды, ағзадағы зат алмасуды және басқа да маңызды процестерді реттеуде шешуші рөл атқаратынын дәлелдеп берді.Қазақстандық ғалымдар бұл пікірмен келіседі. ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» басқарма төрағасы Диляра Қайдарова халықтың денсаулығы үшін табиғи күн уақытымен сәйкес келетін уақытты пайдаланған дұрыс екенін атап өтті:Қазақстан UTC+5 табиғи уақыт белдеуінде тұрады. Табиғи уақыт белдеуі ағзаға жарық пен қараңғылықтың табиғи күнделікті циклдарымен үйлестіру мүмкіндік береді. Бұл жасушаларды зақымданудан қорғайтын және ісікке қарсы әсері бар мелатониннің тұрақты секрециясына ықпал етеді. Осылайша, циркадиялық ырғақтарды табиғи уақытпен синхрондау онкологиялық аурулардың даму қаупін азайтады, - деді ол өз сөзінде.Табиғи уақытты енгізудің экономикалық шығындары тым асыра айтылған, өйткені қазіргі заманғы жарықтандыру технологиялары энергия шығындарын айтарлықтай төмендетеді. Бұл реформа елдегі әкімшілік және экономикалық процестерді оңтайландыруға ықпал етеді, өйткені бірыңғай уақыт Қазақстанның өз ішінде де және халықаралық серіктестермен де бизнес жүргізуді, сондай-ақ көлік кестелерін жоспарлауды жеңілдетеді. Жалпы мемлекет бұл реформа экономикаға оң әсер береді деп күтуде.Табиғи уақытты қолдайтын халықаралық альянс (IANT) бұл тұжырымдарды растайды, ал оның мүддесі – тұрақты даму мақсатында қоғамға табиғи уақытқа көшуге көмектесу.Кездесуде басқа сарапшылар да сөз сөйледі, олар UTC+5 уақытына ауысудың артықшылықтарын әр қырынан көрсетті. Satbayev University Стандарттау, сертификаттау және метрология кафедрасының меңгерушісі Дархан Ережеп жаһандық ауқымдағы уақытты стандарттау тарихы туралы айтып, әртүрлі елдерде жүргізіліп жатқан өлшеу нәтижелерін мойындамай әлемдік сауданы дамыту мүмкін еместігін атап өтті.«Генетика және физиология институтының» жетекші ғылыми қызметкері Асқар Калекешов адамдардағы циркадиялық цикл физиологиясы туралы зерттеулерден алынған фактілермен бөлісті. Ол дұрыс ұйқы режимін сақтамау дененің ойлау процестері мен есте сақтаудан бастап сыртқы түріне, дене салмағына және жалпы денсаулығына дейін барлық жүйелерінің жұмысын бұзатынын атап өтті. Ал балалар үшін ұйқы факторы одан да маңызды.Табиғи циклдарға көшудің дәлелденген оң әсеріне қарамастан, үкімет мұндай ауқымды өзгерістің қиындығын ескере отырып, бірыңғай уақыт белдеуін енгізу үрдісін жүйелі түрде бақылап отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Өнеркәсіп және көлік министрлігі, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы дөңгелек үстелді ұйымдастырып, оған қолдау көрсетті.Дөңгелек үстелге қатысушылар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарды әзірлеу үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту және ғылыми зерттеулерді кеңейту қажеттілігін атап өтті. Барлық тараптар уақытты реттеу саласында теңгерімді және ғылыми негізделген шешімдерді жүзеге асыру үшін ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.Дөңгелек үстел соңында қатысушылар қарар қабылдады. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында хронобиологтар қауымдастығын құру мәселесі қарастырылуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/911197
Әділет вице-министрі азаматтарды қабылдады 29.12.2024
Азаматтарды қабылдау орталығында Әділет вице-министрі Даниель Ваисов қабылдауға жазылған тұрғындардың сауалдары мен арыз-шағымдарын тыңдады.Қабылдау барысында Астана, Алматы қалаларынан және ШҚО, Қостанай облысының тұрғындары атқарушылық өндіріске, кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптамасы мен жеке сот орындаушыларға қатысты шағымдарын жеткізді.Даниель Ваисов азаматтардың өтініштерін тыңдағаннан кейін қойылған сұрақтар бойынша түсініктеме беріп, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына осы өтініштер бойынша тиісті тапсырмалар берді.Қосымша қарауды қажет ететін мәселелер жеке бақылауға алынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/909910
Заң консультанттарының қызметін реттеу бойынша қоғамдық талқылаулар 29.12.2024
