Қоғам
Салықтық шегерімдерді қолданған азаматтар үшін маңызды 03.07.2026
2025 жылы салықтық шегерімдерді қолдану үшін жұмыс берушіге жүгінген азаматтар 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруы қажет екенін еске саламыз.Бұл көпбалалы отбасыларға, оқу шығыстарына, медициналық қызметтерге және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыларға арналған салықтық шегерімдерге қатысты.Егер сіз мұндай шегерімдерді жұмыс беруші арқылы қолданған болсаңыз, онда сізге 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін 270.00 нысаны бойынша декларацияны тапсырып, шегерімдерді қолдану құқығын тиісті құжаттармен растауыңыз қажет.Бұл ретте, егер сіз салықтық шегерімдерді қолдану үшін жұмыс берушіге жүгінбеген болсаңыз, бірақ растайтын құжаттарыңыз бар болса, талап қою мерзімі шегінде шегерімдерді қолдануға құқылысыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-almaty/press/news/details/1241207?lang=ru
Бизнестің ұсыныстары «Әділет» партиясы өнеркәсіптік саясатының өзегіне айналады 03.07.2026
Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау көрсету шаралары «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі отырысының негізгі тақырыптарына айналды. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиында бизнестің, салалық қауымдастықтардың және мемлекеттік органдардың өкілдері қазақстандық өндірісті дамытуға қажет жүйелі өзгерістерді талқылады.Отырысты ашқан Айбек Дәдебай жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен мемлекет дамуының жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заңда бекітілген қағидаттар жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын ашу және отандық бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау арқылы экономикада нақты көрініс табуы тиіс.Кейінгі он жылда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі шамамен 50 пайызға өсіп, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10,2 пайыздан 13 пайызға дейін артты. Келесі кезеңнің міндеті – үстінен қосылатын құны жоғары өнім өндіретін өндірістерді дамыту.«Қосылған құн – XXI ғасырдың жаңа мұнайы. Сондықтан өңдеуші өнеркәсіп туралы әңгіме – Қазақстанның экономикалық дербестігі туралы әңгіме деген сөз. Интеллектіні, технологияны және дайын өнімді экспорттайтын мемлекет әрдайым өз болашағын өзі айқындау ісінде әлдеқайда көп мүмкіндікке ие», - деді Айбек Дәдебай.Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру. Іскерлік кеңеске қатысушылардың пікірінше, бұл жүйе отандық өндірісті дамыту ісін ынталандыруы тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті өнім өндірісін жолға қою деген сөз.Мәселен, Саяси кеңес бюросының мүшесі, «Универсал» компаниясының басшысы Замира Кузиева жеткізушілерді тек тауардың шығу тегіне қарай емес, олардың Қазақстан экономикасына қосқан үлесіне қарай бағалауды ұсынды.«Мемлекеттік сатып алу жүйесі тек тауарлар мен қызметтерді сатып алу тетігіне емес, сонымен бірге отандық өнеркәсіпті дамыту құралына айналуға тиіс», - деді ол.Ал «Каустик» АҚ-ның бас директоры Ермек Тоқмағамбетов қолдау шараларын толықтыруды ұсынды. Оның айтуынша, кәсіпорын отандық шикізатты өңдейді, өнімдегі локализация деңгейі 95 пайыздан асады, ал өндірісті дамытуға салынған инвестиция көлемі 100 миллион АҚШ долларынан асып отыр.«Елішілік құндылықтар деңгейін ескере отырып, өндірушілерді санаттарға бөлу жүйесін енгізу, сондай-ақ локализация деңгейі жоғары кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын басымдықпен ұсыну қадамдарын қарастыру қажет», - деді Ермек Тоқмағамбетов.Қатысушылар ішкі нарықты тиімді қорғап алмайынша, локализацияға қолдау көрсету мүмкін емес екенін жеткізді. Қазақстандағы цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының басшысы Ғылымхан Қали ұлттық стандарттарды жаңарту қадамы сапасыз цемент импортының көлемін қысқартуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Ал «Адал Тауар» қауымдастығының төрағасы Гүлмира Уахитова былтыр Қазақстанда 205 мыңнан астам контрафактілік өнім бірлігі анықталып, заңсыз айналымдағы 8,6 миллион қорап темекі өнімі тәркіленгенін мәлімдеді.«Адал еңбек ететін бизнес заңды қасақана бұзатындармен бәсекелесуге мәжбүр болып отыр Ең негізгі мәселе – осы», - деді Гүлмира Уахитова.Іскерлік кеңес барысында айтылған барлық ұсыныс іс жүзінде жалғасын табуы тиіс. Айбек Дәдебайдың айтуынша, әрбір өнеркәсіптік жобаның артында кәсіпкерлер, инженерлер, жұмысшылар және олардың отбасылары тұр. Сондықтан отандық өндірісті дамыту қадамы еліміздің әрбір өңірінде нақты нәтиже беруі қажет.«Конституция нормаларын кәсіпкерлер, инженерлер, жұмысшылар, инвесторлар және әрбір қазақстандық отбасы нақты сезінетін шешімдерге айналдыру маңызды», - деді партия Төрағасы.Ол QR-код арқылы онлайн форматта қазақстандықтар өз бастамаларын ұсынып, мәселелері туралы хабарлай алатынын еске салды.«Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі мүшелерінің барлық ұсынысы алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында Қазақстанның өнеркәсіптік саясатының Ақ кітабына (White Paper) біріктіріледі. Құжатқа бизнес өкілдерінің бастамалары, сарапшылардың ұсынымдары және оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспары енгізіледі.
