Қоғам
ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 6064 АЗАМАТ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ 22.11.2024
Түркістан қаласында жыл басынан бері 6064 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.Бұл жайында қалалық «Мансап орталығының» Жұмыс іздеушілерді қолдау бөлімінің басшысы Уалихан Тінейбайұлы тікелей эфирде баяндады. Орталықтың инстаграм және facebook парақшаларында өткен тікелей эфирде жыл басынан бергі көрсеткіштер айтылды. Сондай-ақ тұрғындардың көкейкесті сауалдары талқыланып, тұшымды жауап берілді.Баяндамаға сүйенсек, биыл қалада субсидияланған жұмыс орындары 2543-ті құраған.Қоғамдық жұмысқа 1308 адам, алғашқы жұмыс орнына 135 азамат, әлеуметтік жұмыс орнына 144 маман жолданған. Ал «Жастар практикасымен» 780 азамат жұмысқа орналасса, «Күміс жас» жобасы арқылы 176 азаматқа көмек көрсетілген.Одан бөлек, ұлттық жоба шеңберінде 35 жоба, 478 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның 30 жобасы іске асырылып, бүгінде 426 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтарды да жұмыспен қамту шаралары жүйелі жүзеге асуда. Атап айтқанда, биыл ерекше қажеттілігі бар 20 азамат квотамен жұмысқа тұрды. Пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар да қолдау алып, 15-і жұмыспен қамтылып үлгерді.Жоғарыда айтылған жұмыстардың нәтижесі бойынша шаһарда жұмыссыздық деңгейі биыл 4,9%-ды құрап отыр.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/889003
ТҮРКІСТАН: 12 ЖАСТАҒЫ КЕЛЕСТІК ОҚУШЫ SMART САРҚЫРАМАНЫҢ МОДЕЛІН ҚҰРАСТЫРДЫ 22.11.2024
Келес ауданында орналасқан Ә.Молдағұлова атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің 6-сынып оқушысы Әділбек Думан келешекте ақылды үйлерге арналған smart сарқыраманың моделін құрастырды. Оның ерекшелігі – адамдарға бос уақытында судың дыбысынан, табиғаттың көрінісінен, салқын ауада психологиялық тұрғыда демалуына жағдай жасау дейді, - оқушының ғылыми жетекшісі Шамсияат Алтаева.– Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Табиғат ғылымдарын терең меңгергенде ғана біз өзіміздің айналамызды толық зерттеп білеміз. Жалпы ғылымда «дыбыс толқындары» деген ұғым бар. Судың дыбысы егер шамадан тыс аспаса, адам денсаулығына пайдасы бар екендігі медицинада дәлелденген. Сондықтан шәкіртім Думанның, үйлерге сарқырама қою идеясы қай тұрғыдан алып қарасақ та тиімді әрі пайдалы болмақ, – дейді мектеп мұғалімі.Думан жас кезінен ізденімпаз, талапшыл. Жас ғалым жақында ғана өткен «Зерде» оқушылардың ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/889005
ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ҚОЛДАУ ТАПҚАН ЕРЕКШЕ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА 22.11.2024
Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында өз нәтижесін беріп жатыр. Ауыл тұрғындарының бірі жаңадан кәсіп ашса, бірі шағын кәсіпорнын кеңейтіп, әл-ауқатын жақсартып келеді. Халықты аграрлық бизнеске тарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қолдау мақсатындағы мемлекеттік жоба жоспарға сай орындалуда.Түркістан өңірінде биыл 160 жоба толықтай қаржыландырылып, 1,1 миллиард теңге игерілді. Өсімдік, балық, құс және мал шаруашылығын дамыту, кәсіпорындар мен кооперативтерді техникамен қамту, жеңіл өнеркәсіп өндіру сынды жалпы 7 бағыт бойынша жобалар қолдау тапты. Олардың арасында ерекше өнім жасап шығарып, сұранысқа ие болған кәсіпорындар бар.«Түркістан» ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаевтың айтуынша, бағдарламаға 16 аудандағы 64 ауылдық округ қатысқан. Кооперативтерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге басымдық берілді. Осы жылы өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі іске қосылды. Онлайн қабылдау жүйесі - кәсіпкерлердің уақытын тиімді пайдаланып, қолжетімділікті арттыруға септігін тигізуде.Еске салсақ, 2023 жылы бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлінді. 6 бағыт бойынша 3200-ден астам жоба жүзеге асырылды. Өткен жылғы жоспар 103 пайызды құрап, артығымен орындалды. Жоба аясында өндірілген өнім көлемі бойынша Түркістан өңірі елімізде көш басынан көрінді. Сондай-ақ 3413 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, түркістандықтар «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көруде.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/889009
ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ЖАСЫЛ БЕЛДЕУДЕ» АҒАШТЫ КҮТІП-БАПТАУ, ТОЛЫҚТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ 22.11.2024
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында күзгі тал егу, тазалық жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгін экологиялық шара аясында ауқымды сенбілік өтті. Әуежай бағытындағы жолдың бойы жаңа көшеттермен толықтырылып, тіректерді жөндеу және жабайы шөптерді тазарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы 240 га жерге түрлі ағаш көшеттері отырғызылған. Олардың қатарында боз арша, жай арша, қарағаш, терек, айлант, жиде, тұт, бадам секілді көшет түрлері бар.Аталған шараға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық ауыл шаруашылығы және облыстық ветеринария басқармасы мен «Жасыл аймақ» мекемесінен жалпы 3 мыңнан аса адам қатысып, 200-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облысымызда күз және көктем мезгілдерінде ағаштар егу дәстүрге айналып келеді. Тереңдігі мен тамырының орналасуы бақылауда. Ауа райының ерекшелігін есепке алып, ағаштардың жерсіну көрсеткішін арттыруға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында қала айналасынан жасыл желекті алқап құрылған болатын. Бүгінгі таңда «Жасыл белдеуде» толықтыру және күтіп-баптау, қала аумағын тазалау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда, – деді басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев.Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, күзгі көгалдандыру жұмыстары қараша айының ортасында басталған болатын. Бұл жұмыстар 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Сонымен қатар биыл күз айларында өңірде 467 мың түп көшет егіледі деп күтілуде.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/889011
Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері марапатталды 22.11.2024
Бүгін Қостанай облысында Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Бұл күні өңірдің және тұтастай алғанда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға елеулі үлес қосатын үздік аграрийлер құрметке ие болды.Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөзінде аталған мерекенің өңір үшін, атап айтқанда Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы қызметкерлері еңбегінің маңыздылығын атап өтті.«Біз астықты өлкеде тұрамыз және облысымыздың жетістіктері жермен жұмыс істейтін адамдардың еңбегіне тікелей байланысты. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында біз рекордтық өнім жинадық, ал біздің облысымыз дамып, ауыл шаруашылығы саласына инновацияларды енгізуді жалғастыруда», — деді Ақсақалов.Іс-шарада өзінің кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары:«Парасат» ордені:• «ПКФ Қайрат» ЖШС директоры (Қамысты ауданы) ТөремұратӨтеповке• «Жас Қанат 2006» ЖШС бас директоры (Рудный қ.) Қайрат Маишевқа• «Құрмет» ордені:• «Тогас и К» ЖШС директоры (Қарабалық ауданы) Руслан Қабаевқа• «Асар 1» шаруа қожалығының басшысы (Арқалық қ.) Николай Поспеловқа•III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «Жаңабек» ЖШС (Алтынсарин ауданы) агрономы Төлеген Сүлейменовке;• «Ерен еңбегі үшін» медалін ҚР АШМ АӨК ҚМИ «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Қамысты аудандық филиалы басшысының міндетін атқарушы Елизавета Рязанцеваға табысталды.Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградалары:• «Еңбек ардагері» медалі: Қали Балгураевқа (Амангелді ауданы), Иван Шписке (Денисов ауданы), Абай Өмірбаевқа (Қамысты ауданы) және басқаларға;• «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі «Айдала» ЖШС директоры (Алтынсарин ауданы) Лариса Стороженкоға, «Сарыағаш» ЖШС бас агрономы (Денисов ауданы) Берік Сейітмұратовқа және басқаларға;• ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы» агрономдарды, шаруашылықтардың басшылары мен механизаторларын қоса алғанда, бір топ саланың үздік қызметкерлеріне табысталды.Бұл марапаттар – Қостанай облысының ауыл шаруашылығында және қайта өңдеу кәсіпорындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жоғары кәсібилігі мен өз ісіне адалдығының белгісі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/888937
