Жаңалықтар
Қазақстан Женевада Халықаралық электр байланысы одағы Кеңесінің отырысына қатысуда 09.05.2026
Женева, 2026 жылғы 30 сәуір – Женева қаласында Халықаралық электр байланысы одағы (ХЭО) Кеңесінің жыл сайынғы отырысы өтуде. Кеңес – 48 мүше мемлекеттен тұратын ұйымның негізгі басқарушы органы.Отырыс барысында ХЭО қызметінің стратегиялық және қаржылық мәселелері, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту, киберқауіпсіздікті нығайту, цифрлық алшақтықты қысқарту, сондай-ақ 2026 жылғы ХЭО Өкілетті конференциясына дайындық мәселелері қарастырылуда.Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев басқаруымен Қазақстан Республикасының делегациясы және Женевадағы ДСҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев қатысуда.Қазіргі уақытта Қазақстан Кеңес жұмысына бақылаушы мәртебесінде қатысуда және 2027–2030 жылдар кезеңіне ХЭО Кеңесінің құрамына сайлану үшін өз кандидатурасын ұсынды.Өз сөзінде Д. Мұсалиев Қазақстанның ХЭО трансформациясына, жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бейілділігін атап өтті, сондай-ақ ұйым қызметіне мемлекеттердің неғұрлым инклюзивті және теңгерімді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Ол ХЭО-ның өңірлік қатысуының цифрлық алшақтықты қысқартудағы рөлін ерекше атап өтіп, Қазақстанның Одақ қызметіне және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға белсенді түрде үлес қосуға дайын екенін растады.Кеңес аясында Қазақстан делегациясы бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, олардың барысында ынтымақтастық перспективалары мен ХЭО органдарына алдағы сайлау шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1216991?lang=kk
Қазақстан мен Сербия тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда 09.05.2026
Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мади Атамқұлов Халықаралық қатынастар және тұрақты даму орталығының (CIRSD) президенті Вук Еремичпен кездесті.Кездесу барысында Қазақстан дипломаты серб сарапшысына ағымдағы жылдың 29 мамырында Астанада өтетін «Еуразиядағы тұрақты даму» халықаралық конференциясына қатысуға шақыруды табыстады.В.Еремич Қазақстан мен Сербия арасындағы әріптестіктің қарқынды дамуын жоғары бағалап, сондай-ақ, Қазақстан мен жалпы Орталық Азия өңірінің көпполярлы әлемдегі маңызды тірек ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. Осы тұрғыда ол мемлекет басшысы ретінде көрнекті дипломаттың болуы Қазақстанның айрықша артықшылығы екенін айтты.Тараптар екі елдің тұрақты даму саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылап, Елшілік пен Халықаралық қатынастар және тұрақты даму орталығы арасындағы әріптестікті тереңдету бойынша нақты жоспарларды белгіледі. Сондай-ақ, Қазақстан тарапының Орталық ұйымдастыратын халықаралық конференцияларға қатысу мәселесі қарастырылды.Вук Еремич – серб дипломаты, Сербияның бұрынғы Сыртқы істер министрі (2007–2012 жж.), БҰҰ Бас Ассамблеясының бұрынғы төрағасы (2012–2013 жж.).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-belgrad/press/news/details/1216995?lang=kk
Қазақстан ДСҰ-ның Сауда саясатын шолу жөніндегі органындағы төрағалығын аяқтады 09.05.2026
Женева, 2026 жылғы 4 және 6 мамыр – Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Сауда саясатын шолу жөніндегі орган Төрағасы Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Белиздің төртінші Сауда саясатына шолуы өтті.Белиз делегациясын Женевадағы БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкіл доктор Гарольд Янг басқарды. Отырыстар барысында ел әлеуметтік-экономикалық даму, макроэкономикалық тұрақтылық, COVID-19 пандемиясынан кейінгі қалпына келу, сондай-ақ сауда және инвестициялық саясат саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпарат ұсынды.