Жаңалықтар
Жеке тұлғаның жылдық табысы 03.07.2026
Жеке тұлғаның жылдық кірісі осы тұлға Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде салықтық кезең ішінде:1) төлем көзінен;2) жеке тұлғаның дербес салық салуына жататын кірістер түрінде алуға жататын (алынған) кірістерден тұрады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-astana/press/news/details/1241099?lang=ru
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Ұлыбританияның Ұлттық архивімен ынтымақтастықты кеңейтуде 03.07.2026
Астана қаласында өткен «Digital Archive EXPO» атты III Халықаралық архившілер конгресі аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Ұлыбританияның Ұлттық архивімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Аталған құжат архив ісі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, цифрлық технологияларды енгізуге, сондай-ақ архив қызметкерлері мен құжаттаманы басқару мамандарына арналған бірлескен семинарлар, вебинарлар және білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға бағытталған.Қол қою рәсімі 8 маусым күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві директоры Әлия Мұстафина мен Ұлыбритания Ұлттық архивінің цифрлық технологиялар және ақпарат жөніндегі бас директоры Джон Шериданның екіжақты кездесуі барысында өтті.Кездесу барысында тараптар архив саласын цифрлық трансформациялау, электрондық құжаттарды сақтау, жасанды интеллект технологияларын енгізу және халықаралық кәсіби диалогты дамыту мәселелерін талқылады.Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві директоры Әлия Мұстафина серіктестіктің маңыздылығын атап өтті: «Біз Ұлыбритания Ұлттық архивімен ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз және әріптестігімізді одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бірлескен бастамалар мен жобалар кәсіби байланыстарды нығайтып, екіжақты ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Бүгінгі таңда архив саласының алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру, әсіресе цифрлық мұраны сақтау бағытында бірлесіп шешімдер іздеу өте маңызды».Өз кезегінде Джон Шеридан ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдіріп, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың зор әлеуеті бар екенін атап өтті: «Біз бұл ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігіне өте қуаныштымыз. Архивтердің жұмысы халықтардың ортақ тарихи жадысын сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Цифрлық дәуірде біз күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз, сондықтан архив мекемелері құжаттарды сақтау және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер әзірлеу үшін күш біріктіруі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай конгрестер кәсіби тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар Президент Архиві сияқты ұйымдармен екіжақты байланыстарды дамыту да ерекше маңызды. Бүгін осы жерде болу, меморандумға қол қою, осындай әсерлі архивпен танысу және жаңа әріптестер мен достар табу мен үшін үлкен қуаныш».Меморандум ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында кәсіби тәжірибе алмасу, бірлескен білім беру бастамалары, құжаттарды цифрландыру саласындағы әріптестік және архив қорларын зерттеу жұмыстары бар.Екі архив мекемесі арасындағы серіктестік бірнеше жылдан бері дамып келеді және халықаралық семинарлар, кәсіби кездесулер мен сараптамалық кеңестер арқылы нығаюда.Биылғы жылы Ұлыбритания Ұлттық архивінің өкілдері де III Архившілер конгресінің жұмысына белсенді қатысып, бағдарлама аясында баяндамалар жасады. Сонымен қатар Ұлыбритания Ұлттық архивінің білім беру және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Эндрю Пейн мұғалімдерге арналған арнайы семинар өткізіп, жасанды интеллект технологияларын білім беру саласында қолдану және архив ресурстарын заманауи оқу үдерісіне енгізу мүмкіндіктері туралы баяндайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1241028?lang=ru
Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді 03.07.2026
АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында Халықаралық бокс даңқы залының (IBHOF) жаңа мүшелерін салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті. Қазақстан тарихында осы элиталық клубқа енген алғашқы өкіл — Геннадий Головкин болды. Оның спорттағы зор жетістіктері өзін аңызға айналған спортшы әрі өз дәуірінің ең үздік боксшыларының бірі ретінде мойындатты.Головкин Даңқ залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Бұл кәсіби бокс әлеміндегі ең жоғары құрметтің бірі саналады. Енді қазақстандық боксшының есімі осы спорт түрінің ұлы тұлғалары — Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сынды саңлақтармен бір қатарда тұр.Спорттық еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі ретінде Геннадий Головкин Даңқ залы музейіне өзінің әйгілі чемпиондық шапанын табыстады. Ол бұл шапанды көптеген жекпе-жектерде киіп шыққан және ол боксшының жарқын мансабының ажырамас нышанына айналған.Головкинмен бірге «2026 жылғы классқа» Men's Modern санатында америкалық Антонио Тарвер мен Ұлыбритания өкілі Найджел Бенн, сондай-ақ Women's Modern санатында жапониялық Наоко Фудзиока және мексикалық Джеки Нава енгізілді.Әуесқой бокста Геннадий Головкин 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы болды және ел намысын ең ірі халықаралық турнирлерде абыроймен қорғады.Кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін Геннадий Головкин XXI ғасырдағы орта салмақтағы ең үстем чемпиондардың біріне айналды. Ол кәсіби мансабында 45 жекпе-жек өткізіп, 42 жеңіске қол жеткізді, оның 37-сін нокаутпен аяқтады. Қарағандылық былғары қолғап шебері WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерді, сондай-ақ The Ring чемпиондық атағын иеленді. Сонымен қатар ол ұзақ уақыт бойы салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік боксшылары қатарынан түспеді.HBO телеарнасымен келісімшартқа қол қою оған әлемдік деңгейдегі танымалдыққа жол ашты. Агрессивті мәнер, көрерменді тәнті ететін жекпе-жектер және жойқын соққы күші Головкинді әлемдік бокстың ең жарқын жұлдыздарының біріне әрі миллиондаған жанкүйердің сүйіктісіне айналдырды.