Қоғам
ҚР ІІМ ОРЫНБАСАРЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛІП, БАСТАМАЛАРДЫ ОҢ БАҒАЛАДЫ 15.01.2025
Ішкі істер министрлігінен Түркістанға арнайы келген ҚР ІІМ орынбасары Сәкен Сәрсенов департаменттің мәжіліс залында жеке құраммен жедел кеңес өткізді. Жиында 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс полицейлерінің атқарған жұмысы қаралды. Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы М.Қабденов баяндама жасады.Анықталған кейбір кемшіліктер бойынша сын-ескертпелер беріп, тапсырмалар мен ұсыныстарды дер кезінде орындау керектігін жеткізді. Бірқатар басшы құрам өкіліне шара көрілді. Қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеу бағытында жұмысты күшейтуді, заң мен тәртіпті сақтауды тапсырды.Одан әрі Жедел басқару орталығындағы цифрлық шешімдердің орындалуын тексеріп шықты. Облыстағы бейнекамералардың жұмыстарымен жіті танысты. Департамент қолданысындағы соңғы үлгідегі цифрлық технологиялардың жұмысын бақылады. Мұнда Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек, Цифрландыру бойынша әкімдіктегі басқарма басшысының орынбасары С.Байгутов та қонақта болды.Сонымен қатар қызметтік іссапар облыс әкімдігінде жалғасты. ҚР ІІМ-нің орынбасары С.Сәрсенов облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесті. Әкімдікте цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы М.Айнабеков және аппарат басшысы Е.Дауылбаевпен кездесу өткізді.Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары: «Цифрландыру – қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан ауқымды реформа. Яғни полицияның күнделікті қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану – Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі» деп, мүдделі тараптарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/918601
«МАРХАБАТ» ЖУРНАЛЫ МЕН «MARKHABAT.KZ» АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ 15.01.2025
Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында танымал жазушы Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толу құрметіне «Мархабат» журналы мен «Markhabat.kz» ақпараттық порталының таныстырылымы өтті. Әдеби басқосу халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың шығармашылығын дәріптейтін көрмені тамашалаудан басталды.Келелі жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, әйгілі ақын Нармахан Бегалыұлы, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, қаламгердің асыл жары Қыздаркүл Пернебайқызы, перзенті Ақлима, інісі Нышан Байғұт, сондай-ақ оқырман қауым қатысты.Басқосуды «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі журналист, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп отырды. Ал журналдың бас редакторы Оралхан Дәуіт журнал мен ақпараттық порталды таныстырды.Мархабат Байғұттың жанашырлығын көріп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алған шәкірттері, жас қаламгерлер атынан ақындар Мұқағали Кенжетайұлы мен Сезім Мергенбай өлеңдерін оқып, әдемі әсерге бөледі. Классиктің өзі орындаған әні мен сұқбаттарын бейнетаспадан тамашалаған көпшіліктің көңілі толқыды. Жамбыл облысынан келген бір топ қаламгер Мархабат Байғұтпен ерекше байланыста болған Шерхан Мұртазаның көптомдық жинақтарымен бірге облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын қоса тапсырды.«Мархабат» журналы екі мың дана таралыммен шығады. Жазылу индексі – 76104.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/918604
🥈🥉 Универсиада: Қазақстан қоржынында тағы екі медаль! 15.01.2025
Қысқы универсиада ойындарында еліміздің парашаңғышы Денис Зинов 10 км еркін жүрістен күміс медаль иеленсе, Роман Құрбанов қола медальға қол жеткізді. «Бұл жетістік еліміздің параспортшыларының қажырлы еңбегін, спортшыларымыздың қайсарлығы мен мықты рухын тағы бір мәрте әлемге паш етті. Екі спортшымызды да жеңістерімен құттықтап, болашақтағы жарыстарда одан да жоғары жетістіктерге жетуіне тілектеспін! Барлық спортшыларымызға алдағы сындарда табыс, күш-қуат тілеймін!» - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Әзірге Ұлттық құраманың қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола бар. Еліміздің спортшыларына алдағы ойындарында да жеңіс тілейміз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/918610