Отырыстар барысында 2019-2030 жылдарға арналған Ұлттық сауда саясатын іске асыруға, «көк экономиканы» дамытуға, кеден реттеуін реформалауға, цифрлық трансформация мен экономиканы әртараптандыруға ерекше назар аударылды. ДСҰ мүшелері Белиздің балық шаруашылығына субсидиялар туралы келісімді ратификациялағанын, 2026 жылғы ақпанда елдің ДСҰ жанындағы тұрақты өкілдігін ашқанын және сауда рәсімдерін жеңілдету саласындағы прогресті жоғары бағалады. Сонымен бірге хабарлама міндеттемелеріндегі олқылықтарды жою, сауда шығындарын азайту және бәсекелестік туралы заң қабылдау қажеттілігіне назар аударылды.Шолудың талқылаушысы ретінде ДСҰ жанындағы Антигуа және Барбуда Тұрақты өкілі Колин Мердок сөз сөйледі. Талқылау барысында ДСҰ-ға мүше 26 мемлекеттің делегациялары Белиздің көпжақты сауда жүйесіне интеграциялану жөніндегі күш-жігерін қолдап, шағын осал экономикаларға техникалық көмекті кеңейтуге шақырды.Төраға Қайрат Төребаев Белиз делегациясы мен ДСҰ мүшелеріне конструктивті әрі мазмұнды диалог үшін алғыс білдіріп, Сауда саясатына шолу механизмі транспаренттілікті нығайтудың және орнықты экономикалық дамуға бағытталған реформаларды қолдаудың негізгі құралы болып табылатынын атап өтті.Белиздің Сауда саясатына шолуы Қазақстанның ДСҰ-ның Сауда саясатын шолу жөніндегі органындағы жылдық төрағалығы аясындағы соңғы іс-шара болды. Қайрат Төребаевтың басшылығымен өткен төрағалық кезеңінде Brexit-тен кейін Ұлыбританияның алғашқы Шолуын, сондай-ақ Норвегия, Колумбия және басқа да ДСҰ мүше мемлекеттерінің шолуларын қоса алғанда, 12 шолу жүргізілді.Сауда саясатын шолу жөніндегі органның жаңа төрағасының өкілеттіктері ДСҰ жанындағы Самоа Тұрақты өкілі Нелла Пепе Тавита-Леви ханымға беріледі. Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі ұйымның барлық мүшелеріне төрағалық жыл бойындағы ынтымақтастық пен қолдауы үшін алғысын білдіреді.Келесі Сауда саясатына шолу 2026 жылғы 27 және 29 мамырда өтеді және Жапонияға арналады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1217008?lang=kk
Қазақстан ХЭО Кеңесінің отырысы шеңберінде ресми қабылдау өткізді 09.05.2026
Женева, 2026 жылғы 8 мамыр – Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) Кеңесі отырысының шеңберінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі ресми қабылдау ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстанның 2027–2030 жылдарға арналған ХЭО Кеңесіне кандидатурасын және Ризат Нуршабековтың Радиорегламент комитетіне қайта сайлануын қолдау мақсатында өткізілді.Іс-шараға ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин, Бас хатшының орынбасары Томас Ламанаускас, ХЭО Кеңесінің мүше мемлекеттері делегацияларының басшылары, байланыс әкімшіліктері мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.Қош келдіңіздер сөздерін Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев және Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун сөйледі. Олар Қазақстанның цифрлық басымдықтары мен жетістіктерін, сондай-ақ елдің Кеңеске сайланған жағдайда ХЭО қызметіне белсенді үлес қосуға дайындығын таныстырды.ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин Қазақстанның цифрлық трансформация және жасанды интеллект саласындағы елеулі прогресін, сондай-ақ елдің халықаралық цифрлық күн тәртібіне жоғары белсенділікпен қатысатынын атап өтті.Қабылдау мүше мемлекеттер делегацияларымен бейресми кеңестер өткізуге мүмкіндік берді. ХЭО-ның сайланбалы органдарына сайлау 2026 жылғы ХЭО Өкілетті конференциясында өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1217011?lang=kk
Ұлы Жеңіс күнімен! 09.05.2026
ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!Бұл күн — сұрапыл соғыста құрбан болған миллиондаған боздақтардың рухына тағзым ететін қасиетті еске алу күні. Біз Отан үшін жан қиған қаһармандардың өлшеусіз шығыны мен асқан ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Бұл — ортақ қайғы мен шексіз мақтаныш тоғысқан сәт. Ардагерлеріміздің қасиетті борышын жадымызда сақтап, бейбітшіліктің қадірін келесі ұрпаққа аманаттау — біздің қастерлі парызымыз.Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және ашық аспан тілейміз!Ізгі ниетпен,KazAIDАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazaid/press/news/details/1217019?lang=kk
АҚШ қоғамы «Passport DC» фестивалінде қазақ халқының дәстүрлерімен танысты 09.05.2026
Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 2 мамыр – Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі жыл сайын өткізілетін «Passport DC» фестиваліне қатысып, 5300-ден астам қонаққа есігін ашып, Қазақстанның бай мәдени мұрасын таныстырды.Қазақстан АҚШ астанасында өткен, қаланың дипломатиялық қауымдастығының халықаралық мәдени әртүрлілігіне арналған фестиваль аясында өз мәдениетін таныстырған 70-тен астам мемлекеттің бірі болды.Іс-шара барысында қонақтар қазақтың дәстүрлі мәдениетінің элементтерімен танысты. Елшілік аумағында көшпелі сәулет өнерінің қағидаларына сәйкес безендірілген киіз үй құрылды. Келушілерді ұлттық киім киген домбырашылар қарсы алып, классикалық күйлер орындады. Мәдени бағдарламаны би қойылымдары мен халық әндері толықтырып, америкалық жұртшылықтың зор қызығушылығын тудырды.Шарада қазақ халқының дәстүрлі салт-дәстүрлеріне ерекше назар бөлінді. Елшілік баланың алғашқы қадамдарымен байланысты және оған жарқын болашақ пен сәтті өмір жолын тілеуді білдіретін «Тұсау кесу» рәсімінің элементтерін көрсетті. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген ежелгі «Беташар» рәсімін көрсетті және құда түсу дәстүрін білдіретін «Сырға салу» салтымен таныстырды.Елшілік аумағында ұлттық тағамдар мен сусындар, қолөнер бұйымдары ұсынылып, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуеті туралы ақпараттық материалдар таратылды. Қазақстандық дипломаттар елдің тарихы, мәдениеті және қазіргі дамуы туралы таныстырылымдар өткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1217020?lang=kk
Қазақстандық компаниялар АҚШ-та өз қызметін кеңейтуге қызығушылық танытуда 09.05.2026
Вашингтон, 2026 жылғы 3 мамыр – Қазақстан Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері арасында АҚШ Үкіметінің негізгі инвестициялық форумдарының бірі – SelectUSA Investment Summit алаңында «Strategic Sectors and U.S. Market Entry Opportunities» тақырыбындағы инвестициялық дөңгелек үстел ұйымдастырған алғашқы мемлекет болды.Іс-шараның негізгі бағыты қазақстандық компаниялардың АҚШ нарығына шығу мүмкіндіктерін ілгерілету және америкалық экономикаға инвестициялар тарту болды. Алғаш рет қазақстандық бизнес ауқымды делегациямен ұсынылып, АҚШ нарығындағы қатысуын кеңейтуге жоғары деңгейдегі қызығушылық танытқанын көрсетті.Дөңгелек үстелді Central Asia Strategic Advisory (CASA) және QazTrade тарапынан Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігімен үйлестіру аясында, стратегиялық серіктес Freedom Holding Corp. қолдауымен ұйымдастырылды.Іс-шараға АҚШ-тың мемлекеттік органдарының, инвестициялық қауымдастықтарының және бизнес өкілдерінің 120-дан астам өкілі қатысып, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Магжан Ілиясов қазақстандық компаниялардың АҚШ нарығына шығуы немесе жақын болашақта шығуды жоспарлауы артып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп, инновациялық ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және азық-түлік өнеркәсібі сияқты кең ауқымды салаларды дамытып жатқанын, сондай-ақ қазақстандық бизнестің америкалық нарықта бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отырғанын жеткізді.Қазақстан дипломатының айтуынша, дөңгелек үстел өткізу іскерлік байланыстар орнату, нақты инвестициялық жобаларды талқылау және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау үшін қосымша алаң қалыптастырды.Қазақстандық кәсіпкерлер делегациясын бастап келген, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт, америкалық нарықтың жоғары инвестициялық әлеуетін атап өтіп, оның ауқымдылығы, технологиялық әртүрлілігі және ресурстарға қолжетімділігіне назар аударды.Дөңгелек үстел барысында АҚШ нарығында жұмыс істеп жатқан қазақстандық бизнес өкілдері халықаралық деңгейде кеңею, инвесторлармен өзара іс-қимыл және америкалық іскерлік орта талаптарына бейімделу бойынша практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, іс-шара аясында Freedom Holding Corp., 1Thirty Holding, Eurasia Group Kazakhstan, Hero’s Journey және Call2Action сияқты жетекші қазақстандық компаниялар сөз сөйледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1217021?lang=kk