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) қазіргі уақытта Кәсіпкерлік кодекстің 83-бабына сәйкес заң консультанттарының қызметін реттеу саласында реттеушілік әсерге талдау (бұдан әрі – РӘТ) жүргізуде.Заң консультанттары қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында Министрлік 2024 жылғы 10 қаңтарда сағат 15:00-де Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 13 кіреберіс, 1039 кабинет мекенжайы бойынша Министрліктер Үйі ғимаратында қоғамдық талқылау өткізуді жоспарлауда.Талқылаулар әкімшілік кедергілерді анықтауға және шешімдерді тауып, заң көмегін көрсету сапасын жақсартуға ықпал етуге бағытталады.Қоғамдық талқылауға заң қауымдастығының өкілдері, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктер мен қолданыстағы заңнамаға ұсыныстары мен ескертулері бар азаматтар қатыса алады.Талқылаулар пікірлер мен ұстанымдарды білдіруге мүмкіндік беріп, келісілген ұсыныстардың туындауына ықпал етеді.Талқылау нәтижелері бойынша құқықтық көмек көрсету бойынша заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу жоспарлануда.Министрлік құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша теңдестірілген ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретін кез келген конструктивті мәлімдемелерді құптайды.Іс-шара туралы қосымша ақпарат алу және тіркелу үшін8 (7172) 74 07 88 нөміріне хабарласу қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/909913
Рудный қаласында кезекте тұрғандар жаңа пәтерлердің кілтін алды 29.12.2024
Бүгін, 26 желтоқсанда, Рудный қаласында Сеченов көшесі, 1 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйдің жаңа қоныстанушыларына кілттер табыстау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Рудный қаласының әкімі, «Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы, «Рудныйсоколовстрой» АҚ бас директоры, БАҚ өкілдері, тұрғындар мен қонақтар қатысты.Жаңа пәтердің көптен күткен кілттерін кезекте тұрған отбасы алды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, толық емес отбасылар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Барлығы «Отбасы банк» АҚ жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын пайдаланып, сатып алу-сату шарттарын рәсімдеді.Жаңа тұрғын үйді «Рудныйсоколовстрой» АҚ салды. Үйдің жалпы ауданы – 3456,14 шаршы метр, барлығы 45 пәтер бар. Олардың ішінде бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлер ұсынылған.Өз сөзінде Құмар Ақсақалов азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету өңірдің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті:“Біз мүмкіндігінше көп отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуы үшін бар күшімізді саламыз. Бүгін кезекте тұрғандар тек өз баспаналарына ғана емес, болашаққа деген сенімдеріне де ие болды. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табады.”Салтанатты рәсім пәтер кілттерін табыстаумен және жаңа қоныстанушыларды құттықтаумен аяқталды. Бүгінгі күн олар үшін өмірдің жаңа парағын ашқан айтулы күн болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/910079
2024 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы басты көрсеткіш: 1,7 миллиард теңгеден астам қаражат тұтынушыларға қайтарылды 29.12.2024
2024 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен аумақтық департаменттер тұтынушылардың құқықтарын 1,7 миллиард теңгеден астам сомаға қорғады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 161,2%-ға көп.Жалпы, жыл ішінде 60 мыңнан астам өтініш келіп түсті, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 120,4%-ға артық. Негізгі шағымдар бөлшек сауда, электрондық коммерция және тұрмыстық қызмет көрсету салаларына қатысты болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/911045
Жыл көрсеткіші – Сауда саласында 4182 өнімсіз делдал анықталды 29.12.2024
Жыл басынан азық-түлік тауарларының барлық тізбегіне баға белгілеу бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның 1411 отырысы өтті. Өңірлік комиссиялар 4182 өнімсіз делдал және сауда үстемесін асыру фактілерін анықтады.Өңірлік комиссия отырыстарының нәтижесінде сауда субъектілеріне 3717 әкімшілік хаттама толтырылып, 465 өнімсіз делдал баға тізбегінен алынып тасталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/911050