Қазақстан мен Швеция экономикалық ынтымақтастықты жаңа практикалық деңгейге көтеруде 03.07.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров «Astana Mining & Metallurgy» 16-шы Халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысу үшін Астанаға келген Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсемен кездесті.Тараптар Қазақстан-Швеция ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективаларын талқылады. Олар екіжақты қарым-қатынастағы ілгерілеушілік серпінді, саяси диалогтың, парламентаралық байланыстардың күшеюімен және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюімен қатар жүретінін атап өтті.Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тараптар «Väderstad» пен «AgromashHolding KZ» АҚ арасындағы Қазақстанда жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді жергіліктендіру бойынша ынтымақтастық перспективаларын, «Astana Motors» АҚ-мен бірлесіп жүк көліктерін жинау жобасы бойынша «Volvo Trucks» компаниясымен ынтымақтастықты және SKF-пен серіктестікті одан әрі дамытуды талқылады.Қазақстан нарығында табысты жұмыс істеп келе жатқан швед компанияларының, соның ішінде «Ericsson», «Epiroc», «Sandvik», «Scania» және «AstraZeneca» компанияларының үлесі ерекше атап өтілді.Тараптар бірлескен бастамаларды ілгерілету, инвестициялық жобаларды қолдау және іскерлік байланыстарды кеңейту үшін тұрақты платформа ретінде қызмет ететін сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Швеция екіжақты комиссиясын құрудың маңыздылығын атап өтті.Одан әрі ынтымақтастықтың перспективалы салаларына жаңартылатын энергия көздері, таза технологиялар, сумен жабдықтау шешімдері, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, цифрлық мемлекеттік басқару және жасанды интеллект жатады. Кездесуден кейін көп қырлы серіктестікті одан әрі нығайтуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара қызығушылық расталды.2005 жылдан 2025 жылға дейін Швециядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 705,6 млн АҚШ долларын құрады. Республикада денсаулық сақтау, технология, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, көлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және білім беру салаларында жұмыс істейтін шамамен 60 швед капиталы бар компания жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1241168?lang=ru
Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары 03.07.2026
Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары (бұдан әрі – мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары) – салық төлеушінің (салық агентінің) белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаған салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындауын қамтамасыз етуге бағытталған салық органының әрекеттері.Салық төлеушіге (салық агентіне) қолданылатын мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары мыналар болып табылады:- оның банктік шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу;- дебиторлардың шоттарынан өндіріп алу;- оның билік ету шектелген мүлкін өткізу есебінен өндіріп алу;- жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару;- Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеу;- жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығару.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-astana/press/news/details/1241118?lang=ru
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы 03.07.2026
“Баянды ауылы әкімінің аппараты” MM-ci, “№8 Айналайын балабақшасы”, “№3 жалпы білім беретін мектебі” және “Баянды” Медициналық санитарлық алғашқы көмектің шағын үздік тәжірибе орталығында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға болатынын хабарлаймыз.🔹Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышынан жер кезекке тұру, ЭЦҚ қашықтыктан алу, АӘК-ке құжат тапсыру, денсаулық сақтау, сот жұмысы, зейнетақымен қамтамасыз етуанықтамаларын қашықтықтан алу, отбасы туралы, жұмысқа орналасу, білім және кеден, салықтар, құқықтық көмектерге қатысты және әртүрлі мемлекеттік қызмет түрлерін алаалады.⚜️Баянды ауылы әкімі аппаратының баспасөз қызметі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-munaily-bayandy/press/news/details/1241101?lang=ru
ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару себептері: 03.07.2026
ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару себептері:- жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен арнаулы салық режиміне көшкен кезде;- салық төлеушінің қызметі тоқтатылған немесе ол таратылған кезде шығарылады;- банкроттық себебінен қызметін тоқтату немесе тарату жағдайында;- заңды күшіне енген сот актісімен дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеуді жарамсыз деп тану;- заңды тұлғалар бірігу, қосылу немесе бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-shymkent/press/news/details/1241108?lang=ru
Жеке тұлғаның жылдық табысы 03.07.2026
Жеке тұлғаның жылдық кірісі осы тұлға Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде салықтық кезең ішінде:1) төлем көзінен;2) жеке тұлғаның дербес салық салуына жататын кірістер түрінде алуға жататын (алынған) кірістерден тұрады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-astana/press/news/details/1241099?lang=ru
