Қоғам
«Акваөсіру туралы» заң жобасы Мәжілісте пысықталуда 22.11.2024
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «акваөсіру туралы» заң жобасы және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне акваөсіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң талқыланды.Бұл бастамалардың негізгі мақсаты өндірістерді құру және кеңейту, сондай-ақ бәсекеге қабілетті акваөсіру объектілерін өсіру көлемін ұлғайту арқылы акваөсірудің тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жаңа заң жобалары акваөсіру объектілері мен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау, акваөсіру саласындағы жаңа технологиялар мен процестерді тиімді енгізуді қолдау, сондай-ақ акваөсіру субъектілеріне олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін көмек көрсету жөніндегі міндеттерді де шешетінін атап өтті.Жоба акваөсіру субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындауды, балық шаруашылығын жүргізу жағдайларын белгілеуді және ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтиды. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдау және экономикалық, құқықтық және экологиялық факторларды зерттеу мақсатында акваөсірудің даму жағдайын бағалау қарастырылған.Заң жобасы шеңберінде мониторингтің ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда, оның мақсаты деректерді жинау, бизнес субъектілерінің тізілімін жүргізу және акваөсіру объектілерін қадағалау болады. Су айдындарын электрондық портал арқылы конкурстық негізде ұсыну жоспарлануда, бұл ресурстарды бөлу процесінде ашықтықты қамтамасыз етеді.Инвесторларды қолдау үшін ең төменгі инвестициялық талаптарды орындау кезінде су айдындарын конкурстан тыс беруді қоса алғанда, бәсекелестік жағдайлар көзделген. Инвесторлар өндіріс орындарын құруға және өсіру көлемін ұлғайтуға міндетті болады.Мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларына субсидиялау, жеңілдетілген несиелеу және ғылыми қолдау кіреді. Бұл балық өсірушілердің құзыретін жақсартуға және инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.Сондай-ақ, өнімнің қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында акваөсіру саласында мемлекеттік бақылау жолға қойылады. Бақылау тексеру және профилактикалық іс-шаралар нысанында жүзеге асырылатын болады.Бұл шаралар Қазақстанда балық шаруашылығын жүргізуді жеңілдетуге және акваөсірудің өркендеуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға арналған, бұл өз кезегінде ел экономикасына да, азаматтардың әл-ауқатына да оң әсер етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/886933
Қазақстан СІМ-де Кипр Елшісінен сенім грамоталарының көшірмелері қабылданды 22.11.2024
Астана, 2024 жылғы 20 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Кипр Республикасының Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Елшісі Петрос Накусистен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдап, қызметіне сәттілік тіледі.Сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың басымды перспективалық бағыттарды талқылады. Кипр Сыртқы істер министрі Константинос Комбостың 2024 жылғы наурыздағы Астанаға ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген екіжақты келісімдердің негізінде саяси диалогты құрудың, сондай-ақ Қазақстан мен Кипр арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтудің маңыздылығы аталып өтті.Р. Василенко Кипр Республикасы басшылығының Қазақстанда Елшілікті ашу туралы шешімін құптап, қазақ-кипр қарым-қатынастарын одан әрі ілгерілету жолында маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді. Кездесу барысында екі мемлекеттің БҰҰ Жарғысын құрметтеуге міндеттемесі аталып өтіп, кипр мәселесі іргелі құжатқа сәйкес әлемдік ұйымның қамқорлығымен шешудің маңыздылығы туралы айтылды.Кездесу соңында кипр дипломаты жылы қабылдау үшін алғысын жеткізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін растады.Анықтама: 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 6,1 млн АҚШ долларын (экспорт – 5,2 млн, импорт – 918,6 мың) құрады, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 5 есеге жоғары – 1,6 млн доллар (экспорт – 243,6 мың, импорт – 1,4 млн). 2005 жылдан бері Кипрден ҚР-ға тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 4,5 млрд доллардан астамын құрады. 2024 жылғы 1 қарашадағы көрсеткіш бойынша ҚР-да 60 бірлескен кәсіпорын тіркелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/886935