СҚО әкімі ерекше балаларды жаңа жылмен құттықтады 29.12.2024
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбеттов Петропавлдағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, тәрбиеленушілерді Жаңа жылмен құттықтап, барлық армандарының орындалуын тіледі."Бұл орын ерекше қолдауды және қамқорлықты қажет ететін балалар үшін нағыз үйге айналған. Мұнда балалардың жайлы болуына барлық жағдай жасалған, жылы әрі достық орта қалыптасқан. Балалар мұнда шығармашылықпен айналысады, туындылары қойылған көрмене де тамашаладым. Біз инклюзивті орта құру жұмысын жалғастыру арқылы әр баланың әлеуетін ашуға және әлемнің бір бөлшегі ретінде сезінуге бар жағдайды жасаймыз", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/911123
Солтүстікқазақстандық көп балалы отбасылар сыйлық пен құттықтаулар алуда 29.12.2024
Жаңа жылда барлығы ғажайыптарды күтеді, әсіресе балалар. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығының көпбалалы отбасыларын келе жатқан мерекемен құттықтады. Димаш және Газима Жакуповтар жеті баланы тәрбиелеп отыр, ал Светлана Кулага сегіз баланың анасы. Өңір басшысы перинаталдық орталықта батыр аналар Әсемгүл Сагитова мен Манат Маханбеталиеваны қуанышты сәт — сәбидің дүниеге келуімен құттықтады. Екеуі де алты баланың анасы атанды. Орталықтағы басқа да аналар құттықтауға ие болды. Оларға мықты денсаулық, бақыт пен береке тіледі. Біздің өңір ана мен жаңа туған сәбидің денсаулығын белсенді түрде қолдайды, сапалы медициналық көмек және қамқорлық көрсетіледі. Орталықта барлық жағдай жасалған, 53 тәжірибелі дәрігерден тұратын персонал жұмыс істейді. Сондай-ақ, 10 акушер-гинеколог бюджет есебінен резидентурада оқып жатыр, бұл өңірдің медициналық кадрлық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. Биыл өңірде 4,2 мың бала дүниеге келді. Сондай-ақ, бала сүюді армандаған отбасыларға қолдау көрсетеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Аңсаған Сәби» бағдарламасы аясында қазіргі заманғы әдістер - ЭКО қолданылады. Осы жобаның арқасында тек биыл 102 бала солтүстікқазақстандық отбасыларға бақыт сыйлады.Облыста 7,4 мың көпбалалы отбасы бар. Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жеңілдіктер, автобуста тегін жүру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жеңілдетілген ипотека ұсынылады. Бұл шаралар көпбалалы отбасылардың өмір сапасын жақсартуға және балаларды тәрбиелеу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/911131
Жамбыл облысы әкімінің шыршасы өтті 29.12.2024
Таразда «Ғажайып оқиғаларға толы Жаңа жыл!» тақырыбында Жамбыл облысы әкімінің балаларға арналған дәстүрлі шырша мерекесі өтті.Балалардың қуанышына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ортақтасып, оларға 80 мың теңгенің сертификаты мен тәтті сыйлықтар тарту етті.Шырша мерекесінде балақайлар ертегі кейіпкерлерінің ерекше қойылымын тамашалады. Түрлі әндер шырқалып, театрландырылған қойылым көрсетілді. Балалардың жүздері бал-бұл жайнап, шаттана би билеп, ән салды.Аталған шараға жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың шыққан 100 бала қатысты.Айта кетейік, Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің атынан өтетін жаңа жылдық шырша қатысушыларына арналған экскурсия ұйымдастырылды.Балалар алдымен «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кешенін аралады, әрмен қарай облыстық драма театрға барды. Театрда балаларға арналған жаңа жылдық қойылым көрсетілді. Қойылымнан ерекше шабыт алған олар қайта жолға шығып, спорт кешеніне аялдады. «Тараз-Арена» және «Теннис» спорт кешендеріндегі жаттығу залдарын, бокс алаңын және бассейнді аралап, мекеме жұмысымен танысты. Осылайша бүлдіршіндердің қызықты өткен күні «Танысу кешімен» жалғасын тапқан болатын. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/909616
Ербол Қарашөкеев ардагерлермен кездесті 29.12.2024