🏆 Универсиаданың үшінші күні Қазақстан үшін олжалы болды! 15.01.2025
Дүниежүзілік қысқы универсиадада жарыстың үшінші күні Қазақстан құрамасы тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, медаль қоржынын толтырды.Қыздар арасындағы фристайл-могулдың финалдық бәсекесіне қос қазақстандық спортшымыз шығып бақ сынасты. Анастасия Городко универсиада ойындарында ел қоржынына екінші алтын медальді сыйласа, Аяулым Әмренова күміс жүлдегер атанып, Қазақстанның тағы бір медальға қол жеткізуіне үлес қосты.Сонымен қатар Антон Бондарев универсиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.Қазір Қазақстанның еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 1 қола бар. Жалпы командалық есепте біздің ұлттық команда екінші орында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/918617
Жамбыл облысында жүзеге асатын ЖЭС (1 ГВт) жобасына 1,4 миллиард доллар инвестиция салынады 15.01.2025
Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабиге жұмыс сапары аясында Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесу өткізді, - деп хабарлайды akorda.kz сайты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Masdar компаниясы арасындағы серіктестік жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті. Президент компания өкілдерімен бірге Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға қатысты келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. Аталған ірі жобаға 1,4 миллиард доллар инвестиция салынады. Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Рамахи компанияның құрылыс жұмыстары бойынша жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ жоба аясында жел турбиналарының өндірісіне жергілікті өнімдерді қолдануға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Әл-Рамахи Masdar компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейте отырып, жаңартылатын энергетика және цифрландыру салаларындағы маңызды жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/918322
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады 15.01.2025
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев азаматтарды қабылдады.Бұл жолы 16 тұрғын білім, денсаулық сақтау, спорт, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары салаларына қатысты мәселелерін көтерді.Ербол Қарашөкеев барлық өтініш-тілекке нақты жауап беріп, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатудың заңды жолдарын ұсынды.Жауапты тұлғаларға өзекті сауалдарды егжей-тегжейлі зерделеуді, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.Айта кетейік, өңір басшысы 2024 жылы 35 жеке қабылдау өткізіп, 480 азаматтың мәселесіне құлақ түрді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/918598
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ПІКІРІ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫ ЕСКЕРІЛУІ ҚАЖЕТ 15.01.2025
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы кезекті аралау барысында «Ақтас» тұрғын алабындағы қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау орнына барды. Жануарларға жасалған жағдаймен танысып, жауапты тұлғаларға жүйелі түрде бақылау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету мен тамақтану мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін ескертті.Әрі қарай қала көшелерін, қоғамдық орындарды және аулаларды жаяу аралады. Атап айтқанда, Рашидов, Володарский, Қабанбай батыр, Төле би, Адырбеков, Диваев, Қазыбек би көшелерін, Қонаев және Тәуке хан даңғылын, «Қошқар-ата» өзені жағалауын, Диваев көшесіндегі гүлзарды және «Ордабасы» алаңын тексерді.Тексеру нәтижесінде аудан әкімдіктері мен бірқатар басқарма басшыларына көшелердің санитарлық жағдайына мониторинг жұмысын күшейтуді және істен шыққан жарықшамдарды дер кезінде ауыстыруды тапсырды. Қала басшысы барлық кемшіліктер жақын арада жойылуы тиіс екенін ескертті.«Қала тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуы керек және бұл ретте тұрғындардың пікірі мен ұсыныстары ескерілуі қажет»-деді, қала басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/918394
Қостанайда екі жаңа мектеп ашылды: қолжетімді және сапалы білімге маңызды қадам 15.01.2025