Ұлттық академиялық кітапханада Әкім Таразидің академиялық залы ашылды 22.11.2024
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі жазушы, драматург, сценарист Әкім Таразидің академиялық залының ашылу салтанаты өтті.Іс-шара барысында жазушының XIII томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.Шығармалар жинағына жазушының романдары, аудармалары, драматургиясы, тарихи зерттеулері сияқты шығармалары топтастырылған.Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, Әкім Таразидің жары Роза Мұқанова қатысты.Кітапхананың төртінші қабатында орналасқан жайлы, заманауи Әкім Тарази залы алдағы уақытта ғалымдарға, доктаранттарға, қаламгердің шығармашылығын насихаттап, зерттеп жүрген оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетедi.Залға жазушының жеке қоры, фотосуреттері, кітаптары мен коллекциялары қойылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/886993
ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ 22.11.2024
Түркістанда Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған «Әділетті Қазақстанды құруда мәслихаттардың рөлі: тарих, бүгін және болашақ» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәслихаттың бұрынғы төрағалары, ардагерлер, Түркістан өңірінің депутаттары қатысты. Маңызды жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды депутаттарды және көпшілікті Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтады.– Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте Түркістан облысындағы облыстық және жергілікті мәслихаттардың қоғамдағы рөлі жоғары. Сіздер өңірдің дамуына үлес қосып, еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Бұл – Сіз бен біздің ортақ міндетіміз. Өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Облыстағы жергілікті мәслихаттарда 300-ден астам депутат еңбек етуде. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық және өзге салалардың өкілдері бар, ал басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды. Осы ретте, инвестиция тартуға, халықты кәсіпкерлікке баулуға депутаттарымыз да өз үлестерін қосуы керек. Депутатқа білім, мінез, ең бастысы отаншылдық қажет. Өңірдегі 2 миллионнан астам халықтың, 1 миллионнан астам сайлаушының сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Бәріміз бірге Түркістан өңірінің мүддесін қорғап, облысты дамыту бағытында жұмыс атқара береміз. Баршаңызды мерейтоймен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.Конференцияның ашылуында Сенат депутаты Мұрат Қадырбек ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берсе, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың ыстық сәлемін жеткізді.Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова модераторлық еткен конференцияда мәслихаттың рөлі, депутаттардың белсенділігін арттыру және өзге де мәселелер бойынша баяндамалар жасалып, ұтымды ойлар айтылды.Спикерлер қатарында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, Түркияның Мемлекеттік басқару профессоры Харун Кырылмаз баяндама жасап, келелі ойларын айтты. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев мәслихаттардың қазіргі жай-күйі мен атқарған жұмыстарына тоқталып, әріптестерін мерекемен құттықтады.Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мен Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова мазмұнды ойларын бөлісіп, депутаттарға жүктелген жауапкершілік жоғары екенін жеткізді. Аудан, қалалардан келген жергілікті мәслихат депутаттарына жігер беретін және тәжірибесін шыңдайтын ойлар айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.30 жылдық құрметіне арналған жиында бір топ азаматқа «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағының куәліктері тапсырылып, құрмет көрсетілді. Сонымен бірге облыстық және аудандық, қалалық мәслихат депутаттарына ҚР министрліктерінің, ҚР Сенатының, «Қазақстан мәслихаттары» РҚБ-ның марапаттары тапсырылды.Конференция соңында осы жиынға қатысқан мәртебелі меймандар мен ел ағалары, депутаттар «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» аллеясына шынар ағашының көшеттерін отырғызды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886829
ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ «АЛТЫН КҮЗ - 2024» МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ 22.11.2024