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ардагерлердің басын қосып, емен-жарқын дидарласты.Ербол Қарашөкеев 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды. Ол халықтың әл-ауқатын көтеру - негізгі стратегиялық мақсат екенін айта келе, келер жылы облысқа инвестиция тарту, ШОБ-ты қолдау, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру және өзге де салалар бойынша мақсат-міндеттерді атап өтті.- Қастерлі Отанымыз бен өңіріміздің алға өрлеуіне елеулі үлес қосып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырсыздар. Сіздерге құрмет көрсету – біздің азаматтық парызымыз деп білемін.Бүгінде аға буын өкілдері жастарға жол көрсетіп, олардың бойына ұлттық болмыс пен құндылықты сіңіріп, үнемі ақыл-кеңес беруден жалыққан емес, – деген облыс әкімі ардагерлердің дендеріне саулық, шаңырақтарына шаттық, бақ-береке тіледі.Бұдан соң аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және қоғамдық жұмыстағы белсенділігі үшін Бастауыш ардагерлер ұйымының бірқатар мүшесі Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында Опабек Досаев, Полина Ким, Жексен Арынов, Күләш Назарбекова сынды азаматтар бар.Басқосуда бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелері сөз сөйлеп, ел мен жердің амандығын тіледі.Кездесуді қорытындылаған Ербол Қарашөкеев ардагерлермен байланысты үзбейтінін, олардың құнды ұсыныс-пікірлерін үнемі назарында ұстайтынын айтып, естелікке фотоға түсті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/909619
Жамбыл ауданындағы Ерназар ауылы сапалы ауызсуға қосылды 29.12.2024
Жаңа жыл қарсаңында Жамбыл ауданы Ерназар ауылында ауызсу жүйесі ел игілігіне пайдалануға берілді.Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы тұрғындарды қуанышымен құттықтады.Елді мекендегі ауызсу құбырының тозығы жеткен. Бірде су сорғыш насосы істен шықса, енді бірде құбырдан ақау табылған. Бүгінде 25 шақырымға жуық ауызсу құбыры жаңартылып, ауызсу мұнарасы салынды. Енді Ерназар ауылының 1643 тұрғыны жаңа жылды сапалы ауызсумен қарсы алады.Жалпы биыл Бектөбе, Қызылшарық, Өрнек, Жаңаөткел ауылдарында осы бағыттағы жұмыс атқарылуда. Нәтижесінде 2025 жылы аудан халқы 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылады деп күтілуде.Тұрғындарының атынан Төрехан Қырқымбаев сөз алып, ризашылығын жеткізді.- Ескірген су жүйелері берекемізді алды. Жаңа жыл қарсаңында сапалы ауыз суға қол жеткізіп, қуанышымыз еселеніп отыр, – деді ауыл қариясы.Ерназар ауылындағы ауызсу құрылысын "Байсын-А" ЖШС-сы жүргізіп, 8 айда аяқтады.Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл 25 елді мекенге тіршілік нәрі тартылды. Оның ішінде 10 елді мекенге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 15 ауылға кешенді блок-модуль орнатылды. Нәтижесінде өңір халқын ауыз сумен қамту деңгейі 97,1 пайызға (2023 ж. - 94,9%) ұлғайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/910063
Жамбыл облысында 2025 жыл «Кітап оқу жылы» деп жарияланды 29.12.2024
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Қабырғалы қаламгерлермен өңірді дамытудың мүмкіндіктерін талқылап, ұсыныс-тілектерін тыңдады.Өңір басшысы өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуы мен 2025 жылға арналған жоспарларды кеңінен тарқатып айтып берді. Көркем сөз шеберлерін Қазақстан Жазушылар Одағының 90 жылдығымен құттықтады.Жергілікті қауырсын қалам иелерін қолдау мақсатында 24 ақын-жазушының кітабы жарық көрді.- Мемлекет басшысы «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» деп атап өткендей, қай кезеңде болмасын әдебиет ұлтты тәрбилеуші басты құрал болып қала береді. Біздің басты міндетіміз – жастарды ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізге сай тәрбиелеу. Әсіресе, қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалудың маңызы зор деп білемін. Бұл аса жауапты мәселеде Сіздердің салмақты ойларыңыз бен әрбір шығармаларыңыз өскелең ұрпаққа рухани азық, – деді облыс әкімі.Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысында «Тараз - кітап оқитын қала» жобасы аясында 2025 жыл «Кітап оқу жылы»болып жарияланғанын хабарлады.Келер жылы тарихи жер-су атауларына байланысты «Әулие Ата аңыздары» атты жинақ жарыққа шығады.2025 жылы Таразда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ТМД елдерінің «Достастық жәрмеңкесі» өтеді.Сонымен бірге келер жылы белгілі тұлғалар мен жазушылардың мерейтойларын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспары талқыланды.