Бүгін Қостанай қаласында «Береке» және «Әуежай» шағынаудандарында екі заманауи мектептің салтанатты ашылуы өтті. Бұл білім беру мекемелері Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының бір бөлігіне айналды.Жоба әрбір балаға ыңғайлы және заманауи білім беру жағдайын жасауға бағытталған. Өткен жылы Қостанай облысында 1200 орындық екі мектеп салынса, 2025 жылы 4500 орындық тағы жеті жаңа оқу орны өз есігін ашады.Әлемдік стандарттарға сай білім беруБүгін ашылған мектептер қазіргі заманғы білім беру стандарттарына толық сәйкес келеді. Олар интерактивті тақталармен, STEAM-зертханаларымен және мамандандырылған кабинеттермен жабдықталған. Бұл оқушылар мен мұғалімдерге озық технологияларды қолдануға, виртуалды тәжірибелер жүргізуге және ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік береді.Әрбір мекеме ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға бейімделген. Сондай-ақ хореография және спорт залдары, коворкинг-аймақтар мен шығармашылыққа арналған алаңдар балалардың жан-жақты дамуына ықпал етеді.Шағынаудандар өсіп келеді – балаларға жағдай жақсаруда«Береке» шағынауданында 20 мыңнан астам адам, ал «Әуежай» шағынауданында 15 мыңнан астам тұрғын бар, оның ішінде шамамен 5 мыңы – балалар. Бұл мектептер осы аудандардағы белсенді дамып келе жатқан инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналады. Мұнда балабақшалар мен басқа да әлеуметтік нысандар салынуда.Білім – өңір дамуының негізіТобыл-Торғай өңірі – Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатов сынды ұлы ағартушылардың мекені. Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы және Міржақып Дулатовтың 140 жылдығы аталып өтіп жатқан жылы жаңа мектептердің ашылуы ерекше маңызға ие.Болашақ – жас ұрпақтың қолында«Жаңа мектептердің ашылуы – өңіріміздің және еліміздің болашағына жасалған инвестиция. Оқушыларымыздың ұлы тұлғалардың дәстүрін жалғастырып, ғылым мен мәдениетте жоғары жетістіктерге жетіп, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосатынына сенемін», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Осындай маңызды әлеуметтік бастамалар Қостанай облысының жоғары білім беру стандарттары бар өңір ретінде мәртебесін нығайтуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/918597
Ақмола облысы әкімінің орынбасары тағайындалды 15.01.2025
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісім бойынша Ақмола облысы әкімінің бұйрығымен Досұлан Айтбаев Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.Досұлан Ерланұлы Айтбаев Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген. Саясаттану магистрі. Мемлекеттік қызметте 17 жылдық еңбек өтілі бар.Еңбек жолын 2008 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданы әкімі аппаратының бас маманы ретінде бастаған.Қостанай облысы әкімі аппараты мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Білім және ғылым министрлігінде, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде түрлі жауапты қызметтер атқарған.Тағайындалғанға дейін Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымында болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/918016
Жарқайың ауданында 80 отбасы жаңа баспанаға ие болды 15.01.2025
Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы «Жастар» шағын ауданында 80 пәтерлі тұрғын үйдің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Қайта жөндеуден өткен бұл тұрғын үй әлеуметтік жағынан осал топтарға арналған, олардың тұрғын үй жағдайы Мемлекет басшысының тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған әлеуметтік бастамалары аясында жақсартылды.Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов қатысып, өз сөзінде: «Бұл үй — тек қабырғалар ғана емес, көптеген отбасы үшін жаңа өмір бастамасы, олар мемлекеттік қолдаудың арқасында баспанаға ие болды», — деп атап өтті.Бақытты қоныстанушылардың қатарында 17 көпбалалы отбасы, 36 жалғызбасты ана, 16 жетім бала, 8 мүмкіндігі шектеулі жан, 2 зейнеткер және мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған бір отбасы бар.«Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз енді жайлы жағдайларда өмір сүріп, балаларымыздың болашағын жоспарлай аламыз», — деп ризашылығын білдірді көпбалалы ана Сәрсек Гүлжанат.Осы жоба аясында басқа да азаматтар санатын қолжетімді және жайлы баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табады, бұл өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/918332