Келес ауданы, Абай ауылында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай, «Алтын күз - 2024» мерекесі атап өтілді. Жәрмеңкеде шаруалар, саланың үздік кәсіпкерлері өздерінің азық-түлік өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ, асыл тұқымды мал басының, агросекторға қажетті жаңа техникалардың көрмесі ұйымдастырылды.Жәрмеңкеге аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.Салтанатты жиында аудан әкімі жыл бойы адал еңбегімен өз саласында жетістікке жеткен, мол өнім алып ауылдастарға үлгі болған үздік шаруа қожалықтарын, ауыл округ әкімдіктері мен үздік шаруаларды марапаттады. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 46 млрд 925,3 млн.тг құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі 30 758,3 млн.тг құраса, мал шаруашылығының үлесі 15 687,8 млн.тг болды. Сондай-ақ, биыл Келес ауданы бойынша жалпы 22 871,5 га егіс егілді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886899
ТҮРКІСТАН: «ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ ЖӘНЕ ТӘУЕЛДІЛІКПЕН КҮРЕС» ТАҚЫРЫБЫНДА ФОРУМ ӨТУДЕ 22.11.2024
Түркістанда Қаржылық мониторинг агенттігінің үйлестіруімен, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп. Экономикалық қауіпсіздік: «Қаржылық сауаттылықты арттыру және тәуелділікпен күрес» республикалық форумы өтіп жатыр.Форумның мақсаты – халық арасында қаржылық мониторинг органдарының оң имиджін қалыптастыру, «AML ACADEMY» қаржылық мониторинг академиясының әлеуетін көтеру, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, жастар арасында құқықтық ақпараттық цифрлық мәдениетін қалыптастыру, ойынқұмарлықпен қаржылық пирамидалардың алдын-алу және кибергигиенаны сақтау әдетін қалыптастыру.Форумға қала әкімі, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, қоғамдық пікір көшбасшылары, спортшылар, «Жастар ресурстық орталықтары», Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің волонтерлары, ҚР Мәдениет қайраткерлері, танымал кино және театр жұлдыздары, медиа тұлғалар, оқытушы-профессорлар, дін өкілдері қатысты.Аталған форум аясында флэшмоб, панельдік сессиялар интеллектуалды ойын және Гала-концерт өткізіледі. Флэшмоб Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталығы, О.Жарылқапов атындағы орталық стадион, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті және Халықаралық туризм және меймандостық университеттерінде ұйымдастырылды.Форумда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев сөз сөйлеп, жастарды жат әдеттерден аулақ болуға шақырды.Түркістан облысы аумағында орналасқан 1000 мектеп және 50 колледждің 500 мыңнан астам шәкірті бір мезетте өздерінің лудомания және синтетикалық есірткіге қарсы екендерін жеткізіп, челленджді еліміздің өзге өңірлеріне жолдады.Форум соңында Түркістан облысының экономикалық қауіпсіздігін сақтауда елеулі еңбек еткен азаматтарға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886903
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАНДА КӨШЕ БОЙЫНА 2 ТОННАҒА ЖУЫҚ ҚҰРЫЛЫС ҚАЛДЫҒЫН ТАСТАҒАН ТҰРҒЫН ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ 22.11.2024
Түркістан қаласының полицейлері 2 күн бойы «Тазалық» рейдтік іс-шарасын өткізіп, 168 құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде ортақ пайдаланатын орындарды ластау бойынша 146 жайт тіркелді. Абаттандыру қағидасын бұзған 3 тұрғынға айыппұл салынса, 12 тұрғынға ескерту берілді. Ал жолдарды және жол жабындыларын ластаған 7 тұлғаға айыппұл салынды.Мәселен полиция 18 қараша күні облыс орталығы көшелерінің бірінен құрылыс қалдықтарын байқады. Бірден тексеру шараларын жүргізіп, абаттандыру қағидаларын бұзған жергілікті тұрғынды анықтады. Ол үйіне жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін 2 тоннаға жуық қалдықты көше бойына тастай салған. Қала тазалығына нұқсан келтірген тұрғынға заң талаптарына сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында өткізілді. Мақсат – қала аумағында абаттандыру және ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың алдына алу, нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру. Іс-шараға поициямен қатар әкімшілік қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер, көпқабатты тұрғын үй тұрғындары мен кәсіпкерлік нысан иелері және еріктілер қатысты. Бұл бағыттағы шаралар өз жалғасын таба бермек.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/886906
