Қазақстан мен Словакия адам құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
31.07.2026 22:02:43 407
Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Роберт Доброводскиймен кездесті. Кездесу барысында адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері және екі елдің ұлттық құқық қорғау институттары арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Дипломат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы ауқымды саяси және институционалдық реформалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформалардың демократиялық институттарды нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Кездесу барысында 2026 жылғы 15 наурызда Республикалық референдум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына ерекше назар аударылды. Ата заң жобасының әзірленуіне азаматтардың кеңінен қатысқаны оның жалпыұлттық мәнге ие болуына негіз болғаны атап өтілді. Сондай-ақ жаңа Конституцияның өзегіне адам мүддесі алынғанын, ал оның басты басымдықтарының бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін күшейту екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Елші Р.Доброводскийді Қазақстанда әлеуметтік саланы жаңғырту бағытында қолға алынған кешенді реформалармен таныстырды. Осы орайда Әлеуметтік кодекстің қабылдануы, әлеуметтік қолдау көрсету жүйесінің өтінішке негізделген тәсілден азаматтардың қажеттілігін алдын ала айқындауға және қызметтерді проактивті түрде ұсынуға негізделген жаңа модельге көшкені жөнінде мәлімет берілді.
Словак тарапы енгізіліп жатқан әлеуметтік қолдаудың цифрлық платформасына ерекше қызығушылық танытты. Омбудсмен жүзеге асырылып жатқан бастамалардың практикалық маңызын жоғары бағалап, әсіресе Отбасының цифрлық картасы жобасы Словакияда зерделеуге және оны қолданысқа енгізу мүмкіндігін қарастыруға лайық тәжірибе екенін атап өтті.
Сондай-ақ тараптар Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметіне тоқталды. Оның конституциялық мәртебесінің бекітілуі, өкілеттіктерінің кеңейтілуі және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының нығаюы жөнінде пікір алмасты.
Р.Доброводский Қазақстанның осы саладағы тәжірибесімен жақынырақ танысу және ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен тікелей әріптестік байланыс орнату мақсатында Астанаға келуге дайын екенін жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1267118?lang=ru