Өзбекстандағы әлемдік жәрмеңкеде Астананың туристік әлеуеті таныстырылды 22.11.2024
«Астана даму орталығы» ЖШС «Жібек жолындағы Туризм» (ТХТЖ-2024) 29-шы Ташкент халықаралық туристік жәрмеңкесіне қатысып, Visit Astana туристік брендін ұсынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Ташкент халықаралық туристік жәрмеңкесі – жыл сайын Дүниежүзілік Туристік Ұйымның (UNWTO) ресми қолдауымен өткізілетін Орталық Азиядағы ең ірі туристік көрме. Биыл жәрмеңке алғаш рет «CAEx» жаңа халықаралық көрме орталығының (Central Asian Expo Uzbekistan) алаңында өткізіледі.Ұйымдастырушылар – Өзбекстан Республикасының экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі, Туризм комитеті, «Ұлттық PR-Орталық» Мемлекеттік унитарлық кәсіпорны және «Team & Co Group» компаниясы.Аталған жәрмеңке аясында туризм саласындағы жетекші халықаралық мамандардың қатысуымен форум, сондай-ақ ТМД, Азия және Еуропа елдерінен мемлекеттік және жеке компаниялардың өкілдері арасындағы B2B кездесулер, дөңгелек үстелдер, «Craft Fair Uzbekistan» туристік қызметтер мен қолөнер өнерінің көрмелері өтеді.Бұл форум Астанаға халықаралық аренада танымал болу, іскерлік байланыстар орнату және туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/888892
Астанада батуттық гимнастикадан қалалық чемпионат өтіп жатыр 22.11.2024
Астанада батуттық гимнастикадан қалалық ашық чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Жарыста Астана қаласы әкімдігінің №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушілері, жергілікті жеке клубтардың спортшылары және Петропавл қаласынан келген 170 қатысушы бақ сынап жатыр.«Астанада батуттық гимнастикамен 361 спортшы айналысады. Оның ішінде 124 спортшы №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде жаттығады. Бүгінгі ашық чемпионат қалада 2-3 жылда бір рет өтеді. Чемпионаттың нәтижесінде үздік спортшылар іріктеліп, Астана қаласының құрамасы жасақталады. Бұл жарыс жас спортшыларға жоғары жетістіктерге жетуге жаңа мүмкіндіктер ашып, қаланың спорттық өмірінде маңызды кезең болып саналады. Сонымен қатар елордада батуттық гимнастиканың дамуына үлкен серпін береді», – деді Астана қаласының Батуттық гимнастика федерациясының атқарушы директоры Нұрбол Тоқпанов.Айта кетейік, жарыс Қорғалжын тасжолы, 2А мекенжайында орналасқан Батуттық гимнастика орталығында өтіп жатыр. Чемпионат 23 қарашаға дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/888897
Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Торлан су қоймасынан су жіберетін қашыртқыны қалпына келтірді. 22.11.2024
Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Торлан су қоймасынан су жіберетін қашыртқыны қалпына келтірді. Нысан үй ауласындағы бау-бақшаларды сумен қамтамасыз етуге арналған. Су қоймасының жалпы сыйымдылығы 1.9 млн текше метр. Сондай-ақ, су қоймасынан Шолаққорған ауылына дейінгі жалпы ұзындығы 21 шақырым жерасты құбыры салынды. Қалпына келтіру тасқын суды қауіпсіз аймаққа бағыттауға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/888969
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды 22.11.2024
✔️Заң азаматтардың, қандастардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қатысты мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.✔️Түзетулердің бірінші блогы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Отбасы банкінің негізінде тұрғын үй кезегіне қоюды, есепке алуды және бөлуді бір орталықтан жүзеге асыратын кешенді даму және қолдау институтын құруды көздейді.✔️Сонымен қатар Отбасы банкі жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді жалғастырады.✔️Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл, бірінші кезекте, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.✔️Түзетулердің екінші блогында тұрғын үйге мұқтаж адамдар үшін қосымша кепілдіктер енгізу қарастырылған.✔️Түзетулердің үшінші блогы мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілген тұрғын үйді иелену және пайдалану тетігін регламенттейтін ережелерді толықтырып, нақтылайды.✔️Түзетулердің төртінші блогы жер заңнамасының жекелеген ережелерін, құрылыс, жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру саласындағы заңнамаларды жетілдіруге бағытталған. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/888996