Астанада оқушылар парламенті жетекшілерінің қатысуымен мектептегі өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері талқыланды 22.11.2024
Астанада мектеп парламенттерінің жетекшілері мен елордалық жастар мәслихаты өкілдері арасында қаланың білім беру ұйымдарында өзін-өзі басқаруды дамыту тақырыбына арналған кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Кездесу «Мектептің әлеуметтік кодексі: қазіргі жағдайдағы интеграция тәжірибесі» V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында өтті. Конференцияның қорытынды күнінде елорданың Сарыарқа ауданы мектеп парламенттерінің жетекшілері Астана қаласы жастар мәслихатының өкілдерімен қала мектептеріндегі оқушылардың өзін-өзі басқаруын қолдау арқылы азаматтық қоғамды дамыту қажеттігін талқылады.Жас белсенділер өз жобаларын ұсынып, өзін-өзі басқаруды қалыптастыру және балалар мен жастардың қаланың қоғамдық өміріне араласуы бойынша жұмыстарды ұйымдастырудың тиімді әдістеріне қатысты ұсыныстарын білдірді.«Бұл бүгінгі кездесуге қатысқан әрбір адам үшін жаңа білім алып, ой-өрісін кеңейтуге берілген тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Біз мемлекетіміз бен білім беру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін білдік. Өз ісімізбен елімізге көмектесіп жатқанымызға қуанамыз және жұмысымызды тек мектеп жылдарында ғана емес, студент болған кезде де жалғастырамыз», - деді қатысушылардың бірі Надира Рысқұлова.Отырысты ұйымдастырушы, Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Ольга Тодераш азаматтық ұстаным мектеп жасында қалыптасатынын және студенттік өзін-өзі басқару өскелең ұрпаққа тәуелсіздік пен бастамашылдық танытуға көмектесетінін айтты.«Бүгін біз азаматтық белсенділікті дамыту құралдарының бірі ретінде мектептің өзін-өзі басқаруы тақырыбын талқыладық. Біз жастардың саналы, белсенді болуы үшін белсенді азаматтық ұстанымы бар қоғамды тәрбиелегіміз келеді. Көшбасшылық пен топта жұмыс істей білудің негізі мектептен қаланады. Жас белсенділерге мәслихат пен қоғамдық кеңестің қалай жұмыс істейтінін де көрсеткіміз келді. Бұл өскелең ұрпаққа үлгі», - деді ол. Болгария, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінен келген қонақтардың қатысуымен «Мектептің өзін-өзі басқаруы – қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың негізі» тақырыбындағы кездесу өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/886748
«Jeniske birge jugir»: елордалықтар арасында түнгі жүгіріс өтеді 22.11.2024
Астана қаласында 22 қарашада «Jeniske birge jugir» атты түнгі жүгіріс өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Өтетін орны – Ботаникалық саябақ (арка жағы). Жарыстың жалпы қашықтығы – 4 км. Жарысқа қатысуға ниет білдірушілерді тіркеу жарыс күні болады, сағат – 19:00-20:30 дейін. Жарыстың басталуы: 21:00. Тіркелу тегін.Қатысушылардың лимиті – 1000 адам. Олардың саны 1000 адамға жеткен уақытта, тіркеу жабылады.Финиш жолында қатысушылардың бәріне естелік медальдар беріледі.Сол сияқты қатысушылар арасында IPhone 15 Pro және 5 велосипед ойнатылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/886861
«АИТВ-ге қарсы 5 минут уақытыңды бөл»: елордада өскелең ұрпақ арасында спорттан жарыс өтті 22.11.2024
ASPAN спорт кешенінде 9-11-сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттері 4 спорт түрінен өзара сайысқа түсті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.Бұл іс-шара АИТВ инфекциясына қарсы күресті насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.Осы мақсатта ASPAN спорт кешенінде алғаш рет 200-ден астам 9-11-сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттері волейбол, арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу спорттарынан сынға түсті.«АИТВ жұқтырғандардың басым бөлігі – 20-39 жас аралығында. Себебі көпшілік азамат қарапайым сақтану қағидаттарын білмейді. Интернетте осыған байланысты ақпараттар самсап тұрса да, оқи бермейді. Бүгінгі шарадағы біздің девизіміз – АИТВ-ге қарсы 5 минут уақытыңды бөл. Бұл ақпаратты білу арқылы болашағыңды да сақтай аласың. Оқушылар мен студенттердің көпшілігі спортқа жақын болғандықтан, осы жерді таңдауды жөн көрдік. Бүгінгі насихатымыз өз жемісін беріп, қатысушылар АИТВ-ге қарсы ақпаратты терең түсінеді деп ойлаймыз», - деді Астана қаласы «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК басшысы Канат Аскаров.