Enbekshi QazaQ

Қоғам

ШЫМКЕНТ СПОРТШЫЛАРЫ АЗИЯ КУБОГЫНДА ТОП ЖАРДЫ 21.02.2025
Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан нысана көздеуден Азия Кубогында ел спортшылары үздік нәтижелерге қол жеткізді. Қазіргі таңда спортшыларымыз 17 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Ел қоржынында 7 алтын, 6 күміс және 4 қола жүлде бар.Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшылары 6 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлдеге ие болды. Атап айтқанда, Юрий Юрков (50 м, винтовкамен жатып ату), Елизавета Безрукова (10 м, пневматикалық винтовка микст), Никита Шахторин (10 м, пневматикалық винтовка), Рамазан Ынтықбай (10 м, тапанша) және жасөспірімдер арасында Олег Носков (10 м, пневматикалық винтовка) жеңімпаз атанды.Ирина Юнусметова, Малика Сейіл, Сәуле Әлімбек, Кристина Устинова (жасөспірімдер құрамасы), Олег Носков (жасөспірімдер) сынды жерлестеріміз екінші орыннан көрінді.Биылғы Азия Кубогында 23 елден 320-дан астам спортшы бақ сынап жатыр. Турнир 22 ақпанда аяқталады. Еліміздің спортшылары жарысты сәтті жалғастырып, жеңісті еселеуді көздеп отыр.Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/941395
ШЫМКЕНТ: САДАҚ АТУДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТ БАСТАЛДЫ 21.02.2025
Бүгін садақ атудан жабық кешендегі ҚР чемпионаты басталды. Дүбірлі додаға еліміздің өңірлерінен 300-ден астам спортшы қатысуда. Жарыста Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Жетісу облыстарынан келген жас мергендер бақ сынасуда. Чемпионат – халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын болашақ спортшыларды анықтайтын маңызды бәсеке.Спортшылар мергендік қабілеттерін көрсетіп, жүлделі орындар үшін тартысты бәсеке өткізеді. Мақсат – садақ ату спортының дамуына серпін беру, жас спортшылардың тәжірибесін арттыру және ұлттық құрама сапына лайықты спортшыларды іріктеу. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері 24 ақпанда марапатталады.Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/941401
ЖОСПАР 2025: ТҰРАН ШАҒЫНАУДАНЫНДА 13 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ 21.02.2025
Шымкент қаласында шағынаудандарды және әлеуметтік нысандарды инженерлік коммуникация желілерімен қамту жұмыстары биыл да жалғасады. 2025 жылы Тұран шағынауданында барлығы 13 көшені жарықтандыру жоспарға енгізілген. Қазіргі уақытта «Энергомера» ЖШС тарапынан 4 көшеде жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Жоспарға сәйкес, бұл жұмыстар 2025 жылдың қыркүйегінде орындалады.Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқарамасы тарапынан биыл Ақжайық, Азат шағынауданын электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, «Тассай», “ТЛЦ” индустриялық аймағында, «DALA-CONSTRUCTION.KZ» ЖШС-не электр желілерін тарту, «Ақжар» 110/35/10 кВ ҚС салу жұмыстары атқарылады. Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекені, Құрсай, Қайтпас-1 - Тұран шағынауданының жаңақұрылыс аумағы электр жүйелерінің және Тұран шағынауданын жарықтандыру жүйелерінің жұмыстары жүргізіледі.Бүгінде 81 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылған. Былтыр электр жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 14 нысанның құрылысы жүргізілді.Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/941409
Заң және Тәртіп: Қазақстандағы есірткі қылмысына қарсы күресте жаңа қадам 21.02.2025
Ішкі істер министрлігі қоғамда "Заң және Тәртіп" қағидатын нығайту, азаматтардың құқықтық санасын арттыру және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша жұмысын жалғастыруда.Полиция ведомствосы осы қағидатты іске асыру жолында маңызды қадам жасады - алғаш рет Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңес құрылды.Кеңестің басты мақсаты – елде есірткіге тәуелділікті және заңсыз есірткі айналымын алдын алу бойынша іс-шараларды күшейту.Ұйым құрамында азаматтық қоғам өкілдері бар. Бұл олардың алдын алу іс-шараларына белсенді қатысуына мүмкіндік береді, сондай-ақ мәселенің өңірлерде шешілуіне септігін тигізеді. Мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың күшін біріктіру үлкен маңызға ие.