Жаңа әлемдік тәртіп жағдайындағы Орта державалардың рөлі: Қазақстан тәжірибесі 09.05.2026
Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 8 мамыр – Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов «AI&Expo» конференциясы аясында өткен «Future Resilience Forum» панельдік пікірталасына қатысып, қалыптасып келе жатқан жаңа әлемдік тәртіп жағдайындағы тұрақтылық мәселелері жөнінде сөз сөйледі.Пікірталасты британдық саяси стратег әрі «Future Resilience Forum» негізін қалаушы Фиона Хилл жүргізді. Талқылауға сондай-ақ сарапшы Барбара ДеЛео мен «Cockroach Labs» компаниясының CEO-сы Спенсер Кимбалл қатысты.Іс-шара қатысушылары геосаяси бәсекелестіктің күшеюі мен технологиялық трансформацияның жеделдеуі жағдайында Орта державалардың рөлі, жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы, дата-орталықтарды дамыту, жасанды интеллект, ғарыш инфрақұрылымы және қорғаныс технологиялары мәселелерін талқылады.Өз сөзінде Елші қазіргі халықаралық жүйе терең геосаяси қайта құрулар мен жасанды интеллектіні қоса алғанда, технологиялардың қарқынды дамуы кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті.«Тұрақтылық жаңа әлемдік тәртіптің негізгі ұйымдастырушы қағидатына айналуда. Дәл осы жағдайда Орта державалар тек тепе-теңдікті сақтаушы ойыншылар ретінде ғана емес, сонымен қатар нарықтарды тұрақтандырушылар, дипломатиялық делдалдар және халықаралық коалициялар құрушылар ретінде алдыңғы қатарға шығуда», – деп атап өтті Елші.М.Ілиясов мемлекеттің тұрақтылығы тек сыртқы саяси және экономикалық факторлармен ғана емес, сонымен қатар ішкі институттардың сапасымен де айқындалатынын айтты. Осыған байланысты ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан, заң үстемдігін, есептілікті және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін нығайтуға бағытталған саяси және конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталды.Елші сондай-ақ Қазақстан геосаяси икемділікті, ресурстық әлеуетті және технологиялық амбицияларды ұштастыра отырып, технологиялық және инфрақұрылымдық даму саласындағы өңірлік орталық ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстан суперкомпьютерлік қуаттарды және заманауи дата-орталықтарды, соның ішінде «Data Center Valley» жобасын дамытуда, стратегиялық маңызды минералдар саласындағы серіктес ретіндегі рөлін күшейтуде, сондай-ақ жаһандық жеткізу тізбектерінің трансформациясы аясында Орта дәліздің негізгі торабы ретіндегі маңызын кеңейтуде.Пікірталас сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, оның барысында қатысушылар халықаралық жүйенің тұрақтылығы, технологиялық бәсекелестік және жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1217022?lang=kk
Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері! Қадірлі отандастар! 09.05.2026
Сіздерді Жеңіс күнімен құттықтаймын!Баршамыз бұл мерекені 1941–1945 жылдардағы соғыс кезінде Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалған халықтың ерлігі, қайсар рухы мен асқақ жігерінің символы ретінде қабылдаймыз. Ол миллиондаған адамдардың теңдессіз қаһармандығы, төзімділігі мен жанқиярлығының үлгісі ретінде тарих беттеріне өшпестей жазылып қалды.Біз бұл күні майданда шайқасқан және тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатқан жандарды ерекше құрметпен еске аламыз.Қазақстан осынау ортақ іске зор үлес қосты. Жүздеген мың отандасымыз ұрыс даласында ерлік көрсетсе, тыл еңбеккерлері майданды қажетті заттармен қамтамасыз етіп, жанқиярлық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсетті.Жеңімпаз ұрпақтың ерлігі – бүгінгі жас буынды кез келген қиындыққа төтеп беруге, Отан тағдырына жауапкершілікпен қарауға және жоғары мұраттарға адал болуға тәрбиелейтін өнеге.Бүгінде Отан қорғаушылар ата-баба дәстүрін лайықты жалғастыруда. Қарулы күштердің әскери қызметшілері жоғары кәсібилігімен және тәртібімен ұлттық мүдделерді қорғауға дайын екендігін ұдайы дәлелдеп, мемлекеттің қауіпсіздігі мен азаматтардың бейбіт өмірін сенімді қамтамасыз етіп келеді.