Бұл Астана қаласы АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының бірінші шарасы емес. Қараша айынан бастап орталықтың қызметкерлері Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт, Білім басқармалары және т.б. ұйымдармен бірлесе отырып, елордада консультация, экспресс-тест өткізуде.Жарысқа оралатын болсақ, бүгін волейболда 9 команда, асық атуда 16 команда, ләңгі тебуде 10 команда, арқан тартыста 7 команда жүлдеге таласты. Әсіресе, ұлттық ойынымыз – ләңгі тебуде Тәжікстаннан қоныс аударған 10-сынып оқушысы Әли Кәрімов өз шеберлігімен көпшілікті таңғалдырып, 300 ұпаймен қарсыластарынан оқ бойы озып кетті.Жарыс жеңімпаздары бүгін анықталып, жүлдегерлерге арнайы кубок пен медаль табысталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/886870
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Әсия Ақанова тағайындалды 22.11.2024
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өкімімен қаланың қоғамдық денсаулық сақтау Басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Әсия Айқанқызы Ақанова тағайындалды.Әсия Ақанова дәрігерлер отбасында туып-өскен. «Болашақ» бағдарламасының түлегі бола отырып, University College London (2013 және Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетін (2015), «Жалпы Медицина» мамандығы бойынша докторантураны (2016) бітірген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жергілікті және мемлекеттік басқару мамандығы бойынша оқуын аяқтады (2024). Іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие.Әсия Ақанова еңбек жолын 2011 жылы ҚазҰМУ отбасылық медицина кафедрасының зертханашысы және әдіскері, доценті, кейін кафедра меңгерушісі болып бастаған. 2018-2020 жылдар аралығында Алматыда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашумен және оған басшылық жасаумен айналысты. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ол VIII сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып табылады. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ отбасылық медицина кафедрасының доценті ретінде ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/886842
Алматы әкімі Ерболат Досаев Германияның Бас консулы Маттиас Кислермен кездесті 22.11.2024
Ерболат Досаев осы жылдың тамыз айында қызметіне кіріскен Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы жаңа Бас консулы Маттиас Кислермен кездесті.Кездесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне, денсаулық сақтау, экология және цифрландыру салаларына инвестиция мен технология тарту жайы талқыланды. Атап айтқанда, Алматының индустриялық аймағында Германияның инвесторы жүзеге асыратын жалпы құны 75 млрд теңге болатын және 300 жұмыс орнын ашатын жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт құрылысы жөніндегі мәселелер қаралды. Сонымен қатар, энергетика саласына арналған жабдықтар мен компоненттер өндірумен айналысатын жетекші трансұлттық компаниялардың бірінің аймақтық сервис хабын орналастыру мүмкіндігі талқыланды. Бұл хаб Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі салалық компанияларға сервистік қолдау көрсетеді деп болжануда.Жалпы, екі ел арасындағы тауар айналымы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде сақталып келеді: биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 1 млрд АҚШ долларынан асты. Бүгінде Алматыда неміс капиталының қатысуымен 396 кәсіпорын немесе Қазақстанда орналасқан барлық кәсіпорынның үштен бірі жұмыс істейді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қарым-қатынасты нығайтуға уағдаласты және бірқатар бірлескен жобаны іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/886873
2024 жылдың 27 қарашасында облыс әкімдігінің келесі отырысы өтеді 22.11.2024