Ішкі істер министрлігі жанынан құралған Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңестің алғашқы жұмыс отырысы өтті.- Іс-шара ұлттық деңгейде есірткі қылмысына қарсы күрес және профилактиканы күшейту мен нығайту аясында өткізілді. Отырыста кеңестің жұмыс жоспары, сондай-ақ өңірлерде ұқсас кеңестерді құру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл жергілікті жерлерде күш пен құралдарды тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Жұмыс бағыты айқындалып, есірткі қылмыстарының алдын алу және жас ұрпақты есірткі ортасына тарту факторларын болдырмау бойынша шаралар нақтыланды, - деп атап өтті ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті басқарма бастығының орынбасары Сергей Ильиных.Жалпы кеңестің жұмысы профилактиканы жүргізумен қатар, оған қоғам мен мемлекеттік органдардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.2025 жылдың қаңтар айында полиция 700-ден астам есірткі құқық бұзушылығын анықтады, есірткі жарнамасы бар 1257 есірткі сайттары бұғатталды, оның ішінде 15 дроп-карт бар. Сонымен қатар есірткі туралы ақпарат тарататын 76 арна мен боттар жойылды. Бір ай ішінде 800 кг-нан астам есірткі заты тәркіленді, оның ішінде 29 кг синтетика және 5 тонна прекурсор бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/941381
Қазақстанда "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды 21.02.2025
Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтарға, оның ішінде жол қозғалысы саласындағы заң бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыра отырып, қоғамда "Заң және Тәртіп" қағидатын нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыруда.Ішкі істер министрі жариялаған профилактика жылы аясында 18-21 ақпан аралығында республика аумағында "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі.Негізгі мақсат - жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ел жолдарындағы барлық бұзушылықтардың жолын кесу. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударылады.Бірінші күні-ақ Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері қырағылықтарының арқасында Жезқазған – Петропавл тас жолында жол жүрісі қағидасын бұзудың фактісін тіркеді.Volkswagen автокөлігі жанармай құю станциясынан шыққанда көліктің қозғалысы полицейлердің назарына іліккен. Құжаттарды тексеру кезінде көліктің міндетті техникалық тексеруден өтпегені анықталды. Сонымен қатар әкімшілік хаттаманы рәсімдеу барысында полицейлер алкогольдің иісін сезіп, жүргізуші медициналық куәландырудан өтті. Оның нәтижесі бойынша ер адамның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Қызылжар аудандық сотының шешімімен жүргізушіге көлік құралдарын жеті жылға басқаруға тыйым салынып, 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды."Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты негізде жүргізілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/941398
2025 жылдың басынан бері өсімдіктер карантині бойынша 150-ден астам заң бұзушылық анықталды 21.02.2025
Жыл басынан бері Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Қазақстанға карантиндік өнімдерді әкелу кезінде 150-ден астам заң бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ, карантиндік объектілермен залалданған карантиндік өнімдерді әкелу әрекетінің 20 фактісі, оның ішінде Ресей Федерациясынан 17, Өзбекстан, Қырғызстан және Украинадан бір-бірден карантиндік өнімдерді әкелу фактілерінің алдын алды. Барлық жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Еске салайық, өсімдіктер карантинінің негізгі міндеттерінің бірі Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден немесе карантиндік аймақтан карантиндік объектілердің әкелінуінен немесе тәуелсіз енуінен қорғау болып табылады. Импортталатын карантиндік өнімге қатысты Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады, сынамалар зертханалық зерттеуге «Өсімдіктер карантині жөніндегі республикалық орталық» мемлекеттік мекемесінің өңірлік карантиндік зертханаларына жіберіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/941418
Қызылорда облысында АӨК кәсіпорындарына пресс-тур ұйымдастырылды 21.02.2025