Кездесу барысында жазушы Пернебай Дүйсенбин, жазушы, драматург Елен Әлімжан, ақын Шырын Мамасерікова, ардагер журналист Бекет Момынқұл, жазушы Сабырғали Рысбай, қос ақын Үміт Битенова мен Ғайни Әлімбекқызы сөз сөйледі.Оқушыларға тарихи экскурсиялар ұйымдастыру, тарихи және сәулеттік мұра – Әулиата кезеңіне тиесілі ғимараттарды сақтау, аты аңызға айналған алып тұлға, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойы аясында іс-шаралар өткізу, жергілікті ақындар мен жазушылардың шығармашылығын дәріптеу туралы ұсыныстар айтылды.Облыс әкімі барлық ұсыныс-тілек ескерілетінін атап өтіп, алдағы уақытта әдебиет пен мәдениетті дамытудың өзекті мәселелері дәстүрлі кездесулерде талқыланатынын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/910266
Жамбыл облысында металлургиялық кәсіпорын іске қосылады 29.12.2024
«ҚазПроТемір» компаниясы «Тараз» индустриялық аймағының аумағында қара металды балқыту, шаршы дайындамаларды шығару, жұқа мырышталған және полимерлі жабыны бар болатты өндіру бойынша зауыт салуда.Өндіріс ошағы жылына 500 мың тонна болат дайындамаларын шығаруға қуатты. Жобаның құны 55,4 млрд. теңгені құрайды.Қазіргі уақытта зауыт аймағы толығымен бетон қоршаумен қоршалған. Ішінара жолдар салынуда. Ұңғымалар орнатылып, іргетас шұңқыры қазылды. 2025 жылдың мамыр айында іске қосылатын жобаның бірінші кезеңін салу үшін жер жұмыстары аяқталды.Металлургиялық зауытта тек отандық шикізат пайдаланылмақ.Құрылыс жұмыстарына 50 адам жұмылдырылған.Кәсіпорын Қытайдан келетін құрал-жабдықтардың алдын ала төлемін жасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/910401
Жамбыл өңірінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр 29.12.2024
800 мыңнан астам облыс тұрғындары қатысқан экологиялық акция дәстүрлі түрде жалғасын табуда.Облыс орталығы Тараз қаласында экологиялық акция шеңберінде «Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты жастар арасында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде ұйымдастырылған шара барысында жастарға экологиялық акцияның мақсаты түсіндіріліп, қоршаған орта тазалығының маңыздылығы насихатталды.«Еліміздегі аса өзекті проблемалардың қатарына қоршаған ортаны қорғау мен экологиядағы өзекті мәселелер жатады. Таза қаланың тынысы кең. 2024 жылы басталып, үрдіске айналған сенбілік қаламыздың көркейуіне көп үлесін қосты. Осы орайда біздің жастар адамдардың қоршаған ортадағы, ағаш егу мен қоқысты сұрыптауға үйретуді, экологиялық еріктілер қозғалысымен өзара әрекеттесуді мақсат етті. Өзін және отбасын сыйлайтын адам тазалық жұмыстарын жылдың барлық мезгілінде жүргізеді. Осы жағдайға қатысты бүгінгі таңда елімізде түрлі ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Қаланың әр тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың қала тазалығына қосқан үлесі» - деді сенбілікке қатысушы Д. Байпақ.Акция аясында аталған бағыттағы шаралар облыстың барлық аудандарында өткізілді.Жамбыл ауданында жастармен алдын алу профилактикалық шарасы ұйымдастырылса, Жуалы ауданында «Таза Қазақстан – таза әлем» атты, Қордай және Талас аудандарында «Таза Қазақстан» тақырыбында жастармен кездесу өтті.Мойынқұм ауданының жастарымен «Таза Қазақстан» челленджі бастау алса, Т. Рысқұлов және Шу ауданының белсенді жастары студенттермен кездесу ұйымдастырды.Бүгінгі күнге акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 137,5 мың аулалар мен 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 30 146 тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды.Бұл жұмыстарға жалпы 1104 бірлік техника қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/910646
Таразда балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдау орталығы ашылды 29.12.2024