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Ұлыбританияның Ұлттық архивімен ынтымақтастықты кеңейтуде 03.07.2026
Астана қаласында өткен «Digital Archive EXPO» атты III Халықаралық архившілер конгресі аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Ұлыбританияның Ұлттық архивімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Аталған құжат архив ісі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, цифрлық технологияларды енгізуге, сондай-ақ архив қызметкерлері мен құжаттаманы басқару мамандарына арналған бірлескен семинарлар, вебинарлар және білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға бағытталған.Қол қою рәсімі 8 маусым күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві директоры Әлия Мұстафина мен Ұлыбритания Ұлттық архивінің цифрлық технологиялар және ақпарат жөніндегі бас директоры Джон Шериданның екіжақты кездесуі барысында өтті.Кездесу барысында тараптар архив саласын цифрлық трансформациялау, электрондық құжаттарды сақтау, жасанды интеллект технологияларын енгізу және халықаралық кәсіби диалогты дамыту мәселелерін талқылады.Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві директоры Әлия Мұстафина серіктестіктің маңыздылығын атап өтті: «Біз Ұлыбритания Ұлттық архивімен ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз және әріптестігімізді одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бірлескен бастамалар мен жобалар кәсіби байланыстарды нығайтып, екіжақты ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Бүгінгі таңда архив саласының алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру, әсіресе цифрлық мұраны сақтау бағытында бірлесіп шешімдер іздеу өте маңызды».Өз кезегінде Джон Шеридан ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдіріп, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың зор әлеуеті бар екенін атап өтті: «Біз бұл ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігіне өте қуаныштымыз. Архивтердің жұмысы халықтардың ортақ тарихи жадысын сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Цифрлық дәуірде біз күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз, сондықтан архив мекемелері құжаттарды сақтау және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер әзірлеу үшін күш біріктіруі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай конгрестер кәсіби тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар Президент Архиві сияқты ұйымдармен екіжақты байланыстарды дамыту да ерекше маңызды. Бүгін осы жерде болу, меморандумға қол қою, осындай әсерлі архивпен танысу және жаңа әріптестер мен достар табу мен үшін үлкен қуаныш».Меморандум ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында кәсіби тәжірибе алмасу, бірлескен білім беру бастамалары, құжаттарды цифрландыру саласындағы әріптестік және архив қорларын зерттеу жұмыстары бар.Екі архив мекемесі арасындағы серіктестік бірнеше жылдан бері дамып келеді және халықаралық семинарлар, кәсіби кездесулер мен сараптамалық кеңестер арқылы нығаюда.Биылғы жылы Ұлыбритания Ұлттық архивінің өкілдері де III Архившілер конгресінің жұмысына белсенді қатысып, бағдарлама аясында баяндамалар жасады. Сонымен қатар Ұлыбритания Ұлттық архивінің білім беру және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Эндрю Пейн мұғалімдерге арналған арнайы семинар өткізіп, жасанды интеллект технологияларын білім беру саласында қолдану және архив ресурстарын заманауи оқу үдерісіне енгізу мүмкіндіктері туралы баяндайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1241028?lang=ru
Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді 03.07.2026
АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында Халықаралық бокс даңқы залының (IBHOF) жаңа мүшелерін салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті. Қазақстан тарихында осы элиталық клубқа енген алғашқы өкіл — Геннадий Головкин болды. Оның спорттағы зор жетістіктері өзін аңызға айналған спортшы әрі өз дәуірінің ең үздік боксшыларының бірі ретінде мойындатты.Головкин Даңқ залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Бұл кәсіби бокс әлеміндегі ең жоғары құрметтің бірі саналады. Енді қазақстандық боксшының есімі осы спорт түрінің ұлы тұлғалары — Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сынды саңлақтармен бір қатарда тұр.Спорттық еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі ретінде Геннадий Головкин Даңқ залы музейіне өзінің әйгілі чемпиондық шапанын табыстады. Ол бұл шапанды көптеген жекпе-жектерде киіп шыққан және ол боксшының жарқын мансабының ажырамас нышанына айналған.Головкинмен бірге «2026 жылғы классқа» Men's Modern санатында америкалық Антонио Тарвер мен Ұлыбритания өкілі Найджел Бенн, сондай-ақ Women's Modern санатында жапониялық Наоко Фудзиока және мексикалық Джеки Нава енгізілді.Әуесқой бокста Геннадий Головкин 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы болды және ел намысын ең ірі халықаралық турнирлерде абыроймен қорғады.Кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін Геннадий Головкин XXI ғасырдағы орта салмақтағы ең үстем чемпиондардың біріне айналды. Ол кәсіби мансабында 45 жекпе-жек өткізіп, 42 жеңіске қол жеткізді, оның 37-сін нокаутпен аяқтады. Қарағандылық былғары қолғап шебері WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерді, сондай-ақ The Ring чемпиондық атағын иеленді. Сонымен қатар ол ұзақ уақыт бойы салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік боксшылары қатарынан түспеді.HBO телеарнасымен келісімшартқа қол қою оған әлемдік деңгейдегі танымалдыққа жол ашты. Агрессивті мәнер, көрерменді тәнті ететін жекпе-жектер және жойқын соққы күші Головкинді әлемдік бокстың ең жарқын жұлдыздарының біріне әрі миллиондаған жанкүйердің сүйіктісіне айналдырды.Мансабы барысында ол бірқатар айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Тоғыз жыл бойы қатарынан тіркелген 23 нокауттық жеңіс орта салмақ дәрежесі үшін рекорд болды. Оның еншісінде чемпиондық титулдарды 21 мәрте сәтті қорғау көрсеткіші бар. Ал мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер үлесінің 90 пайыздан асуы әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.Бүгінде Геннадий Головкин Қазақстанның намысын рингтен тыс жерде де қорғап келеді. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымдарын басқарады. Осылайша ол халықаралық спорт федерациясының президенті болып сайланған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.Халықаралық бокс даңқы залы 1989 жылы Канастота қаласында Эд Брофи негізін қалаған ұйым болып саналады және кәсіби бокстағы жетістіктерді мойындайтын әлемдегі басты институттардың бірі ретінде танылған. Ұйым осы спорт түрінің тарихын сақтаумен айналысады. Бүгінде оның мүшелерінің саны 300 адамнан асады.Геннадий Головкиннің IBHOF қатарына қабылдануы оның жеке жетістіктерінің мойындалуы ғана емес, сонымен бірге бүкіл қазақстандық спорт үшін тарихи оқиға болды.Olympic.kz мәліметі бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1241007?lang=ru
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер жоғары аудит органдарының мемлекеттік аудит стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының XXVII отырысы өтті 03.07.2026
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы бейнеконференция байланысы форматында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары аудит органдарының мемлекеттік аудит (қаржылық бақылау) стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының XXVII отырысын өткізді.Отырысқа Армения Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы жоғары аудит органдарының өкілдері қатысты.Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік аудит әдіснамасын жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар бағыт бойынша тәжірибе алмасты.Атап айтқанда, ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мемлекеттік аудиторларды ынталандыру және қолдау бойынша ЖАО-ларда қолданылатын тәжірибелер мен құралдарға жүргізілген сауалнама нәтижелеріне шолу ұсынды.Ресей Федерациясының ЖАО өкілдері сыртқы мемлекеттік аудит шеңберінде әлеуметтік сауалнамалар жүргізудің әдістемелік тәсілдерімен бөлісті, ал Қырғыз Республикасы ISSAI 140 «ЖАО-дағы сапаны басқару» халықаралық стандартын енгізу және практикалық қолдану тәжірибесін таныстырды.Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіби ынтымақтастықты одан әрі дамытудың, тәжірибе алмасудың және ТМД кеңістігінде мемлекеттік аудит стандарттарын жетілдіру бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.Telegram-каналға жазылуАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/1240979?lang=ru
Жаңақорғанның туристік әлеуетін нақты жобаларға айналдыру керек 03.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев,облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов Жаңақорған ауданына жұмыс сапары барысында Ақжол ауылының тұрғындарымен және Жаңарық, Әбдіғаппар, Өзгент ауылдарының ақсақалдарымен кездесті. «Руханият орталығында» өткен жиынға аудан активі қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы міндеттер талқыланды.Кездесуде аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, нақты жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.–Өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары,кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы, жұмысты күшейту керек.2023 жылдан күріш көлемі 1147 гектарға қысқарған. «Ауыл аманаты» жобасы ұсынған мүмкіндіктерді пайдалануды тапсырамын. Ауданда 175 шаруашылық каналы бар, оларды бетондау жобаларын әзірлеудегі жұмысты жеделдетіңіздер.Жаңақорғанның туристік әлеуетін тиімдіпайдаланып, нақты жобаларға айналдыру керек. Қаратаудың етегінде орналасқан ауданның табиғиерекшеліктері, тарихи орындары меншипажайлары, мәдени-рухани құндылықтары ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.Кейінгі төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілсе, оның 254-і Жаңақорған ауданында. Сапасына қатысты кемшіліктерді мердігер мекемелер толықтай қалпына келтірді. Биыл да тұрғын үйлер салу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімі салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары, құрылыс бөлімінің басшысына дайындық жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді.Ауданда газдандыру деңгейі 53 пайыз, бүгінде5 елді мекенге жоғары қысымды газ құбыры салынуда. Аудан әкімдігі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, ауылдарды кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жұмысынұйымдастыруы тиіс.Айта кетейік, аудан экономикасының негізгі салаларында тұрақты даму үрдісі сақталып, бірқатар бағыт бойынша оң нәтижеге қол жетті.Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайызға артты.Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,3 млрд теңге болған. Құрылыс жұмыстарының көлемі, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы жағынан да өсім бар.Кездесуде тұрғындар мен ауыл ақсақалдары ауданның дамуына қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы көтерілген әрбір мәселе жан-жақты зерделеніп, тиісті заңды шешім қабылданатынын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1240879?lang=ru