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған пресс-тур аясында БАҚ өкілдері өңірдің агроөнеркәсіптік кешені кәсіпорындарының жұмысымен танысты.Журналистер «Мағжан и К» ЖШС-нің күріш өңдеу және тұз өндіру зауыттарына барды. Заманауи кәсіпорындар жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған және толық автоматтандырылған.«Жан-Арай» ЖШС күріш өндірумен, құрама жем дайындаумен, жеміс-көкөніс өңдеу және сақтаумен айналысады. Зауытта тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіріліп, 150 тоннаға дейін күріш өңделеді. Кәсіпорын өнімдері Қазақстанда ғана емес, Түркия, Ирак, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Беларусь және басқа елдерге экспортталады. Сондай-ақ, 4000 тонналық көкөніс сақтау қоймасы маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрақты бағасын сақтауға мүмкіндік береді.«Казагромир» ЖШС жылыжай шаруашылығында 2020 жылдан бастап жылына 400-500 тонна қияр өсіріледі. Көкөністер Қызылорда облысына, Түркістанға, Шымкентке, Алматыға және Астанаға жеткізіледі. Болашақта қызанақ, болгар бұрышы және басқа да дақылдарды өсіру жоспарланған.Өңір «Ауыл аманаты» жобаларының саны бойынша алдыңғы қатарда.Мәселен, Сырдария ауданының Бесарық ауылындағы индустриялық аймақта «Абай Дәулет» ЖШС бағдарламасы аясында жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдер шығаратын 13 бизнес-инкубатор жұмыс істейді. Осындай бизнес-инкубаторларды облыстың әр ауданындағы 3-4 ауылда ашу жоспарлануда.Шиелі ауданында томат пастасы, аджика, салаттар, консервіленген қарбыз және қауын өндіретін цех ашылды. Өнімдер Қызылорда облысына, Астана, Қарағанды және Алматы қалаларына жеткізіледі.Сондай-ақ, бағдарлама аясында тәулігіне 600-700 кг өнім өндіретін шұжық цехы іске қосылды. Цех заманауи ресейлік жабдықтармен жабдықталған, өз фермасының шикізаты пайдаланылады.Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2025 жылы өңірде 5,5 млрд теңгеге 815 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.2024 жылы өңірде «Тұрлыбаев Досжан» ЖК зауыты іске қосылып, онда тәулігіне 150 тоннаға дейін күріш өңделеді. Мұнда қазақстандықтар арасында танымал «Лидер», «Камолино» және «Маржан» күріш сорттары өндіріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/941581
Өңірлік климаттық саммитке дайындық жөнінде кеңес 21.02.2025
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде 2026 жылы өтетін Өңірлік климаттық саммитке (Саммит) дайындық жөнінде кеңес өтті. Талқылауға Сыртқы істер министрлігінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің, сондай-ақ Аралды құтқару халықаралық қорының (АҚХҚ) өкілдері қатысты.Кездесу барысында Саммитті АҚХҚ-ға мүше мемлекеттердің мемлекет басшылары кеңесінің отырысымен бірге өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл екі іс-шараның маңыздылығын арттырып, Қазақстанның Қордағы төрағалығының қисынды қорытындысы болмақ.Саммитке дайындық мүдделі тараптармен тығыз ынтымақтастықта жалғасуда. Ағымдағы жылдың 13 наурызында Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылау үшін алғашқы өңірлік консультациялар өткізу жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/941155
19 ақпан – Орнитолог күні 21.02.2025
Бұл күн құстарды зерттейтін және оларды қорғаумен айналысатын адамдарға арналады.Құстар – табиғаттың маңызды бөлігі, олардың саны экологиялық тепе-теңдіктің сақталуына ықпалына тигізеді. Орнитологтардың еңбегі арқылы біз табиғаттың өзгерістері мен сирек құстарды қорғау туралы маңызды мәліметтер аламыз.Барлық орнитологтарға табиғатты сақтауға қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/941261
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖИ КУРСТАРЫ: ҚР ҒЖБМ МЕН HUAWEI ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ КЕҢЕЙТУДЕ 21.02.2025