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 300 орындық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдау орталығының жұмысымен танысты.Әлеуметтік нысан Тараз қаласы Құмшағал тұрғын алқабында орналасқан.Орталық ғимараты 1975 жылы пайдалануға берілген, 2 қабатты. Биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, балалардың игілігіне тапсырылып отыр. Құрылыс жұмыстары 6 айда аяқталды.Мұнда оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, домбыра, бейнелеу өнері, қолөнер, вокал, би, робототехника, театр, шахмат, таэквандо сынды үйірмелер бар.- Бұл ғимаратта балаларымыз білім алды. 2016 жылы жаңа мектеп қолданысқа беріліп, ұл-қыздарымыз сонда ауысты. Әкімдік бос тұрған ғимаратты ұтымды пайдаланып, замануи орталық ашып отыр. Енді балаларымыз телефонға телмірмей, бос уақытын тиімді өткізетініне сенімдіміз! – дейді Тараз қаласының тұрғыны Хансұлу Исабаева.Ербол Қарашөкеев ғимарат ішін толық аралап, бүлдіршіндердің өнері мен олардың дайындаған қолөнер бұйымдарын тамашалады. Ол тұрғын алқаптағы барлық балаға орталықтың қолжетімді болуын ескертіп, алдағы уақытта сұранысқа сай үйірмелердің санын арттыруды тапсырды.Айта кетейік, Жамбыл облысында 78 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/910768
Мектеп инфрақұрылымын жаңартудың оқу процесіне оң әсері 29.12.2024
Жыл қорытындысы бойынша елімізде 200 мыңнан астам оқушы орны құрылды. Оның ішінде білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 23 нысан бар. Республикалық және жергілікті бюджет қаражаты, сондай-ақ инвестициялар тарту есебінен – 126 мектеп. Бұрын-соңды болмаған мектеп салу шаралары үш ауысыммен байланысты проблемаларды айтарлықтай қысқартты. Бүгінде елімізде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда жұмыс істейді. Сонымен қатар 254 орта оқу орны күрделі жөндеуден өтті, 967 мектеп үшін 1621 заманауи пәндік кабинет (робототехника, химия, биология, физика, STEM) сатып алынды. 1 мың ауылдық мектеп жаңғыртылды. 10 мыңнан астам білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелерімен техникалық жарақтандырылуы арттырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беруді цифрландыру процесін жеделдету бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша интернет жылдамдығы мектептердің 19%-дан 90%-ға дейін ұлғайды. Қазақстандық мектептерде сапалы интернет көрсеткіші 3 есеге артты. Бұл ретте мектеп оқулықтарының 100%-ы цифрлық форматқа ауыстырылды және 11 платформада қолжетімді. Астана, Маңғыстау, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының 215 мектебінде тиісті санаттағы балаларды тегін тамақтандыруға арналған «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы іске асырылуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/910797
Елімізде балабақшаларды қаржыландыру жүйесі қайта қаралды 29.12.2024
Елімізде мектепке дейінгі білім беруді қолжетімді ету және оның сапасын арттыру мақсатында балабақшаларды қаржыландыру жүйесі қайта қаралды. Жаңа өзгеріс бойынша ата-аналар баласына балабақшаны өзі таңдай алады және баланың білім алуына қажетті қаржы мемлекеттен тікелей мектепке дейінгі ұйымға емес, баланың артынан таңдалған мекемеге берілетін болады. Мұндай механизм жекедегі және мемлекеттік балабақшалар арасында бәсекелестік қалыптастыруға бағытталған. Өйткені олардың басшылығы мүмкіндігінше көбірек бала тарту үшін білім беру сапасын арттыруға және білікті тәрбиешілерді жұмысқа алуға мәжбүр болады. Қазіргі уақытта бұл механизм Қазақстанның төрт қаласында – Таразда, Шымкентте, Түркістанда және Оралда пилоттық режимде енгізілген. Алдағы уақытта оны бүкіл ел бойынша масштабтау жоспарлануда. Мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналары үшін 4,2 мыңнан астам консультациялық пункт жұмыс істейді. Бұл тармақ балаларды тәрбиелеу мен дамытуға маңызды көмек көрсетеді, оларды оқыту мен мектепке дайындаудың тең бастапқы жағдайларын қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылы 328 мыңнан астам ата-ана мен балаға әдістемелік және педагогикалық қолдау көрсетілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/910799