ХАБАРЛАНДЫРУ! Кеген ауылдық округі әкімшілігінің ғимаратында «Құқықтық кабинет» жұмыс істейді. 03.07.2026
Ауыл тұрғындары аталған кабинетке келіп, құқықтық сауаттылығын арттыруға, әртүрлі бағыттар бойынша өздерінің заңды құқықтарын қорғау және құқықтық қорғау құралдары туралы толық ақпарат ала алады.Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасын өз бетінше зерделеу дағдыларын меңгеріп, құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.Жұмыс уақыты: дүйсенбі – жұма күндері, сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін.Мекенжайы: Кеген ауылдық округі, әкімшілік ғимараты, Кеген ауылы, Райымбек 8Байланыс телефоны: 8 72777 290108 72777 29012Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kegen-kegen/press/news/details/1240882?lang=ru
Қазақстан мен Грузия: мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы әріптестік 03.07.2026
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Грузияның Әділет үйі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін дамытуға және халықпен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың тәжірибе алмасып, азаматтардың заманауи сұраныстарына сай тиімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге ниетті екенін айқындайды.Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастырудағы үздік тәжірибелермен алмасу, жасанды интеллект технологияларын, роботтандыру мен процестерді автоматтандыру құралдарын пайдалана отырып цифрлық қызметтерді дамыту көзделген. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасының заманауи стандарттарын енгізу арқылы клиенттік тәжірибені жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады.«Себебі жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді уақытында меңгеру өте маңызды. Біздің мақсатымыз - тек жақсы тәжірибемен танысу емес, олардың ішіндегі ең тиімдісін таңдап, Қазақстан азаматтарының қажеттіліктеріне бейімдеу. Сонымен қатар бұл - өзара тиімді серіктестік. Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізген елдердің бірі. Сондықтан біз халықаралық тәжірибені үйреніп қана қоймай, өз жетістіктерімізбен де бөлісуге дайынбыз», - деп атап өтті мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.Меморандум кадрлық әлеуетті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды, сондай-ақ тағылымдамалар мен оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми-зерттеу және талдамалық жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.«Бұл сапар біз үшін ерекше маңызға ие. Себебі ол жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңін бастап, жүйелі әріптестіктің негізін қалайды», - деді Грузияның Әділет үйінің төрағасы Вахтанг Жвания.Айта кетейік, екі күндік сапар аясында қазақстандық делегация Грузияның Әділет үйінде болып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен, қолданыстағы цифрлық шешімдермен және клиенттер ағынын басқару жүйесімен танысты. Сондай-ақ Грузия Ішкі істер министрлігінің Сервистік агенттігі мен Грузия Әділет оқу орталығында кездесулер өтіп, тараптар алдағы ынтымақтастықтың дамуын талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-beyneu/press/news/details/1243936?lang=ru
Болашақ кадрлық әлеует: студенттермен және магистранттармен кездесу 03.07.2026
Комитет «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы аясында ішкі мемлекеттік аудит органдарына жас әрі перспективалы мамандарды тартуға бағытталған кадр саясатын іске асыруды жалғастыруда.Кадрлық резервті қалыптастыру және жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттарымен және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесу өткізілді.Кездесулер барысында Комитет өкілдері қатысушыларды ішкі мемлекеттік аудит органдары қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, мемлекеттік қызметтің артықшылықтары, кәсіби даму мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы айтып берді, сондай-ақ жаңа заңнамада көзделген жаңашылдықтарды түсіндірді.Заманауи білімге, аналитикалық ойлау қабілетіне ие және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға үлес қосуға ұмтылатын жас мамандарды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.Комитет алдағы уақытта да кадрлық әлеуетті нығайту, еліміздің жетекші білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды дамыту және дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvga/press/news/details/1240850?lang=ru
Қазақстан Президентінің Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы Кувейтте таныстырылды 03.07.2026