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖИ КУРСТАРЫ: ҚР ҒЖБМ МЕН HUAWEI ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ КЕҢЕЙТУДЕҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Huawei компаниясымен бірлесіп жасанды интеллект бойынша курстарды қазақ тіліне оқшаулаудың аяқталғаны туралы хабарлайды. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы шеңберінде жасанды интеллект бойынша курстарды қазақ тіліне оқшаулаудың аяқталғанын ресми түрде жариялады.ЖИ бойынша білім беру бағдарламаларын мемлекеттік тілге локализациялау – қазақстандық студенттер мен жас мамандар үшін озық білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Жақында студенттер машиналық оқыту, деректерді талдау, нейрондық желілер және әртүрлі салаларда жасанды интеллектіні практикалық қолдану сияқты көптеген тақырыптарды қамтитын курстарды пайдалана алады.«Біз студенттерге жасанды интеллект саласындағы озық білімге өз ана тілінде қол жеткізе отырып, цифрлық экожүйені дамытуда Қазақстанды қолдауға қуаныштымыз. Біздің мақсатымыз – еліміздің технологиялық прогресіне елеулі үлес қоса алатын мамандардың жаңа буынын оқыту ғана емес, шабыттандыру», – деп Huawei өкілі атап өтті.Вице-министр өз сөзінде бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.«Huawei-мен бірлесіп жүзеге асырылатын жасанды интеллект бойынша курстарды қазақ тіліне оқшаулау – білім беруді цифрлық трансформациялау стратегиясының маңызды элементі. Бұл бастама Индустрия 4.0 сын-қатерлеріне дайын жоғары білікті кадрларды қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деді ол.Сонымен қатар бұл курстар студенттерді оқытудың бастапқы кезеңінде жасанды интеллект саласында базалық біліммен қамтамасыз ету үшін ҚР ҒЖБМ бастаған AI-Sana инновациялық бағдарламасының бөлігі болады. AI-Sana бағдарламасы әлемнің жетекші сарапшыларының басшылығымен Қазақстанның ЖИ саласындағы болашақ мамандарын даярлауға бағытталған.Huawei курстарының бағдарламасы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының базасында онлайн және офлайн форматтарда іске асырылатын болады. Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылар ЖИ саласындағы біліктілігін растайтын сертификаттар алады.Бағдарлама және қатысу шарттары туралы қосымша ақпарат ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Huawei Technologies Қазақстанның ресми сайттарында жарияланады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/941051
ҚАЗАҚСТАН-НЕМІС ИНСТИТУТЫ СУТЕГІ ЭНЕРГЕТИКАСЫ БОЙЫНША МАМАНДАР ДАЯРЛАУДЫ БАСТАЙДЫ 21.02.2025
ҚАЗАҚСТАН-НЕМІС ИНСТИТУТЫ СУТЕГІ ЭНЕРГЕТИКАСЫ БОЙЫНША МАМАНДАР ДАЯРЛАУДЫ БАСТАЙДЫYessenov University қабырғасында «Aktanten» жобасы аясында Германияның жетекші жоғары оқу орындарының профессорларымен кездесу өтті. Жобаның негізгі мақсаты – энергетика және логистика бағыттары бойынша магистратуралық бағдарламалар әзірлеп, докторантура аясында ғылыми зерттеулерді дамыту.Аталған жоба Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты (KINI) және Yessenov University базасында жүзеге асырылып, HAW Hamburg, TU Berlin және TU Darmstadt сияқты беделді неміс жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында әзірленуде. Жоба аясында неміс профессорлары, отандық ғалымдар және сарапшылар бірлесе отырып, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға атсалысуда. Берлин техника университетінің профессоры Ханс-Людгер Динелдің айтуынша, «Aktanten» жобасы аясында екі магистрлік оқу бағдарламасы көзделген.«Негізгі мақсат – энергияны сутегінен алуды және оны тасымалдауды білетін мамандарды дайындау. Сондықтан осы екі оқу бағдарламасына студенттер қабылдаймыз. Мамандарды Yessenov University базасындағы Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтында дайындайтын боламыз», – дейді профессор.Шетелдік ғалымдар теңіз операцияларында тиімді пайдалану және энергия үнемдеу технологиялары арқылы Каспий теңізінің қазақстандық секторында экономикалық тиімділіктің технологиялық дамуын, теңіз инфрақұрылымын және теңіз операцияларын басқаруды зерттеу жөніндегі мегажобаны талқылайды.Yessenov University президенті Берік Ахметовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған KINI білім берумен қатар, ғылыммен айналысып, өңірдің дамуына ықпал ететін мәселелерді қарастырады. Бұл жоба – Қазақстанның тұрақты энергетика және логистика саласындағы жетекші ғылыми-білім беру орталығын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Студенттерге Германиядағы жетекші университеттерде тағылымдамадан өту мүмкіндігі, халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланыс орнату және жаңа инновациялық зерттеулерге қатысу ұсынылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/941106