Электрондық сауданы дамыту мәселесі қаралды 15.01.2025
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында электрондық сауда нарығын дамыту мәселесі қаралды. Мәселені талқылау барысында Асхат Шахаров отандық өнімді әлемдік нарықта ілгерілету үшін қосымша табыс көзі ретінде электрондық сауданы пайдалану қажеттігін атап өтті.Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, облыста 36 мыңнан астам ШОБ субъектісі тіркелген. Оның ішінде 4726 кәсіпкерлік субъектісі интернет желісімен тапсырыс беру арқылы бөлшек саудамен айналысады.Кәсіпкерлер өз бизнестерін кеңейту үшін интернет-дүкендер мен әлеуметтік медиа сияқты әртүрлі платформаларды белсенді пайдаланады. Көптеген туристік агенттіктер мен қонақ үйлер өз қызметтерін онлайн платформалар арқылы да ұсынады. Тұрғындар қажетті тауарларға қолжетімді баға және маркетплейстер арқылы кең көлемде тапсырыс бере алады.Халық арасында ең танымал интернет-дүкендер мен маркетплейстер: Kaspi, Wildberries, Ozon және тағы да басқалары.Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық коммерцияның (маркетплейстерді қоса алғанда) үлесі 12,7% құрады. Ақтөбе облысында электрондық коммерция көлемі 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7,9 млрд теңгеге жетті (Қазақстан бойынша 6-орын). Болжам бойынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 9,0 млрд теңгені құраған.ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, отандық маркетплейстердің ұсыныстарын ескере отырып, электрондық коммерция кәсіпкерлерін оқыту курстарын іске қосты. Былтырғы жылы 9 оқыту семинары өткізілді, оның 7 онлайн-форматта.«Қазпошта» АҚ АОФ директоры Динара Хасанғалиева атап өткендей, «Қазпошта» Қазақстанның барлық аумағында тауарларға халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, инфрақұрылымдық алаң ретінде электрондық сауданы дамытуға ықпал етеді.«Біз компанияның экожүйесін дамытып жатырмыз, Keden, Keruen қызметтері іскерлік серіктестікті дамытудың негізгі қызметтерінің біріне айналды. Бүгінде АҚШ, Германия, ҚХР, Оңтүстік Кореяның әлемдік электрондық алаңдарында тапсырыс берген клиенттер өз тауарларын Қазақстанда көрсетілген мекенжайға дейін ала алады. Qazpost Keruen сервисін жетілдіру және Ұлыбритания, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерді қосу жоспарлануда», - деді Динара Хасанғалиева.Облыс әкімі сауда саласындағы процестерді цифрландыруды жеделдетуді және озық IT-шешімдерді енгізуді, отандық онлайн-дүкендерді дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды. Ол үшін төлем жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және курьерлік қызметтер жұмысының тиімділігін арттыру керек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/917967
Биыл Талдысайда 60 орындық мектеп салынады 15.01.2025
Алға ауданына сапары барысында облыс әкімі Асхат Шахаров бұл жаңалықты Талдысай ауылының тұрғындарына жеткізді. Өңір басшысы ауылда бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.Ол алдымен ауылдық медпункт жұмысымен танысты. Жазда мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмсалған қаржы 30,2 млн теңгені құрайды. Шатыры мен терезелері ауыстырылып, едені қайта қалпына келтірілді, қасбеті боялды. Медициналық пункт күніне 30 келушіні қабылдауға қауқарлы.Сондай-ақ, өңір басшысы Талдысайда жұмыс істеп тұрған бастауыш мектепте болды. Оқу орны 80 орынға шақталған, бүгінде 34 оқушы білім алады. Мектепте компьютерлік сынып, кітапхана, психолог кабинеті, спортзал және буфет бар. Ғимарат 1975 жылы бой көтерген, апатты деп танылған.«Біздің мектеп ескі және ұзақ уақыттан бері жаңартуды қажет етіп тұр. Мен 1991 жылдан бері бұл мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Көптеген әріптестерім сияқты, мен де барлық заманауи стандарттарға жауап беретін заманауи, жайлы мектепте сабақ беруді армандаймын. Үш жыл бұрын жаңа мектеп салынатыны туралы айтылды. Әрине, біз қатты қуандық. Бірақ әзірге бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Бүгінгі таңда заманауи техникалармен жабдықталған көптеген жаңа мектептер ашылуда, және біз оқушылар үшін одан да жақсы әрі сапалы білім беру кеңістігін құрсақ дейміз», - деді Балжан Бүркіталина.Мұғалімдерді тыңдағаннан кейін, облыс әкімі Асхат Шахаров биыл Талдысайда 60 орындық жаңа мектептің құрылысы басталатыны туралы жаңалықпен қуантты.