Ғани Бейсембаев азаматтарды жеке қабылдау өткізді 29.12.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі азаматтардың жеке қабылдауын өткізді. Қабылдау барысында өңірлердің тұрғындары бейнеконференцбайланыс режимінде өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.Өтініштер мектепке дейінгі және орта білімнен бастап техникалық, кәсіптік және инклюзивті білім беруге дейінгі білім беру жүйесін дамытуға байланысты тақырыптарды қамтыды.Қабылдау барысында министр келіп түскен барлық сұрақтарға толық жауап берді. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер жеке бақылауына алынды. Айтылған мәселелерді жедел шешу үшін Министрліктің салалық комитеттері мен құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.Айта кетейік, министр азаматтарды жеке қабылдауды өңірлерде, сондай-ақ Мәңгілік Ел даңғылы 8, Министрліктер үйінің 16 кіреберісінде орналасқан азаматтарды қабылдаудың мамандандырылған орталығында да жүргізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/960653?lang=kk
Соңғы 10 жылда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 55%-ға қысқарды 29.12.2024
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ВАК отырысында 2013 жылдан бастап Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 55%-ға азайғанын атап өтті. Алайда, осыған қарамастан, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстармен байланысты мәселелер әлі де сақталып отыр. Статистикаға ұрып-соғуды қылмыстық жауапкершілікке тарту және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әсер етті. Министр жасөспірімдер арасындағы қылмыстың негізгі себептерінің бірі балалардың ата-аналарының бақылауынсыз болуы, сондай-ақ интернет-ресурстардың теріс әсері екенін атап өтті.Соңғы 5 жылда балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 3 есеге – 2024 жылдың 11 айында 18,5 мың жағдайға дейін өсті. Сондай-ақ балалардың түнде ересектерсіз сыртта өз бетінше жүру фактілері 2019 жылғы 59,5 мыңнан 2024 жылы 107,5 мыңға дейін, 2 есеге артты. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мектептерде қорқыту мен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағдарламаларын белсенді түрде енгізуде, сондай-ақ өңірлерде орталықтар ашу арқылы балаларға психологиялық қолдауды күшейтуде.«Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нормалар заң жүзінде күшейтілді, баланы қорлау (қорқыту) фактілері үшін, олардың ата-аналарының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілік енгізілді, девиантты мінез-құлқы бар балалар басым тәртіппен қосымша біліммен қамтылады. 19 желтоқсанда Парламент білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңды мақұлдады, онда қамқоршылық органдарының штат санының нормативі алғаш рет заңнамалық түрде бекітілді. Бұл новелла әр баланың құқығын қорғауға мүмкіндік береді», — деп нақталады министр.https://primeminister.kz/Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/910485
Қазақстандық оқушылар мен мұғалімдер әлемдік жетістіктермен танылып, марапаттар иеленді 29.12.2024
Биылғы жылдың ең үлкен жетістіктерінің бірі - халықаралық олимпиаданың әрбір екінші қатысушысы елімізден жүлделі орындармен оралды. IChO химия бойынша ең беделді халықаралық олимпиадада және «First Global Challenge» робототехника бойынша әлем чемпионатында қазақстандық оқушылар 190 елдің өкілдерін басып озып, екі Олимпиадада үш дүркін әлем чемпионы атанды. Еліміздің құрама қоржыны барлығы 563 медальмен толықтырылды, оның ішінде 77 алтын, 201 күміс және 285 қола. Үздік 7 беделді олимпиадада жүлделі орындарға ие болған 26 қазақстандық оқушы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.Екі жыл қатарынан ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада өткізіледі. Оның қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған ауыл оқушыларының саны 10 есеге артты, бұл мыңдаған балаларға жаңа мүмкіндіктер ашты.Ел тарихында тұңғыш рет бірден екі педагог «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие болып, ерекше құрмет белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені табысталды. Бұл еліміздің педагогтарының еңбегіне Президент көрсеткен жоғары баға, құрмет пен сенім. Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолынан 27 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болды. Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша тағы 64 педагог «Үздік педагог» мәртебесіне ие болды. Барлық 93 педагогқа 3,9 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік сыйлық тағайындалды. https://primeminister.kz/ Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/910497