Мансабы барысында ол бірқатар айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Тоғыз жыл бойы қатарынан тіркелген 23 нокауттық жеңіс орта салмақ дәрежесі үшін рекорд болды. Оның еншісінде чемпиондық титулдарды 21 мәрте сәтті қорғау көрсеткіші бар. Ал мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер үлесінің 90 пайыздан асуы әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.Бүгінде Геннадий Головкин Қазақстанның намысын рингтен тыс жерде де қорғап келеді. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымдарын басқарады. Осылайша ол халықаралық спорт федерациясының президенті болып сайланған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.Халықаралық бокс даңқы залы 1989 жылы Канастота қаласында Эд Брофи негізін қалаған ұйым болып саналады және кәсіби бокстағы жетістіктерді мойындайтын әлемдегі басты институттардың бірі ретінде танылған. Ұйым осы спорт түрінің тарихын сақтаумен айналысады. Бүгінде оның мүшелерінің саны 300 адамнан асады.Геннадий Головкиннің IBHOF қатарына қабылдануы оның жеке жетістіктерінің мойындалуы ғана емес, сонымен бірге бүкіл қазақстандық спорт үшін тарихи оқиға болды.Olympic.kz мәліметі бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1241007?lang=ru
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер жоғары аудит органдарының мемлекеттік аудит стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының XXVII отырысы өтті 03.07.2026
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы бейнеконференция байланысы форматында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары аудит органдарының мемлекеттік аудит (қаржылық бақылау) стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының XXVII отырысын өткізді.Отырысқа Армения Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы жоғары аудит органдарының өкілдері қатысты.Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік аудит әдіснамасын жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар бағыт бойынша тәжірибе алмасты.Атап айтқанда, ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мемлекеттік аудиторларды ынталандыру және қолдау бойынша ЖАО-ларда қолданылатын тәжірибелер мен құралдарға жүргізілген сауалнама нәтижелеріне шолу ұсынды.Ресей Федерациясының ЖАО өкілдері сыртқы мемлекеттік аудит шеңберінде әлеуметтік сауалнамалар жүргізудің әдістемелік тәсілдерімен бөлісті, ал Қырғыз Республикасы ISSAI 140 «ЖАО-дағы сапаны басқару» халықаралық стандартын енгізу және практикалық қолдану тәжірибесін таныстырды.Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіби ынтымақтастықты одан әрі дамытудың, тәжірибе алмасудың және ТМД кеңістігінде мемлекеттік аудит стандарттарын жетілдіру бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.Telegram-каналға жазылуАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/1240979?lang=ru
Жаңақорғанның туристік әлеуетін нақты жобаларға айналдыру керек 03.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев,облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов Жаңақорған ауданына жұмыс сапары барысында Ақжол ауылының тұрғындарымен және Жаңарық, Әбдіғаппар, Өзгент ауылдарының ақсақалдарымен кездесті. «Руханият орталығында» өткен жиынға аудан активі қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы міндеттер талқыланды.Кездесуде аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, нақты жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.–Өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары,кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы, жұмысты күшейту керек.2023 жылдан күріш көлемі 1147 гектарға қысқарған. «Ауыл аманаты» жобасы ұсынған мүмкіндіктерді пайдалануды тапсырамын. Ауданда 175 шаруашылық каналы бар, оларды бетондау жобаларын әзірлеудегі жұмысты жеделдетіңіздер.Жаңақорғанның туристік әлеуетін тиімдіпайдаланып, нақты жобаларға айналдыру керек. Қаратаудың етегінде орналасқан ауданның табиғиерекшеліктері, тарихи орындары меншипажайлары, мәдени-рухани құндылықтары ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.Кейінгі төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілсе, оның 254-і Жаңақорған ауданында. Сапасына қатысты кемшіліктерді мердігер мекемелер толықтай қалпына келтірді. Биыл да тұрғын үйлер салу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімі салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары, құрылыс бөлімінің басшысына дайындық жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді.Ауданда газдандыру деңгейі 53 пайыз, бүгінде5 елді мекенге жоғары қысымды газ құбыры салынуда. Аудан әкімдігі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, ауылдарды кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жұмысынұйымдастыруы тиіс.Айта кетейік, аудан экономикасының негізгі салаларында тұрақты даму үрдісі сақталып, бірқатар бағыт бойынша оң нәтижеге қол жетті.Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайызға артты.Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,3 млрд теңге болған. Құрылыс жұмыстарының көлемі, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы жағынан да өсім бар.Кездесуде тұрғындар мен ауыл ақсақалдары ауданның дамуына қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы көтерілген әрбір мәселе жан-жақты зерделеніп, тиісті заңды шешім қабылданатынын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1240879?lang=ru