«Кез-келген ауыл үшін мектептің болуы – ең маңызды мәселе. Биыл мұнда 60 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. Ол заман талабына сай келетін оқу кабинеттерімен, спортзалмен, акт залы және медициналық пунктпен жабдықталады, бұл балаларды оқыту процесін жеңілдетеді.Қазір облыста 25 мектеп салынып жатыр, оның ішінде 14 білім беру орны «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында бой көтеруде. Жаңа мектептерді іске қосу оқушылардың оқуына қолайлы және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етіп қана қоймай, үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге және апатты жағдайдағы ғимараттар мәселесін жоюға септігін тигізеді», - деп атап өтті әкім.Өңір басшысы 68 түтіні бар Талдысай ауылының дамығанын атап өтті. Ауылдағы жолдар жақсы жағдайда. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен ауыл тұрғындары өз істерімен айналысуға мүмкіндік алды, бұл халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді. Ауылдың өмірі мен дамуына белсенді қатысып жүрген тұрғындарға алғысын білдірген облыс әкімі оларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретініне сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/918500
Алғада жаңа жобамен салынған балабақша жұмыс істейді 15.01.2025
Алға қаласында әкім қаңтар айының басында ашылған «Сафия» балабақшасында болды. Мектепке дейінгі мекеме жеке қаражат есебінен салынған. Ғимарат – 250 орындық. Қазір 108 бала тәрбиеленуде. Балабақшада тоғыз ойын бөлмесі, балаларға арналған жатын және жуынатын бөлмелер бар. Әр топқа жеке-жеке кіреберіс жасалған, бұл ата-аналарға өте ыңғайлы. Сондай-ақ, ас үй мен киім жуатын орын қарастырылған.Өңір басшысы әр топтың балаларды тәрбиелеудегі шарттарымен танысып, бүлдіршіндерге жасалған жағдайды бағамдады.«Балалардың жайлы және қауіпсіз жағдайда өсуі маңызды. Бұл негізгі басымдылық және мұндай жобалар балалар өсіп, дами алатын ортаны құруға көмектеседі, ал ата-аналар олардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне сенімді болады. Осы балабақшаны салу жобасын басқа аудандарда да пайдалануға болады деп ойлаймын», - деді әкім.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/918570
Алға аудандық ауруханасына компьютерлік томограф сатып алынды, жақында «ФЛЮКАР» және маммограф құрылғысы жеткізілмек 15.01.2025
Өңір басшысы Асхат Шахаров Алға аудандық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ауруханада жылыту жүйесі, терезелер, есіктер, еден жабыны толығымен ауыстырылып, шатыр жұмыстары жүргізілді.Бас дәрігер Әлібек Қуашов 1975 жылы салынған аурухана күніне 500 келушіге есептелгенін айтты. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда 71 төсек-орын бар. Науқастар күндізгі стационарда 90 төсек-орындық ем ала алады. Мұнда 70 дәрігер және 273 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Емдеу мекемесіне 1 ФАП, Алға ауданының 19 амбулаториясы бекітілген. 2024 жылы ас блогы мен шаруашылық корпусының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген.Облыс әкімі аяқталған жөндеуден кейін аурухананы қарап, пациенттер үшін жасалған жағдайлармен танысты. Ол халыққа, әсіресе ауылдық жерлерде сапалы және қолжетімді көмек көрсету үшін медициналық мекемелерді жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.«Аудандық ауруханада 187 млн. теңгеге компьютерлік томограф орнатылды. Жақында мұнда жаңа жылжымалы флюрография кешені және маммограф құрылғылар жеткізіледі. Біз жергілікті бюджет арқылы аудандардағы медициналық мекемелердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге тырысамыз. Сондай-ақ, мәслихат депутаттары әрқашан ауылдық денсаулық сақтау саласының сауалдарын қолдайды», - деді А.Шахаров.Өз кезегінде аурухана қызметкерлері жергілікті билік органдарының ауылдық денсаулық сақтау саласына көңіл бөлгені үшін алғыстарын білдірді.«Ауруханада өте жақсы жөндеу жүргізілді, ас блогы мен шаруашылық блогы да жөнделді. Осындай жақсы бастамалар тек аудан орталығында ғана емес. Жақында шалғай ауылдарда екі медициналық пункт ашылды, дәрігерлік амбулатория салынуда. Айта кету керек, ауданның санитарлық көлік паркі 100%-ға жаңартылып, жедел жәрдем қызметінің жұмысын жақсартты», - деді эпидемиолог-дәрігер Әмет Нәбиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/918592