Құрметті Шығыс Қазақстан облысының, Өскемен қаласының тұрғындары және қала қонақтары!2024 жылғы 20 қарашада өткізуге жоспарланған әкімдік отырысы 27 қарашаға сағат 10-00-ге ауысты. Отырысқа Шығыс Қазақстан облысы әкімі төрағалық етеді.Мекенжайы: Өскемен қаласы, М.Горький көшесі, 40, № 108 конференцзал.Отырыс ашық түрде өтеді, онлайн режимде трансляцияны YouTube арнасынан көруге болады.Әкімдік отырысына тікелей келіп қатысуға ниет білдіргендер үшін хабарлаймыз.Отырыс өткізілетін күннен екі (2) жұмыс күні бұрын, 25 қарашаға дейін қағаз немесе электрондық түрде өтініш қабылданады. Өтініште тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы және байланыс телефоны көрсетіледі.Өтінішті М.Горький көшесі, 40, облыс әкімдігінің ғимараты, 414 кабинетте қабылдайды, электрондық түрде P.Kokkozeva@akimvko.gov.kz поштасына жіберуге болады.Отырысқа келіп қатысушылар ғимаратқа кіргізу тәртібін сақтауға міндетті.Қаралатын мәселелер:1. Шығыс Қазақстан облысының ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Баяндамашылар:Рамиль Нығметжанұлы Сағандықов, ветеринария басқармасының басшысы Қалалар мен аудандар әкімдері Ақпараттар: 1. Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыру туралыБаяндамашылар:Ажар Елемесқызы Каджибекова, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қалалар мен аудандар әкімдері2. Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру туралы Баяндамашылар:Серік Жеңісұлы Жеңісов, ішкі саясат басқармасының басшысы Қалалар мен аудандар әкімдері Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/886877
Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы «Қазсушар» филиалы ПК1210 каналынан бастап ПК1311 каналына дейін жалпы ұзындығы 10 шақырым учаскеде механикалық тазалау жұмысын жүргізіп жатыр 22.11.2024
Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы «Қазсушар» филиалы ПК1210 каналынан бастап ПК1311 каналына дейін жалпы ұзындығы 10 шақырым учаскеде механикалық тазалау жұмысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, тасқын суын апатсыз өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітіледі. Тасқын суды жинау үшін су қоймаларында қажетті көлемде бос орын дайындалды.Бұдан бөлек, Үлкен Алматы каналының 1,53 шақырым магистралі реконструкциядан өтіп жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/886883
Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл суару кезеңінде 332,5 мың га егіс алқабын суармалы сумен қамтамасыз етті 22.11.2024
2024 жылдың суару кезеңінде Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы 332,5 мың га егіс алқабын сумен қамтамасыз етті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында филиал директоры Қазыбек Бедебаев мәлімдеді.Филиал өңірдің 8170 шаруа қожалығымен суармалы су беру жөнінде келісімшарттар жасасты. Егіс алқабына берілген судың негізгі көлемі «Достық» және «Қызылқұм» магистральдық каналдары арқылы жіберілді.Суару маусымына дайындық аясында ұзындығы 560,96 шақырым болатын 265 арна механикалық тазартудан өтті.«Суару маусымында шаруалардан су тапшылығы жөнінде шағым түскен жоқ. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су қажетті көлемде берілді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары субсидиялардың ұлғаюы туралы жаңалықты қуана қабыл алды. Биыл Түркістан облысының диханы Жамантай Бейсенбаев 10 гектар мақта алқабына тамшылатып суару жүйесін орнатты»,- деді Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Қазыбек Бедебаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/886887
«Субконтракт биржасы-2024»: тау-кен металлургия машина жасау орталығын құру туралы меморандумға қол қойылды 22.11.2024
Астанада «Субконтракт биржасы – 2024» іс-шарасы өтті. Биржа алаңында ірі жер қойнауын пайдаланушылар, отандық тауар өндірушілер, жүйе құраушы кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды.Іс-шара ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының ұйымдастыруымен өтті. Биржаның басты мақсаты – шағын және орта бизнес өкілдерінің ірі отандық компаниялармен тиімді байланыс орнатуына арналған B2B алаңын құру болып табылады. Мұндай ынтымақтастық өнім өндіру мен жеткізу саласында кооперациялық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.Биржаның ашылуына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, «QazIndustry» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ермек Маканов және ТМК саласының ірі кәсіпорындарының басшылары қатысты.Вице-министр Олжас Сапарбеков өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік сатып алуда жергілікті үлесті арттыру мен оффтейк келісімшарттарын толыққанды іске қосу маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, елде ірі бизнес төңірегінде шағын және орта кәсіпорындарды дамытуға зор әлеует бар. Ұзақ мерзімді келісімшарттар жергілікті тауар өндірушілерге өндірісін жоспарлауға, жаңғыртуға инвестиция салуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, О.