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 15 маусым – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Электр энергетикасы, су ресурстары және жаңартылатын энергия көздері министрі Субаих Әл-Мухайзиммен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар электр энергетикасы, су ресурстарын басқару және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, энергетикалық және су инфрақұрылымының орнықты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазіргі жағдайда энергетикалық және су қауіпсіздігі мәселелерінің ерекше стратегиялық маңызға ие екені атап өтілді.Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Қазақстан Елшісі кувейттік тарапты су ресурстарын ұтымды пайдалану мен сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастаманың мақсаттары туралы хабардар етті.Министр Субаих Әл-Мухайзим су қауіпсіздігі мәселелері Кувейт Мемлекеті үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ол кувейттік тарап Қазақстанның бастамасын жан-жақты зерделеуге дайын екенін білдіріп, су саласындағы халықаралық бастамаларды қолдайтынын және жаһандық су проблемаларын шешу үшін халықаралық қоғамдастық күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын ерекше атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика, су ресурстары және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1240855?lang=ru
АҢДАТПА! Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің тікелей эфирі Тақырыбы: «Кедендік ресімдеу ережелері және электромобильдерді әкелу» 03.07.2026
Құрметті салық төлеушілер!2026 жылғы 15 маусымда сағат 15:00-де Департаменттің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі @pavlodar_mkd парақшасында «Кедендік ресімдеу ережелері және электромобильдерді әкелу» тақырыбына тікелей эфир өтеді.Спикер: «Павлодар – кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекеті басшысының міндетін атқарушы Қаңтарбаев Берік Сәкенұлы.Модератор: Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Шаймарданов Төлеген Біләлұлы.Трансляцияны жіберіп алмау үшін Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Instagram парақшасы – pavlodar_mkd жазылыңыз. Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысыжәне Байланыс-орталығы басқармасы Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-pavlodar/press/news/details/1240844?lang=ru
Кеден өкілі деген кім? 03.07.2026
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, Кеден өкілі – кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген және сыртқы экономикалық қызметке қатысушының немесе басқа мүдделі тұлғаның атынан кедендік операцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға екенін хабарлайды.Ол өз қызметін клиентпен жасалған шарт негізінде жүзеге асырады және оның мүдделерін кеден органдарында білдіреді.Негізгі мақсаты – сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға кәсіби қызмет көрсету, кедендік ресімдеуді дұрыс ұйымдастыру және кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету.Негізгі функциялары:- кедендік декларацияларды дайындау және тапсыру;- кеден органдарымен өзара іс-қимыл жасау;- кеден заңнамасы бойынша кеңес беру;- құжаттарды тексеру;- СЭҚ ТН кодтарын анықтау;- кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу.Кеден өкілі ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы мен кеден заңнамасы талаптарының сақталуына жауап береді.Осылайша, кеден өкілі сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен кеден органдары арасындағы кәсіби делдал болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1240809?lang=ru
«ДӨО алқабы»: Қазақстан Үкіметі мен IT-алпауыттары Firebird және NVIDIA жасанды интеллект саласында $10 млрд-тық келісімдер пакетіне қол қойды 03.07.2026
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредянмен және Firebird негізін қалаушылар: бас директоры Размик Овакимянмен және Александр Есаянмен кездесу өткізді. Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт қатысты.Америкалық Firebird компаниясы жасанды интеллект инфрақұрылымын құруға, деректер орталықтарын дамытуға және жоғары өнімді есептеу жүйелерін әзірлеуге маманданған. Компания әлемнің түрлі өңірлерінде жобаларды жүзеге асырып, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және цифрлық инфрақұрылым саласындағы әлемдік көшбасшы NVIDIA сияқты жетекші технологиялық серіктестермен ынтымақтастық орнатқан. Компанияның шешімдері әлемдегі жетекші суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарының басым бөлігінде қолданылады, сондай-ақ қазіргі заманғы генеративті жасанды интеллект модельдерінің елеулі бөлігінің негізін құрайды.Кездесу барысында ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Олардың қатарында жоғары өнімді есептеу қуаттарын құру, заманауи деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру және халықаралық технологиялық серіктестерді тарту мәселелері талқыланды.Премьер-министр жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы 2026-шы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы аптада «Digital Qazaqstan» цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазіргі таңда негізгі цифрлық жобалардың бірі – Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Біздің мақсатымыз – жаһандық цифрлық инфрақұрылымды орналастыруға арналған алаң қалыптастыру. Біз Firebird және NVIDIA серіктестерімен жасалған келісімдерді жоғары бағалаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.