Қарулы күштерде ЖЖМ қызметінің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітіледі 22.11.2024
Қарулы күштер Тылы бастығының басқармасы қорғаныс ведомствосы басшысының «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі қызметтердің (жанар және жағармай материалдары қызметінің) жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығының жобасын дайындады.Нормативтік құқықтық акт ЖЖМ қызметінің жұмысын ұйымдастыру бөлігіндегі құқықтық олқылықтарды жою мақсатында әзірленді.Нұсқаулық жанар және жағармай материалдарымен, арнайы сұйықтықтармен, техникалық құралдармен жабдықтау және олардың сапасын қамтамасыз ету мәселелерін егжей-тегжейлі баяндайды. Сондай-ақ, құжатта улы техникалық сұйықтықтармен жұмыс істеу, қауіпсіздік шараларын сақтау және өрттен қорғау тәртібі анықталған.Қорғаныс министрі бұйрығы жобасының толық мәтінімен «Электрондық үкімет» порталында ағымдағы жылдың 5 желтоқсанына дейін «Ашық НҚА» бөлімінде мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15302943 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/888916
Өскемендегі әскери бөлімде ағайынды егіздер қызмет етеді 22.11.2024
Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде ағайынды егіздер мерзімді қызмет өткеруде.Түркістан облысының тумалары Нұрсұлтан мен Жансерік Жақсан бала күнінен бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Ағайынды егіздерде әскерге барамыз ба не ьармаймыз ба деген ой болған емес. Олар қолына шақырту алған күні-ақ жергілкті әскери басқару органының табалдырығын еш ойланбатан аттады.Алғашында жігіттер әртүрлі бөлімшелерге бөлінді. Командир ағайындылардың біріне тапсырма беріп, оны екіншісінен орындауды талап еткен күлкілі жағдайдан соң ғана бәрі жігіттердің егіз екенін білді.Олар одан әрі қызметін бір бөлімшеде жалғастырды. Полигондарда және кез келген күнделікті қызметте жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде Нұрсұлтан мен Жансері бір-біріне ғана емес, қолдауды қажет ететіндерге де үнемі көмектеседі. Жарты жылдан кейін әскери бөлімге Өскеменнен тағы да егіз ағайынды Мәди мен Әли Романовтар келді. Олардың тарихы көптеген әріптестердің қызығушылығын тудырды. Кейін белгілі болғандай, Мәдидің әскерге бара жатқанын білген Әли оқу орнынан академиялық демалыс алып, ағасының соңынан әскерге тартып отырған.Қазір Мәди мен Әли әскери өмірге бейімделіп, дайындықтан өтуде. Егіз бауырлармен Нұрсұлтан мен Жансерік те өз тәжірибелерін бөлісіп, оларға қамқорлық көрсетіп тұрады. – Басшылықтың, аға жолдастардың тұрақты қолдауының және күнделікті сабақтардың арқасында біз көп нәрсені үйрендік. Нұрсұлтан мен Жансерікке де ризамыз. Олар бізді өздері егіз болған соң бізді тезірек түсінеді, әрі осында игерген нәрселерін жеткізуге тырысады, – дейді ағайынды Романовтар.Осындайда ағайынды әрі әріптестер егіздерге қарап, кез келген қиындықты тек бірге жеңуге болатындығын түсінуге болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/888933
Қазақстан СІМ-де еліміздің Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялағанына 30 жыл толуына арналған пошталық маркаға салтанатты мөр басу рәсімі өтті 22.11.2024