Сапарбекова министрлік тарапынан жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын атап өтті. Мәселен, жергілікті үлесті дамыту бағдарламаларын әзірлеуді және отандық өнеркәсіпті қолдауға бағытталған келісімшарттар жасауды қарастыратын түзетулер дайындалған. Бұл қазақстандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін кепілдендірілген түрде сатуға және ішкі нарықтағы тұрақты сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Өз кезегінде, отандық өндірушілерге өндіріс көлемін ұлғайту, жоғары сапалы және нарық талаптарына сай өнім шығару міндеттері қойылады.Субконтрактілер биржасының негізгі тақырыбы – ірі тау-кен өндіру кәсіпорындары мен қазақстандық тауар өндірушілер арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері болды. Мұндай ынтымақтастық металлургия, машина жасау, химия, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп сияқты өңдеу салаларының жүктемесін арттыруға көмектеседі.Биылғы жылы ТМК кәсіпорындары мен отандық өндірушілер арасында 108 миллиард теңгеден астам сомаға 246 ұзақ мерзімді келісімшарт және 25 миллиард теңгеге жуық 39 оффтейк келісімшарт жасалған. Бұл көрсеткіштер негізінен ГМК кәсіпорындарының есебінен қалыптасқан.«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының басқарма төрағасы Берік Бекенов мұндай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, олардың отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін таныстыруға және тиімді өндірістік байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.«Субконтрактілер биржасы отандық өндірушілердің ірі тапсырыс берушілермен байланысын нығайтуға, тұрақты және ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік береді», – деді орталық басшысы.Іс-шара барысында QazIndustry мен жер қойнауын пайдаланушылар («Қазақмыс», «Қазцинк» және ERG) арасында өңдеу өнеркәсібін дамыту және жергілікті үлесті арттыру жөнінде меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, бұл құжат QazIndustry базасында бірыңғай аналитикалық орталық құруды көздейді. Орталық жүйелі шараларды әзірлеп, барлық жер қойнауын пайдаланушыларды осы жұмысқа жұмылдырумен айналысады.Биржа барысында жалпы сомасы 5 миллиард теңгеден асатын ұзақ мерзімді және оффтейк келісімшарттарға қол қойылды. Олар тау-кен техникасына қосалқы бөлшектер, панельдер, түрлі құбырлар, сондай-ақ тоқыма бұйымдары, төсек-жабдықтар мен эмаль сымдарын жеткізуді қамтиды.Сондай-ақ, Биржаның іскерлік алаңында B2B-кездесулер ұйымдастырылды. Бұл кездесулерде шағын және орта бизнес өкілдері тапсырыс берушілермен өнім өндіру және жеткізу мәселелерін талқылап, байланыстар орнатып, өзара ақпарат алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/886805
Қазақстандық әскери қызметшілер ГФР әскери бөлімдерінде инспекция жүргізді 22.11.2024
Сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары туралы 2011 жылғы Вена құжаты шеңберінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығының тобы Германия Федеративтік Республикасының аумағында инспекция жүргізді.Сарапшылар 2024 жылға ГФР мәлімдеген жеке құрамның саны, негізгі қару-жарақ жүйесі мен әскери техниканың саны туралы ақпараттың сәйкестігін тексерді.Орталық мамандары Бад Зальцунген қаласындағы 391-ші мотоатқыштар батальонында және Франкенберг қаласында орналасқан Бундесвердің «Саксония» 37-ші мото теңіз жаяу әскерінің бригадасында болды. Брифингте бригада басшылығы инспекторларды оның функциялары мен міндеттері, ұйымдық-штаттық құрылымы, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техникасы жайлы хабардар етті.ҚР Қорғаныс министрлігінің инспекторлары жауынгерлік машиналар паркіне және жеке құраммен тактикалық дайындық бойынша сабақтар өткізілетін орындарға барды. Оларға Marder бронды жаяу әскер көлігі, Fuchs, Boxer БТР үлгілері, сондай-ақ Puma БЖМ оқу тренажері көрсетілді.Іс-шаралар өзара түсіністік пен бүкпесіз жағдайда өтті. Бағалау қорытындысы бойынша ҚР Қорғаныс министрлігінің инспекциялық тобы бұрын берілген ақпараттың толық сәйкестігін және 2011 жылғы Вена құжаты шеңберінде ГФР халықаралық міндеттемелерді орындағанын атап өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/886825