Соғыс ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің өмір жолдарыңыз, ерліктеріңіз бен Отанға деген адалдықтарыңыз – жастарды патриоттық тәрбиелеудің берік негізі және Отанға қызмет етудің үлгісі.Бұл мереке ұрпақтарды біріктіріп, бейбітшілік пен тәуелсіздіктің баға жетпес құнын есімізге салады. Біздің ортақ міндетіміз – тарихи жадымызды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту.Осы мереке күні барлық соғыс ардагерлеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ал барша қазақстандықтарға амандық, бақ-береке, бірлік және ашық аспан тілеймін. Құрметпен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Д. ҚосановАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217023?lang=kk
Франция елшілігі қазақ жауынгерлерінің рухына құрмет көрсетті 09.05.2026
Астанадағы Шарль де Голль ескерткіші алдында Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Францияда партизан отрядтарының құрамында шайқасқан жауынгерлердің рухына құрмет көрсетілді. Құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен екі елдің тарихи мұрасына құрмет белгісі ретінде Бас штаб бастығы - ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Қуанышбек Үштаев пен Францияның Қазақстандағы елшісі Сильвиан Гиоге Франция халқының тәуелсіздігі мен ұлттық бірлігінің символына айналған Шарль де Голль ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.– Соғыс жылдары миллиондаған адам тағдыры сынға түсті. Отқа оранған майдан даласында француздармен бірге жауға қарсы жан алып, жан беріскен шайқаста жеңіске жетуге партизандардың қосқан үлесі зор болды. Бүгінгі марапаттау рәсімі тек өткенге тағзым ғана емес, батырларымыздың ерлігін ұлықтау. Жауынгерлеріміздің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деді генерал-майор Қуанышбек Үштаев.Қанды қырғында 300-ден астам отандасымыз Францияның Тулуза қаласы мен оның маңын азат етуге белсене қатысқан.Бүгін сол жауынгерлердің бесеуі, яғни Ахмет Бектаев, Бектемір Байжанов, Нұранбай Баймұратов, Өтеуәли Бейсенғалиев, Ахмет Субаловтың балалары мен немерелерін Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильвиан Гиоге Француз Республикасының Қарулы күштер және ардагерлер министрі Катрин Вотреннің атынан 1939-1945 жылғы Екінші дүниежүзілік соғыста Францияны азат етуге шайқасқаны үшін «Азат ету» медалімен марапаттады. – Үш жүзден астам қазақстандық Франция жерінде француздармен бірге, қатарласа, елімізді азат ету жолында шайқасты. Осылайша, олар өз Отанына мыңдаған шақырым жерде, ортақ жауға қарсы бірігіп, қиындықтарды бастан кешіріп, қан төгіп, тіпті жандарын пида етті. Кезінде генерал де Голль оларға құрмет көрсетті, ал бүгінгі Франция мұны ұмытпайды, – делінген Франция Қарулы күштері және ардагерлер министрі Катрин Вотреннің сөзінде.Партизан жауынгерлердің балалары мен немерелері ерекше толқып, алғыстарын білдірді. Ұрпақтары бұл Жеңістің 81 жылдығында ерекше сый болғанын айтады.– Бүгінгі толқынысымыз ерекше. Әкеміздің ерлігі ұлықталып жатыр. Өте ризамыз, көзімізге жас келіп тұр. Батырлар рухына құрмет көрсетіп жатқан Францияға, еліміздің Қорғаныс министрлігіне алғысымыз шексіз, – деді партизан жауынгер Бектемір Байжановтың ұлы Сырлыбай Бектеміров.Іс-шара соңында марапаттау рәсіміне қатысқан ардагерлер мен қонақтар естелік суретке түсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217031?lang=kk
Мәскеуде Қазақстанның Отан қорғаушы күні аталып өтті 09.05.2026