Астана, 2024 жылғы 22 қараша – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Бала құқықтары туралы конвенцияны (БҚК) Қазақстан Республикасының ратификациялағанына 30 жыл толуына және Бүкіләлемдік бала күніне арналған ескерткіш пошта блогына мөр басу салтанатты рәсімі өтті.БҚК Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ратификациялаған халықаралық келісімдердің бірі болды. Осы арқылы еліміз әр бала үшін тең құқықтарды қамтамасыз ету бойынша жаһандық міндеттемелерді өз еркімен қабылдады. Конвенция балаларға қолайлы қоғам құрудың негізгі құжатына және Қазақстанның ЮНИСЕФ-пен ұзақ мерзімді ынтымақтастығының негізіне айналды.Рәсімге ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Рашед Мұстафа Сарвар және «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі Талғат Ғазизов қатысты. Шараға сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.Өз сөзінде Д.Теменов Бала құқықтары туралы конвенцияның маңыздылығын тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін де ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында балалардың әл-ауқатын жақсартуды «Қазақстан мемлекеттік саясатының басты басымдығы» деп атағанын еске салды. Дипломат ұлттық деңгейде балалар құқықтарын жүзеге асыруға қолдау көрсеткен барлық серіктестерге алғысын білдіріп, болашақтағы тиімді ынтымақтастыққа сенімін жеткізді.Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі соңғы 30 жылда Қазақстан мен ЮНИСЕФ балалардың әл-ауқатын жақсарту бағытында бірлесіп жемісті жұмыс атқарғанын атап өтті. Бұл денсаулық сақтау, білім беру және балаларды қорғау салаларындағы айтарлықтай прогресті қамтиды. «Бұл мерейтой тек өткенді қорытындылауға ғана емес, жаңа сын-қатерлер мен басымдықтарды анықтауға да мүмкіндік береді. Әр балаға қолдау көрсету үшін тұрақты шешімдер әзірлеуді жалғастыру және олардың құқықтарын тұрақты даму мақсаттарына сәйкес қорғау өте маңызды», – деп атап өтті ЮНИСЕФ өкілі.Өз тарапынан Т. Ғазизов «Қазпошта» компаниясының СІМ және ЮНИСЕФ бастамасын мақтанышпен қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, «ескерткіш пошта блогы маңызды әлеуметтік мәселелерге назар аударып, балаларға Қазақстан бойынша тең мүмкіндіктер жасау жолындағы ортақ мақсатымызды білдіреді».Анықтама: Бала құқықтары туралы конвенция Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен ынтымақтастығының негізі болып саналады. 1994 жылғы 25 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЮНИСЕФ арасында ынтымақтастық туралы Негізгі келісімге қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/888953
Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары бойынша семинар өтті 22.11.2024
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп, этносаралық қатынастарды дамыту саласындағы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының өзекті міндеттері мен алгоритмдерін түсіндіруге арналған онлайн-семинар өткізді.Семинар аясында этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі бағыттары мен мәселелері қаралды. Этностардың қоғамдық келісімі мен интеграциясын нығайту үшін этносаралық коммуникацияларды дамыту, жастар арасында патриотизм мен жалпыазаматтық құндылықтарды қалыптастыру, этносаралық инциденттердің уақтылы алдын алу және этномедиация институтын дамыту жайы талқыланды.Қатысушылар профилактикалық жұмысты күшейту және мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара байланысты нығайту бойынша практикалық ұсыныстармен алмасты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/888923
«Бауырына салу» фильмі тағы бір халықаралық марапатқа ие болды 22.11.2024
«Бауырына салу» фильмінің операторы Жанарбек Елеубек Asia World Film Festival (AWFF) фестивалінде «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесін еншіледі.Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу» фильмі Қазақстан атынан ресми түрде «Шетел тіліндегі ең үздік фильм» номинациясында 2025 жылғы «Оскар» сыйлығына ұсынылды.Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.Айта кетейік, «Бауырына салу» фильмінің премьерасы өткен жылы Сан-Себастьян кинофестивалінде өтті. Онда фильм сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Фильм қазақ дәстүрі бойынша әжесінің тәрбиесінде болған баланың тарихын баяндайды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/888988
«Қорғаныс министрінің кубогы» қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы: біздің чемпиондардың жеңісі 22.11.2024