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ 21.02.2025
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІБүгін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыстық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, сөз бастады.«2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысының бұл бастамасы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды», – деді ведомство басшысы.Сондай-ақ министр еңбек нарығы мен қоғам сұранысына сай кадр дайындаудың, ерте жастан кәсіптік бағдар берудің маңызын атап өтті.Дөңгелек үстелге Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбеков, «Мамандығым – болашағым» кеңсесінің басшысы Олжас Сәкенов, Жетісу облысының колледж директорлары мен БАҚ өкілдері қатысты.І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев ерте жастан кәсіптік бағдар беру «Мамандығым – болашағым» жобасы міндеттерінің бірі екенін баса айтты.«Жетісу университетінің базасында 2023 жылы өңірлік жобалық кеңсе құрылып, университет қызметкерлері форсайт-зерттеу курсынан өтті. Олар Жетісу облысында кадр тапшылығының өңірлік картасын әзірлеп, өңірге қажетті бес бағытты анықтады», – деген ректор салалық сарапшы ретінде өңірлік картаны әзірлеуге ат салысқан колледж директорларына алғыс білдірді.Жиында «Мамандығым – болашағым» жобалық кеңсесінің жергілікті әкімдікпен бірлесе әзірлеген «Жетісу облысының мамандарға қажеттілігінің өңірлік картасының» тұсауы кесілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/941400
Ақмола облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» жастар форумы ашылды 21.02.2025
Көкшетау қаласындағы Bolashaq Saraiy-ында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» өңірлік жастар форумы ресми түрде ашылды. Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп, билік өкілдері, бизнес, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы маңызды диалог алаңына айналды.Форумға 500-ден астам қатысушы, 29 колледж және өңірдің жетекші компанияларын таныстыратын 44 әлеуметтік серіктес жиналды. Ақмола облысы агроөнеркәсіптік секторда, құрылыс, металлургия және туризм салаларында жетекші орындарға ие. Өңірдегі 800-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту экономика үшін маңызды рөл атқарады, ал жас мамандарды даярлау – жұмысшы мамандықтарының ұрпақтар сабақтастығының негізі.Жастар форумы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісұлы, «Talap» КЕАҚ президенті Санжар Тәтибеков және Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадралиннің қатысуымен өтті.Олар интерактивті көрменің жұмысымен танысты. Бұл көрмеде өңірдің 10-нан астам жетекші колледжі ұсынылып, онда IT және робототехникадан бастап, кондитерлік іс, ветеринария және маркшейдерияға дейінгі сұранысқа ие мамандықтар оқытылады.Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атап өткендей, бүгінгі таңда Ақмола командасының қоржынында 35 алтын, 21 күміс және 30 қола медаль, сондай-ақ 57 «Кемелдік медальоны» бар. Бұлардың барлығы WorldSkills кәсіби шеберлік байқауында олжаланған. Сонымен қатар, өңірдегі барлық ТжКБ ұйымдарында 700-ден астам кәсіпорынның қатысуымен Индустриялық кеңестер жұмыс істейді, ал мақсатты кадрларды даярлау түлектердің тиімді жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.«Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл шешім елдің дамуы мен оның экономикалық әлеуетін нығайтуда жұмысшылардың маңызды рөлін көрсетеді. Біз тек кездесулер өткізіп қана қоймай, нақты шаралар қабылдауымыз керек. Бүгінде облыста 20 мыңнан астам студент кәсіби білім алуда. Бұл оларға оқу барысында-ақ жұмысқа орналасуға мүмкіндік берсе, жұмыс берушілер үшін болашақ мамандарды өз кәсіпорындарына дайындауға жағдай жасайды. Құрметті жастар, бүгінде көптеген жұмысшы мамандықтар жоғары технологиялық сипатқа ие, олар техника, технология, тіпті бағдарламалау саласында терең білімді талап етеді. Осы мамандықтар барған сайын күрделене түсуде және қызықты бола бастады», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.