Премьер-министр «ДӨО алқабы» жобасының негізгі артықшылықтарына назар аударды. Олардың қатарында ауқымды жер резерві, жеңілдіктер және электр энергиясының бәсекеге қабілетті бағасы бар. Жобаны кең ауқымда тарату мүмкіндігі инвесторлар үшін маңызды фактор болып табылады, яғни қазіргі таңда 300 МВт қуат қолжетімді болса, алдағы уақытта оны кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр.Firebird компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Размик Овакимян Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы жоғары әлеуетін атап өтті.«Президенттің 2026 жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялау жөніндегі көреген шешімін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанға алғаш келген кезде-ақ елдің биік мақсаттары, технологиялық тәжірибесі мен адами капиталы әлемдік деңгейде екені бірден байқалды. Бүгінде жасанды интеллектінің озық есептеу қуаттарына, таланттарды дамытуға және инновациялық экожүйелерге инвестиция салып жатқан елдер ертеңгі экономикалық мүмкіндіктерді қалыптастыратын болады. Firebird АҚШ-тың озық технологияларын енгізу тәжірибесін, жаһандық жасанды интеллект экожүйесіндегі тығыз серіктестік байланыстарын және ірі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қауіпсіз әрі ерекше жылдамдықпен жүзеге асыру қабілетін біріктіреді. 2027 жылы жобаны іске қосу Қазақстанды әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосады. Біздің командамыз мықты, мүмкіндіктеріміз зор және біз Қазақстан Үкіметімен, NVIDIA компаниясымен және АҚШ-тағы серіктестерімізбен ынтымақтаса отырып, Қазақстанның мақсат-мұратын шынайы жүзеге асыруға өз үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз», — деді Размик Овакимян.NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян «ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыруға арналған негізгі технологиялық құралдар мен тәсілдерді және Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект экожүйесіне интеграциялану перспективаларын таныстырды. «Жасанды интеллектті дамыту үшін “бес қабатты торт” деп атайтын құрылым қажет. Бұл деңгейде біз төменгі қабаттардағы барлық технологияларды алып, оларды түрлі салалар мен бағыттарға арналған қосымшаларға айналдырамыз, осылайша олар нақты пайда мен құндылық әкеледі. Бірақ бәрі энергиядан басталады. Егер энергия болмаса, қалғанын дамыту мүмкін емес. Бұл – іргетас. Қазақстанда энергия ресурстары бар. Оның қоры мол әрі оны одан әрі өндіру мүмкіндігі болғандықтан, Қазақстан бұл бағытты бастау үшін өте қолайлы орын болып саналады. Шын мәнінде Қазақстан осы бес қабатты торттың әрбір деңгейіне қатыса алады. Мен көргенім, оқығаным және қазір осында болып байқағаным бойынша, Қазақстанның рухы мен жігері алға қарай ұмтылуға және елдің бар игілігін — табиғи ресурстарын да, адами капиталын да — жасанды интеллекттің жаңа дәуіріне қадам басу үшін пайдалануға бағытталған», — деді Рев Лебаредян.Кездесуге қатысушылар мұндай жобаларға әлем бойынша қызығушылықтың қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллектінің жаһандық нарығының көлемі жүздеген млрд доллардан асады, ал AI-модельдерді оқыту және пайдалану үшін қажетті есептеу қуаттарына сұраныс жыл сайын екі есе қарқынмен өсіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттер тек әзірлеушілер мен технологиялар үшін ғана емес, сонымен қатар жаңа буынның цифрлық экономикасының негізіне айналатын инфрақұрылым үшін де белсенді бәсекеге түсуде.«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан жасанды интеллектті дамытуға арналған ұлттық инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастыруда. «ДӨО алқабы» жобасы жасанды интеллекті экономикасының жаңа буыны – ЖИ-токендер экономикасының негізгі платформаларының біріне айналады. $10 млрд көлеміндегі инвестициялар елімізде NVIDIA GB300 және Vera Rubin чиптерін қоса алғанда, соңғы буындағы 100 мың GPU-чиптері негізінде ауқымды есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, жобаны жүзеге асыру жыл сайын кемінде $3 млрд көлемінде экспорттық кіріс әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашады, жаһандық технологиялық компанияларды тартады және Қазақстанның Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтады», — деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.«Біз ондаған жылдарға есептелген инфрақұрылымды қалыптастырып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру заманауи есептеу ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жасанды интеллект технологияларын енгізуді жеделдетуге және жаһандық технологиялық компанияларды тартуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз — Қазақстанда Еуразиядағы ең ірі цифрлық кластерлердің бірін қалыптастыру», — деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.Қазақстан үшін заманауи деректер орталықтары мен есептеу платформаларын дамыту инвестиция тартуға, цифрлық сервистерді локализациялауға, инженерлік кадрларды даярлауға және технологиялар саласында жаңа экспортқа негізделген бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік ашады. Өзінің жоғары өнімді инфрақұрылымының болуы сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізуге, стартаптарды қолдауға, бұлтты сервистерді кеңейтуге және ел ішінде жасанды интеллект шешімдерін кеңейтуге жағдай жасайды.