ХАБАРЛАНДЫРУ! Кеген ауылдық округі әкімшілігінің ғимаратында «Құқықтық кабинет» жұмыс істейді. 03.07.2026
Ауыл тұрғындары аталған кабинетке келіп, құқықтық сауаттылығын арттыруға, әртүрлі бағыттар бойынша өздерінің заңды құқықтарын қорғау және құқықтық қорғау құралдары туралы толық ақпарат ала алады.Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасын өз бетінше зерделеу дағдыларын меңгеріп, құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.Жұмыс уақыты: дүйсенбі – жұма күндері, сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін.Мекенжайы: Кеген ауылдық округі, әкімшілік ғимараты, Кеген ауылы, Райымбек 8Байланыс телефоны: 8 72777 290108 72777 29012Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kegen-kegen/press/news/details/1240882?lang=ru
Қазақстан мен Грузия: мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы әріптестік 03.07.2026
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Грузияның Әділет үйі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін дамытуға және халықпен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың тәжірибе алмасып, азаматтардың заманауи сұраныстарына сай тиімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге ниетті екенін айқындайды.Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастырудағы үздік тәжірибелермен алмасу, жасанды интеллект технологияларын, роботтандыру мен процестерді автоматтандыру құралдарын пайдалана отырып цифрлық қызметтерді дамыту көзделген. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасының заманауи стандарттарын енгізу арқылы клиенттік тәжірибені жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады.«Себебі жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді уақытында меңгеру өте маңызды. Біздің мақсатымыз - тек жақсы тәжірибемен танысу емес, олардың ішіндегі ең тиімдісін таңдап, Қазақстан азаматтарының қажеттіліктеріне бейімдеу. Сонымен қатар бұл - өзара тиімді серіктестік. Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізген елдердің бірі. Сондықтан біз халықаралық тәжірибені үйреніп қана қоймай, өз жетістіктерімізбен де бөлісуге дайынбыз», - деп атап өтті мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.Меморандум кадрлық әлеуетті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды, сондай-ақ тағылымдамалар мен оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми-зерттеу және талдамалық жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.«Бұл сапар біз үшін ерекше маңызға ие. Себебі ол жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңін бастап, жүйелі әріптестіктің негізін қалайды», - деді Грузияның Әділет үйінің төрағасы Вахтанг Жвания.Айта кетейік, екі күндік сапар аясында қазақстандық делегация Грузияның Әділет үйінде болып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен, қолданыстағы цифрлық шешімдермен және клиенттер ағынын басқару жүйесімен танысты. Сондай-ақ Грузия Ішкі істер министрлігінің Сервистік агенттігі мен Грузия Әділет оқу орталығында кездесулер өтіп, тараптар алдағы ынтымақтастықтың дамуын талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-beyneu/press/news/details/1243936?lang=ru
Болашақ кадрлық әлеует: студенттермен және магистранттармен кездесу 03.07.2026
Комитет «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы аясында ішкі мемлекеттік аудит органдарына жас әрі перспективалы мамандарды тартуға бағытталған кадр саясатын іске асыруды жалғастыруда.Кадрлық резервті қалыптастыру және жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттарымен және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесу өткізілді.Кездесулер барысында Комитет өкілдері қатысушыларды ішкі мемлекеттік аудит органдары қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, мемлекеттік қызметтің артықшылықтары, кәсіби даму мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы айтып берді, сондай-ақ жаңа заңнамада көзделген жаңашылдықтарды түсіндірді.Заманауи білімге, аналитикалық ойлау қабілетіне ие және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға үлес қосуға ұмтылатын жас мамандарды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.Комитет алдағы уақытта да кадрлық әлеуетті нығайту, еліміздің жетекші білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды дамыту және дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvga/press/news/details/1240850?lang=ru
Қазақстан Президентінің Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы Кувейтте таныстырылды 03.07.2026
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 15 маусым – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Электр энергетикасы, су ресурстары және жаңартылатын энергия көздері министрі Субаих Әл-Мухайзиммен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар электр энергетикасы, су ресурстарын басқару және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, энергетикалық және су инфрақұрылымының орнықты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазіргі жағдайда энергетикалық және су қауіпсіздігі мәселелерінің ерекше стратегиялық маңызға ие екені атап өтілді.Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Қазақстан Елшісі кувейттік тарапты су ресурстарын ұтымды пайдалану мен сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастаманың мақсаттары туралы хабардар етті.Министр Субаих Әл-Мухайзим су қауіпсіздігі мәселелері Кувейт Мемлекеті үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ол кувейттік тарап Қазақстанның бастамасын жан-жақты зерделеуге дайын екенін білдіріп, су саласындағы халықаралық бастамаларды қолдайтынын және жаһандық су проблемаларын шешу үшін халықаралық қоғамдастық күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын ерекше атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика, су ресурстары және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1240855?lang=ru