Айта кетейік, өңірде кадрларға деген қажеттілік бойынша өңірлік карта – Ақмола облысының Жаңа мамандықтар мен құзыреттер Атласы әзірленді. Бұл жинақта жаңа, трансформацияланатын және жойылып бара жатқан мамандықтар ұсынылған. Олар өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, қызмет көрсету саласы сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Бұл Атлас білім беру процесін әрі қарай жоспарлаудың және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың негізіне айналады.Форумның ресми бөлімі Ақмола облысы колледж студенттерінің қолынан шыққан киім үлгілерін көрсетумен аяқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік серіктестер өздерінің табысты еңбек жолдары туралы бөлісті.Бағдарламаның соңғы бөлігі «ABYROY» тобының концертімен аяқталды.Форумның екінші жартысында мектеп оқушылары мен колледж студенттері түрлі мамандықтар бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, форсайт-сессияларында өздерін сынап көреді. Сессия спикерлері ретінде аймақтың жетекші сарапшылары мен әртүрлі салалардың өкілдері шақырылған.Форум екі күнге – 19-20 ақпан аралығында созылады.Бағдарламада: көрмелер, пікірталастар, кәсіби тренингтер, нетворкинг және басқа да іс-шаралар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/941344
Қызылорда облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылуда 21.02.2025
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен танысты.Оның аясында Сыр өңірінде 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы басталып, бүгінде 5-уі оқушылар мен ұстаздардың игілігіне табысталды. Биыл тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі.«Жайлы мектептерде» бастауыш және жоғары сыныптар бөлек блоктарда оқиды. Мобильді трансформер парталармен, әмбебап акт залымен, қауіпсіздік жүйесі, оқу-зертханалық құрылғылар және жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етілген.Айта кетейік, өткен жылы аймақта 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» табысталды. Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ. Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940014
Сыр елінде жаңа стадион ашылады 21.02.2025
Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа стадионның құрылыс алаңына барды. Өңір халқының сұранысына сай салынып жатқан жаңа стадион бокс, күрес, ауыр атлетика, футболшылардың жаттығу залдарымен, йога, гимнастика-акробатика, сауықтыру-денешынықтыру залдарымен қамтылатын болады. Стадионның тағы бір ерекшелігі – УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты. 11 мың орынға арналған, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.Бүгінде шығыс және батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау 100% аяқталып, қабырғалар мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Наурыз айында ғимараттың сыртқы қабырғалары, ішкі инженерлік желілері аяқталып, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру жұмыстары басталады. Нысан мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі орталығы» іске қосылғанын, жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена» және дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталатынын айтты.Мұнан бөлек, Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал, Жаңажол, Ақай, Арал ауданының Жақсықылыш, Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылдарында, Жалағаш кентінде жаңа спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 6, облыстық бюджет есебінен 2, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 2 спорт нысаны салынуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940020
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары жаңа автовокзалға барды 21.02.2025
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярды аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жаңа автовокзалдың жұмысымен таныстырды.Өткен жылы Қызылорда қаласының сол жағалауынан заманауи үлгідегі 200 орындық автовокзал пайдалануға берілген еді.Жаңа ғимарат жолаушыларға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған.Бүгінде автовокзалда облыс аудандарына, басқа өңірлерге қатынайтын маршруттарға, сондай-ақ, транзиттік бағыттағы автобустарға қызмет көрсетіледі. Жолаушылар автовокзалдан 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940021