Облыс әкімі Асхат Шахаров Алғада жаңа баспаналы болған тұрғындардың қуанышымен бөлісті 15.01.2025
Алға ауданына жұмыс сапары барысында Асхат Шахаров жылдың басында жаңа баспанаға қол жеткізген алғалықтармен кездесті.Алға қаласындағы 19 үш бөлмелі пәтердің кілтін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезегінде тұрған отбасылар алды. Жаңа қоныс иелері тұратын №22 үй Алға қаласындағы Есет батыр көшесінде орналасқан. Ол республикалық және облыстық бюджеттер есебінен қайта жаңартылды. Жұмысты «Н.Мұратбаев» ЖК жүргізді.«Ел Президентінің тапсырмасы бойынша мұқтаж азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асырудың арқасында біз алға қойылған мақсаттарға қол жеткіземіз. Алға ауданында әлеуметтік қолдау және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері басым міндеттер қатарында қалып отыр. Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың әлеуметтік санаттарына ерекше көңіл бөлінеді», - деді әкім.Жаңа баспана иелері Асхат Шахаровпен кездесу барысында берілген тұрғын үйлер жайлы әрі жылы екендерін айтып, алғыстарын білдірді.«Мен сегіз бала тәрбиелеп отырмын. Мемлекеттік қызметшімін. Осы уақытқа дейін отбасыммен бірге берілген қызметтік тұрғын үйде тұрып келдік. Енді міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, үш бөлмелі жарық және кең пәтеріміз бар. Біз қазір жайлы жағдайда өмір сүруге мүмкіндігіміз бар екеніне өте қуаныштымыз», - дейді «Алтын алқа» алқа иегері Гүлшат Нұрымбетова.Облыс әкімі Алға тұрғындарына ел Президенті қойған азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған барлық тапсырмалары мемлекеттік бағдарламалар аясында шешілетінін тағы да еске салды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/918596
ШҚО-да жастарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары 15.01.2025
Елімізде жастарды әлеуметтік қолдау мен сапалы білім алуға жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2025 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттердің стипендиясы екі есе өссе, магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 1,75 есе артады. Бакалавриат студенттері 52 372 теңге, педагогикалық және медициналық бағытта оқитындар 84 000 теңге, магистранттар 117 098 теңге, докторанттар 262 500 теңге көлемінде стипендия алады.Шығыс Қазақстан облысында бұл бағытта ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жастарды қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.«Мемлекетіміз жастарды қолдауға үлкен көңіл бөлуде. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтқандай, жастар – елдің ертеңі, ал олардың білім алып, дамуы – біздің басты міндетіміз. Біз олардың алға қойған мақсаттарына жетуі үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Бұл – болашағымызға салынған инвестиция», – деді Ербол Жолдасбекұлы.Оның айтуынша, мемлекет студенттердің тек білім алуына ғана емес, олардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөліп отыр.«Әлеуметтік осал топтағы жастарға жеңілдіктер мен қолдау шараларын ұсыну – олардың өмір сапасын арттырудағы маңызды қадам. Бұл ретте, аймақтағы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Қазақ-американ еркін университеті студенттерге әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше мән береді. Бұл оқу орындарында студенттерге оқу төлемақысынан 10%-дан 50%-ға дейін жеңілдіктер беріледі», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.Жетім балалар, көп балалы отбасылардан шыққан студенттер, мүгедек студенттер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары жатақхана орындарымен және оқу төлемақысынан жеңілдіктермен қамтамасыз етілуде. Мысалы, С.Аманжолов атындағы университет талантты жастарға арнайы Абай және Аманжолов шәкіртақыларын тағайындап, олимпиада жеңімпаздарына оқу ақысын 100% жеңілдікпен ұсынады.Сонымен қатар, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ әлеуметтік қолдауды жүйелі жүргізіп келеді. Университет көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге ай сайын 15 000 теңге көлемінде көмек көрсетеді, ал әлеуметтік қиын жағдайда қалған студенттерге 10 000 теңге беріледі. Жатақханаға мұқтаж студенттер үшін 50% жеңілдіктер ұсынылып, жетім балаларға тегін орындар бөлінеді. ҚАЕУ-де де студенттерге арнайы гранттар мен жеңілдіктер қарастырылған, 2024 жылы 11 студент 5,35 миллион теңге көлемінде грант алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/917861