Мәскеудегі ВДНХ аумағындағы Қазақстан павильонында Ресейдегі Қазақстан елшілігі Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылған күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Оған Ресей Қорғаныс министрлігінің, ТМД Қорғаныс министрлері кеңесі хатшылығының, ҰҚШҰ, «Рособоронэкспорт» ұйымының өкілдері және Мәскеуде аккредиттелген шетелдік әскери-дипломатиялық корпус қатысты.Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Қарулы күштері қалыптасу, нығаю және жаңғыру жолынан өтіп, ынтымақтастық пен бейбіт өмір сүру идеяларын ілгерілетуші күш ретінде танылғанын атап өтті.Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі генерал-лейтенант Талғат Қойбақов ҚР Қарулы күштерінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы айтып, қонақтарға сындарлы ынтымақтастық пен қолдаулары үшін алғыс білдірді.Өз кезегінде Ресей Қорғаныс министрлігі Халықаралық әскери ынтымақтастық жөніндегі бас басқармасы бастығының орынбасары генерал-майор Виктор Шевцов қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Қазақстанның әрдайым тату көрші, сенімді одақтас әрі берік серіктес болып қала беретінін тілге тиек етті.Іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері орындаған әскери-патриоттық әндер мен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы камералық хорының өнері ерекше сән берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217066?lang=kk
Қазақстан Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Жеңіске үлес қосқан азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын дәйекті түрде жүзеге асыруды жалғастыруда 09.05.2026
Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҰОС ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлерін және соғыс салдарынан мүгедектік алған адамдарды қоса алғанда, шамамен 32,9 мың азаматқа біржолғы төлемдер жасау үшін 3,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.Қазіргі уақытта елімізде 57 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Олардың әрқайсысына тұрғылықты өңіріне қарамастан 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.Әлеуметтік қолдау шараларымен қатар, Қазақстанда тарихи жадты сақтау, жеңімпаз ұрпақтың ерлігі мен жанқиярлығына құрмет көрсету мәселесіне ерекше мән беріледі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, ардагерлерге құрметпен қарау және Жеңістің тарихи мұрасын сақтау мемлекеттік саясат пен қоғамдық сананың маңызды бөлігі болып қала береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-erevan/press/news/details/1217069?lang=kk
Алматыда армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің рухына тағзым ету рәсімі өтті 09.05.2026
Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және әскери қайраткер армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдің жанындағы мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.Іс-шараға Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, интернационалист-жауынгерлер, сондай-ақ батырдың туыстары қатысты.Рәсімге қатысушылар аты аңызға айналған қолбасшыны бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының өкілі отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі әрдайым ерлік, отансүйгіштік және Отанға адал қызмет етудің символы болып қала беретінін атап өтті.– Ол кісі Қазақстан армиясының құрылуының бастауында тұрды. Бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады. Оның өмір жолы жас ұрпақ үшін шынайы патриотизмнің, әскери ар-намыстың және борышқа адалдықтың үлгісі болып табылады, – деп атап өтті ол.Осындай іс-шаралар тарихи жадты сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастардың елдің ерлікке толы өткеніне деген құрметін тәрбиелеуге ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217070?lang=kk
Қорғаныс министрі соғыс құрбандарын еске алды 09.05.2026
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов "Отан Ана" монументіне гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарының рухына тағзым етті.Іс-шараға Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһармандары генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, авиация генерал-майоры Айдын Айымбетов, Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілер қатысты.Шараға қатысушылар соғыс жылдарында қаза тапқан қазақстандық майдангерлерді, тыл еңбеккерлерін және соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.Жеңіс күні қазақстандықтар үшін бейбіт өмірдің бағасын терең сезіндіретін, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты, татулық пен ел тыныштығын сақтаудың маңызын еске салатын тарихтағы ең қастерлі күндердің бірі болып қала береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217075?lang=kk