Қазақстан елдің мәдени және табиғи мұрасын сақтауға бейілді 22.11.2024
Шымкент-Түркістан, 2024 жылғы 16-19 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы және Халықаралық Орталық Азия зерттеулер институтымен бірлесе отырып, қазақстандық дипломаттардың мәдени және табиғи мұраны сақтау саласындағы әлеуетін арттыруға бағытталған жыл сайынғы курстарды өткізді.2022 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан бағдарлама дипломаттардың кәсіби даярлығын арттыру және әлемдік аренада мәдени және табиғи құндылықтарды ілгерілету мақсатында әлемдік мұраны сақтау жөніндегі халықаралық құралдарды қолдану туралы теориялық және тәжірибелік білім береді.Бұл курстар Қазақстан аумағында алғаш рет ұйымдастырылды. Жетекші өңірлік және халықаралық сарапшылармен бірге курс қатысушылары ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраның негізгі нысандары – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Ақсу-Жабағлы табиғи қорығын, сондай-ақ Түркістан, Отырар, Сауран, Күлтөбе ежелгі қалашықтарды қоса алғанда, «Ұлы Жібек жолы» трансұлттық номинациясының әлеуетті ескерткіштерін аралап көрді.Бұл бағдарлама Қазақстанның жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес өзінің бірегей мұрасын сақтап қалуға деген бейілділігін көрсетеді.ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне Қазақстаннан алты номинация шеңберінде он жеті нысан енгізілген, бұл ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраларды қорғау туралы конвенциясына сәйкес олардың сақталуын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшесі бола отырып, ЮНЕСКО-ның осы беделді тізіміне жаңа нысандарды енгізу жөніндегі шешімдерді қабылдауда және оларды қорғау жөнінде ұсыныстар береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/886814
Адами капитал және тұрақты болашақ: климаттың тұрақтылығын арттырудағы білім, жастар және инновацияның рөлі 22.11.2024
Qazaqstan павильонында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (COP29) тараптарының 29-шы конференциясында «Адами капитал және тұрақты болашақ: білім берудің, жастардың және климаттық тұрақтылықты арттыру үшін инновациялардың рөлі» атты тақырыптық іс-шара өтті.Іс-шараның негізгі мақсаты тұрақты даму үшін білім берудің маңыздылығын атап өту, сондай-ақ жастардың, ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның климаттық сын-қатерлерді шешудегі рөлін ашу болды.Қатысушылар жоғары білім беру саласындағы ағымдағы жұмысты, үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың бастамаларын талқылады.LCOY Qazaqstan ұлттық жастар конференциясының қорытындылары және Қазақстан жастарының халықаралық аренадағы іс-қимылдың негізі ретінде мәлімдемесінің мәтіні қаралды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/886857
Жетісуда әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктерді орнату жұмыстары 93 пайызға аяқталды 22.11.2024
Жетісу облысында әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнату жұмысы аяқталуға таяды. Жалпы өңірде әлеуметтік әлжуаз санатындағы 5787 отбасы болса, бүгінде соның 5619-ына аталған құрылғылар қойылды. Бұл іс осы қараша айының соңына дейін толық атқарылады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Датчиктер орнатуды жергілікті аудан-қала әкімдері, Төтенше жағдайлар департаменті және осы іске жауапты мердігер компания өкілдері бірлесіп қолға алған.- Мұндай датчиктерді орнату өз тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, 2022-2023 жылғы жылыту маусымына қарағанда өткен 2023-2024 жылғы жылыту маусымында жеке сектордағы өрт оқиғасы облыста 27% азайды. Бұған дейін 4919 тұрғын үй осындай құрылғылармен қамтылса, қалған 868 үйге датчик орнату осы жылыту маусымына межеленген болатын. Қазіргі таңда аудан-қала әкімдіктері датчиктерді толық көлемде сатып алды, бүгінгі күнге соның 699-ы орнатылды, қалған 169-ы қараша айының соңына дейін орнатылып бітеді. Тұрғын үйлерде оқыс жағдайды болдырмау үшін жетісулықтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, - дейді Жетісу облысы бойынша ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Еламан Аубакиров.Жалпы ыстан уланудың, өрт қаупінің алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар қызметі үйлердегі датчиктерді тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/886798