АҢДАТПА! Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің тікелей эфирі Тақырыбы: «Кедендік ресімдеу ережелері және электромобильдерді әкелу» 03.07.2026
Құрметті салық төлеушілер!2026 жылғы 15 маусымда сағат 15:00-де Департаменттің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі @pavlodar_mkd парақшасында «Кедендік ресімдеу ережелері және электромобильдерді әкелу» тақырыбына тікелей эфир өтеді.Спикер: «Павлодар – кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекеті басшысының міндетін атқарушы Қаңтарбаев Берік Сәкенұлы.Модератор: Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Шаймарданов Төлеген Біләлұлы.Трансляцияны жіберіп алмау үшін Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Instagram парақшасы – pavlodar_mkd жазылыңыз. Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысыжәне Байланыс-орталығы басқармасы Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-pavlodar/press/news/details/1240844?lang=ru
Кеден өкілі деген кім? 03.07.2026
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, Кеден өкілі – кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген және сыртқы экономикалық қызметке қатысушының немесе басқа мүдделі тұлғаның атынан кедендік операцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға екенін хабарлайды.Ол өз қызметін клиентпен жасалған шарт негізінде жүзеге асырады және оның мүдделерін кеден органдарында білдіреді.Негізгі мақсаты – сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға кәсіби қызмет көрсету, кедендік ресімдеуді дұрыс ұйымдастыру және кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету.Негізгі функциялары:- кедендік декларацияларды дайындау және тапсыру;- кеден органдарымен өзара іс-қимыл жасау;- кеден заңнамасы бойынша кеңес беру;- құжаттарды тексеру;- СЭҚ ТН кодтарын анықтау;- кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу.Кеден өкілі ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы мен кеден заңнамасы талаптарының сақталуына жауап береді.Осылайша, кеден өкілі сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен кеден органдары арасындағы кәсіби делдал болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1240809?lang=ru
«ДӨО алқабы»: Қазақстан Үкіметі мен IT-алпауыттары Firebird және NVIDIA жасанды интеллект саласында $10 млрд-тық келісімдер пакетіне қол қойды 03.07.2026
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредянмен және Firebird негізін қалаушылар: бас директоры Размик Овакимянмен және Александр Есаянмен кездесу өткізді. Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт қатысты.Америкалық Firebird компаниясы жасанды интеллект инфрақұрылымын құруға, деректер орталықтарын дамытуға және жоғары өнімді есептеу жүйелерін әзірлеуге маманданған. Компания әлемнің түрлі өңірлерінде жобаларды жүзеге асырып, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және цифрлық инфрақұрылым саласындағы әлемдік көшбасшы NVIDIA сияқты жетекші технологиялық серіктестермен ынтымақтастық орнатқан. Компанияның шешімдері әлемдегі жетекші суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарының басым бөлігінде қолданылады, сондай-ақ қазіргі заманғы генеративті жасанды интеллект модельдерінің елеулі бөлігінің негізін құрайды.Кездесу барысында ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Олардың қатарында жоғары өнімді есептеу қуаттарын құру, заманауи деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру және халықаралық технологиялық серіктестерді тарту мәселелері талқыланды.Премьер-министр жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы 2026-шы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы аптада «Digital Qazaqstan» цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазіргі таңда негізгі цифрлық жобалардың бірі – Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Біздің мақсатымыз – жаһандық цифрлық инфрақұрылымды орналастыруға арналған алаң қалыптастыру. Біз Firebird және NVIDIA серіктестерімен жасалған келісімдерді жоғары бағалаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.Премьер-министр «ДӨО алқабы» жобасының негізгі артықшылықтарына назар аударды. Олардың қатарында ауқымды жер резерві, жеңілдіктер және электр энергиясының бәсекеге қабілетті бағасы бар. Жобаны кең ауқымда тарату мүмкіндігі инвесторлар үшін маңызды фактор болып табылады, яғни қазіргі таңда 300 МВт қуат қолжетімді болса, алдағы уақытта оны кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр.Firebird компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Размик Овакимян Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы жоғары әлеуетін атап өтті.«Президенттің 2026 жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялау жөніндегі көреген шешімін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанға алғаш келген кезде-ақ елдің биік мақсаттары, технологиялық тәжірибесі мен адами капиталы әлемдік деңгейде екені бірден байқалды. Бүгінде жасанды интеллектінің озық есептеу қуаттарына, таланттарды дамытуға және инновациялық экожүйелерге инвестиция салып жатқан елдер ертеңгі экономикалық мүмкіндіктерді қалыптастыратын болады. Firebird АҚШ-тың озық технологияларын енгізу тәжірибесін, жаһандық жасанды интеллект экожүйесіндегі тығыз серіктестік байланыстарын және ірі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қауіпсіз әрі ерекше жылдамдықпен жүзеге асыру қабілетін біріктіреді. 