20-22 қараша аралығында Астанада Ж. Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогының финалы өтті, оған 15 елден (Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Испания, Италия, Швейцария, Марокко, Үндістан және т.б.) 200-ден астам спортшы қатысты.Осы жарыстың қорытындысы бойынша ТЖМ құрамасының мүшелері құрамында 1 ер адам және 9 әйел мынадай тәртіпте 6 қола, 2 күміс және 2 алтын медаль жеңіп алды:«Өзін-өзі қорғау» тәртібі бойынша:50 кг салмақ санатында 2-орынды Жұмадиева Ақерке (Қызылорда облысы ТЖД);50 кг салмақ санатында 3-орынды Асылбекова Сағыныш (Астана қаласы ТЖД);70 кг салмақ санатында 3-орынды Чеботарева Мария (Қарағанды облысы ТЖД);90 кг салмақ санатында 3-орынды Ілияс Сарғазин (Ақмола облысы ТЖД) иеленді.«Сайыс» тәртібі бойынша:Супер абсолютті салмақ дәрежесінде 1-орын Абай облысы ТЖД Жұматаева Талшын (Абай облысы ТЖД);53 кг салмақ санатында 1-орынды Ларионова Эмилия (Атырау қаласы ТЖД);+70 кг салмақ санатында 2-орынды Беркинбаева Аружан (Түркістан облысы ТЖД);48 кг салмақ санатында 3-орынды Асылбекова Сағыныш (Астана қаласы ТЖД);64 кг салмақ санатында 3-орынды Чеботарева Мария (Қарағанды облысы ТЖД);70 кг дейін салмақ санатында 3-орынДЫ Жұматаева Талшын (Абай облысы ТЖД) иеленді.Турнирдің чемпиондары мен жүлдегерлері Қазақстан Қорғаныс министрінің кубоктары мен сыйлықтарымен марапатталды. ТЖМ қызметкерлері «Batyr team» ведомстволық спорт клубының құрама командасының құрамында бүгін министрлікті халықаралық турнирлерде табысты таныстыруда.Біздің спортшыларды әлемдік жарыстардағы жетістіктерімен құттықтаймыз! Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/888981
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҮШІН ЖАҢА САНИТАРИЯЛЫҚ АВТОКӨЛІК БЕРІЛДІ 22.11.2024
Жамбыл облысының медициналық ұйымдарына 4-санаттағы жедел жәрдемді қоса алғанда, 33 жаңа санитариялық автокөлік берілді.Бекітілген нормаларға сәйкес облыста медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету үшін санитариялық автомобилдерге қажеттілік 272 бірлікті құрайды.Облыстың аудандық медициналық ұйымдарында 235 санитариялық автокөлік бар, оның 112-сі толығымен тозған. Сондықтан әкімдік ескірген автомобилдерді жоспарлы кезең-кезеңімен ауыстыруды жүзеге асырады.Жыл басында жергілікті бюджеттен 40 санитариялық автокөлік берілді. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен тағы 33 автокөлік сатып алуға қаржы көзделген. Оның ішінде 20 автокөлік медициналық мекемелерге салтанатты түрде берілді, қалған 13 көлік жыл соңына дейін жеткізіледі.Жаңа көліктер ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға және төртінші санаттағы шақыртулар үшін жедел жәрдем жұмысының сапасын арттыруға көмектеседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/888919
ӘРІПТЕСТЕРДІҢ ЕКІНШІ ФОРУМЫНДА ЭКОЛОГИЯ МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУ ТӘСІЛДЕРІ БЕЛГІЛЕНДІ 22.11.2024
Астанада ДДҰ, БҰҰ, ЕО-дан жоғары деңгейдегі негізгі халықаралық әріптестердің, жетекші сарапшылардың, дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен «Қоршаған ортаны қорғау мәселелері және адам, жануарлар мен қоршаған ортаның өзара іс-әрекеті арқылы мүмкін болатын шешімдер» атты денсаулық сақтау бойынша әріптестердің екінші форумы өтті.Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисімен бірлесе отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы негізгі ұлттық басымдықтарды талқылау және экологиялық факторлардың адам денсаулығына теріс әсерін азайту бойынша бірлескен күш-жігерге шақыру үшін барлық мүдделі тараптардың екінші кездесуін ұйымдастырды.«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында экологияны жақсартуды және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды біздің Үкімет үшін басым бағыт ретінде белгіледі. Біздің өңірдегі ең маңызды экологиялық дағдарыстардың бірі болып табылатын Арал теңізінің проблемасы өзекті болып қала береді. Осы жылдың көктемінде Қазақстан еліміздің көптеген өңірлеріне айтарлықтай залал келтірген елеулі су тасқынына тап болды. Біздің Форумды өткізу экологиялық жағдайды жақсарту бойынша шаралар қабылдаудың өзекті қажеттілігін көрсетеді», - деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі форумға қатысушыларға арналған кіріспе сөзінде.