"Ұлттық кітап"республикалық конкурсына қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталды 15.01.2025
Республикалық "Ұлттық кітап"конкурсына қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталды.Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған байқау ұлттық кітап күні қарсаңында өткізіледі.Байқаудың негізгі мақсаты-оқырман мәдениетін қамтамасыз ету, қазақ әдебиеті мен руханиятын дамытуға жәрдемдесу, кітаптардың үздік авторларын анықтау, аудармашыларды, Баспагерлер мен кітап дизайнерлерін қолдау және ынталандыру.Байқау 10 номинация бойынша өтеді:1) балаларға арналған ең жақсы кітап2) үздік комикс3) үздік фантастикалық емес кітап4) детектив жанрындағы ең жақсы кітап5) сатира жанрындағы ең жақсы кітап6) ең жақсы иллюстрацияланған кітап7) Үздік аударма кітабы8) үздік фантастикалық кітап9) Үздік баспагер10) "жыл кітабы" Гран-приіКонкурсқа соңғы 2 жыл ішінде шығарылған жұмыстар қабылданады. Қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін түскен жұмыстар тіркелмейді.Өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 15 қаңтардан 1 сәуірге дейін жүзеге асырылады.Толығырақ ақпаратты телефон арқылы алуға болады: +7 775 897 7788, +7 727 397 61 15.Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен 23 сәуірде атап өтілетін "ұлттық кітап күні" атты жаңа мереке құрылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/917893
Алматыда "Birlik"ансамблінің концерті өтеді 15.01.2025
30 Қаңтарда Almaty Theatre сахнасында Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының "Birlik" ансамблінің концерті өтеді.Гала-концерт Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу аясында 2025 жылдың басты оқиғаларының бірі болмақ.Бұл концерттің мақсаты - көрермендерді би, әндер мен түрлі этностардың музыкалық шығармаларынан тұратын Қазақстанның бай ұлттық өнерімен таныстыру.Концерттік бағдарламада Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның және Татарстанның көрнекті хореографтарының түрлі халықтардың мәдениетін, жанды музыкасын және қойылымдарын бейнелейтін орасан зор хореографиялық қойылымдар ұсынылатын болады.Айта кетейік, "Birlik" шығармашылық ұжымы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2024 жылдың 1 наурызында Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан құрылған болатын. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/918407
«Жер қойнауын пайдалану» бөлімі бойынша ақпараттық хабарлама 15.01.2025
Ірі мұнай-газ жобаларында елішілік құндылықты одан әрі дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Энергетика министрлігі Өкілетті органмен бірлесіп Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімдерде мұнай-газ жобаларының ірі операторларының Электрондық сатып алуларды енгізуі бойынша жұмыс жүргізуде. Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде 2024 жылғы 18 желтоқсанда Солтүстік Каспий жобасының операторы тендерлік процестерді қамтитын E-procurement Электрондық сатып алу жүйесін іске қосты, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді әлеуетті жеткізушіден өтініш берген сәттен бастап және тиісті шарттар жасасқанға дейін. Осындай шарттарды жасасу және сүйемелдеу кезеңінен бастап оны аяқтағанға дейін толыққанды циклды іске асыру 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/918525
2024 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 1,1 млн астам қызмет алды 15.01.2025
2024 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы мүгедектігі бар адамдардың 1,1 млн-нан астам тапсырысы орындалды, оның ішінде: оңалтудың техникалық құралдарына (бұдан әрі – ОТҚ) шамамен 974,6 мың, ымдау тілі қызметтеріне 8,8 мың, жеке көмекшінің қызметтеріне 27,1 мың, санаторийлік-курорттық емдеу қызметтеріне 99,9 мың тапсырыс.Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.Қазіргі уақытта Порталда 856 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші (бөлімшелер), 845 ОТҚ жеткізуші, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 763 ымдау тілі және 116 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/917868