2027 жылы жобаны іске қосу Қазақстанды әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосады. Біздің командамыз мықты, мүмкіндіктеріміз зор және біз Қазақстан Үкіметімен, NVIDIA компаниясымен және АҚШ-тағы серіктестерімізбен ынтымақтаса отырып, Қазақстанның мақсат-мұратын шынайы жүзеге асыруға өз үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз», — деді Размик Овакимян.NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян «ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыруға арналған негізгі технологиялық құралдар мен тәсілдерді және Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект экожүйесіне интеграциялану перспективаларын таныстырды. «Жасанды интеллектті дамыту үшін “бес қабатты торт” деп атайтын құрылым қажет. Бұл деңгейде біз төменгі қабаттардағы барлық технологияларды алып, оларды түрлі салалар мен бағыттарға арналған қосымшаларға айналдырамыз, осылайша олар нақты пайда мен құндылық әкеледі. Бірақ бәрі энергиядан басталады. Егер энергия болмаса, қалғанын дамыту мүмкін емес. Бұл – іргетас. Қазақстанда энергия ресурстары бар. Оның қоры мол әрі оны одан әрі өндіру мүмкіндігі болғандықтан, Қазақстан бұл бағытты бастау үшін өте қолайлы орын болып саналады. Шын мәнінде Қазақстан осы бес қабатты торттың әрбір деңгейіне қатыса алады. Мен көргенім, оқығаным және қазір осында болып байқағаным бойынша, Қазақстанның рухы мен жігері алға қарай ұмтылуға және елдің бар игілігін — табиғи ресурстарын да, адами капиталын да — жасанды интеллекттің жаңа дәуіріне қадам басу үшін пайдалануға бағытталған», — деді Рев Лебаредян.Кездесуге қатысушылар мұндай жобаларға әлем бойынша қызығушылықтың қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллектінің жаһандық нарығының көлемі жүздеген млрд доллардан асады, ал AI-модельдерді оқыту және пайдалану үшін қажетті есептеу қуаттарына сұраныс жыл сайын екі есе қарқынмен өсіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттер тек әзірлеушілер мен технологиялар үшін ғана емес, сонымен қатар жаңа буынның цифрлық экономикасының негізіне айналатын инфрақұрылым үшін де белсенді бәсекеге түсуде.«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан жасанды интеллектті дамытуға арналған ұлттық инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастыруда. «ДӨО алқабы» жобасы жасанды интеллекті экономикасының жаңа буыны – ЖИ-токендер экономикасының негізгі платформаларының біріне айналады. $10 млрд көлеміндегі инвестициялар елімізде NVIDIA GB300 және Vera Rubin чиптерін қоса алғанда, соңғы буындағы 100 мың GPU-чиптері негізінде ауқымды есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, жобаны жүзеге асыру жыл сайын кемінде $3 млрд көлемінде экспорттық кіріс әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашады, жаһандық технологиялық компанияларды тартады және Қазақстанның Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтады», — деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.«Біз ондаған жылдарға есептелген инфрақұрылымды қалыптастырып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру заманауи есептеу ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жасанды интеллект технологияларын енгізуді жеделдетуге және жаһандық технологиялық компанияларды тартуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз — Қазақстанда Еуразиядағы ең ірі цифрлық кластерлердің бірін қалыптастыру», — деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.Қазақстан үшін заманауи деректер орталықтары мен есептеу платформаларын дамыту инвестиция тартуға, цифрлық сервистерді локализациялауға, инженерлік кадрларды даярлауға және технологиялар саласында жаңа экспортқа негізделген бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік ашады. Өзінің жоғары өнімді инфрақұрылымының болуы сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізуге, стартаптарды қолдауға, бұлтты сервистерді кеңейтуге және ел ішінде жасанды интеллект шешімдерін кеңейтуге жағдай жасайды.Кездесу қорытындысы бойынша жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық туралы жалпы көлемі $ 10 млрд-ты құрайтын келісімдерге қол қойылды:– Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Firebird компаниясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім. Бұл құжат жасанды интеллект экожүйесін дамыту, сондай-ақ Alem.ai базасында Firebird Labs Kazakhstan орталығын құру жөніндегі негіздемелік келісімдерді бекітеді;– «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС мен Firebird Binding Term Sheet арасындағы ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы келісім, «ДӨО алқабы» жобасы аясында бірлескен жұмыстың техникалық және ұйымдастырушылық параметрлерін айқындайды.Қол жеткізілген келісімдер «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын одан әрі жүзеге асыруға негіз қалайды. Жоба жасанды интеллектіні енгізуге, бұлтты технологияларға және жаңа буын цифрлық сервистеріне арналған заманауи технологиялық базаны құруды көздейді. Қол қойылған келісімдер жаһандық технологиялық компаниялардың Қазақстанға жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту үшін болашағы зор алаң ретінде қызығушылығының артып отырғанын көрсетеді және елдің Орталық Еуразиядағы қалыптасып келе жатқан цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1240802?lang=ru
Токиода «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясының негізгі ережелері таныстырылды 03.07.2026