Әріптестер форумының екінші отырысының мақсаты денсаулық сақтау саласының негізгі мәселелерін, жалпы ел бойынша да, жекелеген өңірлерде де экологиялық апаттардың туындауына неғұрлым осал экологиялық фон мен қоршаған ортаны нығайтуға бағытталған жақсарту саясаты мен стратегияларды талқылау болды, атап айтқанда дөңгелек үстелде Арал өңірі проблемасы көтерілді.«ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының атынан денсаулық үшін II әріптестер форумына шақырғаны үшін мен шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгін біз Қызылорда, Ұлытау және Атырау сияқты облыстарда қоршаған ортаның халықтың денсаулығына әсерін талқыладық. Бұл Форум донорлар мен әріптестерді ынтымақтастыққа және бірлескен шаралар қабылдауға шақырудың тамаша платформасы болды. Мен сондай-ақ Қазақстан Үкіметіне қоршаған ортаның адам денсаулығына әсерін зерттеуде маңызды рөл атқаратын «Бірыңғай денсаулық» тәсілін іске асырудағы елеулі ілгерілеуі үшін ризашылығымды білдіремін», - деп атап өтті ДДҰ-ның инфекциялық аурулар, қоршаған орта және денсаулық жөніндегі Еуропалық бюросының бөлім директоры Робб Баттлер.ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі, доктор Скендер Сыланың айтуынша, қоршаған орта және төтенше жағдайларға ден қою саласындағы күш-жігерді біріктіре отырып, біз денсаулық сақтау жүйесін айтарлықтай нығайта аламыз.«Қазақстан жаһандық және өңірлік экологиялық сын-қатерлерді талқылау үшін диалог алаңына айналуға дайын. Күш - жігерімізді біріктіре отырып, біз Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қоса алатынымызға сенімдімін", - деп атап өтті А.Әлназарова.Өткізілетін кездесу нәтижесінде адам, жануарлар мен қоршаған ортаның өзара іс-қимылының қиылысында туындайтын проблемаларды шешу үшін форумға қатысушылар өткізетін іс-шаралар туралы есеп, сондай-ақ сектораралық және ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту жөніндегі ұсынымдар дайындалатынын атап өтеміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/888998
«Талдықорған-Үшарал» газ құбырын салу жоспарлы түрде жалғасуда 22.11.2024
Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов және «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директоры Манас Тасыбаев «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылыс барысымен танысты.«Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу» инвестициялық жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы іске асыруда. Жоба Үкіметтің 2024 жылғы экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына кіреді.Жаңа газ құбырының құрылысы осы жылдың тамыз айында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары кезінде басталған болатын.Бүгінгі таңда 100 шақырымнан астам құбыр дәнекерленген. Құрылысқа 90-нан аса арнайы техника мен 128 жұмысшы персонал жұмылдырылды. Құрылыс жұмыстары ерекше бақылауда және қатаң түрде кестеге сәйкес жүргізілуде.Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов атап өткендей, бұл нысанның өңір үшін экономикалық маңызы зор. Осы маңыздылықты, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының орындалу жылдамдығын ескере отырып, құрылыс бір жылға жуық мерзімге ертерек аяқталады деп күтілуде.Осыған байланысты 2025 жылдың соңына қарай 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекені табиғи газға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл іскерлік белсенділіктің артуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, шағын және орта бизнестің дамуына қосымша оң әсерін тигізбек. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/888837
ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН БЕС ГОСПИТАЛЬДЫҚ ФАРМАЦИЯ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛАДЫ 22.11.2024