Өкілдік басшысы «AP4 Digital» мажарлық компаниясын қабылдады 09.05.2026
2026 жылғы 5 мамырда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдік басшысы, Жәнібек Әбдрашов, «AP4 Digital» (Cell-Line IT Security Ltd.) мажарстандық бизнес-міндеттерге бейімделген веб-шешімдер мен мобильді қосымшаларды әзірлеуші компаниясының директоры Акош Боканы және Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулы Саболч Карой Сёкені қабылдады. Кездесу барысында тараптар цифрландыру және технологиялар, жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылап, бірлескен жобаларды іске асыруға дайындықтарын растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-almaty/press/news/details/1217080?lang=kk
Өкілдік басшысы Ресей Бас консулдығының қабылдауына қатысты 09.05.2026
2026 жылғы 5 мамырда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдік басшысы, Жәнібек Әбдрашов, Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен өтілген “9-мамыр Ұлы Отан Соғысы жеңісінің 81-жылдығының қабылдау іс-шарасына қатысып, сөз сөйледі.Өз сөзінде, Елші Жеңіс күні — халықтар бірлігінің символы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, басты міндет — тарихи шындықты бұрмалаусыз сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу екендігін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-almaty/press/news/details/1217085?lang=kk
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына гүл шоқтарын қою рәсімі 09.05.2026
2026 жылғы 9 мамырда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдік басшысы Жәнібек Әбдрашов 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Ұлы Отан соғысындағы фашизмге қарсы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Іс-шараға Алматы қаласының Әкімі Дархан Сатыбалды, ардагерлер ұйымдары, Алматыда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері және Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагерлері қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-almaty/press/news/details/1217087?lang=kk
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Иван Панфилов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды 09.05.2026
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштердің Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Жеңіс күніне орай Жерұйық саябағындағы генерал-майор Иван Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары сұрапыл соғыста қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шараға Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілері, “Жас сарбаз” әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.Салтанатты рәсімге қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтаған генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Жеңіс күні ел тарихында және әрбір қазақстандықтың өмірінде ерекше орын алатын дата екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық гарнизондарда Ұлы Жеңіс күнін мерекелуге арналған іс-шаралар өткізіліп жатқаны айтылды.– Жеңіс күні – халқымыз үшін ерекше маңызы бар мереке. Бұл күн – Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында ерлік көрсеткен батырлардың рухына тағзым ететін күн. Майдангерлердің қайсарлығы мен жанқиярлығы ешқашан ұмытылмайды. Жеңіс мерекесі ұрпақтарды бірлікке үндеп, бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін ұғындырады. Сондықтан тарихи жадымызды сақтап, оны кейінгі буынға жеткізу – ортақ міндетіміз. Соғыс ардагерлерін құрметтеу және олардың ерлігін ұлықтау – азаматтық парызымыз, – деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.Соғыс жылдары Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанды, олардың жартысы елге оралған жоқ. Көптеген қазақстандық соғыста көрсеткен ерлігі үшін ең жоғары жауынгерлік наградалармен марапатталды.1941 жылғы шілде айында Алматыда жасақталған, генерал Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбіндегі шайқаста фашистік Германия әскерінің шабуылын тойтарып, қайсарлық көрсетті. Оның ішінде 28 батыр Дубосеково торабында ондаған танкіге қарсы тұрып, жаудың жойқын күшін тоқтатты.Сол жылы 23 қарашада дивизияға соғыста ерлікпен қаза тапқан оның тұңғыш командирі Кеңес Одағының Батыры генерал Иван Панфиловтың есімі берілдіИван Панфиловқа арналған ескерткіш 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Жерұйық» саябағында ашылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217092?lang=kk