Токио, 2026 жылғы 15 маусым - Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның Энергетика экономикасы институтының Төрағасы Тацуя Теразавамен кездесу өткізді.Елші Е.Баударбек-Қожатаев ү.ж. 22-24 сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит барысында қабылданған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясының негізгі ережелерін таныстырды. Ол сұхбаттасушыны өңір елдерінің климаттың өзгеруіне, шөлейттенуге және қоршаған ортаның ластануына қарсы күреске бағытталған бірлескен күш-жігерімен таныстырды.Өз кезегінде Т.Теразава жаһандық нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында Жапонияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстанның стратегиялық рөлін атап өтті. Ол жапон тарапының энергетикалық және климаттық күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша, соның ішінде уран өндірісін дамыту, маңызды шикізат минералдарын игеру және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды ілгерілету бойынша толық ауқымды ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін білдірді. Қазақстанның жоғары экономикалық әлеуетін атап өткен сұхбаттасушы тек шикізат саласымен шектелмей, жапондық технологияларды тарта отырып, шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару саласындағы кооперацияны белсендіруге шақырды.Сондай-ақ, тараптар Жапонияның Энергетика экономикасы институты әзірлеген Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жол картасының іске асырылуын талқылады. Бұл құжат жапон бизнесі үшін климаттық инвестициялардың келешегін бағалауда, төмен көміртекті технологияларды енгізуде және энергетикалық көшім бойынша ынтымақтастықты дамытуда маңызды бағдар болып табылады.Сонымен қатар, Елші Е.Баударбек-Қожатаев ү.ж. 12 маусымда Жапонияның Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Кентаро Доимен өткен кездесудің қорытындысы бойынша декарбонизация, «жасыл» технологияларды дамыту және бірлескен климаттық бастамаларды іске асыру мәселелеріндегі Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен болашағы туралы ақпарат берді. К.Дои Токионың климаттық күн тәртібі бойынша Қазақстанмен серіктестікті нығайтуға мүдделілігін растап, бұған дейін Астанада өткен 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке қатысқанын атап өту қажет.Анықтама: 1966 жылы Токиода негізі қаланған Жапонияның Энергетика экономикасы институты жаһандық энергетика, экология және климаттық саясат саласындағы зерттеулерге маманданған әлемдегі жетекші талдау орталықтарының бірі болып табылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tokyo/press/news/details/1240786?lang=ru
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДА «JASYL CROSS – 2026» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПЛОГГИНГ ЖАРЫСЫ ӨТТІ 03.07.2026
Ақтөбе қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында «Jasyl Cross – 2026» экологиялық плоггинг жарысы өтті.Іс-шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтарын дәріптеу.Экологиялық акцияға 500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлер, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары және қоғам белсенділері болды.Жарысқа 50 команда қатысып, бір сағат ішінде белгіленген аумақта жүгіріп және жаяу қозғалу арқылы тұрмыстық қалдықтарды жинады.Нәтижесінде 1317 қап қоқыс жиналып, 80 тоннадан астам қалдық арнайы орындарға шығарылды.Жарыс қорытындысы бойынша:• I орын – 73 қап қоқыс;• II орын – 55 қап қоқыс;• III орын – 52 қап қоқыс жинады.Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, жеңімпаз командалар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.«Jasyl Cross – 2026» – табиғатты қорғау мен тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды экологиялық бастама.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zhastar1/press/news/details/1240793?lang=ru
«Әскерге жолдама» ұтып алған жаркенттік азамат Алматыда Отанға адал болуға ант берді 03.07.2026
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығында әскер сапын толықтырған сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл күні Жетісу облысынан, сонымен қоса Астана және Шымкент қалаларынан шақырылған жүзден аса әскерге жаңа келгендер Отанға адал қызмет етуге ант берді.Олардың қатарында Жаркент қаласынан шақырылған 18 жастағы Рахат Қабылжан да бар. Өткен жылы ол достарымен бірге әскерге баруға ниет білдіріп, жергілікті әскери басқару органына барған. Алайда кәмелет жасына толмағандықтан әскерге алынбаған. Отан қорғаушы күні қарсаңында Жаркент қаласының әкімдігі тұрғындар арасында бағалы сыйлықтар ұтысын ұйымдастырып, лоттардың бірі ретінде әскери қызметке мотивация ретінде «әскерге жолдаманы» қосқан болатын. Мұндай ерекше сыйлықты Рахат Қабылжан ұтып алды. Әскерге баратын жасқа толған жас жігіт бірден Қазақстан Қарулы күштері қатарында қызмет етуге аттанды.– Бұл тосын сый мені қатты қуантты. Жас жауынгер курсынан өткен уақыт ішінде өмірге деген көзқарасым өзгерді. Мінез шыңдалып, жауапкершілігім мен тәртібімнің артқанын байқадым, – деді қатардағы жауынгер Рахат Қабылжан.Ант берер алдында әскер қатарына қосылғандар жас жауынгер курсын сәтті аяқтап, саптық, тактикалық және атыс даярлығының негіздерін меңгерді, оған қоса әскери қызмет жағдайына бейімделді.Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін жас сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты маршпен жүріп өтті.Алда жауынгерлерді кіші мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша үш айлық қарқынды оқу күтіп тұр. Осы уақыт ішінде олар күрделі әрі сұранысқа ие әскери мамандықтарды меңгеріп шығады. Олардың қатарында арнайы байланыс және радиотехникалық әскерлер мамандары, радиолокациялық станциялар мен радиобиіктік барлау құралдарының операторлары, зениттік-зымыран кешендерін сүйемелдеу операторлары, сондай-ақ дизельші-электриктер бар.Биылғы жылдың жаңалығы – ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды басқару курсының енгізілуі. Бұл бағыт бойынша әскерге жаңа келгендердің барлығы дайындықтан өтеді.Оқу аяқталғаннан кейін күзет ротасының әскери қызметшілері әскери институтта қызметін жалғастырады. Ал қалған мерзімді қызмет сарбаздары Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрамындағы әскери бөлімдерге жіберіліп, елдің әуе шебін қорғауға жауынгерлік кезекшілікке түседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1240781?lang=ru
Гонконгтағы Алматы туризм күндері 03.07.2026