Кездесу қорытындысы бойынша жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық туралы жалпы көлемі $ 10 млрд-ты құрайтын келісімдерге қол қойылды:– Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Firebird компаниясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім. Бұл құжат жасанды интеллект экожүйесін дамыту, сондай-ақ Alem.ai базасында Firebird Labs Kazakhstan орталығын құру жөніндегі негіздемелік келісімдерді бекітеді;– «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС мен Firebird Binding Term Sheet арасындағы ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы келісім, «ДӨО алқабы» жобасы аясында бірлескен жұмыстың техникалық және ұйымдастырушылық параметрлерін айқындайды.Қол жеткізілген келісімдер «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын одан әрі жүзеге асыруға негіз қалайды. Жоба жасанды интеллектіні енгізуге, бұлтты технологияларға және жаңа буын цифрлық сервистеріне арналған заманауи технологиялық базаны құруды көздейді. Қол қойылған келісімдер жаһандық технологиялық компаниялардың Қазақстанға жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту үшін болашағы зор алаң ретінде қызығушылығының артып отырғанын көрсетеді және елдің Орталық Еуразиядағы қалыптасып келе жатқан цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1240802?lang=ru
Токиода «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясының негізгі ережелері таныстырылды 03.07.2026
Токио, 2026 жылғы 15 маусым - Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның Энергетика экономикасы институтының Төрағасы Тацуя Теразавамен кездесу өткізді.Елші Е.Баударбек-Қожатаев ү.ж. 22-24 сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит барысында қабылданған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясының негізгі ережелерін таныстырды. Ол сұхбаттасушыны өңір елдерінің климаттың өзгеруіне, шөлейттенуге және қоршаған ортаның ластануына қарсы күреске бағытталған бірлескен күш-жігерімен таныстырды.Өз кезегінде Т.Теразава жаһандық нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында Жапонияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстанның стратегиялық рөлін атап өтті. Ол жапон тарапының энергетикалық және климаттық күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша, соның ішінде уран өндірісін дамыту, маңызды шикізат минералдарын игеру және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды ілгерілету бойынша толық ауқымды ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін білдірді. Қазақстанның жоғары экономикалық әлеуетін атап өткен сұхбаттасушы тек шикізат саласымен шектелмей, жапондық технологияларды тарта отырып, шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару саласындағы кооперацияны белсендіруге шақырды.Сондай-ақ, тараптар Жапонияның Энергетика экономикасы институты әзірлеген Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жол картасының іске асырылуын талқылады. Бұл құжат жапон бизнесі үшін климаттық инвестициялардың келешегін бағалауда, төмен көміртекті технологияларды енгізуде және энергетикалық көшім бойынша ынтымақтастықты дамытуда маңызды бағдар болып табылады.Сонымен қатар, Елші Е.Баударбек-Қожатаев ү.ж. 12 маусымда Жапонияның Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Кентаро Доимен өткен кездесудің қорытындысы бойынша декарбонизация, «жасыл» технологияларды дамыту және бірлескен климаттық бастамаларды іске асыру мәселелеріндегі Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен болашағы туралы ақпарат берді. К.Дои Токионың климаттық күн тәртібі бойынша Қазақстанмен серіктестікті нығайтуға мүдделілігін растап, бұған дейін Астанада өткен 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке қатысқанын атап өту қажет.Анықтама: 1966 жылы Токиода негізі қаланған Жапонияның Энергетика экономикасы институты жаһандық энергетика, экология және климаттық саясат саласындағы зерттеулерге маманданған әлемдегі жетекші талдау орталықтарының бірі болып табылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tokyo/press/news/details/1240786?lang=ru
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДА «JASYL CROSS – 2026» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПЛОГГИНГ ЖАРЫСЫ ӨТТІ 03.07.2026
Ақтөбе қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында «Jasyl Cross – 2026» экологиялық плоггинг жарысы өтті.Іс-шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтарын дәріптеу.Экологиялық акцияға 500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлер, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары және қоғам белсенділері болды.Жарысқа 50 команда қатысып, бір сағат ішінде белгіленген аумақта жүгіріп және жаяу қозғалу арқылы тұрмыстық қалдықтарды жинады.Нәтижесінде 1317 қап қоқыс жиналып, 80 тоннадан астам қалдық арнайы орындарға шығарылды.Жарыс қорытындысы бойынша:• I орын – 73 қап қоқыс;• II орын – 55 қап қоқыс;• III орын – 52 қап қоқыс жинады.Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, жеңімпаз командалар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.«Jasyl Cross – 2026» – табиғатты қорғау мен тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды экологиялық бастама.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zhastar1/press/news/details/1240793?lang=ru