Қызылорда облысында құрылыс қарқыны жоғары 21.02.2025
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қала аумағында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде соңғы 3 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі артқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім 153,8%. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артып, рекордтық деңгейге, 866,8 мың шаршы метрге жетті. 2022-2023 жылдары 4000-ға жуық пәтер пайдалануға берілсе, былтыр 2500-ден астам баспана кілті табысталды.Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алуда облыс 1948 пәтер көрсеткішімен республикада 2-ші орынға шықты.Айта кетейік, өңірде құрылыс жұмыстары республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғары. Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Өткен жылы 69 жаңа ғимарат салынды, оның 25-і білім, 16-сы денсаулық сақтау, 11-і мәдениет, 17-сі спорт саласына тиесілі.«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 21 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 5 білім ордасы пайдалануға берілді, 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынды.Облыстың барлық ауылындағы денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толық шешілді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4,8 млрд. теңге қаржы бөлді. Оның арқасыда Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды.Мұнан бөлек, 1 млрд. 100 млн. теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешендер алынып, бүгінде ауыл тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетуде. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 млрд. теңгеге жуық қаржыға облыс орталығы мен аудандарда жаңа ғимараттар, парктер, ойын алаңдары салынып, мемлекет теңгеріміне өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940022
Сыр елінде «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық ақындар айтысы басталды 21.02.2025
Сыр елінде Қызылорда және Алматы облысы ақындарының «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық командалық айтысы басталды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ақындар, зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.Жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай жүргізді. Командалық айтыста елімізге белгілі 20 ақын сөз сайыстырады.Ашылу рәсімінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деген болатын. Өнер мен мәдениетке, оның өкілдеріне қандай қолдау, қошемет жасасақ та жарасады.Осы ретте аймақтағы мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне «Тұран», журналист-қаламгерлерге «Жебе» арнайы сыйлығын табыстадық. Өткен жылы салынған көпқабатты жаңа тұрғын үйден мәдениет, өнер өкілдеріне алғаш рет 40 қызметтік пәтер берілді.Сыр бойындағы айтыс өнерінің ізбасарларының да жеңісті, жемісті сәттері көп болды. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың ізін жалғаған талантты ақын Мейірбек Сұлтанхан кезекті «Алтын домбыраны» жұртшылыққа тарту етті. Бұл өткен жылдың айтулы мәдени жаңалығына, Сыр руханиятының қуанышына айналды. Жаңа жыл басталысымен жерлесіміз, жас талант Бексұлтан Орынбасаров «Күміс домбыра» иеленді. Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Халықты сөз құдыретімен демеп, ізгілікке үндеген өнердегі шын жүйріктердің келесі кезеңге өтіп, ақтық сынға жолдама алып, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін! «Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, сөз сыйлаған тыңдарманға келелі ой айтып, тағылымды сайыс жасаңыздар! Баршаңызға сәттілік тілеймін!» – деді аймақ басшысы.Аламан айтысқа ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман, дәстүрлі әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Серік Құсанбаев, ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Мәдениет саласының үздігі Мырзабек Құдайберлі, күйші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы, жыршы, термеші, ұстаз, Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков қазылық етеді.Айта кетейік, былтыр аймақта «Руханият жылы» жарияланып, атаулы жылда игілікті істер мен жаңа жобалар жүзеге асты. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» және «Өнер орталығы» пайдалануға беріліп, жаңадан симфония оркестрі, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, іске қосылуда. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты мамыр айында пайдалануға беріледі. Облыстың мәдениет мекемелерінің 25 қызметкері Италия, Белорусь елдерінде біліктілік арттырды. Астана, Алматы қалаларында Қызылорда облысының Өнер күндері жоғары деңгейде өтті. Бұл үрдіс биыл республикамыздың өзге өңірлерінде жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940026