Гонконг, 12 маусым 2026 ж. — Қазақстан Республикасының ҚХР Гонконг АӘА-дағы Бас консулдығы, Алматы қаласы Туризм басқармасы және қазақстандық турагенттіктер Гонконгта өткен «International Travel Expo» (ITE) халықаралық туризм көрмесіне қатысты.Көрмеге 500-ден астам шетелдік туристік ведомстволары мен компаниялары қатысып, 30-дан астам елдің павильондары орнатылды.Іс-шара барысында отандық туристік компаниялар Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырып, қытайлық және гонконгтық серіктестермен байланыс орнатты, сонымен қатар Қазақстан Республикасына туристік ағынның өсімін нығайту бойынша ынтымақтастықты белсендіру туралы келіссөздер жүргізді.2026 жылдың 11 маусымында аталған көрме аясында Гонконгта «Алматы Туризм күндері» атты роуд - шоу өтті.Іс-шараның ашылу салтанатында Бас консулдық өкілдері және Алматы қаласы Туризм басқармасының Туризмді насихаттау бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбихан сөз сөйледі. Іс-шараға Гонконгтың мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, мәдениет және өнер қайраткерлері, жергілікті туристік компаниялардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Роуд - шоу барысында қазақстандық туристік компаниялардың өкілдері (Sky Way, Turan Asia, Vision Travel және т.б.) гонконгтық туроператорларымен B2B кездесулер өткізіп, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Тараптар Гонконгтан Қазақстанға туристерді жіберу жұмыстарын белсендіру туралы келісті.Кеш барысында қонақтарға ұлттық тағамдар, билер мен ұлттық аспаптар сүйемелдеген әндер орындалып, естелік сыйлықтар таратылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hongkong/press/news/details/1240783?lang=ru
Халықаралық серіктестерге діндердің климат мәселесіндегі рөлі мен жасанды интеллект этикасына арналған жобалар таныстырылды 03.07.2026
Астана, 2026 жылғы 1 маусымКонфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өткізді. Іс-шара барысында халықаралық серіктестерге «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» тақырыбындағы екі ірі жобаның құжаттары таныстырылды.Конференцияға Қазақстан, Ұлыбритания, Ресей, Аргентина, Таиланд, Солтүстік Македония және Үндістанның беделді діни қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Талқылаудың негізгі арқауы – «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» және 2023–2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамыту тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері болды.Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов өз сөзінде мемлекет пен конфессиялар арасындағы әріптестіктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақстандық модель аясында азаматтық бейбітшілікті нығайту үшін зайырлы институттар мен діни бірлестіктердің тең құқылы серіктес ретінде бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын және бұл ең тиімді тәсіл екенін алға тартты.Орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай діни дипломатия әрбір қақтығысты шеше алмаса да, ең күрделі әрі шиеленісті кезеңдердің өзінде диалогты сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысал ретінде ол 2025 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен VIII Съезді келтірді. Таяу Шығыстағы жағдай аса сезімтал кезеңде өткен жиында иудей және мұсылман өкілдері бір үстел басында отырып, өз жұмыстарын жалғастыра алған.Басқарма төрағасы Г. Қожабай бүгінде рухани дипломатия нақты іс-қимылдарға көшуі тиіс екенін алға тартты. Атап айтқанда, ол жасанды интеллектке арналған этикалық қағидаларды қалыптастырудан бастап, климаттың өзгеруі сын-қатерлеріне бірлесіп жауап беруге дейінгі бағыттарды қамту қажеттігін жеткізді. Осы мақсатта Орталық әзірлеген «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» атты екі жобаға ерекше тоқталды.Аргентина Ахмадия мұсылман қоғамының президенті Марван Сарвар Гилл ислам дәстүріндегі бейбітшіліктің әмбебап сипатына назар аударды. Ол Мұхаммед пайғамбардың іліміне сүйене отырып, адамның қадір-қасиеті нәсіліне, ұлтына немесе шыққан тегіне байланысты болмауы тиіс екенін, ал бейбітшілік таңдаулы сипатқа ие болмауы керектігiн атап өтті. Оның сөзінше, мұндай ұстаным жаһандық қауіпсіздіктің маңызды рухани негіздерінің бірі болып саналады.Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессор міндетін атқарушысы Юлия Шаповал цифрлық радикализмнің күшеюіне ерекше назар аударды. Ол діни және сарапшылық қауымдастықтар жаңа ақпараттық сын-қатерлерден артта қалмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары, бейбітшілік пен жасампаздыққа үндейтін контент цифрлық кеңістікте белсенді таралып, әлеуметтік желілердегі деструктивті материалдарға қарсы тұруы қажет.«Өркениеттер альянсы» халықаралық орталығы басқармасының төрағасы Иван Иванов этникалық және діни зорлық-зомбылықтың алдын алуда сыни ойлаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, білім беру тек тұлғалық болмысты қалыптастырып қана қоймай, ар-ождан, жанашырлық пен жауапкершілік сезімін де тәрбиелеуі қажет. Осы тұрғыда философия мен этика білім беру бағдарламаларында маңыздырақ орын алуы тиіс екенін айтты.Қазақстандағы Евангелиялық-лютеран шіркеуінің басшысы Ростислав Новгородов, Қазақстан Бахаи қауымдастығының өкілі Тоқжан Қожахметова және Somaiya Vidyavihar университетінің ректоры Рудракша Сакрикар жастардың ерекше рөліне тоқталды. Спикерлердің айтуынша, жас ұрпақ тек білім алушы ретінде емес, бейбітшілік, өзара құрмет пен ынтымақтастық мәдениетін ілгерілете алатын әлеуметтік өзгерістердің белсенді қатысушысы ретінде қарастырылуы тиіс.Ресей ғылым академиясы Философия бөлімінің меңгерушісі Сергей Мельник 2027 жылы «Арамыздағы ортақ сөз» құжатының 20 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өткізуді ұсынды. Бұл бастама ислам-христиан диалогын одан әрі дамытуға және діни дәстүрлер арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық диалогтан тұрақты бейбітшілік, жаңа технологиялар этикасы, климаттық жауапкершілік, білім беру және радикализмнің алдын алу салаларындағы практикалық ынтымақтастыққа көшу маңызды екенін атап өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1256836?lang=ru
Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктері КОПУОС-тың 69-сессиясында таныстырылды 03.07.2026
Вена, 2026 жылғы 15 маусым – Қазақстан Республикасының делегациясы 2026 жылғы 10-18 маусым аралығында Венада өткізіліп жатқан БҰҰ Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану комитетінің (КОПУОС) 69-сессиясына қатысты.Ұлттық мәлімдеме барысында Қазақстан ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану қағидаттарына, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, өзара сенімді нығайтуға және барлық мемлекеттердің ғарыш технологияларының игіліктеріне тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бейілділігін растады.Еліміздің ғарыш саласы үшін тарихи оқиғаға — 2026 жылғы 30 сәуірде «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінен жүзеге асырылған жаңа буындағы «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышының алғашқы сынақтық ұшырылымына ерекше назар аударылды. Зымыран-тасығыштың ұшу-конструкторлық сынақтарының сәтті өткізілуі Қазақстанның әлемдік ғарыш қызметтері нарығындағы позициясын нығайтуға және ел аумағында заманауи ұшыру инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.Сонымен қатар, Қазақстан Ассы-Түрген обсерваториясын дамыту туралы ақпарат ұсынды. Оның базасында ғарыштық ахуал туралы хабардарлық жөніндегі өңірлік орталық және халықаралық телескоптарды орналастыруға арналған ашық платформа — International AstroHub құрылуда.Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде OTS SAT ғылыми наноспутнигін іске асыру жеке атап өтілді.Сөз соңында Қазақстан Республикасы КОПУОС-қа мүше мемлекеттерді, халықаралық ұйымдар мен серіктестерді 2026 жылғы 7-9 қыркүйек аралығында Астанада өтетін «Space Days Kazakhstan – 2026» халықаралық форумына қатысуға шақырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1240761?lang=ru
Медицина қызметкерлері күніне арналған велошеру! 03.07.2026
Медицина қызметкерлері күніне арналған велошеру!14 маусымда Атырау қаласында «Медицина қызметкерлері» күнніне орай салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында велошеру ұйымдастырылды.Іс-шараның мақсаты – қала тұрғындарына салауатты өмір салтының маңыздылығын жеткізу, медицина қызметкерлерінің қоғамдағы беделін көтеру және ұжымдық сергек өмір салтын қалыптастыру.Шара барысында Атырау облысы Экономика және қаржы басқармасының қызметкері экономикалық жоспарлау және талдау бөлімінің маманы Медетова Эльзада Мухамбетовна қатысып белгіленген маршрут бойынша жүріп өтіп, денсаулықты нығайтуға бағытталған қоғамдық бастамаларды қолдауға және ұжымдық бірлікті арттыруға ықпал етті. Басқармасының қызметкері бұндай шараларға белсенді қатысып келеді.Мақсаты: салауатты өмір салтын насихаттау. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-economy/press/news/details/1240767?lang=ru
Электр қуатын жоспарлы өшіру 03.07.2026
Құрметті тұрғындар!Әуе желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларда жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты электр қуатын беру уақытша тоқтатылады. Өшіру кестесімен танысып, көрсетілген уақытқа алдын ала дайындалуыңызды сұраймыз.2026 жылғы 15 маусымға арналған кестеӨшіру уақыты: 10:00 – 18:00КТП-81 (ТҚС-дегі жөндеу жұмыстары)Жеке сектор: Достық көшесі 1-18, Қайнар көшесі 1-31, Вишневая көшесі 2а, 2-19, 12/1, 12/2, Л. Доненбаева көшесі 1а, 1-50, 46/2, Самал көшесі 2-40, Раздольная көшесі 1-33, Автозаводская көшесі 21а, 21-29.РП-7 (ТҚС-дегі жөндеу жұмыстары)Политехникалық колледж, ГУ «Әскери бөлім», «KST Trade» ЖАҚ (АЗС), ЖК Шалгимбаева, «Шик» автожуу орны, ЖК Бексултанова, ЖК Альмадиева.ТП-631 (ТҚС-дегі жөндеу жұмыстары)«Солнечный» СО, «Аджедан» СҮ, «У Петрухи» СҮ, «Тандем 2017» ЖШС, «Гелиос № 5» ЖАҚ (АЗС), «Раск групп» оңалту орталығы ЖШС, «Woltmen» СҮ, «ВА-groop-construction» ЖШС.Тұрғын үй секторы: 7 шағын аудан — 4, 8, 8а, 9, 9/1, 12 үйлер.2026 жылғы 15-19 маусым аралығындағы кестеӨшіру уақыты: 10:00 – 18:00КТП-Федоров (ӘЖ-дегі жөндеу жұмыстары)Қалалық нысандар: Бородин көшесіндегі №35 балабақша, «Эльдорадо» дүкені, «Майами-люкс» саунасы.Жеке сектор: Дощанов көшесі 83-182, 35/1-35/14, 99/1-99/11, 101а, 180а, 176/1-176/10, Бородин көшесі 24-59, Шаяхметов көшесі 24-62, Летунов көшесі 11-36, Журавлева көшесі 98-138, 123/1-123/6, Б. Рубинштейн көшесі 5а, 20а-28.Инфрақұрылым: Летунов көшесі мен Дощанов көшесінің қиылысындағы бағдаршам.КТП-О42 (ӘЖ-дегі жөндеу жұмыстары)Мекенжайлар: Тепличная көшесіндегі №22 «1+1» дүкені.Жеке сектор: Тепличная көшесі 11-31, Гольдаде көшесі 1-7, 19, 5а, 2/1-2/6, 34-39, Геологическая көшесі 63-69, 101.Өшіру уақыты: 09:00 – 18:00РП-9 (ӘЖ-дегі жөндеу жұмыстары)Қалалық нысандар: Алтынсарин көшесіндегі №212 Шіркеу (ескі), «Партнер» дүкені, «На крючке» дүкені, «Промтовары» дүкені, Шипин көшесіндегі №56 ТҚО (СТО).Жеке校сектор: Алтынсарин көшесі 182-228, Шипин көшесі 61а, 50-61, Қасымқанов көшесі 144-199, 152а, Рабочая көшесі 61а, 61-74, Пролетарская көшесі 74-84.Инфрақұрылым: Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысындағы бағдаршамдар.Техникалық жұмыстарды жүргізу кезінде кернеу қайта қосылған сәтте зақымдануды болдырмау үшін сезімтал электр құрылғыларын желіден ажыратып қою ұсынылады.Бұл жоспарлы іс-шаралар қалалық энергия жүйесіне қызмет көрсету және оның сенімділігін арттыру үшін қажет. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1240735?lang=ru