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі есеп беру кездесуінде спорт және денсаулық сақтау салаларындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Қала тұрғындарының 42%-ы бұқаралық спортпен айналысады. Биыл Шымкент спортшылары Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 768 алтын, 642 күміс және 724 қола медаль жеңіп алды. - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық жаңа заманауи стадионның құрылысын бастадық. Қазіргі уақытта стадион аумағында жер жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен 1 000 адамға арналған «Еламан» спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалада 500 адамға арналған «SPORT LIFE» шағын футбол орталығының құрылысы аяқталады», – деді Ғабит Сыздықбеков. Сонымен қатар, әкім денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Қазіргі уақытта медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасының жаңарту деңгейі 86,5%-ды құрайды. Биыл 46 дәрігер Ресей мен Түркия клиникаларында біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін тағы 29 дәрігер біліктілігін жетілдіреді. Бұдан бөлек, алғаш рет балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықта госпитальдық фармация бөлімшелері ашылды. Жыл соңына дейін тағы бес осындай бөлімше, сондай-ақ балалар кардиохирургиялық орталығы ашылады. Жедел жәрдем қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында 23 арнайы көлік сатып алынды. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/888803
Ауыл шаруашылығы саласының ардагерлеріне құрмет көрсетті 22.11.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Құрманбек Бәкірұлын және Ауыл шаруашылығы саласының үздігі Керімхан Егізбаевты мерейтойымен құттықтады.«Бүгін ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі, жетекші селекционер, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Құрманбек Бәкірұлының 80 жас, сала үздігі, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Керімхан Егізбайұлының 75 жас мерейтойына арналған жиында бас қостық. Құрманбек Бәкірұлы мен Керімхан Егізбайұлы – ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан өз ісінің білікті мамандары.Жуырда Астана қаласында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президентіміз: «Қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі» деген болатын. Бұл ретте, өңірдегі тұқым шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан Құрманбек Бәкірұлы мен Керімхан Егізбайұлының еңбегін ерекше атап өтуіміз қажет»,– деді аймақ басшысы.Құрманбек Бәкірұлы 1944 жылы Шиелi ауданының Бала би ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында білім алып, 1967 жылдан бері Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында еңбек етуде. Ғалым Қазақстанда бірінші болып күріш мутагенезімен айналысты. Осы әдіспен күріштің 130 түрін шығарды. Ақ күріштің бірнеше сортының, оның ішінде «Маржан» және ерте пісетін «Ару» сортының негізгі авторы атанды. 160-тан астам ғылыми еңбек жазды.Қазіргі таңда Ресейдің ядролық зерттеулер институтымен бірлесіп күріштің тұзға, қуаңшылыққа төзімді формаларын алу бойынша жұмыс жасауда. Ол 1997 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік ғылыми стипендиясын иеленді.Керімхан Егізбайұлы 1949 жылы Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін, еңбек жолын 1977 жылы туған жерінде бастаған. 1994 жылдан бері «Агротехнология» ғылыми-өндірістік шаруашылығын құрып, ғылым мен өндірісті ұштастырып еңбек етіп келеді. Күріштің «Авангард» сортын, «Венгрия» жүгерісін, Польшадан шыққан гибридтерді, өзбектің ақ жүгерісін, жоңышқаның жетісулық жергілікті сорттарын аудандастырып, егу тәсілін меңгерді. Мұны дүние жүзінде бірінші болып ғылыми зерттеп, дәлелдеп, өндіріске енгізді. Қазіргі таңда бұл әдісті әлемдегі күріш егетін елдің барлығы пайдаланады.Мал шаруашылығында америкалық «Санта-Гертруда» асылтұқымды ірі қараны алғаш рет облысқа жерсіндіріп, оның басын 400-ге жеткізді. Күріштің «Айкерім» жаңа сортының авторы, күздік бидай, арпаның жаңа сорттарының қосымша авторы атанды.Актив отырысында Құрманбек Бәкірұлына және Керімхан Егізбайұлына Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды. Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Абзал Ералиев ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалиолла Мейірман мерейтой иелерін құттықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/888608