Жаңақорған ауданында «Руханият орталығы» ашылды 21.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданында «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.Мерекелік іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға, игі бастамаларға тоқталды.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» - деген болатын. Былтыр өңірімізде «Руханият жылы» жарияланып, атаулы жыл аясында мәдени-көпшілік шаралармен бірге ауқымды жобаларды да жүзеге асырдық. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы пайдалануға беріліп, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге "Үстел теннисі орталығын", «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі "Оқушылар сарайын" ел игілігіне табыстадық. Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Шығармашылық академиясы», "Орталық стадион" салынуда. Жаңа нысандар биыл мамыр айында іске қосылады."Руханият орталығы – бірліктің ордасы» рухани қазынамызды толықтыратын, жұртшылыққа қуаныш сыйлайтын орынға айналсын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақ болғай! Ел іргесі бекем, қуаныш құтты болсын!»,- деді Н.Нәлібаев.Жиында Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Дулатбек Әбіш жиналған қауымды құттықтады. Қоғам қайраткері, Нәжмадин Мұсабаев ақ батасын беріп, ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.Айта кетейік, биыл - Қызылорда тарихындағы маңызды жыл. Осыдан бір ғасыр бұрын мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығып, Кеңестердің Бүкілқазақстандық бесінші съезінде «Киргиз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» атауы «Қазақ автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» деп өзгертілген. Ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауы қайтарылып, республика астанасы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданған. Еліміздің алғашқы Үкімет басшылығы, басқару институттары осы жерде қалыптасып, нығайды. Алғашқы өнер, білім мекемелері ашылып, әсем ғимараттар бой көтерді.Биыл ұлт театрының іргетасы қаланған Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының құрылғанына 70 жыл толады. Кәсіби өнер ұжымы осы жылдары300-ден астам қойылымды сахналаған. Республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындар иеленген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940030
Аймақ басшысы Жаңақорғандағы жаңа нысандарға барды 21.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулатбек Әбіш Жаңақорған ауданындағы "Оқушылар үйі" және "Өнер мектебінің", "Саяжай" мөлтек ауданындағы «Жайлы мектептің» жұмыс барысымен танысты. Жаңа ғимаратта оқушыларға арналған өнер студиясы, тігін шеберханасы, музыка, хореография және ритмика, акробатика залдары орналасқан. Мұнда өскелең ұрпақ шығармашылығын, денсаулығын шыңдайды және қолөнермен айналыса алады.Үш қабатты "Жайлы мектепте" білім алушыларға қолайлы жағдай жасалған. Кең әрі жарық сыныптар, жоғары сапалы оқу құралдарымен, ақпараттық технологиялармен жабдықталған кабинеттер бар. Кітапхана, зертханалар және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер де қарастырылған. Ғимараттың әр қабатындағы инженерлік, жылу, жарық, су және желдету жүйелері заманауи талапқа сай орнатылған. Спорт залы мен демалыс орындары дене шынықтырумен айналысуға, түрлі спорттық жарыстар өткізуге лайықталған.Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды. Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ. Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.   Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940034