Таллин қаласында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің делегациясы ресми сапармен болды 09.05.2026
Таллин қаласында ректор Бейбіткүл Каримова бастаған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің делегациясы ресми сапармен болды. Таллинн университеті және бірқатар серіктес ұйымдармен бірлесе дайындалған бағдарлама тәжірибе алмасуға және білім беру саласындағы өзекті үрдістерді талқылауға арналды.Сапар барысында делегация Эстонияның білім беру жүйесінде қолданылатын заманауи тәсілдермен танысып, цифрландыру, құзыреттерді бағалау және білім беру үдерістерін басқару мәселелерін талқылады, сондай‑ақ мектепке дейінгі ұйымдардан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі әртүрлі деңгейдегі білім беру мекемелерін аралады.Бағдарламаның маңызды бөлігін бірқатар кәсіби кездесулер құрады. Олар жоғары білімді дамыту және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріне арналды. Таллин қаласының Білім департаментінде қонақтарға Эстонияның ұлттық білім беру жүйесінің құрылымы мен негізгі даму бағыттары таныстырылып, LAHE құзыреттерді бағалау моделі ұсынылды. Бұл модель делегация тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.Делегация Pääsusilma балабақшасына барып, балалардың дербестігі мен шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталған мектепке дейінгі білім беру тәжірибелерімен танысты. Кейін Таллинн университетінде университет басшылығымен кездесу өтті. Ректор Tõnu Viik университеттің стратегиялық басымдықтары, ғылыми бағыттары және халықаралық бастамалары туралы баяндады.Таллинн университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті арасындағы келіссөздерге ерекше назар аударылды. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай‑ақ бірлескен білім беру жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.Қазақ және эстон тараптарының өкілдері бұл сапардың кәсіби байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және білім беру саласындағы жаңа бірлескен бастамаларға жол ашуға маңызды қадам болғанын атап өтті.Таллинде өткен кездесулер мен пікір алмасулар Қазақстан мен Эстония арасындағы білім беру ынтымақтастығын дамытуға және тәжірибе бөлісуге мазмұнды алаң қалыптастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tallin/press/news/details/1217094?lang=kk
Әскери дипломаттар Қытайда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті 09.05.2026
Қытай Халық Республикасының Хэбэй өлкесіндегі Чжанцзякоу қаласына қарасты Чжанбэй уезінде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 81 жылдығына орай кеңес және моңғол жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.Қазақстан атынан бұл іс-шараға Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі генерал-лейтенант Марат Құсайынов бастаған делегация қатысты.Салтанатты рәсімге Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің дипломатиялық миссия басшылары, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының, Чжанцзякоу қаласы мен Чжанбэй уезінің халық үкіметтерінің басшылығы қатысты.Еске алу шарасына қатысушылар бір минут үнсіздікпен қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды.Жауынгерлер қаза тапқан жерге ескерткіш алғаш рет 1945 жылы орнатылып, 1957 жылы мемориал ашылды. Обелискке 53 кеңестік және 13 моңғол әскери қызметшінің есімі жазылған.Оның ішінде ресми мәліметтерге сәйкес, бұл мемориалдық кешенде Қазақ КСР аумағынан шақырылған немесе сол жердің тумасы болып табылатын 21 жауынгердің есімі анықталған.Дипломатиялық миссия өкілдері мемориалдық музейдің тарихи жәдігерлерімен танысқан соң құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217103?lang=kk